Жекеше айыптау істері бойынша сот практикасы туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы N 13 Нормативтік қаулысы.

      Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
      "Жеке айыптау", "жеке айыптау", "жеке айыптаушымен", "жеке айыптаушы", "жеке айыптаушының", "жеке айыптаушыларға", "Жеке айыптаушыға" деген сөздер тиісінше "Жекеше айыптау", "жекеше айыптау", "жекеше айыптаушымен", "жекеше айыптаушы", "жекеше айыптаушының", "жекеше айыптаушыларға", "Жекеше айыптаушыға" деген сөздермен ауыстырылды;
      "ҚІЖК" деген сөз "ҚПК-нің" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Жекеше айыптау жөніндегі қылмыстық істерді қарау кезінде заңдарды біркелкі және дұрыс қолдану мақсатында, сонымен қатар осыған байланысты сот практикасында туындаған мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы,

      қаулы етеді:

      Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Соттар жекеше айыптау қылмыстық істері бойынша іс жүргізу кезінде азаматтардың ар-намысын, қадір-қасиетін және жеке басына қол сұғылмаушылық құқықтарын, олардың басқа да конституциялық құқықтарының сотта қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында заң талаптарын нақты және бұлжытпай орындауы керек.

      2. Жекеше айыптауды қозғауға жәбірленушінің: 18 жасқа толған жеке тұлғаның, заңды тұлғаның, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі -ҚПК) 71, 76-баптарында көрсетілген жәбірленушінің заңды өкілдерінің және өкілдерінің шағымы себеп болады.

      ҚПК-нің 32-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, егер әрекет дәрменсiз немесе басқаға тәуелді жағдайдағы не басқа да себептер бойынша өзiне тиесiлi құқықтарды өз бетінше пайдалануға қабiлетсiз тұлғалардың мүдделерiн қозғайтын болса, прокурор жекеше айыптау iсi бойынша жәбiрленушiнiң шағымы болмаған кезде де iс қозғауы мүмкін.

      Қылмыстық ізге түсуден артықшылықтары мен иммунитеттері бар тұлғаларға қатысты ҚПК-нің 57-тарауында белгіленген іс жүргізу ерекшеліктері жекеше айыптау бойынша іс жүргізу кезінде де қолданылатынын соттар есте сақтауы керек.

      Қылмыстық ізге түсуден артықшылықтары мен иммунитеттері бар тұлғаларға қатысты жекеше айыптау тек прокурормен заңда белгіленген тәртіпте және негіздерде қозғалады.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      2-1. Жекеше айыптау істерінің соттылығын айқындау кезінде қылмыстық істің қылмыстық құқық бұзушылық жасалған жердегі сотта қаралуға жататындығы туралы ҚПК-нің 314-бабының ережелерін сақтау қажет.

      ҚК-нің 131-бабында көзделген қылмыстық теріс қылықтар туралы істердің соттылығын айқындау кезінде мынадай ережелерді негізге алу керек. Адам өз атына айтылған қорлауды естіген (алған) кезде қорлау құрамы аяқталған болып саналады. Осыған байланысты адресатқа пошта не факсимильді байланыс немесе әлеуметтік желілер арқылы жіберу жолымен не телефон арқылы ауызша нысанда білдірілген қорлау фактісі бойынша қылмыстық істерді сот қорланған адамның тұрған жері бойынша қарауға тиіс.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 2-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      3. Шағымда көрсетілген әрекеттерде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының немесе оқиғасының болмауына байланысты, соның ішінде жасалған әрекет маңызды емес, дәлелдемелер жоқ, шағымға бұрынғы соттылығы, айыпталушының психикалық жағдайы туралы және басқа да мәліметтер тіркелмегенін негізге алып соттар шағымды іс жүргізуіне қабылдамауға құқылы емес.

      Шағымды берген тұлға шағымды тиісті іс жүргізу нысанына келтіру жөніндегі соттың нұсқауын орындамаса, шағым тиісті емес тұлғамен берілсе және сол сияқты басқа да реттерде жәбірленушінің шағымын іс жүргізуге қабылдаудан бас тарту жүзеге асырылады. Жәбірленушінің шағымын іс жүргізуге қабылдаудан бас тарту соттың уәжделінген қаулысымен ресімделеді.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      4. Жәбірленушінің шағымы жекеше айыптауды қозғайтын, тұлғаны қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы процессуалдық құжат болып табылады және осы сот талқылауының шегін анықтайды. Мұндай жағдайда сот қылмыстық істі қозғау туралы қаулы шығармайды. Судья шағымды қабылдау кезінде ҚПК-нің 409-бабының бірінші бөлігін басшылыққа алып және оның дұрыс шешілуін қамтамасыз ететін барлық мәліметтердің бар екендігін, атап айтқанда: қашан, кіммен, қай жерде құқыққа қарсы әрекет жасалғандығы, оның нақты қандай түрде болғандығы және шағым келтірілген тұлғаны қылмыстық жауапқа тарту туралы жәбірленушінің өтініші немен дәлелденетіні көрсетілгендігіне көз жеткізуі тиіс.

      Жәбірленушінің ауызша не жасырын түрде берілген шағымы іс жүргізуге қабылданбайды.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      5. Кінәлі тұлғаны қылмыстық жауапқа тарту туралы жекеше айыптау ісі бойынша сотқа шағымымен жүгінген жәбірленуші көрнеу жалған сөз жеткізгені үшін қылмыстық жауапқа тартылатыны туралы судьямен ескертіледі. Бұл туралы шағымда белгі қойылып немесе бөлек хаттама жасалып арыз берушiнiң қол қоюымен куәландырылады.

      6. Қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыздар мен хабарламалар сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына келіп түскен кезде Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелуге жатады және олар бойынша кезек күттірмейтін тергеу әрекеттері үш күн ішінде жүргізілуі тиіс.

      Хабарламада жеке тәртіппен қудаланатын қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жауаптылық туралы мәселенің қойылғаны туралы факт анықталған және бұл ретте жәбірленушінің өзінің шағымы болмаған кезде, осы хабарлама бойынша іс жүргізу ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 5) тармағында көзделген негіз бойынша тоқтатылуға жатады. Мұндай жағдайларда қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыда істің әрекет фактісі бойынша емес, жекеше айыптау жөнінде жәбірленуші шағымының болмауына орай тоқтатылғаны міндетті түрде көрсетілуі тиіс, бұл жәбірленушіге (жекеше айыптаушыға) заңда көзделген тәртіппен жекеше шағым беруіне кедергі келтірмейді.

      Егер жекеше айыптау ісі бойынша шағымды жәбірленушінің өзі берсе, онда ол кезек күттірмейтін тергеу әрекеттерінің материалдарымен бірге ҚПК-нің 179-бабының бесінші бөлігіне сәйкес аудандық және оған теңестірілген сотқа істің аумақтық соттылығы бойынша жіберіледі, бұл туралы арыз беруші хабардар етіледі.

      Егер өтініште жекеше айыптауды құқық бұзумен қатар жекеше-жариялы немесе жариялы тәртіппен қудаланатын басқа да құқық бұзушылықтардың орын алғаны көрсетілсе, онда сотқа дейінгі іс жүргізу органы құқық бұзушылықтың осы құрамдары бойынша шешім қабылдауға тиіс.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      7. Қылмыстық қудалау органдарынан түскен немесе тікелей сотқа нақты арызданушымен жіберілген шағым бойынша судья жәбірленушіні шақыртып және ол тұлғаны қылмыстық жауапқа тарту туралы шағымда көрсетілген өз өтінішін қолдай ма жоқ па, сондай-ақ оның дұрыс шешілуін қамтамасыз ететін басқа да мән-жайларды анықтауы тиіс.

