Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердiң кеден органдары арасында тауарларды кедендiк бақылаумен өткiзу кезiнде кеден органының шотына ақша қаражатын енгiзу жолымен немесе банктердiң кепiлдiктерiн пайдалану жолымен кедендiк төлемдердi төлеудi қамтамасыз ету туралы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 5 мамырдағы N 372 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
      1. Қоса берiлiп отырған Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердiң кеден органдары арасында тауарларды кедендiк бақылаумен өткiзу кезiнде кеден органының шотына ақша қаражатын енгiзу жолымен немесе банктердiң кепiлдiктерiн пайдалану жолымен кедендiк төлемдердi төлеудi қамтамасыз ету туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.

      2. Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердiң кеден органдары арасында тауарларды кедендiк бақылаумен өткiзу кезiнде кеден органының шотына ақша қаражатын енгiзу жолымен немесе банктердiң кепiлдiктерiн пайдалану жолымен кедендiк төлемдердi төлеудi қамтамасыз ету туралы келiсiмге қол қойылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

  Еуразия экономикалық қоғамдастығын мүше мемлекеттердiң кеден органдары арасында тауарларды кедендiк бақылаумен өткiзу кезiнде кеден органының шотына ақша қаражатын енгізу жолымен немесе банктердiң кепiлдiктерiн пайдалану жолымен кедендiк төлемдердi төлеудi қамтамасыз ету туралы келiсiм

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын, Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Ресей Федерациясының және Тәжiкстан Республикасының Yкiметтерi,
      2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты негiзге ала отырып,
      Еуразия экономикалық қоғамдастығына (ЕурАзЭҚ) мүше мемлекеттердiң арасында да, ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер мен үшiншi мемлекеттер арасында да тауарлар тасымалдарын дамытуға ұмтыла отырып,
      кедендiк төлемдердiң төленуiн қамтамасыз ету, бiрыңғай экономикалық кеңiстiк қалыптастырудың негiзгi шарттарының бiрi ретiнде кеден рәсiмдерiн бiрiздендiру мен оңайлату қажеттiлiгiн негiзге ала отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      "кепiлгер" - ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттiң аумағында тiркелген, өз мемлекетi заңнамасының талаптарын ескере отырып банк кепiлдігін берген банк;
      "банктiк кепiлдiгi" - кепiлгердiң ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң бiрiнiң кеден органы алдында принципал өзiнiң кедендік төлемдердi төлеу жөнiндегi мiндеттемесiн орындамаған немесе тиiсті дәрежеде орындамаған жағдайда ақшалай соманы төлеуге жазбаша мiндеттемесi;
      "бенефициар" - ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттік кепiлдiгiн қабылдаған кеден органы;
      "принципал" - оның тапсырмасы бойынша және есебінен кепiлгер ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң кеден органдары арасында тауарларды кедендiк бақылаумен өткiзу кезiнде принципал міндеттемелерді бұзған жағдайда кедендiк төлемдердiң сомаларын төлеу жөнінде банк кепілдігін беретiн, белгiленген тәртiппен ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттiң аумағында тiркелген заңды немесе жеке тұлға;
      "межелi мемлекет" - тауарлар мен көлiк құралдарын кедендiк бақылаумен өткiзу аяқталатын ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекет;
      "жөнелтетiн мемлекет" - тауарлар мен көлiк құралдарын кедендiк бақылаумен өткiзу басталатын ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекет;
      "кедендiк төлемдер" - ЕурАзЭҚ-қа әр мүше мемлекеттердiң әрқайсысының салықтық және кедендiк заңнамасына сәйкес кеден органдары белгiленген тәртiппен алатын кедендiк баж, салықтар, кедендiк алымдар.

2-бап

      Осы Келiсiм ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң кеден органдары арасында тауарларды кедендiк бақылаумен өткiзу кезiнде жөнелтетiн мемлекеттiң немесе межелi мемлекеттiң кеден органының шотына ақша қаражатын енгiзу, сондай-ақ банк кепiлдiктерiн пайдалану жолымен кедендiк төлемдердiң төленуiн қамтамасыз етудiң құқықтық негiздерiн белгiлейдi.
      Тауарларды ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң аумақтары бойынша өткiзу кезiнде кедендiк төлемдердiң төленуiн қамтамасыз етудiң осы Келiсiмде көзделген түрлерi де, сондай-ақ аумағы арқылы тауар өткiзiлетiн ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттiң заңнамасына сәйкес кедендiк төлемдердiң төленуiн қамтамасыз етудiң өзге түрлерi де қолданылуы мүмкiн.

3-бап

      Осы Келiсiм тауарларды:
      ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер арасында, оның iшiнде үшiншi мемлекеттердiң аумағы арқылы өткiзу кезiнде де;
      егер, тауарларды өткiзу ең болмағанда ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң бiрiнiң аумағы бойынша транзитпен жүзеге асырылса ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер мен үшiншi мемлекеттер арасында өткiзу кезiнде қолданылады.

4-бап

      1. Тараптар оларды кедендiк бақылаумен өткiзу кезiнде оларға қатысты кедендiк төлемдердiң төленуiн қамтамасыз етудi қоса алғанда, өз мемлекетiнiң заңнамасында заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету бойынша белгiленген шаралар қолданылатын тауарлардың жекелеген санаттарын белгiлеуi мүмкiн.
      2. Тараптар бiр-бiрiн тауарлардың тізбесі және кедендiк төлемдердiң төленуiн қамтамасыз етудi қоса алғанда, оларды кедендiк бақылаумен өткiзу кезiнде өз мемлекетi заңнамасын сақталуын қамтамасыз ету жөнiнде оларға қатысты қолданылатын шаралар туралы хабардар етедi.
      3. Тараптар өз мемлекетiнiң кедендiк төлемдерiң төленуiн қамтамасыз ету шарттарын айқындайтын заңнамасын біріздендіруді жүргiзедi.

5-бап

      Тауарларды ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң аумақтары бойынша кедендiк бақылаумен өткiзу, сондай-ақ ақша қаражатын кеден органдарының шотына енгiзу және кеден органдарының банк кепiлдiгiн қабылдауы осы мемлекеттердiң әрқайсысының заңнамасында және осы Келiсiмде көзделген тәртiппен жүргiзiледi.
      ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң кеден органдары өз мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес кедендiк төлемдердiң төленуiн қамтамасыз етпестен өз мемлекетiнiң аумағы бойынша тауарларды кедендiк бақылаумен өткiзуге ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң бiрiнiң кеден органының кедендiк төлемдердi төлеудi қамтамасыз ету ретiнде осы кеден органының шотына ақша қаражатын енгiзгенi туралы немесе кеден органы белгiлеген орынға және мерзiмде тауарларды жеткiзбеген кезде кедендiк төлемдердi төлеудi қамтамасыз ететiн банк кепiлдiгiн қабылдағаны туралы растау болған кезде рұқсат етедi.
      Кеден органының шотына ақша қаражатын енгiзу немесе банк кепiлдiгiн пайдалану түрiнде кедендiк төлемдердiң төленуiн қамтамасыз ету берiлген ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң кеден органдары кедендiк төлемдер бойынша берешектердi өндiрiп алуды олардың шотындағы ақша қаражаты есебiнен не олар банк кепiлдiгi бойынша алатын қаражат есебiнен қамтамасыз етедi және осы Келiсiмнiң 8-бабына сәйкес аумағында тауарларды толық жеткiзбеу анықталған ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттiң кеден органының шотына аударады.

6-бап

      1. Осы Келiсiмге сәйкес ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң бiрiнiң кеден органының шотына енгiзiлген ақша қаражатын олардың аумағы бойынша тауарларды кедендiк бақылаумен өткiзу жүзеге асырылатын ЕурАзЭҚ-қа мүше басқа мемлекеттердiң кеден органдары кедендiк төлемдердiң төленуiн қамтамасыз ету ретiнде таниды.
      Кеден органының шотына енгiзiлген ақша қаражатының сомасы, егер тиiстi тауарлар еркiн айналыс үшiн шығарылған болса, оның аумағы бойынша тауарларды кедендiк бақылаумен өткiзу жүзеге асырылатын ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекетте төлеуге жататын кедендiк төлемдердiң сомасынан кем болмайды.
      2. Кеден органының шотына ақша қаражаты АҚШ долларымен, евромен не аумағында қамтамасыз ету енгiзiлетiн ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттiң ұлттық валютасымен енгiзiлуi мүмкiн.
      3. Ақша қаражаты жөнелтетiн мемлекеттiң немесе межелi мемлекеттiң кеден органының шотына енгiзiледi.
      Егер, тауарлар ЕурАзЭҚ-тың шегiнен тысқары жерлерге әкетiлген жағдайда, ақша қаражаты оның қызмет өңiрiнде заңды немесе жеке тұлға ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттiң заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркелген кеден органының шотына енгiзiледi.
      4. Тауарлар оның аумағы бойынша тауарларды өткiзу жүзеге асырылатын ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттiң кеден органы айқындаған орынға және мерзiмде жеткiзiлмеген кезде осы баптың 3-тармағында көрсетiлген кеден органдарының шотындағы ақша қаражаты аумағында тауарлардың жеткiзiлмеуi анықталған ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттiң кеден органының шотына аударылуға тиiс.

7-бап

      1. ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң кеден органдары өз мемлекетiнiң банктерi берген банк кепiлдiктерiн қабылдайды.
      2. Аумағында тауарлардың жеткiзiлмеуi анықталған ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң бiрiнiң кеден органының алдындағы оның мiндеттемесi орындалмаған немесе тиiстi дәрежеде орындалмаған жағдайда принципалдың кедендiк төлемдердi төлеудi қамтамасыз етуi банк кепiлдiгi болып табылады.
      3. Кепiлгер бенефициарға ақша қаражатын бенефициардың оны төлеу туралы жазбаша талабын ұсынуы бойынша осы баптың 13-тармағында белгiленген мөлшерде төлеуге кепiлдiк бередi.
      4. Банк кепiлдiгiн кепiлгер қайтарып ала алмайды.
      5. Бенефициардың банк кепiлдiгi жөнiндегi кепiлгерге талап қою құқығы басқа тұлғаға берiлмейдi.
      6. Банк кепiлдiгi ол берiлген күнiнен бастап күшiне енедi.
      7. Бенефициардың банк кепiлдiгi бойынша ақша қаражатын төлеу туралы талабы кепiлгерге кепiлдiкте көрсетiлген құжаттар қоса берiле отырып жазбаша нысанда берiлуi тиiс. Бенефициар талапта немесе оған қосымшада принципалдың оны орындау үшiн кепiлдiк берiлген мiндеттеменi бұзуы неден тұратындығын көрсетуге тиiс.
      8. Бенефициардың талабы кепiлгерге ол берiлген кепiлдiкте белгiленген мерзiм аяқталғанға дейiн ұсынылуға тиiс.
      Бенефициар банк кепiлдiгiнде белгiленген мерзiмде ұсынған банк кепiлдiгi кепiлгердiң бенефициардың алдындағы өз мiндеттемелерiн толық орындағанға дейiн қолданыста болады.
      9. Кепiлгер бенефициардың талабын оған қоса берiлген құжаттармен бiрге оны алған күнiнен кейiн он күннен аспайтын мерзiмде, принципалды бенефициардың талабы туралы хабардар ете отырып қарауға тиiс.
      10. Кепiлгер бенефициарға егер, бұл талап не оған қоса берiлген құжаттар кепiлдiктiң шарттарына сәйкес келмесе, оның талабын қанағаттандырудан бас тартады.
      Кепiлгер бенефициарды оның талабын қанағаттандырудан бас тартатындығы туралы хабардар етуге тиiс.
      11. Банк кепiлдiгiнде көзделген кепiлгердiң бенефициар алдындағы мiндеттемесi кепiлдiк берiлген соманы төлеумен шектеледi.
      12. Кепiлгердiң кепiлдiк бойынша бенефициар алдындағы мiндеттемесi мынадай жағдайларда тоқтатылады:
      кепiлгер аударған кепiлдiктiң барлық сомасы бенефициардың шотына түскен;
      бенефициар кепiлдiк бойынша өз құқықтарынан кепiлгерге қайтару жолымен не бенефициардың кепiлгердi оның мiндеттемелерiнен босатуы туралы жазбаша өтiнiш жасауы жолымен бас тартқан жағдайда тоқтатылады.
      13. Банктiк кепiлдiгiнiң сомасы, егер тиiстi тауарлар еркiн айналыс үшiн шығарылған болса, аумағы бойынша тауарларды кедендiк бақылаумен өткiзу жүзеге асырылатын ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекетте төлеуге жататын кедендiк төлемдердiң сомасынан кем болмайды.
      14. Банк кепiлдiгiнiң сомасы АҚШ долларымен не евромен көрсетiледi. Кепiлгердiң ақша қаражатын төлеуi банк кепiлдiгiнiң валютасымен не, егер оның ұлттық заңнамасында өзгеше көзделмесе, банк кепiлдiгiнiң ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекетте төлем күнiнде қолданылатын валюта бағамы ескерiле отырып, ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттiң ұлттық валютасымен жүзеге асырылады.
      15. ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң кеден органдары өз мемлекетi заңнамасының талаптарын ескере отырып және осы Келiсiмге сәйкес банк-кепiлгер берген банк кепiлдiгiн қабылдайды.
      Банк кепiлдiгiнiң сомасы жеткiлiксiз болған немесе оның қолданылу мерзiмi аяқталған кезде банк кепiлдiгi қабылданбайды.
      16. Тауарларды ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттiң кеден органы белгiлеген орынға және мерзiмде жеткiзбеген кезде бенефициар кепiлгерге өзiнiң шотына ақша қаражатын төлеу және аудару туралы талап қояды. Кепiлгер талапты оны алған күнiнен бастап отыз күннен кешiктiрмейтiн мерзiмде қанағаттандыруы тиiс.
      Банк кепiлдiгi бойынша төленген ақша қаражаты аумағында тауарлардың жеткiзiлмеуi анықталған ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттiң кеден органының шотына аударылады.

8-бап

      ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң кеден органдарының арасындағы ұсынылған кедендiк төлемдердi төлеудi қамтамасыз ету туралы, тауарлар тасымалдауды бұзу жағдайлары туралы, осы Келiсiмдi орындау yшiн қажеттi өзге де ақпаратпен алмасу тәртiбi, сондай-ақ ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң бiрiнiң кеден органының шотына енгiзiлген не төленген немесе кепiлгерден кеден органдарының бiрi аумағында тауарлардың жеткiзiлмеуi анықталған ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттiң кеден органының шотына өндiрiп алған ақша қаражатын аударудың тәртiбi және мерзiмi, кепiлгер мiндеттемелерiнiң көлемi, кедендiк төлемдердiң төленуiн қамтамасыз ету мөлшерi мен дауларды шешу тәртiбi Тараптардың жеке көпжақты келiсiмдерiмен айқындалады.

9-бап

      Осы Келiсiм қатысушылары Тараптардың мемлекеттерi болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша Тараптардың мiндеттемелерiн қозғамайды.

10-бап

      Осы Келiсiмдi түсiндiру мен қолдануға қатысты кез келген даулар мен келiспеушiлiктер Тараптар арасында келiссөздер және консультациялар жолымен шешiледi.

11-бап

      Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша жекелеген хаттамалармен ресiмделетiн және осы Келiсiмнiң 12-бабына сәйкес күшiне енетiн өзгерiстер енгiзiлуi мүмкiн.

12-бап

      Осы Келiсiм ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық комитетi болып табылатын депозитарий Тараптардың осы Келiсiмнiң 8-бабында көзделген жеке көпжақты келiсiмдер жасасқаны туралы және осы Келiсiмге қол қойылған күнiнен бастап күшiне енетiн 8-бапты қоспағанда, осы Келiсiмнiң күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнiнен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiм күшiне енгеннен кейiн ЕурАзЭҚ-тың мүшелiгiне қабылданған кез келген мемлекеттiң оған қосылуы үшiн ашық.
      Осы Келiсiмге қосылу туралы құжаттар депозитарийге тапсырылады.
      Осы Келiсiм қосылатын мемлекеттер үшiн осы Келiсiмнiң Тараптарымен осы Келiсiмнiң 8-бабында көзделген жеке көпжақты келiсiмдердi жасасу туралы хабарламаны депозитарий алған күнiнен бастап күшiне енедi.
      Тараптардың кез келгенi депозитарийге осы Келiсiмнен өзiнiң шығу ниетi туралы болжалды шығу күнiне дейiн кемiнде үш ай бұрын жазбаша хабарламаны жiбере отырып, өзiнiң осы Келiсiмге сәйкес қабылданған мiндеттемелерiн алдын ала реттей отырып, осы Келiсiмнен шыға алады.
      2006 жылғы "___" _________ _________ қаласында орыс тiлiндегi бiр түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дананы әрбiр Тарапқа оның куәландырылған көшiрмесiн жiберетiн депозитарий сақтайды.

       Беларусь Республикасының
      Yкiметi үшiн

      Қазақстан Республикасының
      Yкіметi үшiн

      Қырғыз Республикасының
      Үкiметi үшiн

      Ресей Федерациясының
      Үкiметi үшiн

      Тәжiкстан Республикасының
      Yкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады