Қазақстан Республикасының Үкiметi
ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердiң үкiметтерi арасындағы Бiлiм беру саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
2. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердiң үкiметтерi арасындағы Бiлiм беру саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Жоба
Шанхай ынтымақтастық ұйымына
мүше мемлекеттердiң үкiметтерi арасындағы
Бiлiм беру саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛIСIМ
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердiң үкiметтерi,
өзара сыйластық пен тең құқық негiзiнде Шанхай ынтымақтастық ұйымына (бұдан әрi - ШЫҰ) мүше мемлекеттердiң халықтары арасында достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастықты дамытуға және күшейтуге ниет бiлдiре отырып,
ШЫҰ Хартиясының мақсаттары мен қағидаттарын жақтайтынын бiлдiре отырып,
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында бiлiм беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға зор мән бере отырып,
бiлiм беру саласындағы дәстүрлi тығыз және жемiстi байланыстарды ескере отырып,
Тараптардың бiлiм беру жүйелерiнiң тең құқық, дербестiк және тұтастық қағидаттарымен өзара тиiмдi ынтымақтастықты нығайту мен дамытуға ұмтыла отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Тараптар әрбiр Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес бiлiм беру саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады, сондай-ақ Тараптардың мемлекеттерінде бiлiм беру саласында жүргізілетін реформалар мәселелер жөніндегі тәжірибемен және ақпаратпен алмасады.
2-бап
Тараптар білім беру саласындағы интеграциялық процестерді дамытуды және осы мақсатта қажеттілігіне қарай ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің білім беру саласындағы саясаты мәселелері жөніндегі бірлескен ақпараттық және нормативтік құқықтық база құруды қолдайды.
3-бап
Тараптар мемлекеттерiнiң бiлiм беру мекемелерi мен ұйымдарының оқушыларымен, студенттерiмен, аспиранттарымен, докторанттарымен және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерiмен өзара алмасуға жәрдемдеседi.
Сандық көрсеткiштердi, алмасудың қаржылық және басқа да шарттарын Тараптар жыл сайын дипломатиялық арналар арқылы белгiлейдi.
4-бап
Тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң бiлiм беру саласындағы заңнамасы, олардың бiлiм беру жүйелерiнiң құрылымы, мазмұны мен ұйымдастыру мәселелерi жөнiнде ақпаратпен және материалдармен алмасуына ықпал етедi.
5-бап
Тараптар бiлiм беру саласындағы көп жақты ынтымақтастықтың өзектi бағыттары бойынша ғылыми-практикалық конференцияларды, симпозиумдарды, семинарлар мен "дөңгелек үстелдердi" бiрлесiп өткiзудi көтермелейдi.
6-бап
Тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң бiлiм беру мекемелерi мен ұйымдары арасында тiкелей байланыстар орнатуға жәрдемдеседi.
7-бап
Тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң бiлiм беру мекемелерi мен ұйымдары бiлiм алушыларының өткiзiлетiн халықаралық олимпиадаларға, конкурстарға, фестивальдарға, бiрлескен экологиялық, туристiк, спорттық және басқа да iс-шараларға өзара қатысуларын көтермелейдi.
8-бап
Тараптар бiлiм беру сапасын арттыру, оқу орындарын және бiлiм беру бағдарламаларын лицензиялау, аттестаттау және аккредиттеу өлшемi мен рәсiмдерi бойынша ақпарат алмасу саласында ынтымақтасады.
9-бап
Тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң оқу орындары мен уәкiлеттi мемлекеттiк органдары беретiн мемлекеттiк үлгiдегi бiлiм туралы құжаттардың баламалылығын тану және белгiлеу тетiктерiн құруға ықпал етедi.
10-бап
Тараптардың әрқайсысы өздерiнде бар мүмкiндiктерге сәйкес өздерiнiң бiлiм беру мекемелерi мен ұйымдарында ШЫҰ-ға мүше басқа мемлекеттердiң тiлдерiн, тарихын, мәдениетi мен әдебиетiн сол Тарап неғұрлым қолайлы деп санаған нысандарда оқытуды көтермелейдi.
11-бап
Тараптар келiсiм бойынша бiлiм беру процесiнде қолдану мақсатында өз елдерiнiң тарихы, географиясы, қоғамдық-саяси дамуы жөнiндегi материалдармен және мұрағаттық құжаттармен алмасады.
12-бап
Тараптар өз мемлекеттерiнiң бiлiм алушы азаматтарының қоғамдық бiрлестiктерi арасындағы ынтымақтастыққа ықпал етедi.
13-бап
Осы Келiсiмдi iске асырудың қаржылық шарттарын Тараптар мынадай түрде айқындайды:
осы Келiсiмде көзделген алмасу бағдарламаларына қатысушы тұлғалардың көлiктiк шығыстары жiберiлетiн адамның немесе iссапарға жiберушi ұйымдар мен мекемелердiң өз қаражаты есебiнен жүзеге асырылады;
қабылдаушы Тарап ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң алмасу бағдарламалары бойынша оқуға қабылданған азаматтарын оқу, кiтапханалар мен оқу-зертханалық жабдықтарды пайдаланғаны үшiн ақы төлеуден босатады, сондай-ақ ұлттық заңнамаға сәйкес оларға стипендия мен жатақхана бередi;
қабылдаушы Тарап денсаулық сақтау саласындағы ұлттық заңнама шеңберiнде алмасу бағдарламаларының қатысушыларына медициналық қызмет көрсетудi қамтамасыз етедi, жiберушi Тарап оларда медициналық сақтандыру полисiнiң болуын қамтамасыз етедi;
Тараптар бiлiм алушы отбасы мүшелерiнiң елге келуiне байланысты шығыстарды өтемейдi, сондай-ақ олардың тұруы мен жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етпейдi;
Оқушылармен, студенттермен, аспиранттармен, докторанттармен және ғылыми-педагог қызметкерлермен алмасу шарттары осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын Тараптар арасындағы жеке хаттамаларда нақтыланады.
14-бап
Тараптар осы Келiсiмдi iске асыру жөнiндегi бiрлескен iс-әрекеттердi үйлестiру, бiлiм беру саласындағы ынтымақтастықтың нақты iс-шараларын келiсу және орындау мақсатында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң бiлiм беру саласындағы ынтымақтастық жөнiндегi тұрақты жұмыс iстейтiн сараптамалық жұмыс тобын (бұдан әрi - сараптамалық жұмыс тобы) құрады.
Сараптамалық жұмыс тобы жылына кемiнде бiр рет немесе қажетiне қарай екi не одан да көп Тараптың сұрауы бойынша қорытынды жасау және осы Келiсiмдi одан әрi орындау жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу үшiн жиналады.
15-бап
Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсімi бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделетiн және осы Келiсiмнiң 22-бабына сәйкес күшiне енетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
16-бап
Осы Келiсiмдi қолдану немесе талқылау жөнiнде Тараптар арасында туындайтын даулар Тараптар арасындағы келiссөздер мен консультациялар жолымен шешiледi.
17-бап
Осы Келiсiм шеңберiндегi ынтымақтастықты жүзеге асыру кезiнде Тараптар жұмыс тiлi ретiнде орыс және қытай тiлдерiн қолданады.
18-бап
Осы Келiсiм ШЫҰ Хартиясының 13-бабына сәйкес ШЫҰ мүшелiгiне кiрген кез келген мемлекеттiң қосылуы үшiн ашық.
Қосылушы мемлекет үшiн осы Келiсiм қосылу туралы құжат депозитарийге сақтауға берiлген күнiнен бастап отызыншы күнi күшiне енедi.
19-бап
Осы Келiсiм олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды.
20-бап
Осы Келiсiмнiң қолданылу мерзiмi тоқтаған жағдайда оның ережелерi iске асыру кезеңiндегi жобалар мен бағдарламаларға қатысты күшiнде қалады.
21-бап
Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы осы Келiсiмнiң депозитарийi болып табылады, ол осы Келiсiмге қол қойылған күннен бастап 30 күн iшiнде Тараптарға оның расталған көшiрмелерiн жiбередi.
22-бап
Осы Келiсiм белгiсiз мерзiмге жасалады және Депозитарий әрбiр Тараптың осы Келiсiмнiң күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнiнен бастап күшiне енедi.
Әрбiр Тарап болжамды шығу күнiне дейiн кемiнде үш ай бұрын депозитарийге бұл туралы жазбаша хабарлама жiбере отырып, осы Келiсiмнен шыға алады. Депозитарий шығу туралы хабарлама алған күннен бастап 30 күн iшiнде осы ниет туралы басқа Тараптарды хабардар етедi.
2006 жылғы "____"____________ Пекин қаласында орыс және қытай тiлдерiнде, бiр данада жасалды, әрi екi мәтiннiң күшi бiрдей.
Қазақстан Республикасының Yкіметi үшiн
Қытай Халық Республикасының Үкiметi үшiн
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшiн
Ресей Федерациясының Үкіметі үшiн
Тәжiкстан Республикасының Үкіметі үшiн
Өзбекстан Республикасының Yкiметi үшiн