      Берілген шағым ҚПК-нің 408-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, судья ҚПК-нің 409-бабының бірінші бөлігіне сәйкес қаулы шығарады, онда шағым авторына оны көрсетілген талаптарға сәйкес келтіруді ұсынады және ол үшін мерзім белгілейді.

      ҚПК-нің 409-бабының екінші бөлігінде көрсетілген мерзімді есептеу ҚПК-нің 408-бабының екінші бөлігінің талаптарына сәйкес келетін шағым келіп түскен күннен бастап жүзеге асырылады. Сот шағымды заңда көзделген талаптарға сәйкес келтіру үшін берген оны адамға жіберген жағдайда, ҚПК-нің 409-бабының екінші бөлігінде белгіленген мерзімді осы шағым тиісті түрде келіп түскен күннен бастап есептеу керек.

      Егер шағымның мазмұнынан жекеше-жариялы немесе жариялы тәртіппен қудаланатын қылмыстық құқық бұзушылықтың бар екені анық байқалса, судья шағымды ҚПК-нің 409-бабына сәйкес өзінің іс жүргізуіне қабылдамай тергелуі бойынша жіберуге міндетті.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      8. Сот шағымды іс жүргізуіне қабылдаған кезде өз қаулысында шағыммен жүгінген тұлғаны жәбірленуші ретінде тануы тиіс.

      Жекеше айыптау жөніндегі істерді қарау кезінде іс жүргізу нормаларымен берілген жәбірленушінің айыптауды қолдау құқығының жүзеге асырылуының міндеттілігін сақтау қажеттілігіне соттардың назарын аудару керек. Айыптауды қолдау сот жарыссөздеріне қатысумен шектелмейді, істі қарау барысында өтініштерді мәлімдеу, дәлелдемелерді ұсыну және басқа да әрекеттерді жүзеге асырумен жүргізіледі.

      Қарсы айыптауларды бір іс жүргізуге біріктірген кезде, сот жарыссөздеріне қатысушылардың сөйлеу кезегін судья белгілейді. Жәбірленуші немесе оның заңды өкілі айыптауды өзі құрастырады және өз айыптауын негіздеп, оны сотталушының жағдайын нашарлатпайтын жаққа өзгертуге құқылы.

      9. Жекеше айыптау істері жөніндегі іс жүргізудің бір ерекшелігі, жәбірленушінің шағым келтірілген тұлғамен бітімге келуі болып табылады. Тараптарды бітімге келтіру құқық бұзушылықтардың және қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді, сондықтан соттар осы мақсатқа жету үшін шаралар қолдану тиіс және шағымды қабылдау кезінде судья жәбірленушіге жауапқа тартуды сұраған тұлғамен оның бітімге келу құқығын түсіндіруге міндетті. Сондай-ақ судья арызданушыға айыптау расталмаған жағдайда оған сот шығындарын өтеу міндеті жүктелетіндігін түсіндіруі тиіс.

      Егер тараптарды бітімге келтіру жүзеге асырылса, судья ҚПК-нің 412-бабы бірінші бөлігінің 2-тармағына сәйкес, істі қысқарту туралы қаулы шығарады. Бітімге келтіруге қол жетпеген жағдайда, судья істі ҚПК-нің 322-бабының талаптары бойынша сот мәжілісінде қарауға тағайындайды.

      Істі тыңдауға тағайындағанға дейін тараптарды бітімге келтіруге шара қолданылып оған қол жетпегендігіне қарамастан, сот мәжілісінің дайындық бөлігінде ҚПК-нің 411-бабы төртінші бөлігінің талаптарына сәйкес, сот жәбірленушіге оның сотталушымен соның ішінде медиация тәртібімен бітімге келу құқығын түсіндіруге міндетті. Кез келген сатыда сот үкім шығаруға кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін бітімге келу орын алуы мүмкін.

      Соттар барлық кезеңдерде, жәбірленушілерге ҚПК-нің 408-бабының тоғызыншы бөлігіне сәйкес айыптаудан бас тартып және айыпталушымен бітімге келген жағдайда, сол әрекеттерге байланысты, сол тұлғаны қайтадан қылмыстық жауапқа тарту мүмкіндігі жойылатындығын түсіндіруі тиіс.

      Сотқа шағыммен жүгінген күні 18 жасқа толмаған зардап шегуші немесе өзінің әрекеттеріне жауап бере алмайтын және оны дене немесе психикалық кемшіліктерінің күшіне қарай басқара алмайтын зардап шегуші заңды өкілінің рұқсатынсыз тараптардың бітімге келуіне байланысты істі қысқартуды талап етуге құқылы емес.

      Тараптарды бітімге келтіру жөніндегі судьяның әрекеттері барлық жағдайларда шағымды іс жүргізуге қабылдау және сот мәжілісін тағайындау туралы қаулыда, не бұл сот мәжілісінде орын алса хаттамада көрсетілуі тиіс.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 04.04.2013 N 2 (жарияланған күнінен бастап күшіне енеді); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      10. Жекеше айыптау ісі қаралып отырған тұлғаға қатысты сотпен бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін. Мұндай жағдайда ҚПК-нің 147-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы онша ауыр емес қылмысты жасап айыпталу кезінде, тек айрықша жағдайларда және қатаң түрде заң талаптарына сәйкес қолданылуы мүмкін екендігін соттар есте сақтауы керек.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      11. Сотқа жәбірленушінің шағымымен қатар тұлғаның қарсы шағымы келіп түссе, оған жекеше айыптаушы немесе оның өкілі шағым берген кезде, судья ҚПК-нің 408-бабының сегізінші бөлігіне және 411-бабының үшінші бөлігі негізінде екі шағымды бір іс жүргізуге біріктіруі тиіс және оларды бір мезгілде қарауы керек, егер де жәбірленушінің шағымы және қарсы берілген шағым іс жүргізу қозғалған қылмыстық жазаланатын әрекеттің мәнімен байланысты болса.

      Шағымдардың бір іс жүргізуге біріктірілуіне судьяның қаулысы бойынша сот тергеуінің басталуына дейін жол беріледі.

      Қарсы арызды жәбірленушінің шағымымен біріктіру барысында екі тұлғада бірдей бір іс жүргізуге қатысатындықтан, тек жәбірленуші ретінде емес сотталушы ретінде де болатындықтан, сот олардың әрқайсысының жәбірленуші және сотталушы ретінде заңға сәйкес іс жүргізу құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуі керек.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      12. Егерде қарсы шағым сот талқылауы барысында түссе, оны біріктіріп қарау туралы мәселе оңды шешілген жағдайда, сот қарсы шағымды өзінің іс жүргізуіне қабылдауы тиіс. Қарсы шағым түскен тұлғаның құқығының қорғалуын қамтамасыз ету үшін, оның өтініші бойынша, сот талқылауы ҚПК-нің 411-бабы үшінші бөлігінің талаптарына сәйкес, үш тәуліктен аспайтын мерзімге кейінге қалдырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда, сот қарсы шағымның көшірмесін тапсырып, сондай-ақ қажет болса басқа да процессуалдық әрекеттерін жүзеге асыруы тиіс.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 04.04.2013 N 2 (жарияланған күнінен бастап күшіне енеді); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      13. Жекеше айыптау істері бойынша сот мәжілісін тағайындау кезінде, соттар ҚПК-нің 409-бабы төртінші бөлігінің талаптарын қатаң түрде сақтауы қажет. Тараптар іс қаралатын уақыт және орны туралы хабарландырылған мезгілден, сондай-ақ соттың шағымды іс жүргізуіне қабылдағандығы туралы қаулысының көшірмесін сотталушы алған мезгілден үш тәулік өтпей басты сот талқылауы басталмауы тиіс.

      ҚПК-нің 67-бабында көрсетілген жағдайда, сондай-ақ, егерде істі қарау кезінде сотқа мемлекеттік айыптаушы қатысса, сотталушы немесе оның өкілі қорғаушыны шақырмаса, сот қорғаушы тағайындауға шара қолдануы тиіс. Сотқа жекеше айыптаушының, азаматтық талап қоюшының және мемлекеттік айыптаушының өкілі қатысқан кезде, ҚПК-нің 67-бабы бірінші бөлігінің 8), 9) тармақтарына сәйкес жарыспалылық қағидатын іске асыру мақсатында сотталушы қорғаушысының қатысуы міндетті.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      14. ҚПК-нің 411-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес, жекеше айыптаушы немесе оның өкілі сот отырысына дәлелді себепсіз келмеген жағдайда, егер айыптаушы істі қарау кезінде жекеше өзі қатыспаса, жекеше айыптау ісі ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 2) тармағында көзделген негіз бойынша, яғни әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қысқартылуға жатады.

      Осыған байланысты сот дәлелді себептерге ҚПК-нің 157-бабының екінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар жататынын ескеріп, әрбір жағдайда жекеше айыптаушының сот мәжілісіне келмеу себептерін анықтауы қажет. Іс жүргізу осы себептердің дәлелді емес екендігін сенімді куәландыратын деректер болған кезде ғана қысқартылуы мүмкін.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      15. ҚПК-нің 335-бабы екінші бөлігінің 2) тармағына сәйкес, сотталушы Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде болған және сотқа келуден жалтарған жағдайда жекеше айыптау ісі сотталушының қатысуынсыз қаралуы мүмкін.

      Сотталушының өтініші негізінде жекеше айыптау ісі ҚПК-нің 335-бабы екінші бөлігінің 1) тармағына және 411-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес, оның болмауына байланысты іс мәні бойынша қаралуы мүмкін.

      Сотталушының орнына оның өкілі қатысқан жағдайда сотталушының болмауына байланысты соңғы сөз берілмейді.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      16. Жекеше айыптау ісі бойынша жәбірленуші сотқа шағым келтіргенге дейін қайтыс болса, оның туысқандары құқықтық мирасқорлықпен қамтылмағандықтан кінәлі тұлғаны қылмыстық қудалау жөніндегі іс, олардың арызы негізінде қозғалмайды.

      Егер сотталушы жекеше айыптау қозғалғаннан кейін, бірақ сотта іс қаралғанға дейін қайтыс болса, сотталушының жақын туыстары оны ақтау мақсатында істі қарауды талап еткен жағдайлардан басқа реттерде, мұндай іс қысқартылуға жатады.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      17. Егерде жекеше айыптаушының немесе оның өкілінің шағымы бойынша қозғалған істі қарау кезінде сотталушының әрекеттерін қылмыстық қудалау жеке-жариялық және жариялық тәртіппен жүзеге асырылуы анықталса, сот ҚПК-нің 412-бабы бірінші бөлігінің 3) тармағына сәйкес, іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу жөнінде мәселені шешу үшін істі тиісті прокурорға жібереді. Мұндай жағдайда сот айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын қолдануға құқылы.

      Егер жариялы айыптау ісін қарау кезінде қылмыстық саралау өзгертіліп іс жекеше айыптау сипатын алса, бірақ жәбірленушінің шағымы болмаса, ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 5-тармағының негізінде, ол бойынша іс жүргізу қысқартылады. Дәл осындай жағдайда, бірақ жәбірленушінің шағымы немесе оның кінәліні қылмыстық жауапқа тарту туралы сот мәжілісінде айтқан өтініші болса іс одан әрі сотпен ҚПК-нің 47-тарауының ережелеріне сәйкес қаралады. Бұл жағдайда мемлекеттік айыптаушы істен босатылады, ал іс бойынша айыптауды жәбірленуші немесе оның өкілі қолдайды.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      18. Соттар жекеше айыптау істерін қарау кезінде, басқа істерді қараған кездегідей, істің мән жайларын жан-жақты толық және объективті зерттеп, сотталушыны айыптайтын, ақтайтын, сондай-ақ оның жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды анықтау жөніндегі ҚПК-нің 24-бабының талаптарын қатаң түрде орындауы тиіс.

      Әрбір іс бойынша айыпталушының, сотталушының ниетінің бағытталуы, онымен жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың уәждері және мақсаттары анықталуы керек, себебі оның әрекеттерінің заң негізінде дұрыс бағалануы және жекеше айыптау істерінің басқа қылмыстық құқық бұзушылықтардан ажыратылуы осыған тәуелді болып табылады.

      Жекеше айыптаушы өзі берген айыптауды өзгерту туралы арызды берген кезде оны сот, егер жаңа айыптау жекеше айыптау тәртібімен қаралуға тиіс болса, сотталушының жағдайын нашарлатпаса және оның қорғалу құқығын бұзбаса, қабылдануы мүмкін.

      Жекеше айыптаушы бас тартудың уәждерін келтірмей айыптаудан бас тартуға құқылы (ҚПК-нің 411-бабының бесінші бөлігі). Сот отырысында айыптаудан басты сот талқылауының хаттамасына енгізіп, жазбаша не ауызша нысанда бас тартуға жол беріледі.

      Егер сот басты сот талқылауында істі қарап, кеңесу бөлмесінде жарыссөздер өткізгеннен және соңғы сөзді тыңдағаннан кейін әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмады деген қорытындыға келсе, істі тоқтату туралы қаулыны емес, ақтау үкімін шығарады.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      19. Сотталушы спирттік ішімдіктерін немесе есірткі заттарын қабылдауға салынғандығы жөнінде деректер болса, сол тұлғаның созылмалы ауру нысандарымен (маскүнемдік, нашақорлық немесе уытқұмарлық және тағы да басқаларымен) ауыратындығы тексеріліп және негіз болса оған қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөніндегі мәселе талқылануы қажет.

      20. Жекеше айыптау істерін қарау кезінде азаматтық талап қоюларды беру, қарау мәселелері ҚПК-нің 20-тарауымен реттеледі.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы N 1 "Азаматтық талап қоюды қылмыстық процесте қарау туралы" нормативтік қаулысына сәйкес, жекеше айыптау істері бойынша азаматтық талап қоюды дәлелдеу ауыртпалығы, мүліктік зиянды немесе моральдық зардаптардың келтірілуіне байланысты сотқа олардың құқықтарын қорғауға қажетті тиісті дәлелдемелерді ұсыну, ал егер мүмкін болмаса, олардың қайда тұрғандығын судьяға хабарлауға және оларды алу туралы өтініш жасау ҚПК-нің 410-бабына сәйкес, азаматтық талапкерлерге (жекеше айыптаушыларға) жүктелетіндігін соттар есте сақтауы қажет. Жекеше айыптаушыға азаматтық талап қою жөніндегі дәлелдемелерді жинауға, егер ол бұл туралы өтініш білдірсе көмек көрсету соттардың қызметі болып табылады.

      Азаматтық талап қоюды азаматтық іс жүргізу арқылы қараудың тиімділігін сылтау етіп қабылдаудан бас тартуға болмайды.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      21. Соттар жекеше айыптау істері бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтардың себептерін және жасалу негіздемелерін анықтауы тиіс, қажетті жағдайларда айқындалған кемшіліктерге жеке қаулылармен ықпал етіп, олардың орындалуының қадағалануын қамтамасыз етуі керек.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      22. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми түрде жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының төрағасы


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысының


міндетін атқарушы



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады