Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге кредит беру үшiн шағын кредит ұйымдарының желiсiн дамыту тұжырымдамасы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 28 сәуірдегі N 337 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 14 сәуірдегі № 302 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2010.04.14 № 302 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Yкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге кредит беру үшiн шағын кредит ұйымдарының желiсiн дамыту тұжырымдамасы (бұдан әрi -  Тұжырымдама) мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгi екi ай мерзiмде белгiленген тәртiппен келiсiлген көрсетiлген Тұжырымдаманы iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарын Қазақстан Республикасының Үкiметiне енгiзсiн.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiне жүктелсiн.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Жоба

  Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге кредит беру үшін шағын кредит ұйымдарының желісін дамыту тұжырымдамасы

Мазмұны

Кiрiспе
1-бөлiм.  Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге кредит берудiң қазiргi жай-күйi
Параграф 1.  Шағын кредит ұйымдарының нарығын талдау
Параграф 2.  Ауылдағы шағын кредит тұтынушыларының нарығын талдау
2-бөлiм.  Тұжырымдаманың мақсаты мен мiндеттерi
3-бөлiм.  Ауылдық жерлерде шағын кредит берудiң тиiмдi жүйесiн қалыптастыру
Параграф 1.  Өңiрлерде шағын кредит ұйымдарының желiсiн дамыту 
Параграф 2.  Шағын кредит ұйымдарын қаржыландыру
Параграф 3.  Ауылдық жерлерде оқыту және консалтинг бағдарламаларын дамыту
4-бөлiм.  Ауылда шағын кредит берудi дамыту жүйесiнiң мониторингi
5-бөлiм.  Шағын кредит беру саласындағы заңнаманы жетiлдiрудiң негiзгi шаралары
6-бөлiм.  Негiзгi нәтижелер

  Кіріспе

      Осы Тұжырымдама Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2005 жылғы 12 мамырдағы N 450  қаулысымен  бекiтілген Қазақстан Республикасында шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту жөнiндегi жеделдетiлген шаралардың 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарына сәйкес әзiрлендi.
      Осы Тұжырымдаманы әзiрлеу қазiргi уақытта банк секторының қаржылық қызметтерiмен қамтылмаған ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң (бұдан әрi - ауылшартауарын өндiрушілер) қаржы-кредит ресурстарына қол жеткiзуiн кеңейту қажеттiлiгiне негiзделген.
      Өз бизнесiн жүргiзе бастаған ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердi қолдау үшiн ауылдық жерлерде шағын кредит ұйымдарын (бұдан - ШКҰ) дамыту Тұжырымдаманың бiрiншi кезектегi мiндетi болады.
      Ауылдық жерлерде шағын кредит ұйымдары желiсiн дамыту ауыл халқының кәсiпкерлiк бастамасын дамытуға, оны жұмыспен қамтамасыз етуге, тiршiлiк деңгейiн арттыруға, кредиттiк тарихты және қаржылық қызметтердi пайдалану тәжiрибесiн қалыптастыруға бағытталған бiрқатар мiндеттердi шешуге мүмкiндiк бередi.

  1. Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге кредит берудiң қазiргi жай-күйi

       Параграф 1. Шағын кредит ұйымдарының нарығын талдау

      Қазақстанда шағын қаржы секторының негiзгі қатысушылары мыналар болып табылады:
      мемлекет ("Шағын кәсiпкерлікті дамыту қоры" акционерлiк қоғамы, "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" акционерлiк қоғамы (бұдан әрi - қаржы институттары);
      халықаралық ұйымдар;
      екiншi деңгейдегі банктер;
      үкiметтiк емес ұйымдар және кредиттiк серiктестiктер;
      Қазақстанның шағын қаржы ұйымдары қауымдастығы.
      Қазақстан Республикасы Статистика агенттiгiнiң деректеріне қарағанда 2006 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ШКҰ-лардың саны 356 бірлікті құрады.
      Өңiрлер бойынша ШКҰ тең бөлiнбеген, мысалы Оңтүстік Қазақстан облысында 89 ШКҰ тіркелген, Алматы қаласында - 62, Қарағанды облысында - 47, Астана қаласында - 25, Қостанай облысында - 19, Алматы облысында - 16, Шығыс Қазақстан облысында - 15, Қызылорда, Павлодар және Солтүстiк Қазақстан облыстарында - 12-ден, Батыс Қазақстан және Жабыл облыстарында - 11-ден, Ақтөбе облысында - 10, Ақмола облысында - 7, Маңғыстау облысында - 5, Атырау облысында - 3.
      Iрi және шағын қалаларда орналасқан қазiргi ШКҰ негiзiнен қала халқына қызмет көрсетедi. Жұмыс iстеп тұрған ШКҰ-лар беретiн шағын кредиттер бойынша пайыздық ставкаларының мөлшерi орташа есеппен жылдық 36 %-дан 60 %-ға дейiн құрайды. Қазiргi уақытта ауылдық жерлерде ШКҰ желiсi дамымаған, ауылда жұмыс iстеп тұрған ШКҰ саны 13 кәсiпорынды құрайды, бұл тiркелген ШКҰ-лардың жалпы санының 3,7 %-ын құрайды.
      Ауылда шағын кредит беру жүйесiн дамытуға тұжырымдамалық көзқарастың, әлеуеттi инвесторлар үшiн кейiннен ШКҰ-лардың тартымдылығын арттыру үшiн мемлекет тарапынан осы секторға кешендi қолдаудың болмауы ауылдық жерлерде шағын кредит беру жүйесiн дамытуды қазiргi уақытқа дейiн тежейтiн негiзгi фактор болып келдi.

       Параграф 2. Ауылдағы шағын кредиттi тұтынушылардың нарығын талдау

      Елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуында қалыптасқан ахуал жекелеген аумақтар: iрi және шағын қалалар, кенттер мен ауылдық елдi мекендер арасындағы тiршiлiк деңгейiнiң белгiлi бiр үйлесiмсiздiгiмен сипатталады.
      2006 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республика бойынша экономикалық белсендi халық шамамен 7 880 672 адамды, оның iшiнде ауыл халқы 3 412 795 адамды құрады, бұл жалпы санның 43,3 %-ын құрайды. Экономикалық белсендi ауыл халқының iшiнен жұмыспен қамтылғандар саны шамамен 3 173 087 адамды құрады (93,0 %), жұмыссыз ауыл халқының саны - 239 708 адам (7,0 %).
      Бұл ретте, ауыл халқының жұмыспен қамтылған санынан 1 млн. 790 мың адам немесе 55 %-ы, негiзiнен өзiнің жеке қосалқы шаруашылығымен өз бетiмен айналысатын адамдарды құрайтынын ескеру қажет. 
      Ауылдағы шағын кредит беру нарығының негiзгi қатысушылары мынадай шаруашылықтар санаттары деп танылған ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлер мен шикiзатты бастапқы қайта өңдеу жөнiндегi шаруашылық жүргiзушi субъектiлер болып табылады:
      ауыл шаруашылығы кәсiпорындары;
      тұрғын халықтың шаруашылығы;
      шаруа (фермерлiк) қожалықтары.
      Осы атаулар қолданыстағы статистика жүйесiнде қабылданғанын және шын мәнiнде ауылдағы кәсiпкерлiктiң барлық өрiсiн және оны бiлдiрудiң барлық заңды нысандарын толық қамтитынын атап өту керек.
      Тұтастай алғанда осы құрылым ұзақ уақыт бойы тұрақты сақталып келе жатқанын атап өткен жөн.
      Ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң жартысынан астамын тұрғын халық шаруашылықтары өндiредi. Бұған қоса қаралатын кезеңде өндiрiлген мал шаруашылығы жалпы өнiмiнiң 86,7 %-ын өндiру тұрғын халық шаруашылықтарының үлесiнде. Сонымен бiрге, өндiрiс нарығында осындай елеулi, ал мал шаруашылығы өнiмдерiн өндiру бойынша сенiмдi орын ала отырып, шаруашылықтың бұл санаты жұмыс iстеп тұрған қаржы институттарының, бiрiншi кезекте, коммерциялық банктердiң кредит ресурстарына қол жеткiзе алмай отыр. Мұндай жағдайдың себептерi баршаға белгiлi: кепiлдiк мүлiктiң болмауы, жоғары пайыздық ставкалар, кредитке қызмет көрсету жөнiндегi жоғары операциялық шығыстар және тағы басқалары. Сонымен бiрге шаруашылықтардың осы санаты өндiрiстi дамыту, технологияны жетiлдiру, өнiмдiлiгi анағұрлым жоғары мал мен құсты және т.б. сатып алу үшiн қажеттi қаржы ресурстарына аса мұқтаж. 
      Қазақстан Республикасында 170 мыңнан астам шаруа (фермерлiк) қожалықтары және 4 мыңнан астам шағын кәсiпорындар тiркелген. Республиканың жұмыс iстеп тұрған шаруа (фермерлiк) қожалықтарының көпшiлiгі екi облыста орналасқан: Оңтүстiк Қазақстан және Алматы, бұдан әрi кемуi бойынша Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында. Шаруа (фермерлiк) қожалықтарын дамыту үшiн шағын кредит беру құралдарын белсенді қолдану өзекті мәселе болып табылады.
      Осылайша, ауылдағы шағын кредит беру нарығы көн түрлiлiгiмен ерекшеленедi, ал бүгiнгі күні оның негізгі сегменттерi мыналар болып табылады:
      тұрғын халықтың шаруашылықтары (жеке қосалқы шаруашылықтар);
      шаруа (фермерлiк) қожалықтары.

  2. Тұжырымдаманың мақсаты мен мiндеттерi

      Тұжырымдаманың негізгі мақсаты ауылдық жерлерде шағын кредит берудің тиімді жүйесін қалыптастыру үшiн қажеттi негiзгi шараларды анықтау болып табылады.
      Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай мiндеттердi шешу көзделедi:
      1) ауылдық шағын кредит ұйымдарының ШКҰ желiсiн құру;
      2) мемлекеттік қолдау шараларын айқындау;
      3) ШКҰ-ларды әдiстемелiк көмекпен қамтамасыз ету (кредиттiк мамандарды оқыту бағдарламасы, ШКҰ-ларды бiрыңғай бағдарламалық  қамтамасыз ету, қарыз алушыларды оқыту және консалтинг бағдарламалары);
      4) ауыл халқына шағын кредит беруді дамыту жүйесінің мониторингі;
      5) шағын кредит берудiң нормативтiк құқықтық базасын жетілдіру.

  3. Ауылдық жерлерде шағын кредит берудiң тиiмдi жүйесiн қалыптастыру

       Параграф 1. Өңiрлерде шағын кредит ұйымдарының желiсiн дамыту

      Шағын қаржыландыру, дәстүрлi түрде, кәсiпкерлiкке қолдау көрсетуге және оны ынталандыруға бағытталған. Қазақстан Республикасы Статистика агенттiгiнiң деректерi бойынша, республикада табысы күнкөрiс деңгейiнiң мәнiнен төмен ауыл халқының үлесi орта есеппен 24,8 %-ды құрайды. Ең төмен күнкөрiс деңгейiнен төмен табысы бар үй шаруашылықтарының орташа статистикалық саны 371 мың бiрлiктi құрайды.
      Ауылдық қарыз алушылардың шағын кредитке қол жеткiзуiн қамтамасыз ету үшiн әлеуеттi қарыз алушылардың санын негiзге ала отырып, бұл ретте ауылдық елдi мекендердiң орналасқан жерлерiн, қарыз алушыларға қызмет көрсету жөнiндегi кредиттiк офицерлердiң мүмкiндiктерiн және тиiсiнше ШКҰ-ның өзiн-өзi өтеуiн есепке ала отырып, әр өңiрде ШКҰ құру қажет.
      Бұдан басқа, бәсекелi ортаны дамыту үшiн ауылдық жерлердегi жекелеген аудандар шегiнде бiрнеше ШКҰ жұмыс iстеуi қажет.
      Қазiргi уақытта ШКҰ-ның қажеттi санын айқындайтын нормативтiк өлшемдер жоқ. Осыған байланысты, шағын кредит ұйымдарының желiсiн кезең-кезеңмен құру қажет.
      Бiрiншi кезең - 160 ШКҰ құру (әкiмшiлiк ауылдық аудандардың саны бойынша).
      Екiншi кезең - әлеуеттi қарыз алушылар саны және ШКҰ шығындарын барынша азайту есебiнен ауылдық жерлерде ШКҰ-ның оңтайлы санын құру.
      ШКҰ желiсiн дамытудың мынадай схемалары ұсынылады:
      ШКҰ-ның жарғылық капиталына қаржы институттарының (49 %-ға дейiн) үлестiк қатысуы;
      ШКҰ кредитiн ең төмен сыйақы ставкасымен беру арқылы шағын кредит ұйымдарын дамыту үшiн жағдай жасау.
      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылатын ШКҰ-лардың жарғылық капиталындағы қаржы институттарының үлестiк қатысуы 49%-дан аспауы тиiс. ШКҰ-ны құруға шағын кредит беруге бөлiнген бюджет қаражатын пайдалану 50%-дан аспауы керек. Қаржы институттары жұмыс iстеп тұрған ШКҰ-лар сияқты, қаржы институттарының үлестiк қатысуымен құрылған ШКҰ-ларға да кредит беретiн болады, бұл ШКҰ меншiктi қаражатының мөлшерiн ұлғайтуға мүмкiндiк бередi.
      Бiрiншi кезеңде қаржы институттарының құрылған ШКҰ-ларға одан әрi кредит беруiн қамтамасыз ету қажет.
      Проблемалар:
      ШКҰ-ны құру және рентабельдi жұмыс iстеуi үшiн бастапқы капиталдың болмауы немесе жеткiлiксiздiгi;
      ауылдық қарыз алушылар табысының төмендiгi және осыған байланысты берiлген кредиттердi қайтару бойынша тәуекелдiң жоғары болуы;
      қарыз алушылардың кредиттiк тарихының болмауы;
      ауылдық жерлерде шағын кредиттерге қызмет көрсету кезiндегi жоғары операциялық шығыстар.
      Шаралар:
      жарғылық капиталына үлестiк қатысумен (49 %-ға дейiн) ШКҰ құру үшiн мемлекеттік қаржы институттарын тарту;
      талап ету құқықтарын бере отырып, қарызды қамтамасыз ету тетiгiн енгiзу;
      кепiлдiксiз қамтамасыз ету әдiстерiн, оның iшiнде ауылдық жерлерде шағын кредит берудiң базалық қағидаты болып табылатын және қайтармау тәуекелiн төмендету үшiн пайдаланылатын, сондай-ақ қарыз алушылар үшiн тиiмдi және тартымды топтық кредит беру әдiсiн қолдану;
      ауылдық жерлерде ШКҰ санын ұлғайту;
      ауылдық қарыз алушылардың жылжымалы және жылжымайтын мүлiктерiн тiркеуге жәрдем көрсету.
      "Қазпочта" АҚ-ның филиалдық желiсiн пайдалану мүмкiндiгiн қарау.
      Күтiлетiн нәтижелер:
      ауылдық жерлерде ШКҰ-ның тармақталған желiсiн құру;
      ШКҰ-ның кредиттiк қаражатына ауылдық қарыз алушылардың қол жеткiзуiн қамтамасыз ету;
      түпкi қарыз алушылар санын ұлғайту.

       Параграф 2. Шағын кредит ұйымдарын қаржыландыру

      Көрсетiлген мақсаттарға жыл сайын көзделетiн қаржы шегiнде республикалық бюджет қаражаты, тiкелей шетелдiк және отандық инвестициялар, халықаралық қаржы экономикалық ұйымдардың немесе донор-елдердiң гранттары ШКҰ-ларды қаржыландыру көздерi болып табылады. Қазiргi уақытта ауылдық қарыз алушыларға шағын кредит беру саласында "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" акционерлiк қоғамы" жұмыс iстейдi.
      Шағын кредит беру жүйесiн дамыту үшін инвестициялар тарту инвесторлардың сенiмiне кiруге және олардың капиталдарын одан әрі ауылдық шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге кредит беру үшін ШКҰ-ға салуға мүмкiндiк бередi, бұл олардың қаржылық тұрақтылығына ықпал етедi. ШКҰ-ның тұрақты қызметi қарыз алушылардың кредит берудің және кепілдік қамтамасыз етудi ұсынудың қатаң талаптарынсыз шағын кредит алуға сенiмдiлiгiн тудырады.
      Проблемалар:
      Ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге қызмет көрсететiн ШКҰ-лардың мемлекеттiк даму институттарымен ынтымақтастығының пысықталған схемаларының болмауы;
      ШКҰ-да кредит ресурстарын алу үшiн өтiмдi кепiлдiктi қамтамасыз етудiң болмауы немесе жеткiлiксiздiгi;
      екiншi деңгейдегi банктердiң кредиттер бойынша жоғары пайыздық ставкалары.
      Шаралар:
      ШКҰ-ның мемлекеттiк институттармен өзара iс-әрекет жасау тетiгiн әзiрлеу;
      мемлекеттiк қаржы институттары арқылы ШКҰ-ға кредит беру үшiн бюджет қаражатын тарту;
      халықаралық қаржы ұйымдарының, донорлық ұйымдардың, екiншi деңгейдегi коммерциялық банктердiң және iрi отандық кәсiпорындардың қаражатын тарту.
      Күтiлетiн нәтижелер:
      өзiн өзi өтей алатын ШКҰ-ны ұлғайту;
      ШКҰ-ның және түпкi қарыз алушылардың кредит ресурстарына қол жеткiзуi;
      шағын кредиттердiң пайыздық ставкаларын төмендету және сомаларын ұлғайту.

       Параграф 3. Ауылда оқыту және консалтинг бағдарламаларын дамыту

      Қарыз алушыларды кәсiпкерлiктiң негiздерiне оқытумен шұғылданатын ұйымдардың консультациялық қызметтер мен тренингтердi ұсынуы ауылдық жерлерде шағын кредит берудi дамыту бойынша қолайлы ахуал туғызу үшiн маңызды болып табылады.
      Шағын кредиттердi беру мен қайтару тәртiбiне, қарыз алушылардың келiсiм-шарттарға қол қоюына, мониторингiлеуге, кредиттiк тәртiпке оқыту шағын кредит беру схемалары мен шарттары бойынша жүргiзiлуi тиiс.
      Шағын кредит беру жүйесiне қатысушылардың арасында тәжiрибе алмасу үшiн тренингтер мен семинарлар өткiзу, тәуекелдi азайту және шағын кредиттердi қайтарудың жоғары деңгейiн қамтамасыз ету мақсатында шағын кредиттер берумен айналысатын ұйымдардың тәжiрибесiн қорытындылау және одан әрi тарату қажет.
      Сондай-ақ оқыту жұмыспен қамтылмаған ауыл халқы арасында, оның iшiнде әйелдер, жастар, әскери қызметтен босатылған азаматтар  және білiктiлiгiн арттыруды, әлеуеттi қарыз алушыны айқындау және оқыту нәтижелерi мен олардың одан әрi мониторингi бойынша кредит беру мақсатында кәсiптерiн ауыстыруды қажет ететiн азаматтардың басқа да санаттарының арасында өткiзiлуi тиiс.
      Әлеуеттi қарыз алушыларды таңдау кезiнде оқудан өткен қарыз алушыларға артықшылық берiлуi тиiс.
      Проблемалар:
      ауылдық қарыз алушыларды шағын кредит беру ерекшелiктерiмен таныс бiлiктi кадрлардың жеткiлiксiздiгi;
      шағын кредит беру мәселелерi бойынша әлеуеттi қарыз алушыларға консультациялық қызмет көрсетудiң жеткiлiксiздiгi;
      ШКҰ персоналын және түпкi қарыз алушыларды оқыту әдiснамалары мен бағдарламаларының жетiлмегендiгi.
      Шаралар:
      шағын кредит беру әдiснамасын әзiрлеу мен енгiзу үшiн шағын кредит беру нарығын зерттеу және талдау;
      шағын кредит беру процесiн және оның мониторингiн тиiмдi басқару мақсатында мамандарды оқытуды жүргiзу;
      қайта құрылған шағын кредит ұйымдары үшiн мамандарды оқытуды жүргiзу;
      түпкi қарыз алушыларды кәсiпкерлiктiң негiздерiне оқытуды жүргiзу; 
      бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпараттық жүйелер арқылы шағын кредит берудi насихаттау.
      Күтiлетін нәтижелер:
      оқудан өткен түпкi қарыз алушылардың санын ұлғайту;
      шағын қаржы ұйымдарының (бұдан әрi - ШКҰ) бiлiктi персоналының санын ұлғайту;
      ауылдық жерлердегi бұқара халық үшiн оқыту бағдарламаларының қол жетiмдiлiгi.

  4. Ауылда шағын кредит берудi дамыту
 жүйесiнiң мониторингi

      Қазiргi уақытта шағын қаржы секторын тиiмдi дамыту бойынша стратегиялар әзiрлеу үшiн шынайы және көпшiлiкке қол жетiмдi ақпарат жеткiлiксiз. Аталған мiндеттi шешу үшiн отандық ШКҰ-ның табысты дамуына және олардың қызметiнiң жоғары "ашықтығына" қол жеткiзуге мүмкiндiк беретiн мониторингтiң тиiмдi жүйесiн құру қажет.
      Мониторинг деректерiнiң негiзiнде донорлар мен инвесторлар (халықаралық ұйымдар, банктер, жеке тұлғалар) үшiн шынайы ақпараттың қосымша көздерiн тарту кезiнде қолданылатын отандық ШКҰ-ның рейтингiсi қалыптасатын болады.
      Мониторингтi ағымдағы, серпiндi режимде бақылау мақсаты үшiн де, уақтылы түзету iс-шараларын өткiзу үшiн де жүргiзу қажет. Әдiстемелiк орталық әзiрлейтiн ережелер мен ұсынымдық нормативтер осындай бақылауды ұйымдастыру үшiн негiз болады. Осындай орталықты Қазақстанның шағын қаржы ұйымдарының қауымдастығы жанынан ұйымдастыру қажет. Әзiрленген стандарттар шағын кредит берудi дамыту бойынша (құрылған жұмыс орындарының саны, өнiмдер мен қызметтердi әртараптандыру, өндiрiс пен сату көлемiн ұлғайту, негiзгi қаражатты жаңарту) мемлекет өткiзетiн iс-шаралардың әлеуметтiк-экономикалық әсерi туралы ақпараттың кең түрде берiлуiне жәрдем етуi тиiс.
      Проблемалар:
      менеджмент пен мониторингтiң қазiргi заманғы жүйелерiнiң, iшкi бақылау рәсiмдерiнiң, әсер етудi бағалау құралдарының және менеджменттi тиiстi бағдарламалық қамтамасыз етудiң жетiспеушiлiгi;
      республикалық бюджеттен бөлiнетiн қаражатты тиiмдi пайдалану мониторингiнiң орталықтандырылған органының болмауы;
      шағын кредит беру стандарттарын талдауға, әзiрлеуге және ұсынуға өкiлеттiк берiлген бiрыңғай әдiстемелiк орталықтың болмауы.
      Шаралар:
      қазiргi заманғы шағын кредит беру стандарттарын және менеджменттiң қазiргi әдiстемесiн енгiзу;
      ШКҰ-лардың қызметiн қоса алғанда, шағын қаржы секторының жай-күйi туралы ақпаратты жинауды қамтамасыз ететiн бiрыңғай ақпараттық орталық құру;
      басқару ақпараттық жүйелерiн енгiзу;
      шағын кредит берудi дамытудың стратегиясы мен әдiснамасын әзiрлеу жөнiндегi әдiстемелiк орталықты құру;
      сыртқы аудиттi жүргiзу.
      Күтiлетiн нәтижелер:
      мониторингтiң тиiмдi жүйесiн құру;
      қосымша қаржыландыру көздерiн тарту;
      донорлар мен инвесторлардың қаржы ресурстарын тарту үшiн отандық ШКҰ-ның рейтингiсiн қалыптастыру;
      шағын қаржыландыруды дамыту стратегиясын және клиенттерге қызметтер ұсынудың инновациялық әдiстерiн әзiрлеу және ресурстар тарту;
      тестiлеу арқылы шағын кредит беру бойынша оқыту сапасына бақылауды жүзеге асыру.

  5. Шағын кредит беру саласындағы заңнаманы жетiлдiрудiң негiзгi шаралары

      Шағын кредит берудi дамыту жөнiндегi мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарының бiрi ШКҰ қызметiн регламенттейтiн нормативтiк құқықтық кесiмдердi жетiлдiру болып табылады.
      Шағын кредит беру саласындағы Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық базасында оны одан әрi табысты дамыту үшiн қажеттi барлық алғышарттар бар. Сонымен қатар, ол заңнамадағы ақтандақтарды жою бөлiгiнде пысықтауды талап етедi.
      Проблемалар:
      ШҚҰ-ларға қатысты бiрыңғай түсiнiк аппаратының болмауы.
      Шаралар:
      шағын қаржылық қызметтерге және ШҚҰ-ларға нақты анықтама беру;
      қарыз алушының жұмыс орнынан еңбекақы төлемiнiң мөлшерi туралы анықтаманы мiндеттi түрде тапсыру талабын алып тастау.
      Күтiлетiн нәтижелер:
      шағын қаржыландырумен қамтуды, әсiресе ауылдық жерлерде кеңейтуге мүмкiндiк беру;
      шағын бизнес кәсiпорындарын осы секторға тартуға ықпал етедi;
      нарықта бәсекелестiктiң дамуын ынталандыру;
      ШҚҰ-ның жұмыс iстеуi үшiн қолайлы жағдай жасау.

  6. Негiзгi нәтижелер

      Тұжырымдама iс-шараларын орындау шеңберiнде ауыл қарыз алушыларының қажеттi кредит ресурстарына қол жеткiзуiн қамтамасыз ететiн қосымша жұмыс орындарын құру, кедейлiк деңгейiн төмендету және ауыл халқының табысын ұлғайту жолымен әлеуметтiк мәселелердi шешуге көмектесетiн шағын кредит беру жүйесiн құру күтiлуде.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады