"ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң өзара саудасындағы шектеулердi кезең-кезеңмен жою туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2006 жылғы 6 маусымдағы N 513 Қаулысы

       Ескерту. Заңның жобасы Қазақстан Республикасының Парламентiнен кері қайтарып алынды - ҚР Үкіметінің 2007.11.19.  N 1102  Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң өзара саудасындағы шектеулердi кезең-кезеңмен жою туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

"ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң өзара саудасына
шектеуді кезең-кезеңмен жою туралы хаттаманы
 ратификациялау туралы"
Қазақстан Республикасының Заңы

      2005 жылғы 3 маусымда Тбилиси қаласында жасалған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң өзара саудасына шектеудi кезең-кезеңмен жою туралы хаттама бекiтiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
              Президентi

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң өзара саудадағы
шектеулердiң күшiн кезең-кезеңiмен жою туралы
ХАТТАМА

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Тәуелсiз Мемлекеттер Достығына қатысушы мемлекеттердiң Yкiметтерi, 
      өзара тауар айналымын арттыру, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер халықтарының тұрақты экономикалық өсiмi және әл-ауқатының көтерiлуiн қамтамасыз ету қажеттiлiгiн назарға ала отырып,
      алдын ала ескерiлген ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң өзара саудадағы тарифтiк және тарифтiк емес шектеулердiң күшiн кезең-кезеңiмен жою көзделген, 1994 жылғы 15 сәуiрдегi Еркiн сауда аймағын құру туралы келiсiмнiң және 1999 жылғы 2 сәуiрдегi оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы хаттаманың ережелерiн мүлтiксiз орындауға үлкен мән бере отырып,

       төмендегiлер туралы келiстi :
      1. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң өзара саудадағы шектеулер күшiн жоюдың мынадай шектiк мерзiмдерi бекітiлсiн:
      1.1. Импорт кезiндегi еркiн сауда режимiнiң тарифтiк шектеулерi (алып қоюлары) бойынша:
      1.1.1. 2006 жылғы 1 шiлдеден кешiктiрмей арақ (ТМД СЭҚ ТН 2208 60), темекi және темекi бұйымдары (ТМД-ның сыртқы экономикалық қызметінiң тауар номенклатурасының коды (бұдан әрi - ТМД СЭҚ ТН) 2402) бойынша екi жақты хаттамалармен тiркелген алып қоюлардың күшi жойылсын. Әзiрбайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы 2012 жылғы 1 қаңтарынан кешiктiрмей екi жақты саудада қолданатын темекi және темекi бұйымдары (ТМД СЭҚ ТН коды 2402) бойынша алып қоюлардың күшiн жояды.
      1.1.2. 2007 жылғы 1 қаңтардан кешiктiрмей ашытылған сыра бойынша (ТМД СЭҚ ТН коды 2203) екi жақты хаттамалармен тiркелген алып қоюлардың күші жойылсын.
      1.1.3. 2007 жылғы 1 қаңтардан кешiктiрмей ақ қант бойынша (ТМД СЭҚ ТН коды 1701 99 100) екi жақты хаттамалармен тiркелген алып қоюлардың күшi жойылсын. Ресей Федерациясы және Украина 2009 жылғы 1 қаңтардан кешiктiрмей екi жақты саудада қолданатын көрсетiлген алып қоюлардың күшiн жояды.
      1.1.4. 2012 жылғы 1 қаңтардан кешiктiрмей этил спиртi (ТМД СЭҚ ТН кодтары 2207, 2208 90 910, 2208 90 990), жүзiм шараптары (ТМД СЭҚ ТН коды 2204), вермуттар және жүзiм шараптары (ТМД СЭҚ ТН коды 2205), ашытылған өзге де сусындар (ТМД СЭҚ ТН коды 2206) бойынша алып қоюлардың, сондай-ақ 1997 жылғы 2 маусымдағы екi жақты Хаттамаға сәйкес Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы өзара саудада алып қоюлардың күші жойылсын.
      1.2. Импорт кезiндегi еркiн сауда режимінің тарифтік емес шектеулері бойынша:
      1.2.1. 2008 жылғы 1 қаңтардан кешiктiрмей сыра импорты, ликер-арақ және темекi өнiмдерiн квоталаудың күшi жойылсын.
      2. Осы Хаттама қол қойылған күнiнен бастап уақытша қолданылады және оған қол қойған Тараптар оның күшiне енуiне қажетті мемлекетішілік рәсiмдердi орындағаны туралы үшiншi жазбаша хабарламаны депозитарийге сақтауға тапсырған күннен бастап күшiне енедi.
      Мемлекетiшiлiк рәсiмдердi кешiрек орындаған Тараптар үшiн осы Хаттама депозитарий тиiстi жазбаша хабарламаларды алған күннен баптап күшiне енедi.
      3. Осы Хаттамаға Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Хаттаманың 2-тармағында көзделген тәртiпте күшiне енетiн жеке хаттамамен рәсiмделген өзгерiс пен толықтыру енгiзiлуi мүмкiн.
      4. Осы Хаттама оның мақсаттарымен және қағидаттарымен бөлiсетiн басқа да мемлекеттер үшiн осы Хаттаманың барлық Тараптармен келiсiлген шарттарда қосылу үшiн ашық. Қосылатын мемлекет yшiн ол депозитарий Тараптардың осындай қосылуға келiсуi туралы тиiстi хабарламаны алған күннен бастан 30 күн өткеннен кейiн күшiне енедi.
      5. Осы Хаттаманың ережелерiн түсiндiрумен және (немесе) қолданумен байланысты даулар мен келiспеушiлiктер Тараптар арасында консультациялар және келiссөздер жүргiзу жолымен шешiледi.

      Тбилиси қаласында 2005 жылғы 3 маусымда орыс тiлiнде бiр түпнұсқа данада жасалды. Келiсiмнiң түпнұсқа данасы осы Хаттамаға қол қойған мемлекеттердiң әрқайсысына оның куәландырылған көшiрмесiн жiберетiн Тәуелсiз Мемлекеттер Достығының Атқарушы Комитетiнде сақталады.

    Әзiрбайжан Республикасының        Молдова Республикасының
         Yкiметi үшiн                     Үкiметi үшiн

    Армения Республикасының         Ресей Федерациясының Үкiметi
          Yкiметi үшiн                       үшiн

    Беларусь Республикасының         Тәжiкстан Республикасының
          Yкiметi үшiн                     Yкiметi үшiн

            Грузия                 Түркiменстан Республикасының
        Yкiметi үшiн                       Үкiметi үшiн

    Қазақстан Республикасының       Өзбекстан Республикасының
        Үкiметi үшiн                       Үкiметi үшiн

    Қырғыз Республикасының                  Украина
        Yкiметi үшiн                      Үкiметi үшiн

 

Еркін сауда аймағын құру туралы
келісім

      Бұдан әрi Уағдаласушы Тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттер,
      өзара экономикалық принциптерін енгізе отырып, ықтиярлығын растай отырып,
      iс-тәжiрибеге нарықтық  экономиканың принциптерін енгізе отырып, 
      Мәскеу қаласында жасалған, 1993 жылғы 24 қыркүйектегі Экономикалық одақты құру туралы шарттың ережелерін дәйекті іске асыру бағытында iс-қимыл жасай отырып,
      тауарлар мен қызметтердiң еркiн қозғалысы үшін жағдайларды қалыптастыра отырып,
      өзара сауданың теңгерiмдiлiгiн және қатысушы мемлекеттердің ішкі экономикалық жағдайын тұрақтандыруды қамтамасыз ете отырып,
      өзара пайдалы кооперациялық байланыстар мен ынтымақтастықты дамыту негiзiнде қатысушы мемлекеттердiң экономикалық әлеуетінің өсуіне жәрдемдесе отырып,
      өз мемлекеттерi халықтарының тiршiлiк деңгейiн ұдайы арттыруға ұмтылысын басшылыққа ала отырып,
      Экономикалық одақты құрудың кезең-кезеңдiлiгiн негiзге ала отырып,
      бұдан әрi Келiсiм деп аталатын еркiн сауда аймағын құру туралы келiсiмге кiре отырып, мына төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап. Жалпы ережелер

      1. Уағдаласушы Тараптар осы Келiсiмнiң мақсаттарына қол жеткiзу үшiн Экономикалық одақты құрудың бiрiншi кезеңінде нақты міндеттердi шешуде өзара iс-қимыл жасауды қамтамасыз етеді, олар:
      өзара саудадағы барабар ықпалы бар кеден баждарын, салықтар мен алымдарды және сандық шектеулерді бiртiндеп жоюға;
      тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысы үшiн басқа да кедергiлердi жоюға,
      сауда және басқа да операциялар бойынша өзара есеп айырысулар мен төлемдердің тиiмдi жүйесін құруға және дамытуға;
      осы келісімнің қатысушылары болып табылмайтын елдерге қатысты сауда саясатын үйлестiруге;
      экономикалық саясатты Келiсiмнiң мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет шамада (өнеркәсiп, ауыл шаруашылығы, көлiк, қаржы, инвестициялар, әлеуметтік орта, адал бәсекені дамыту және т.б.) үйлестіруге;
      салааралық және iшкi салалық кооперация мен ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа жәрдемдесуге;
      Уағдаласушы Тараптардың заңнамасын еркiн сауда аймағының тиісті және тиiмдi жұмыс iстеуi үшін қажет шамада үндестіруге және/немесе бiрiздендiруге бағытталады.
      2. Келісімнің аумағы Уағдаласушы Тараптардың кедендік аумақтарын қамтиды.
      3. Егер терминдердiң мағыналары Келiсiмде немесе Уағдаласушы Тараптардың өзге уағдаластықтары бойынша арнайы айқындалмаса, онда Уағдаласушы Тараптар оларды түсiндiру кезiнде Халықаралық шарттардың құқықтары туралы 1969 жылғы Вена конвенциясының ережелерiн басшылыққа алатын болады.
      Келiсiмдi немесе оның жекелеген терминдерiн түсiндiруге байланысты келiспеушiлiктер осы Келiсiмге байланысты дауларды реттеу үшiн қабылданған рәсiмдердiң тәртiбiмен шешiлетiн болады.
      4. Уағдаласушы Тараптар осы Келiсiмнiң ережелерiне қайшы келетiн және оның мақсаттарына қол жеткiзуге кедергi болатын iс-қимылдарға бармайтын болады. Бұл ереже Уағдаласушы Тараптардың, атап айтқанда, басқа өңiрлiк экономикалық топтарға қатысу шарттарына, сондай-ақ Келiсiмнiң шеңберiндегi қарым-қатынастарды реттеуге байланысты өзге де мәселелерге қатысты.

2-бап
Қатыспайтын мемлекеттерге қатысты режим

      Уағдаласушы Тараптар осы Келiсiмге қатыспайтын мемлекеттермен сыртқы экономикалық қарым-қатынастардың режимiн өздiгiнен және тәуелсiз айқындау құқығын сақтайды.

3-бап
Барабар ықпалы бар кедендiк баждар, салықтар
мен алымдар және сандық шектеулер

      1. Уағдаласушы Тараптар Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң кедендiк аумағынан шығарылған және басқа Уағдаласушы Тараптардың кедендiк аумағына үшiн әкелуге және/немесе әкетуге арналған тауарларға барабар ықпалы бар кедендiк баждарды, салықтар мен алымдарды, сондай-ақ сандық шектеулердi қолданбайды. Осы сауда режимiнен ерекшелiктер осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын құжаттармен ресiмделедi.
      2. Уағдаласушы Тараптар осы баптың 1-тармағына сәйкес осы Келiсiм күшiне енген күннен бастап алты ай iшiнде еркiн сауда режимiнен алып қоюлар жалпы тiзбесiн, сондай-ақ еркiн сауда аймағы құрылғанға дейiнгi өтпелi кезеңде осындай алып қоюларды қолдану және кезең-кезеңмен алудың әдiстерiн әзiрлеп бекiтедi.
      3. Алып қоюлардың жалпы тiзбесiн келiскенге дейiн Уағдаласушы Тараптардың арасындағы қарым-қатынастарда, егер екiжақты келiсiмдермен өзгеше көзделмесе, еркiн сауда туралы қолданыстағы екiжақты келiсiмдер мен осы режимнен алып қоюлар туралы хаттамалар қолданылатын болады.
      4. Тауар шығарылған ел Тауарлар шығарылған елдi айқындауды ережелерiне сәйкес айқындалады, ол осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылады (1-қосымша).

4-бап
Техникалық және басқа да арнайы талаптар (шектеулер)

      1. Уағдаласушы Тараптар өзара саудадағы техникалық тосқауылдар мен ұқсас сипаттағы басқа да шектеулердi жою мақсатында техникалық және басқа да арнайы талаптарды үндестiруге және осы саладағы өзiнiң саясатын келiсуге ұмтылатын болады.
      2. Уағдаласушы Тараптар өзiнiң құзыреттi органдарына осы баптың бiрiншi тармағының ережелерiн көпжақты немесе екiжақты негiзде iске асыру үшiн тиiстi ұсыныстарды дайындауды жүктейдi.

5-бап
Тауарларды әкелумен және әкетумен байланысты
алымдар мен нысандылықтар

      1. Уағдаласушы Тараптар өзара саудада тауарларды әкелумен немесе әкетумен байланысты белгiленген барлық алымдар мен төлемдер (кедендiк баждар, салықтар мен оларға теңестiрiлген алымдарды қоспағанда) тiкелей шығындардың орынды шектерiнен аспауға тиiс.
      2. Уағдаласушы Тараптар алымдар мен төлемдердiң түрлерi туралы хабардар ететiн және олардың саны мен мөлшерлерiн келiсiп қысқартуға ұмтылатын болады.
      3. Уағдаласушы Тараптар әкiмшiлiк нысандылықтарын оңайлатуға және бiрiздендiруге ұмтылатын болады.
      4. Осы баптың ережелерi, атап айтқанда:
      сандық шектеулерге;
      лицензиялауға;
      валюталық бақылауға;
      статистикалық есепке;
      құжаттарға, құжаттамалар мен құжаттардың куәлiктерiне;
      талдаулар мен қарауларға;
      карантинге, санитарлық қызметке, фумигацияға және т.б. жататын алымдар мен нысандылықтарға таратылады.

6-бап
Кедендiк рәсiмдердi бiрiздендiруге 
және/немесе үндестiру

      1. Уағдаласушы Тараптар қолданыстағы халықаралық келiсiмдер мен уағдаластықтарға бағдар ала отырып, атап айтқанда, кедендiк және тауардың құжаттамасының бiрыңғай нысандарын енгiзу жолымен кедендiк нысандылықтарды барынша оңайлатуға және бiрiздендiруге шаралар қолданады.
      2. Уағдаласушы Тараптар өзiнiң құзыреттi органдарына кедендiк рәсiмдердi үндестiруге және кедендiк құжаттар мен кедендiк қамтамасыз етулердi өзара тануға қатысты ұсыныстарды дайындауды жүктейдi.

7-бап
Тауарлық номенклатуралар

      1. Уағдаласушы Тараптар тарифтiк және тарифтiк емес реттеудiң, статистикалық есептi жүргiзу және статистикалық ақпаратпен алмасудың шараларын жүзеге асырған кезде, сондай-ақ кедендiк бақылау мен ресiмдеу үшiн Тауарларды сипаттаудың және кодтаудың үндестiрiлген жүйесiне негiзделген сыртқы экономикалық қызметтiң тауарлық номенклатураларын пайдаланатын болады. Уағдаласушы Тараптар бұл ретте өз қажеттерi үшiн қажет болған кезде ұлттық тауарлық номенклатураларын одан әрi дамытуды жүзеге асырады.
      2. Тауарларды сипаттаудың және кодтаудың үндестiрiлген жүйесiнiң эталондық данасын жүргiзудi басқа Уағдаласушы Тараптар эталондық дананы дербес жүргiзетiнi туралы мәлiмденгенге дейiн Ресей Федерациясы тиiстi халықаралық ұйымдардағы қазiргi бар өкiлдiктер арқылы жүзеге асырады.

8-бап
Iшкi салықтар мен фискалдық сипаттағы басқа да алымдар

      1. Уағдаласушы Тараптар басқа Уағдаласушы Тараптардың кедендiк аумағынан шығарылған тауарларға ұлттық тауарлар үшiн олардың деңгейiнен асатын мөлшердегi салықтарды және фискалдық сипаттағы алымдарды тiкелей немесе жанама салмайтын болады.
      2. Уағдаласушы Тараптар қолданылып жүрген барлық салықтар мен фискалдық сипаттағы басқа да алымдар туралы толық ақпаратты табыс ететiн болады.

9-бап
Субсидиялар

      Уағдаласушы Тараптар өздерiнiң аумақтарында тұрған  кәсiпорындарға, егер осындай субсидиялар берудiң нәтижесiнде адал бәсекенiң шарттары бұзылатын болса, экспорттық және өзге де субсидияларды бермеуге келiстi.

10-бап
Транзит

      1. Уағдаласушы Тараптар транзит еркiндiгiнiң принципiн сақтау осы Келiсiмнiң мақсаттарына қол жеткiзудiң аса маңызды шарты және оларды еңбек болу мен кооперациялаудың халықаралық жүйесiне қосу процесiнiң елеулi элементi болып табылады деп келiстi.
      2. Транзиттiк тасымалдаулар негiзсiз бөгелулерге немесе шектеулерге әкеп соқтырмауға тиiс.
      3. Көлiктiң кез-келген түрiмен тасымалдауға және қызметтер көрсетуге арналған тарифтердi қоса алғанда транзиттiң ережелерi, егер екiжақты келiсiмдермен өзгеше көзделмесе, Уағдаласушы Тараптар өз жiберушiлерi мен оларға тиесiлi тауарларды алушыларға, сондай-ақ осы Уағдаласушы Тараптың тасымалдаушылары мен көлiктiк құралдары үшiн немесе оларға тиесiлi тауарларды жiберушiлер мен алушыларға берiлетiн кез-келген шетел мемлекеттерінің тасымалдаушыларына және көлік құралдары қамтамасыз етілетін шарттардан еш кем түспейтін болуға тиіс.

11-бап
Керi экспорт

      1. Әр Уағдаласушы Тарап экспортқа қатысты аумағына осы тауарлар шығарылған басқа Уағдаласушы Тараптар тарифтiк және/немесе тарифтік емес реттеудiң шараларын қолданатын тауарлардың санкцияланбаған керi экспортына жол бермейтiн болады.
      2. Уағдаласушы Тараптар шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге тауарлардың керi экспортын қозғайтын ережелердi келiсiм шарттарға  енгiзуге кедергi болмайтын болады.
      3. Тауарлардың керi экспортымен байланысты мәселелер тауарлардың керi экспорты мен керi экспортқа арналған рұқсаттар берудiң тәртiбi туралы келiсiмге сәйкес реттеледi (2-қосымша), ол осы Келiсiмнiң ажырамайтын бөлiгi болып табылады.

12-бап
Өндiрiстiк кооперация мен ғылыми-техникалық
ынтымақтастық

      Уағдаласушы Тараптар өндiрiстiк кооперация мен ғылыми-техникалық ынтымақтастықты мемлекетаралық (салааралық, өңiрлiк) деңгейде және шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң деңгейiнде, соның iшiнде мемлекеттiк қолдаудың түрлерi нысандарын ұсыну жолымен дамытуға ықпал ететiн болады.

13-бап
Ерекшелiктер

      1. Жалпы ерекшелiктер.
      Осы Келiсiм Уағдаласушы Тараптардың кезкелгенiнiң өзiнiң өмiрлiк мүдделерiн қорғау немесе ол қатысушы болып табылатын немесе қатысу ниетi бар халықаралық шарттарды орындау үшiн, егер бұл шаралар:
      қоғамдық мораль мен қоғамдық тәртiптi қорғауға;
      адамдардың өмiрi мен денсаулығын қорғауға;
      жануарлар мен өсiмдiктердi қорғауға;
      қоршаған ортаны қорғауға;
      ұлттық игiлiктi құрайтын көркем, археологиялық және тарихи
      құндылықтарды қорғауға;
      өнеркәсiптiк және зияткерлiк меншiктi қорғауға;
      алтынды, күмiстi немесе өзге де бағалы металдар мен асыл тастарды сатуға;
      орны толмас табиғи ресурстарды сақтауға;
      өнiмнiң, осы өнiмге арналған iшкi баға қолдаудың мемлекеттiк бағдарламаларын жүзеге асыру нәтижесiнде әлемдiк бағадан төмен болса, экспортын шектеуге;
      төлем теңгерiмiнiң бұзылуына қатысты болса, ол сөзсiз қажет деп санайтын халықаралық тәжiрибеде жалпы қабылданған шараларды қолдану құқығына кедергi жасалмайды.
      2. Қауiпсiздiк түсiнiгi жөнiндегi ерекшелiктер.
      Осы Келiсiмде ешнәрсе Уағдаласушы Тараптардың кезкелгенiнiң мемлекеттiк реттеудiң ол қажет деп санайтын кезкелген шараларын, егер олар:
      ұлттық қауiпсiздiктi, мемлекеттiк құпияға жататын құпия ақпараттың жылыстауының алдын алуды қоса алғанда, қамтамасыз етуге;
      қару-жарақты, әскери техниканы, оқ-дәрiнi сатуға, әскери сипаттағы қызметтердi көрсетуге, технологияларды беруге және қару-жарақ пен әскери техниканы өндiру және басқа да әскери мақсаттарға қызметтер көрсетуге;
      ыдырайтын материалдар мен радиоактивтiк заттардың көздерiн беруге, радиоактивтiк қалдықтарды кәдеге жаратуға;
      халықаралық қатынастарда соғыс уақытында немесе басқа да төтенше жағдайларда қолданылатын шараларға;
      оның халықаралық бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау үшiн БҰҰ-ының Жарғысы негiзiнде өзiнiң мiндеттемелерiн орындауға арналған iс-қимылдарға қатысты болса, кедергi жасалмайды.

14-бап
Мемлекеттiк реттеу шараларын енгiзу тәртiбi

      1. Уағдаласушы Тараптар басқа Уағдаласушы Тараптарды мемлекеттiк реттеу шараларының себептерi, сипаты мен енгiзудiң болжанған мерзiмдерi және әрекетi туралы алдын ала хабарлайды.
      2. Уағдаласушы Тараптар алдын ала консультациялар өткiзедi және ұсынымдар әзiрлейдi. Уағдаласушы Тарап келiсiлген шешiм қабылдау мүмкiндiгi болмаған жағдайда осы баптың 1-тармағында айтылған мемлекеттiк реттеудiң шараларын алты ай мерзiмде өзiнiң қалауынша енгiзуге құқығы бар.
      3. Уағдаласушы Тарап кейiнге қалдыруға болмайтын ерекше жағдайларда сыртқы экономикалық қызмет саласындағы мемлекеттiк реттеу шараларын бiруақытта хабарлап және басқа Уағдаласушы Тараптармен кейiн дереу консультациялар өткiзуге отырып енгiзуге құқығы бар.

15-бап
Экспорттық бақылау саласындағы ынтымақтастық

      Уағдаласушы Тараптар экспорттық бақылау мәселелерiнде ынтымақтасатын және келiсiлген iс-қимылдарды жүзеге асыратын болады.

16-бап
Келiсiмнiң тауарларға қатысты әрекет аясы

      Еркiн сауда аймағының режим Уағдаласушы Тараптардың кедендiк аумағынан шығарылған және Уағдаласушы Тараптардың кедендiк аумағына арналған тауарларға қатысты болмайды.

17-бап
Қызметтер

      1. Уағдаласушы Тараптар өзара негізде Келісім аумағының шектерінде қызметтерді еркін көрсету үшін жағдайлар жасау мақсатында шектеулерді кезең-кезеңмен жоюға ұмтылатын болады.
      2.  Уағдаласушы Тараптар осы баптың әрекеті қатысты болатын қызметтердің түрлерін айқындайды және тауар айналымына тікелей қызмет көрсету саласындағы импорты мен экспортын ырықтандыру мәселелері бірінші кезекте шешілуге тиіс қызметтердің басым түрлерін бөліп қарайды.
      3. Уағдаласушы Тарап көпжақты да, екiжақты да негізде қызметтер көрсетумен байланысты мәселелердi келiсу құқығын өзінде қалдырады.

18-бап
Сыртқы экономикалық байланыстарды құқтық реттеу
туралы ақпаратпен алмасу

      Уағдаласушы Тараптар сыртқы экономикалық байланыстарды құқықтық реттеу туралы ақпаратты бiр-бiрiне келiсiлген тәртiппен ұсынады.

19-бап
Дауларды шешу тәртiбi

      1. Уағдаласушы Тараптардың арасындағы осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруге және/немесе қолдануға қатысты кез-келген даулар мен келiспеушiлiктер, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптардың осы Келiсiм бойынша құқықтары мен мiндеттерiн қозғайтын басқа да немесе оған байланысты даулар мынадай тәртiппен:
      мүдделi Уағдаласушы Тараптардың өзара тiкелей консультациялар өткiзу жолымен немесе өзара келiсiмi бойынша басқа Уағдаласушы Тараптар өкiлдерiнiң қатысуымен;
      арнайы келiсiмдiк рәсiмiнiң шеңберiнде (даудың материалдарын зерттеу және ұсынымдарды әзiрлеу үшiн жұмыс топтарын құру жолымен);
      ТМД-ның экономикалық сотында;
      халықаралық құқықпен көзделген өзге рәсiмдердiң шеңберінде шешiлетiн болады.
      2. Араларында даулы мәселелер немесе келiспеушіліктер туындаған Уағдаласушы Тараптардың өзара келiсiм бойынша не рәсім басталған күннен бастап алты ай ішінде келiсiмге қол жеткiзiлмеген кезде бірінің талабы бойынша келесi рәсiмге көшу мүмкiн болады.

20-бап
Осы Келiсiмнiң Уағдаласушы Тараптардың басқа да
мiндеттемелерiмен және құқықтарымен ара қатынасы

      1. Осы Келiсiмде ешнәрсе Уағдаласушы Тараптардың кез келгеніне осы Уағдаласушы Тарап қатысушы болып табылатын немесе табылуы мүмкін қандай да бір басқа халықаралық келісімге сәйкес, егер ол мiндеттемелер осы Келiсiмнiң ережелерi мен мақсаттарына қайшы келмейтiн болса өзiне алған мiндеттемелердi орындауға кедергi ретiнде қаралмауы тиiс.
      2. Осы Келiсiмнiң ережелерi iшкi заңнамамен немесе халықаралық келiсiмдердiң негiзiнде реттелетiн өңiрлiк ынтымақтастық, шекара маңындағы және жағалаудағы сауда, преференциялар, еркiн экономикалық және кеден аумақтарының шеңберiнде берiлетiн құқықтар мен артықшылықтарды қозғамайды.
      3. Осы Келiсiмнiң қатысушысы болып табылмайтын мемлекеттермен преференциялық, сауда және интеграциялық келiсiмдер жасауға ниетi бар Уағдаласушы Тарап осы туралы басқа Уағдаласушы Тараптарға алдын ала хабарлайды және аталған келiсiмдерде өзiнiң қатысуының болжанатын шарттары туралы хабардар етедi.
      Осы тармақтың мақсаттары үшiн осы Келiсiмге қол қойған Уағдаласушы Тараптар және оған қосылған мемлекеттер Уағдаласушы Тараптар болып табылады.

21-бап
Кеден одағына көшу

      Еркiн сауда аймағы Кеден одағын қалыптастыруға өтпелi кезең ретiнде қаралады.
      Кеден одағын оның шеңберiнде ынтымақтастықты жалғастыруға ниет бiлдiрген және осы Келiсiмнiң ережелерiн орындаған мемлекеттер құруы мүмкiн.

22-бап
Өзгерiстер мен толықтырулар

      1. Осы Келiсiмге Уағдаласушы Тараптардың өзара келiсiмi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
      2. Осы Келiсiмге ескертпелерге жол берiлмейдi.

23-бап
Күшiне енуi

      1. Осы Келiсiм қол қойылған күнiнен бастап уақытша қолданылады және оған қол қойған Уағдаласушы Тараптардың барлық қажеттi мемлекетшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы үшiншi хабарламаны депозитарийге сақтауға тапсырған күнiнен бастап кyшiне енедi.
      2. Беларусь Республикасы осы Келiсiмнiң депозитарийi болып табылады.
      3. Осы Келiсiмге қол қойылған күннен бастап бiр жыл өткеннен кейiн осы Келiсiм күшiне енген Уағдаласушы Тараптар Келiсiм уақытша қолданылатын Уағдаласушы Тараптардың Келiсiмге қатысуына қатысты шешiм қабылдауы мүмкiн.

24-бап
Қосылу

      1. Осы Келiсiм қосылу сәтiнде қолданыста болатын Келiсiмнiң ережелерiн танитын және оларды толық көлемде орындауға дайындық бiлдiрген Тәуелсiз мемлекеттер Достастығына кезкелген қатысушы мемлекеттiң қосылуы үшiн ашық.
      2. Қосылу қосылатын мемлекетпен олардың мемлекетшiлiк рәсiмдерге сәйкес барлық Уағдаласушы Тараптар алдын ала келiсуге және мақұлдануға жататын жекеленген келiсiмде айқындалатын шарттарда және тәртiппен жүзеге асырылады.

25-бап
Келiсiмге қатысуды тоқтату

      1. Кез-келген Уағдаласушы Тарап басқа Уағдаласушы Тараптарға өзiнiң Келiсiмнен шығу ниетi туралы шығуға дейiн 6 ай бұрын ресми жазбаша хабарлама жiберу жолымен Келiсiмге өзiнiң қатысуын тоқтата алады.
      2. Уағдаласушы Тараптардың кезкелгенi осы Келiсiмнiң мақсаттарына елеулi залал келтiретiн ережелерiн бұзған жағдайда басқа Уағдаласушы Тараптар Келiсiмнiң немесе оның жекелеген ережелерiнiң осы Уағдаласушы Тарапқа қатысты қолданылуын тоқтата тұру, не оны Келiсiмге қатысушылардың қатарынан шығару туралы шешiм қабылдауға құқығы.
      3. Осы Келiсiмнiң ережелерi мүмкiн болатын, оның iшiнде материалдық сипаттағы, даулар мен талаптарды шешу мақсаттары үшiн қатысуды тоқтатқан Уағдаласушы Тарапқа қатысты барлық талаптарды толық реттегенге дейiн қолданыла бередi.
      Мәскеу қаласында 1994 жылғы 15 сәуiрде орыс тiлiндегi бiр түпнұсқалық данада жасалды. Түпнұсқалық дана Беларусь Республикасы Yкiметiнiң мұрағатында сақталады, ол осы Келiсiмге қол қойған Уағдаласушы Тараптарға оның расталған көшiрмесiн жiбередi.

      Әзiрбайжан Республикасы       Молдова Республикасы
            үшін                            үшін

      Армения Республикасы          Ресей Федерациясы
            үшін                          үшін

      Беларусь Республикасы         Тәжiкстан Республикасы
            үшін                          үшін 

      Грузия үшiн                   Түрікменстан үшін   

      Қазақстан Республикасы        Өзбекстан Республикасы
            үшін                           үшін

      Қырғыз Республикасы үшiн      Украина үшін

Еркiн сауда аймағын құру туралы 1994 жылғы 15 сәуiрдегi
келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы
ХАТТАМА

      Еркiн сауда аймағын құру туралы келiсiмге (бұдан әрi - Келiсiм) қатысушы мемлекеттер
      Келiсiм ережелерiн дамыту мен тереңдету, еркiн сауда аймағын қалыптастыру процестерiн жеделдету мақсатында
      Келiсiмге мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы келiстi:
      1. 1-баптың 1-тармағындағы бiрiншi абзацында "нақты мiндеттердi шешуде" деген сөздерден кейiн "Экономикалық одақ құрудың бiрiншi сатысынан" деген сөздер "еркiн сауда аймағын құру" деген сөздермен ауыстырылсын.
      2. 1-баптың 1-тармағының екiншi абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "кедендiк баждарды, сондай-ақ баламалық iс әрекетi бар салықтар мен салымдарды және сандық шектеулердi жоюды;".
      3. 1-баптың 1-тармағының бесiншi және алтыншы абзацтары бiрiктiрiлсiн және мынадай редакцияда жазылсын:
      "өнеркәсiп, ауыл шаруашылық, көлiк, қаржы, инвестиция, әлеуметтiк салада осы Келiсiмнiң мақсаттарына қол жеткiзу үшiн сауда-экономикалық саясат жүргiзудегi, сондай-ақ адал бәсекенi және т.б. дамытудағы ынтымақтастық".
      4. 1-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Осы Келiсiм Уағдаласушы Тараптардың кедендiк аумақтарында, олардың ұлттық заңдарымен белгiленгендей, қолданылады.";
      5. 1-баптың 3-тармағының бiрiншi абзацы "1969 жылғы халықаралық келiсiм-шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының" деген сөздерден кейiн "және ГАТТ/ДСҰ келiсiмдерiнiң" деген сөздермен толықтырылсын.

      6. Келiсiм мынадай мазмұндағы 1а - жаңа баппен толықтырылсын:

1а-бап
Уағдаласушы Тараптардың Келiсiм ережелерiн орындау
жөнiндегi әрекетiн үйлестiретiн орган

      "Уағдаласушы Тараптардың осы Келiсiмдi орындау барысын бақылауды, олардың сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамыту жөнiнде ұсыныстар әзiрлеудi, осы Келiсiмнiң мақсаттарына жету үшiн келiсу және экономикалық саясатты үйлестiрудi Экономикалық кеңестiң мемлекетаралық экономикалық комитетi (бұдан әрi - Комитет) жүзеге асырады".
      7. 2-бап алынып тасталсын.
      8. 3-баптың атауы мынаған өзгертiлсiн:
      "Кедендік баждар, сонда-ақ олармен баламалық әсері бар салықтар мен алымдар және сандық шектеулер".
      9. 3-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Уағдаласушы Тараптар олардың біреуінің кедендік аумағынан шығатын және басқа Уағдаласушы Тараптардың кедендiк аумақтарына арналған тауарларды әкелу және (немесе) әкетуге кедендiк баждарды, сондай-ақ олармен баламалы iс-әрекет бар салықтар мен алымдарды, сандық шектеулердi қолданбайды".
      10. 3-баптың 2-тармағы мынадай мазмұнда жазылсын:
      "2. Уағдаласушы Тараптар арасындағы саудада олар үшiн осы Хаттаманың күшiне енген сәтiнен бастап импорт пен (немесе) экспорттың екi жақты келiсiмдерде бұрын тiркелгендерге қосымша жаңа сандық және тарифтiк шектеулерi және баламалық iс-әрекет бар шаралар енгiзiлмейтiн болады.
      Осы баптың 1-тармағында көзделген сауда режимiнен алып тастау осы Хаттамаға қол қойылған күннен бастап 12 ай мерзiм iшiнде Уағдаласушы Тараптар оларды кезең-кезеңмен жоюды келiсетiн және бұл туралы Комитет пен осы бөлiмнiң депозитарийiн хабардар ететiн екi жақты құжаттардың негiзiнде қолданылады".
      11. 3-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн сандық шектеулер мен басқа әкiмшiлiк шаралар деп қолданылуы Уағдаласушы Тараптың бiреуiнiң аумағынан Уағдаласушы Тараптың екiншiсiнiң аумағына шығатын тауардың импорты немесе экспорты үшiн, материалдық кедергiлер немесе шектеулер туғызатын кез келген шараларды түсiну керек. Бұған квота беру, лицензиялау, бағаны және тауармен жабдықтаудың басқа шарттарын бақылау, ұқсас тауарды сондай тауарды шығарған елдiң аумағында жүрiп сатушының немесе сатып алушының және сол аумақта сатып алу мен сатуды жүзеге асырушының құқықтарымен салыстырғанда импорттаушы мен экспорттаушының құқықтарын тiкелей немесе жанама шектейтiн импорттаушы мен экспорттаушыға қойылатын ерекше талаптар қоса алынады. Бұл баптың ережелерi осы Келiсiмнiң 13 және 13 а баптарында көзделген шараларды, сондай-ақ басқа халықаралық келiсiм жөнiндегi мiндеттемелердi орындау мақсатында Уағдаласушы Тараптардың кез келгенi қолданатын шаралар оларды кез келгеннiң қолдану құқығына қалай да болсын әсер етпейдi және нұқсан келтiрмей қолданылады";
      12. 4-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы басқа Уағдаласушы Тараптың кез келгенiнiң кедендiк аумағынан шығатын және оның аумағында импортталатын тауарларға ұлттық тауарлар немесе техникалық талаптар мен сапаға қойылатын талаптарға байланысты кез келген үшiншi елдiң тауарларына қатысты қолданылатын режимнен кем емес режим орнатады.
      2. 1-тармақтың ережелерi сынақ нәтижелерiн, сапа сертификаттары мен басқа да сол сияқты келiсiмдердi өзара тану туралы келiсiмдердi орындау мақсатында, сондай-ақ қауiп төнгенде немесе адамдардың өмiрi мен денсаулығына, жануарлар мен өсiмдiктерге қауiп төнуi мүмкiн болған жағдайларда Уағдаласушы Тараптардың кез кезкелгенi қабылдай алатын шаралар үшiн зиянын тигiзбей қолданылады.
      3. Уағдаласушы Тараптар саудадағы техникалық кедергiлер мен басқа да арнайы талаптарды (шектеулердi) жою мақсатында стандарттау, метрология және сертификаттау саласында ынтымақтастық байланыста болады және ақпаратпен алмасады".
      13. 5-баптың 2-тармағы "хабарлау" деген сөзден кейiн "Комитет" деген сөзбен толықтырылсын.
      14. 5-баптың 4-тармағы "фумигацияға" деген сөзден кейiн "әкелу мен әкетiлуге байланысты басқа да рәсiмдерге" деген сөздермен толықтырылсын;
      15. 7-баптың 1-тармағының екiншi сөйлемiндегi "Уағдаласушы Тараптар" деген сөздерден кейiнгi "қажет болған жағдайда" деген сөздер алынып тасталсын.
      16. 8-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы абзацпен  толықтырылсын:
      "Бұл тауарларға осыған ұқсас отандық тауарларға қатысты олардың iшкi рынокта сатылуын, сатуға ұсынысты, сатып алуды, тасымалдауды, бөлу немесе пайдалануды қозғайтын барлық заңдарға, ережелер мен талаптарға қатысты берiлетiн режимнен кем емес қолайлы режим берiледi.";

      17. Келiсiм мынадай мазмұндағы жаңа 8а-баппен толықтырылсын:

" 8а-бап
Қосымша салықтарды қолдану тәртiбi

      1. Уағдаласушы Тараптар өзара сауда-саттықта Уағдаласушы Тараптардың бiреуiнiң кедендiк аумағынан Уағдаласушы Тараптардың екiншiсiнiң кедендiк аумағына экспортталатын тауарларға (жұмыс, қызмет көрсету) жанама салықтар (ҚҚС, акциздер) салмайды.
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген ереже ҚҚС-н нольдiк ставкамен салуды, сондай-ақ экспортталатын тауарларды акцизден босатуды бiлдiредi. ҚҚС-н нольдiк ставка бойынша салу ұлттық заңдармен көзделмеген осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттерде тауарларды (жұмыс, қызмет көрсету) ҚҚС-нан босатылады.
      3. Осы баппен көзделген жанама салықтар салудың тәртiбi Уағдаласушы Тараптардың ұлттық заңдарына сәйкес 2000 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшiне енедi".
      18. 9-бап мынадай тармақтармен толықтырылсын:
      "2. Уағдаласушы Тараптар олардың кез келгенінiң өтiнiшi бойынша ақпарат алмасу арқылы (субсидиялар) берумен байланысты шаралардың шынайылығын қамтамасыз етедi.
      3. Комитет экспортқа мемлекеттiк ықпал етуден түскен субсидиялардың қолданылуымен байланысты жағдайларға бақылау жасауды
жүзеге асырады және халықаралық практиканы басшылыққа ала отырып,
олардың қолданылуын реттейтiн ережелердi жасайды.
      4. Егер Уағдаласушы Тараптың кез келгенi субсидияны қолданудың практикасы осы баптың 1 тармағымен сәйкес келмейдi деп есептесе, онда ол осы Келiсiмнiң 13 а бабында жазылған шарттар мен рәсiмдерге сәйкес тиiстi шаралар қолдана алады".
      19. 10-баптың 10-тармағы 4-тармақ болып есептелсiн және мынадай мазмұнда жазылсын:
      "4. Транзиттiң шарттары, көлiктiң кез келген түрiмен тасымалдауға арналған тарифтi қызмет көрсетудi қосқанда, жеке келiсiмдермен айқындалады".
      20. 10-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
      "3. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының аумағынан өтетiн транзит халықаралық транзиттiк тасымал үшiн, басқа Уағдаласушы Тараптардың аумағында немесе аумағынан қандай да болмасын айырмашылықсыз немесе кеменiң жалауына, тауарды жiберетiн, кiргiзетiн, шығаратын немесе арналған жерлерге немесе тауар, кеме немесе басқа да көлiк құралдарына деген меншiкке қатысты қандай да болмасын жағдайларға негiзделген алалаусыз транзиттiк тасымалдау үшiн неғұрлым қолайлы жолдар бойынша транзит еркiндiгiнiң принципi негiзiнде жүзеге асырылады.";
      21. 11-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "Осы Келiсiмнiң шеңберiнде жеткiзiлетiн тауарлар керi экспорты Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы тауарлар керi экспорты мен керi экспортқа рұқсат беру тәртiбi туралы 1994 жылғы 15 сәуiрдегi Келiсiммен реттеледi".
      22. 13-баптың 1-тармағындағы "қатысушысы ол болып" деген сөздерден кейiнгi "табылатын немесе бұл шаралар қатысты болса, болуды көздейтiн" деген сөздер "табылатын немесе егер бұл шаралар беталды немесе алалаумен қолданылмаса және қатысты болса, болуды көздейтiн" деген сөздермен ауыстырылсын және әрi қарай - мәтiн бойынша.

      23. Келiсiм мынадай мазмұндағы 13 а жаңа баппен толықтырылсын:

13а-бап
Арнайы сауда-саттық шаралары

      1. Осы Келiсiмде тиiстi тексеру жүргізілгеннен кейін Уағдаласушы тараптардың бiреуiнiң аумағынан шығатын тауарлардың  импортына қатысты, егер ол импорт Уағдаласушы Тарапқа зиян шектіретін болса немесе орны толмас зиян келтiру қаупiн тудыратындай мөлшерде немесе жағдайда жүзеге асырылса, сондай-ақ Уағдаласушы Тарапқа зиян әкелетiн немесе орны толмас зиян қаупiн туғызатын демпингтiк және субсидияланатын импортқа байланысты арнайы сауда-саттық шараларын жүргiзуге Уағдаласушы Тараптың кез келгенiне ешнәрсе кедергi жасамайды.
      2. Арнайы сауда-саттық шаралары импортты сандық шектеулер нысанында немесе осы баптың ережелерiне және (немесе) Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңдарына сәйкес зиянды немесе зиян қаупiн жою үшiн қажеттi мерзiмге арнайы импорттық баж, демпингке қарсы және өтемақылық баждар нысанында енгiзiлуi мүмкiн.
      2.1. Арнайы сауда-саттық шаралары тек Уағдаласушы мүдделi Тараптар арасында консультация жүргiзiлгеннен кейiн ғана енгiзiлуi мүмкiн. Төтенше шара енгiзудi көздеген Уағдаласушы Тарап алдын-ала шара енгiзудi жоспарлағанға дейiн 30 күннен кешiктiрмей бұл туралы мүдделi Уағдаласушы Тарапты хабардар етуге және консультация өткiзу туралы ұсыныс жасауға мiндеттi. Консультация өткiзу туралы ұсыныс жазбаша нысанда жiберiледi, оған импорттан болған зиянның немесе зиян қаупiнiң орын алу фактiсiн растайтын материалдар тiркеледi. Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн зиян деп экономика саласының айтарлықтай зияны, айтарлықтай зиян қаупi немесе осындай саланы құруға немесе дамытуға жасалатын едәуiр кедергi түсiнiледi.
      2.2. Зиянның орын алу фактiсi нақты мәлiметтерге негiзделуi керек және импорттың көлемi мен оның ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауарлар рыногының бағасына ықпалы сияқты, мүдделi Уағдаласушы Тараптың сала өндiрушiлерi үшiн осындай импорт нәтижесiн шынайы талдау кіргiзілуі керек.
      2.3. Импорттың көлемi оның өндiрiс пен сөз болып отырған Уағдаласушы Тараптың аумағында бәсекелес тауардың қолданылу деңгейiне қатысты бiржолата және салыстырмалы мәнде едәуiр өсу тұрғысынан қаралады.
      2.4. Рынок бағасына импорттың ықпалы импорттың бағасы мен отандық өндiрiстiң осыған ұқсас бәсекелес тауарына бағаның арасындағы елеулi айырмашылық фактiсiн, немесе импорттың осы бағаларға оларды төмендетуге әкелетiн немесе әкелуi мүмкiн немесе мұндай бағалардың өсуiне кедергi жасайтын, импорт жоқ кезде орын алатын басқа кәдiмгiдей әсер ету фактiсiн анықтау жолымен айқындалады.
      2.5. Импорттың экономика саласына әсер ету дәлелдерi сала жағдайына әсер ететiн қомақты экономикалық факторлардың барлығының бағасына негiзделуi керек. Оның iшiнде бұған орын алған немесе жақын арада болуы мүмкiн сатудың төмендеуi, өндiрiс пайдасы мен көлемi, рыноктағы үлесi, өнiмдiлiгi, капитал қорының өтiмдiлiгi, өндiрiс қуатын пайдалану, iшкi бағаға әсер ететiн, кiрiске нақты және барынша әсер ететiн факторлар, қоймалардағы қорлар, еңбекпен қамту, еңбек ақы, өсу қарқыны, сала кәсiпорындарының жинақталған жарғылық капиталының өсу немесе олардың капиталдық жұмсалымдарының өсу мүмкiндiктерi қоса кіредi.
      2.6. Экономика саласы үшін зиянның немесе зиян қаупінің дәлелдері сала жағдайына, оның ішінде кәдімгі жағдайларда жүзеге асырылатын импорт бағасының көлемі мен деңгейіне, сұраныстың өзгеруіне, қолданыстың өзгеруіне, шектеулі сауда-саттық практикасының нәтижесі мен  шетелдік және отандық өндiрушілер арасындағы конкуренцияға, технологиялық жаңа енгізулерге, экономика саласының экспорттық және өндiрiстiк көрсеткiштерiне керi әсер ететiн факторларды (импортқа қарағанда, басқа) зерттеуге негiзделуi тиiс. Мұндай факторлар арқылы келтiрiлген зиян төтенше шаралар қолданылуы мүмкiн импорт есебiне жатқызылмауы тиiс.
      2.7. Экономика саласына төнген зиян қаупiн анықтау тек қана фактiлерге негiзделедi. Мұнда мынадай фактiлер қаралуы тиiс:
       импорттың қомақты өсуi жалғасуының нақты мүмкiндiктерiн дәлелдейтiн импорттың өсу серпiнi;
      еркiн өндiрiстiк қуаттардың болуы немесе басқа рыноктардың әлеуметтiк өткiзу сиымдылығын ескере отырып, сөз болып отырған Уағдаласушы Тараптың аумағында импортты едәуiр өсiрудiң нақты мүмкiндiктерiне куә экспортшының өндiрiстiк қуаттарының сөзсiз болатын көз алдында өсуi;
      отандық өндiрушiлердiң бағасына кәдiмгiдей өктем әсер ететiн импорт тауарларына деген сұраныстың одан әрi өсуiне әкеп тiрейтiн импорт бағаларының сондай деңгейi;
      бәсекелесушi тауарлар қорының көлемi.
      2.8. Осы бапта аталған факторлардың немесе фактiлердiң бiрде-бiреуi өздiгiнен зиянның немесе зиян қаупiнiң бары туралы қорытынды үшiн мiндеттi негiз болып табыла алмайды. Зиянның немесе зиян қаупiнiң бар екендiгi немесе жоқтығы туралы қорытынды барлық факторлар мен фактiлер жиынтығын тексерудiң негiзiнде қабылданады. Жекелеген жағдайларда, зиян немесе зиянның қаупi импорттың күрт өсуiмен немесе мұндай өсу болмаған кезде, импорт экономика саласына зиян әкелетiндей бағамен жағдайда жүзеге асырылатындай болса, арнайы сауда-саттық шарасы экономика саласының зияндылығы немесе зияндылық қаупi мен импорттың күрт өсуi немесе импорттың ерекше жағдайда жүзеге асуының арасында себеп-салдар байланысы болған жағдайда қабылдануы мүмкiн.
      3. Уағдаласушы Тараптар проблемаларды өзара тиiмдi шешуге ұмтылатын болады.
      4. Егер де мұндай шешiм табылмаған жағдайда консультация өткiзудi ұсынған Уағдаласушы Тарап арнайы сауда-саттық шараларын өткiзу құқығына ие болады.
      5. Ерекше қауырт жағдайларда арнайы сауда-саттық шаралары консультация өткiзгенге дейiн, мұндай консультациялардың өткiзiлуi ұзаққа созбай ұйымдастырылатын жағдайларда қабылдануы мүмкiн.
      6. Осы бапта жалпыға бiрдей танылған халықаралық ережелерге және (немесе) Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңдарына сәйкес Уағдаласушы Тараптың арнайы, демпингке қарсы және өтемақылық шаралар қабылдауына ешнәрсе де зиянын тигiзе алмайды және қандай да болмасын жағдаймен әсер ете алмайды.
      Арнайы, демпингке қарсы және өтемақылық шараларды енгiзудiң алдындағы тексеруге қатысты Уағдаласушы Тарап басқа Уағдаласушы Тараптың ұсынысын зерделеп қарауға және мүдделi Уағдаласушы Тараптардың негiзiнде түпкiлiктi шешiмдер қабылданатын қомақты фактiлер мен ой-пiкiр туралы хабардар етуге келiседi.
      Арнайы, демпингке қарсы немесе өтемақылық шаралар енгiзiлгенге дейiн Уағдаласушы Тараптар проблемаларды сындарлы шешудiң барлық мүмкiндiктерiн қолданатын болады.
      7. Аса маңызды бәсекелес тауарларға деген экспортты iшкi рынокта олардың жетiспеушiлiгi шиеленiскен жағдайда шектеуге осы Келiсiмде Уағдаласушы Тараптарға ешнәрсе кедергi жасамайды".
      24. 14-бап алынып тасталсын.
      25. 15-бап алынып тасталсын.
      26. 17-баптың 1-тармағы "Уағдаласушы Тараптар" деген сөздерден кейiн "ұлттық рыноктар көрсететiн қызметтердiң ымыраласуы үшiн жағдай жасайды және" деген сөздермен толықтырылсын, әрi қарай мәтiн бойынша.

      27. Келiсiм мынадай мазмұндағы жаңа 17а-баппен толықтырылсын:

" 17а-бап
Кәсiпкерлiк қызметтегi бәсекелестiк

      Төменде аталғандар еркiн сауда аймағындағы сауда-саттыққа ықпал ете алатындай дәрежеде осы Келiсiмнiң орындалуымен сыйыспайды: 
      келiсу практикасы бәсекелестiктi жоюдың, алдын алудың, шектеудiң немесе бұрмалау салдары болып табылатын немесе мақсат тұтатын кәсiпорындардың, кәсiпорындар қауымдастықтарының барлық келiсiмдерi;
      бiр немесе одан да көп кәсiпорындардың еркiн сауда аймағының аумағында негiзгi жағдайды тұтастай немесе оның қомақты бөлiгiн заңсыз пайдалануы".

      28. Келiсiм мынадай мазмұндағы жаңа 17б-баппен толықтырылсын:

" 17б-бап
Мемлекеттiк сатып алу

      Уағдаласушы Тараптар алаламау және өзара негiзде мемлекеттiк сатып алудың ұлттық рыноктарын ымыраластыру үшiн жағдай жасайды".

      29. 18-бап алынып тасталсын.
      30. 19-бап мынадай мазмұнда жазылсын:
      "1. Тараптар осы Келiсiм бойынша өздерiнiң мiндеттемелерiн орындау үшiн барлық қажеттi шараларды қабылдайды.
      2. Осы Келiсiмнiң 13-бабының ережелерiне нұқсан келтiрмей, егер Уағдаласушы Тараптың бiреуi екiншi Уағдаласушы Тарап өзiнiң мiндеттемелерiн орындамайды деп есептесе, және мұндай орындамаушылық алғашқы Уағдаласушы Тараптың экономикалық мүдделерiне нұқсан келтiрсе немесе нұқсан келтiру қаупiн туғызса, ол мұндай басқа Уағдаласушы Тараптан екi Уағдаласушы Тарап үшiн қолайлы шешiмдi табу мақсатында жазбаша өтiнiш бiлдiрген күннен бастап екi ай мерзiм iшiнде өткiзiлуi тиiс консультациялар туралы сұрау сала алады. Тиiстi сұраудың көшiрмесi осы Келiсiмнiң басқа да Уағдаласушы Тараптарына жiберiледi және олардың кез келгенi, осы тармақтың бiрiншi сөйлемiнде айтылып өткен мiндеттемелер оның мүддесiн қозғаса, онда консультацияға қатыса алады.
      Жазбаша сұрауға проблеманың мәнiсiне қатысты барлық ақпараттар тiркеледi.
      3. Егер осы баптың 2-тармағында айтылған консультациялар барысында Уағдаласушы Тараптар проблеманы өзара қолайлы шешуге келе алмаған жағдайда, консультация туралы өтiнiш жасаған Уағдаласушы Тарап Уағдаласушы Тараптардың құқықтары мен мiндеттерiн қозғайтын таласты Комитет ұсынған арнайы келiсу рәсiмiнде үндеудi алған күннен бастап 30 күн ішінде (талас материалдарын тексеру үшiн және ұсыныстар жасау үшiн жұмысшы топтарын құру арқылы) шешуге құқығы бар.
      4. Егер осы баптың 2-тармағында көрсетiлген консультациялар барысында, осы баптың 3-тармағында көрсетiлген арнайы рәсiмдер барысында Уағдаласушы Тараптар проблеманың өзара тиiмдi шешiлуiне келмеген жағдайда консультация туралы өтiнiш жасаған Уағдаласушы Тарап сауда-саттықтың балама мөлшерiне қатысты осы Келiсiм бойынша өзiнiң мiндеттерiн орындаудан бас тартуға немесе ұлттық экономикаға зиян келтiруге жол бермейтiн деп өзi есептейтiн басқа қажеттi шаралар қолдануға құқылы. Мұндай шараларды таңдауда артықшылық осы Келiсiмнiң әрекетiн барынша аз бұзатындарына берiлуi тиiс. Мұндай шаралар басқа Уағдаласушы Тараптың оларды енгiзген шешiмi жойылысымен, кешiктiрiлмей тоқтатылуы тиiс.
      5. Осы баптың ережелерi қандай болсын жолмен Уағдаласушы Тараптарға олардың арасында туындаған таласты халықаралық құқықпен көзделген рәсiмдер шеңберiнде шешуге кедергi жасай алмайды".
      31. 20-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы екiншi абзацпен толықтырылсын:
      "Осы ереже аталған Келiсiмге қатысушы мемлекеттермен сыртқы экономикалық қатынастар режимiн өз бетiнше айқындаудағы құқықтарына тиiспейдi".
      32. 20-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Осы Келiсiмнiң ережелерi экономикалық бiрлестiктердiң, шекаралық сауда-саттықтың, дамушы елдерге, еркiн экономикалық немесе кедендiк аймақтарға берiлетiн, iшкi заңдармен немесе халықаралық келiсiмдер негiзiнде реттелетiн жеңiлдiктiң шеңберiнде Уағдаласушы Тараптар беретiн Уағдаласушы Тараптардың құқықтары мен артықшылықтарына тиiспейдi".
      33. 20-баптың 3-тармағы алынып тасталсын.
      34. 21-бап алынып тасталсын.
      35. 24-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Осы Келiсiм қосылу сәтiнде қолданыста жүрген Келiсiм ережелерiн мойындайтын және оларды толық орындауға дайын екендiгiн бiлдiретiн кез келген мемлекеттiң қосылуы үшiн ашық".
      36. 25-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Уағдаласушы Тараптың кез келгенi осы Келiсiм ережелерiн оның мақсаттарына айтарлықтай зиян келетiндей дәрежеде бұзған жағдайда басқа Уағдаласушы Тараптар Келiсiм ережелерiнiң немесе оның жекелеген ережелерiнiң әрекетiн тоқтату жолымен шектен тыс шаралар қолдануы мүмкiн".
      Осы Хаттама оның Уағдаласушы Тараптары қол қойған барлық қажеттi мемлекетшiлiк рәсiмдердiң орындалуы туралы үшiншi хабарландырудың депозитарийi сақтауға берiлген күннен бастап күшiне енедi.
      Қажеттi мемлекетшiлiк шараларды кешiктiрiп орындаған Уағдаласушы Тараптар үшiн осы Хаттама депозитарийге тиiстi құжаттарды берген күннен бастап күшiне енедi.
      1999 жылдың 2 сәуiрiнде Мәскеу қаласында орыс тiлiнде бiр түпнұсқа данасында жасалды. Түпнұсқа данасы осы Хаттамаға қол қойған әрбiр мемлекетке оның расталған көшiрмесiн жiберетiн Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы Хатшысында сақталады.

      Әзiрбайжан Республикасы             Молдова Республикасы
            үшін                                 үшін

      Армения Республикасы                Ресей Федерациясы
            үшін                                 үшін

      Беларусь Республикасы               Тәжiкстан Республикасы
            үшін                                 үшін

      Грузия үшiн                         Түрiкменстан үшiн

      Қазақстан Республикасы              Өзбекстан Республикасы
            үшін                                 үшін

      Қырғыз Республикасы                 Украина үшiн
            үшін

Еркiн сауда аймағын құру туралы 1994 жылғы 15 сәуiрдегi
келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы хаттамаға

ӘЗIРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЕСКЕРТПЕСI

      1. Әзiрбайжан Республикасы Еркiн сауда аймағын құру туралы 1994 жылғы 15 сәуiрдегi келiсiмде жазылған құқықтардың, мiндеттiлiктердiң және ережелердiң ешқайсысы және жоғарыда көрсетiлген Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы хаттаманы Әзiрбайжан Республикасының Армения Республикасына қатысты қолданбайтынын мәлiмдейдi.
      2. Әзiрбайжан Республикасы осы Ескертпенiң 1-тармағының ережесiн кез келген уақытта өзгерту немесе алып тастау құқығын қалдырады және басқа тараптар кез келген осындай өзгерiстер немесе алып тастаулар туралы жазбаша түрде хабарландырылатын болады.

      Әзiрбайжан Республикасының
            Президентi                           Гейдар Әлиев

Еркiн сауда аймағын құру туралы 1994 жылғы 15 сәуiрдегi
келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы
хаттама жобасына

Грузияның ерекше пiкiрi

      Грузия тұтастай алғанда, Еркiн сауда аймағын құру туралы 1994 жылғы 15 сәуiрдегi келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы хаттаманың ұсынылған жобасын мақұлдайды, бiрақ сонымен бiрге, 1999 жылғы 1 сәуiрдегi Үкiметтер Басшылары Кеңесiнiң отырысында Грузияның Мемлекеттiк министрi айтқан "Ерекше пiкiрдi растайды".

                                                  Э. Шеварднадзе

Еркiн сауда аймағын құру туралы 1994 жылғы 15 сәуiрдегi
келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы
хаттама жобасына

ГРУЗИЯНЫҢ ЕРЕКШЕ ПIКIРI

      Грузия тұтастай алғанда, Еркiн сауда аймағын құру туралы 1994 жылғы 15 сәуiрдегi келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы хаттаманың жобасын мақұлдайды.
      Сонымен бiрге, 3-баптың 2-тармағының екiншi абзацын мынадай редакцияда жазу қажет деп санаймыз: "Осы баптың 1-тармағында көздеген сауда режимiнен алып қоюлар Уағдаласушы тараптар оларды жоюды  келiсетiн екiжақты құжаттар негiзiнде қолданылады....." және бұдан әрi мәтiн бойынша, сондай-ақ Келiсiмнiң 20-бабының 1-тармағындағы бiрiншi абзацтан қорытынды сөз тiркесi алып тасталсын: "....егер, бұл мiндеттемелер осы Келiсiмнiң ережелерi мен мақсаттарына қайшы келмейтiн жағдайда".

                                                  В.Лордкипанидзе

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң өзара саудадағы шектеулердiң
күшiн кезең-кезеңiмен жою туралы хаттама жобасына

Грузияның ескертпесi

      Грузия үшiн Хаттама мемлекетiшiлiк рәсiмдер аяқталғаннан кейiн күшiне енедi.

                                                  Зураб Ногаидели

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады