Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
"Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiмдi ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiмдi ратификациялау туралы
Ташкентте 2006 жылғы 20 наурызда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Өзбекстан Республикасының Yкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы
КЕЛIСIМ
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi,
Тараптар мемлекеттерiнiң арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрi дамыту қажеттiлiгiн басшылыққа ала отырып,
Тараптар мемлекеттерiнiң арасында, сондай-ақ олардың аумақтары бойынша транзитпен жүктердiң автомобиль тасымалдарын жүзеге асыруды жеңiлдетуге ұмтыла отырып,
өзара көмек, ынтымақтастық және өзара тиiмдiлiк негiзiнде осы мәселелердi реттеуге ниет бiлдiре отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
І. ҚОЛДАНЫЛУ АЯСЫ
1-бап
1. Осы Келiсiмнiң ережелерi Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы жүктердiң олардың аумақтары арқылы транзитпен халықаралық автомобиль тасымалдарына, Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тiркелген автокөлiк құралдары жүзеге асыратын үшiншi елдерден/елдерге тасымалдарға қолданылады.
2. Осы Келiсiм Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
ІІ. АНЫҚТАМАЛАР
2-бап
Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн онда қолданылатын анықтамалар мыналарды бiлдiредi:
1. "Тасымалдаушы" терминi:
Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тiркелген, ұлттық заңнамаға сәйкес ақы үшiн немесе өз есебiнен жүктердiң халықаралық тасымалдарын жүзеге асыруға құқығы бар жеке немесе заңды тұлғаны бiлдiредi.
2. "Автокөлiк құралы" терминi:
механикалық жетегi бар, жүк тасымалдауға арналған автокөлiк құралы немесе автопоезд тартқышы Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тіркелген жағдайда тіркемелер мен жартылай тіркемелерді қоса алғанда, техникалық талаптарға сай қайта жасалған автокөлік құралын білдіреді.
3. "Үшінші елдерден/елдерге тасымалдау" терминi:
жүктерді бір Тарап мемлекетінің аумағында тіркелген автомобиль көлігімен, бірі екінші Тарап мемлекетінің аумағында, ал екіншісі үшінші елдің (осы Келісімге қатысушы емес) аумағында орналасқан пунктер арасында тасымалдауды білдіредi
4. "Рұқсат" терминi:
бiр Тарап мемлекетiнiң құзыретті органы беретін және екiнші Тарап мемлекетінде тіркелген автокөлік құралына рұқсатты берген Тарап мемлекетiнiң аумағы бойынша немесе арқылы жүруге құқық/мүмкіндiк беретiн құжатты бiлдiредi.
5. "Арнайы рұқсат" терминi:
бiр Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органы беретін және екінші Тарап мемлекетiнде тiркелген автокөлiк құралына арнайы рұқсат берген Тарап мемлекетiнiң аумағы бойынша немесе арқылы арнайы санаттағы тасымалдарды жүзеге асыруға құқық/мүмкiндiк беретiн құжатты бiлдiредi.
6. "Қауiптi жүктер" терминi:
оларға тән қасиеттерге және ерекшелiктерге байланысты белгiлi бiр факторлар болған кезде тасымалдау, тиеу-түсiру жұмыстары процесiнде тасымалданатын жүктердiң, техникалық құралдардың, құрылғылардың, ғимараттар мен құрылыстардың, басқа да объектiлердiң жарылуына, өртенуiне немесе бүлiнуiне, сондай-ақ адамдардың өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтiруге себеп болуы мүмкiн заттарды, материалдарды, бұйымдарды, қалдықтарды бiлдiредi.
III. ЖҮК ТАСЫМАЛЫ
3-бап
1. Екi мемлекеттiң арасында немесе олардың аумақтары бойынша транзитпен жүк тасымалдау рұқсатсыз жүзеге асырылды.
2. Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің аумағы бойынша, оның iшiнде үшiншi мемлекеттен/мемлекетке транзитпен жүретін екінші Тараптың жүк автокөлiк құралдарының өтуі үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз етедi.
4-бап
1.Тасымалдаушыға екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан екі пункттің арасында жүк тасымалдауды жүзеге асыруға рұқсат етілмейді.
2. Егер оған екінші Тараптың құзіретті органының рұқсаты алынса, Тараптардың бірінің мемлекеттiң тасымалдаушысы екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағынан үшінші мемлекеттің аумағына және үшінші мемлекетiң аумағынан екінші Тарап мемлекетінің аумағына жүктердi тасымалдауды жүзеге асыра алады.
5-бап
1. Жүксiз немесе жүкпен келе жатқан автокөлiк құралының көлемдерi мен салмақтық өлшемдерi екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында белгiленген нормалардан артық болса, тасымалдаушы екiншi Тараптың құзыреттi органының арнайы рұқсатын алуы тиiс.
2. Қауiптi жүктердi және әскери құрамдарды тасымалдау, сондай-ақ олардың Тараптар мемлекетiнiң аумағы бойынша транзитi, аумағында тасымалдау жүзеге асырылатын мемлекеттiң ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
IV. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
6-бап
1. Осы Келiсiм (4-баптың 2-тармағы, 5-баптың 1-тармағы) бойынша талап етiлетiн рұқсаттар, сондай-ақ басқа да тасымалдау құжаттары осы Келiсiмде көзделген барлық тасымалдар кезiнде автокөлiк құралында болуы және Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарының өкiлдерiне тексеру үшiн талап бойынша ұсынылуы тиiс. 2. Тасымалдау құжаттарын жол жүру алдында толық толтыру керек.
7-бап
1. Бiр Тарап мемлекетiнiң тасымалдаушылары екiншi Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасын, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын автомобиль тасымалдары саласындағы халықаралық шарттардың ережелерiн сақтауға мiндеттi.
Осы Келiсiмде көзделген тасымалдар Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес халықаралық автомобиль қозғалысы үшiн ашық автомобиль жолдары бойынша жүзеге асырылады. Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары қажеттi жағдайда тасымалдау бағытын белгiлеуге құқылы.
2. Тасымалдаушы немесе оның жүргiзушiсi екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында қолданыстағы заңнаманы немесе осы Келiсiмнiң ережелерiн бұзған кезде аумағында автокөлiк құралдары тiркелген Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдары, аумағында бұзушылық жасалған Тараптың өтiнiшi бойынша мынадай шаралардың бiрiн қолдануы мүмкiн:
а) тасымалдаушыға қолданыстағы ережелердi сақтау қажеттiгi туралы ескерту;
б) осы Келiсiмге сәйкес тасымалдауды орындауға уақытша тыйым салу;
в) жауап беретін тасымалдаушыға рұқсаттарды беруді тоқтату немесе екінші Тарап мемлекетінің құзыретті органы осы тасымалдаушыны тасымалдаудан шеттеткен мерзімге берілген рұқсатын алып қою.
3. Осы баптың 2- тармағының б) тармақшасына сәйкес шараны сондай-ақ аумағында бұзушылық жасалған Тарап мемлекеттің құзыретті органы тiкелей қабылдауы мүмкiн.
4. Екi Тарап мемлекетінің құзыретті органдары қабылдаған шаралар туралы бiр-бiрiн хабардар етедi.
5. Тараптар мемлекеттерінің автокөлік құралдарының жүгізушілерінде өзі басқаратын автокөлік құралының санатына сәйкес келетін ұлттық немесе халықаралық жүргiзушi куәлiгi және 1968 жылғы 8 қарашада Венада жасалған Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жол қозғалысы туралы конвенциясының талаптарына жауап беретiн автокөлiк құралына ареалған тiркеу куәлiгi болуы тиiс.
6. Тараптар мемлекеттерiнiң автотасымалдаушылары құқық бұзушылық жасағаны үшiн аумағында құқық бұзушылық жасалған мемлекеттiң ұлттық заңнамасында белгiленген жауапкершiлiкке тартылады.
8-бап
1. Осы Келiсiмде көзделген тасымалдарды өз мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес халықаралық жүктердi тасымалдауды жүзеге асыруға жiберiлген тасымалдаушылар ғана орындай алады.
2. Халықаралық жүктер тасымалдарын жүзеге асыратын автокөлiк құралдарында өз мемлекетiнiң тiркеу және айырым белгiлерi болуы тиiс.
Жүк автомобиль тартқыштарында Тараптар мемлекеттерiнің тiркеу және айырым белгiлерi болған жағдайда, тiркемелер мен жартылай тiркемелерде басқа елдердің тiркеу және айырым белгілері болуы мүмкiн.
3. Тараптар тасымалдаушылары жүктердi тасмалдау жүзеге асырылатын мемлекет аумағында қозғалыс ережелерін және басқа да заңдарды сақтауға мiндеттi.
9-бап
Осы келісім негізінде жүктерді тасымалдау автокөлік құралдары иелерінің үшінші тұлғаға келтірілген залал үшін азаматтық жауапкершілігін мiндеттi сақтандырған жағдайда жүзеге асырылады. Тасымалдаушы көрсетiлген тасымалдарды орындайтын әрбір автокөлiк құралын автокөлiк құралы тiркелген Тараптар мемлекеттерінің қолданыстағы заңнамасына сәйкес алдын ала сақтандыруға мiндеттi.
10-бап
Осы Келiсiмде, сондай-ақ Тараптардың екеуi де қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарда реттелмеген мәселелер әрбiр Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес шешiлетiн болады.
11-бап
1. Тараптар шудың және пайдаланылған газдағы зиянды заттардың төмен деңгейiмен ерекшелiнетiн, қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн қазiргi заманғы жабдықпен жарақталған автокөлiк құралдарын пайдалануға ықпал етедi.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген шаралар осы Келiсiмнiң 14-бабына сәйкес құрылған Бiрлескен комиссиямен қосымша келiсiлетiн болады.
12-бап
Осы Келiсiмнiң негізінде тасымалдарды орындау кезінде Тараптар мемлекеттерінің аумағына әкелінетін:
а) автокөлiк құралының әрбір моделi үшін жасаушы көздеген, қозғалтқыштың қоректендiру жүйесімен технологиялық және конструкциялық байланыстағы стандартты сыйымдылықтардағы, сондай-ақ рефрижераторлармен және автокөлiк құралдарындағы басқа да қондырғылармен технологиялық байланысқан қосымша сыйымдылықтардағы жанармай;
б) жүктердi тасымалдау уақытында пайдалану үшiн қажеттi мөлшердегi жағармай материалдары;
в) Халықаралық жүктердi тасымалдау жүзеге асыратын автокөлiк құралын жөндеуге арналған қосалқы бөлшектер мен құрал-саймандар кедендiк төлемдер мен алымдарды төлеуден өзара босатылады.
Пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер қайта алып кетуге жатады, ал ауыстырылған қосалқы бөлшектер мемлекеттен шығарылуы не жойылуы не тиiстi Тарап мемлекетiнiң аумағында белгiленген тәртiппен тапсырылуы тиiс.
2. Осы Келiсiм шеңберiнде жүктердi тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлiк құралдары ақылы автомобиль жолдарын, автомагистральдарды, көпiрлердi және тоннельдердi пайдаланғаны үшiн алымдар мен төлемдердi қоспағанда, егер осындай алымдар мен төлемдер осы мемлекеттiң автокөлiк құралдарынан өндiрiп алынатын болса, автокөлiк құралына иелiк етумен немесе пайдаланумен, екiншi Тарап мемлекетiнiң автомобиль жолдарын пайдаланумен немесе күтiп ұстаумен байланысты алымдар мен төлемдерден босатылады.
3. Сондай-ақ Тараптар екi елдiң тасымалдаушыларын Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес, осы мемлекеттердiң аумағы бойынша транзитпен тасымалданатын жүктерден алынатын депозиттiк және кепілдік сомалар төлемдерінен өзара босатады.
13-бап
1. Шекаралық, кедендiк, санитарлық және ветеринариялық, сондай-ақ фитосанитарлық бақылауға және шекарадан өтуге байланысты қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi бақылауға қатысты, Тараптар мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады, ал осы шарттарда реттелмеген мәселелердi шешу кезiнде әрбiр Тараптардың әр мемлекетiнiң заңнамасы қолданылады.
2. Шекаралық, кедендiк және санитарлық, ветеринариялық, сондай-ақ фитосанитарлық бақылау автокөлiк құралымен жануарларды, тез бүлiнетiн және қауiптi жүктердi тасымалдау кезiнде басым тәртiппен жүзеге асырылады.
V. БIРЛЕСКЕН КОМИССИЯ
14-бап
1. Осы Келiсiмдi орындау және оған байланысты мәселелердi талқылау үшiн құрамына Тараптар мемлекетiнiң құзыреттi органдарының өкiлдерi кiретiн Бiрлескен Комиссия құрылады.
2. Бiрлескен Комиссияның мәжiлiстерi қажет болған жағдайда Тараптардың бiрiнiң мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарының ұсынысы бойынша өткiзiледi.
3. Бiрлескен Комиссия қажет болған жағдайда Осы Келiсiмнiң ережелерiн өзгерту жөнiндегi ұсыныстарды басқа құзыреттi органдардың қатысуымен әзiрлейдi.
15-бап
1. Тараптар Атқару Хаттамасында Осы Келiсiмнiң орындалу тәртiбiн белгiлейдi.
Атқару Хаттамасына Келiсiммен бiр уақытта қол қойылады және ол оның ажырамас бөлiгi болып табылады.
2. Осы Келiсiмге осы Келiсiмдi қолдану туралы Атқару Хаттамасына Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгізiлуi мүмкiн.
3. Тараптар осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру мен қолдануға байланысты туындауы мүмкiн барлық даулар мен келiспеушiлiктердi Тараптардың Бiрлескен Комиссиясы шеңберiнде өткiзiлетiн консультациялар мен келiссөздер жолымен шешетiн болады.
VI. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
16-бап
Осы Келiсiм оған қол қойылған күннен бастап уақытша қолданылады және оның күшiне енуi үшiн қажеттi барлық мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi.
Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалды және Тараптардың бiрi екiншi Тарапты өзiнiң оның қолданылуын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабардар еткен күннен бастап алты ай өткенге дейiн күшiнде қалады.
2006 жылғы 20 наурызда Ташкент қаласында әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды, бұл ретте барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Yкiметi үшiн Yкiметi үшiн
Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiмдi қолдану туралы
АТҚАРУ ХАТТАМАСЫ
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Yкiметi (бұдан әрi Тараптар деп аталатын) 2006 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiмдi (бұдан әрi - Келiсiм) қолдану ережелерiн белгiлеу мақсатында,
төмендегiлер туралы уағдаласты:
1. Мыналар Келiсiмнiң құзыреттi органдары болып табылады:
Қазақстан Республикасы тарапынан:
Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгi.
Өзбекстан Республикасы тарапынан:
4-баптың 2-тармағы бойынша - Өзбек автомобиль және өзен көлiгi агенттiгi;
5-баптың 1 -тармағы бойынша - "Узавтойул" мемлекеттiк- акционерлiк компаниясы;
4-баптың 2-тармағы, 12-бап бойынша - Өзбекстан Республикасының Мемлекеттiк кеден комитетi;
4-баптың 1-тармағы, 7-бап бойынша - Өзбекстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi.
Тараптар мемлекеттерi құзыреттi органдарының ресми атаулары өзгерген жағдайда Тараптар ол туралы бiр-бiрiн дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етедi.
2. Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары Келiсiмнiң орындалу барысы, халықаралық автомобиль тасымалына, салық және кедендiк алымдарға байланысты мемлекет заңнамасындағы өзгерiстер, алдыңғы жылғы тасымалдардың жай-күйi, шекаралық өтпелер жұмысының режимдерi және жүктер тасымалын жетiлдiруге бағытталған басқа да мәселелер туралы бiр-бiрiн хабардар етедi.
3. Осы Атқару Хаттамасы Келiсiммен бiр уақытта күшiне енедi.
2006 жылғы 20 наурызда Ташкент қаласында әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды, бұл ретте барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
Осы Атқару Хаттамасының ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Yкiметi үшiн Үкiметi үшiн