"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қазақстан Республикасы мен Әзiрбайжан Республикасы арасындағы Қазақстан Республикасынан Каспий теңiзi және Әзiрбайжан Республикасының аумағы арқылы мұнайды Баку - Тбилиси - Джейхан жүйесiмен халықаралық нарықтарға тасымалдауға жәрдемдесу және оны қолдау жөнiндегi шарттың жобасына қол қою туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiлсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы мен Әзiрбайжан Республикасы арасындағы Қазақстан Республикасынан Каспий теңiзi және Әзiрбайжан Республикасының аумағы арқылы мұнайды Баку - Тбилиси - Джейхан жүйесiмен халықаралық нарықтарға тасымалдауға жәрдемдесу және оны қолдау жөнiндегi шарт
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Әзiрбайжан Республикасы,
мұнайды Әзiрбайжан Республикасының аумағы арқылы халықаралық нарықтарға одан әрi тасымалдау мақсатында Каспий теңiзiнiң қазақстандық жағалауындағы мұнайды ағызу/құю терминалдарынан Каспий теңiзiнiң әзiрбайжандық жағалауындағы мұнайды ағызу/құю терминалдары арқылы Баку - Тбилиси - Джейхан (БТД) жүйесiне дейiн тасымалдау үшiн транскаспий жүйесiн құруға жәрдемдесуге ниет бiлдiре отырып;
транскаспий жүйесiнiң мақсаты мұнайды халықаралық нарықтарға тасымалдау болып табылатынын және БТД жүйесi Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн мұнайды халықаралық нарықтарға экспорттау үшiн Әзiрбайжан Республикасының аумағы арқылы негiзгi бағыт болып табылатынын назарға ала отырып;
БТД жүйесi мен транскаспий жүйесi екi бөлек жүйенi бiлдiре отырып, бiрiге келгенде бiртұтас энергетикалық тасымалдау дәлiзiн құрайтынын және Қазақстан Республикасынан халықаралық нарықтарға мұнай тасымалдау үшiн жағдай жасауға ықпал ететiнiн ескере отырып,
Қазақстан Республикасы мен Әзiрбайжан Республикасы арасындағы Қазақстан Республикасынан Каспий теңiзi және Әзiрбайжан Республикасының аумағы арқылы мұнайды Баку - Тбилиси - Джейхан жүйесiмен халықаралық нарықтарға тасымалдауға жәрдемдесу және оны қолдау жөнiндегi шарттың (бұдан әрi - Шарт) ережелерi 1999 жылғы 18 қарашадағы Әзiрбайжан Республикасы, Грузия және Түркия Республикасы арасындағы Баку - Тбилиси - Джейхан негiзгi экспорттық құбыржолмен Әзiрбайжан Республикасының, Грузияның және Түркия Республикасының аумақтары арқылы шикi мұнайды тасымалдау туралы келiсiмнiң ережелерiн қозғамайтынын назарға ала отырып;
энергия көздерiн үздiксiз негiзде тасымалдауға арналған бiртұтас энергетикалық тасымалдау дәлiзiнiң мұнай өнеркәсiбiндегi халықаралық стандарттарға сәйкес келуiне ұмтылатынын бiлдiре отырып;
1998 жылғы 29 қазандағы Анкара декларациясының және 1999 жылғы 18 қарашадағы Стамбул декларациясының ережелерiн мойындай отырып;
төмендегiлер туралы уағдаласты:
1-бап
Осы Шарттың мәтiнiнде пайдаланылатын түсiнiктер:
БТД жүйесi
- 1999 жылғы 18 қарашадағы Әзiрбайжан Республикасы, Грузия және Түркия Республикасы арасындағы Әзiрбайжан Республикасының, Грузияның және Түркия Республикасының аумақтары арқылы Баку - Тбилиси - Джейхан негiзгi экспорттық құбыржолмен шикi мұнайды тасымалдау туралы келiсiмнiң мәтiнiнде Көлiк жүйесi ретiнде айқындалған құбыржол (сондай-ақ қосалқы объектiлер мен жабдық);
Энергетикалық хартияға Шарт
- Тараптар бекiткен түзетулер мен толықтыруларды ескере отырып 1994 жылғы 17 желтоқсандағы Энергетикалық хартияға Шарт және оның осы Шартқа қол қойылған күнi Тараптарға қатысты мiндеттi күшi бар Хаттамалар;
Шетелдiк валюта
- осы Шарттың Тарабы болып табылмайтын мемлекеттiң еркiн айырбасталатын валютасы, сондай-ақ халықаралық ақша бiрлiктерi;
Келiсiм
- бiр тараптан Тараптың Үкiметi және екiншi тараптан, бұдан әрi Жобаның инвесторлары деп аталатын бiр немесе бiрнеше тұлға арасында жасалған және оның қатысушыларының Транскаспий жобасын iске асыруға қатысты шарттарын, құқықтары мен мiндеттемелерiн белгiлейтiн келiсiм;
Теңiз Тасымалдаушысы
- Транскаспий жүйесi шеңберiнде Тараптардың жалаулары астындағы Танкерлердi пайдалана отырып, Мұнайды Қазақстан Республикасының жағалауындағы терминал(дар)дан Әзiрбайжан Республикасының жағалауындағы терминал(дар)ға Каспий теңiзi арқылы тасымалдауды жүзеге асыруға Тараптар бiрлесiп өкiлеттiк берген Тұлға;
Бiрлескен комитет
- осы Шарттың 10-бабында көрсетiлген өкiлеттiктердi жүзеге асыру үшiн Тараптардың үкiметтерi құратын комитет;
Тұлға
- корпоративтiк құрылымды, трестi серiктестiктi, бiрлескен кәсiпорынды немесе меншiк нысанына қарамастан, өзге де заңды мекеменi немесе ұйымды қоса алғанда, кез келген жеке немесе заңды тұлға;
Мұнай
- шикi мұнайды және табиғи газ конденсатын қоса алғанда, кез келген сұйық көмiрсутектерi;
Жобаның инвесторы
- жеке тәртiппен не Келiсiмдердiң негiзiнде өзге де Тұлғалармен қатар Транскаспий жобасының инвесторы болып табылатын кез келген Тұлға;
Жоба кемесi
- Транскаспий жобасы шеңберiнде Тараптардың кез келгенiнiң жалауы астында теңiзде немесе портта сүйреу, сондай-ақ басқа жұмыстар үшiн пайдаланылатын Танкерден өзге өздiгiнен жүретiн немесе өздiгiнен жүрмейтiн жүзу құралы;
Танкер
- Транскаспий жүйесiнiң шеңберiнде Мұнайды тасымалдау үшiн Тараптардың кез келгенiнiң жалауы астында жүзетiн, заңды негiздерде Теңiз Тасымалдаушысының меншiгiндегi немесе пайдалануындағы құрал;
Транскаспий көлiк инфрақұрылымы
- объектiлердiң толық тiзбесi мен құрамы тиiстi Келiсiмдерде белгiленетiн Каспий теңiзiнiң қазақстандық жағалауындағы мұнай ағызу/құю терминалдары, жобаның Танкерлерi мен Кемелерi, Каспий теңiзiнiң әзiрбайжандық жағалауындағы мұнай ағызу/құю терминалдары және БТД жүйесiне дейiнгi бiрiктiргiш құрылыстар;
Транскаспий жобасы
- Транскаспий көлiк инфрақұрылымын жобалау, салу және пайдалану жөнiндегi жұмыстар мен қызметтер;
Транскаспий жүйесi
- Транскаспий көлiк инфрақұрылымын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн Мұнайды халықаралық нарықтарға тасымалдау жүйесi.
2-бап
Тараптардың үкiметтерi тарабы болып табылатын осы Шартқа және Келiсiмдерге сәйкес Тараптар Мұнайды Транскаспий жүйесiмен тасымалдауға жәрдем көрсету және Транскаспий жобасын iске асыруды қолдау үшiн барлық қажеттi күш-жiгердi қолданады.
3-бап
3.1. Жоба инвесторының Транскаспий көлiк инфрақұрылымына қатысты құқықтары мен мiндеттерi Келiсiмге сәйкес айқындалады.
3.2. Тараптардың ешқайсысы Транскаспий көлiк инфрақұрылымы арқылы тасымалданатын Мұнайға меншiк құқығын талап етпейдi.
4-бап
4.1. Энергетикалық хартияға Шартта көзделген жағдайларды қоспағанда, жоба Инвесторының Транскаспий жобасы шеңберiнде пайдаланылатын қандай да болмасын мүлкiн (немесе оның бiр бөлiгiн) Тараптардың ешқайсысы экспроприацияламайды (тiкелей де, жанама да), реквизицияламайды немесе мемлекет меншiгiне айналдырмайды (бұған ықпал ететiн не тең нәтижелi кез келген шараларды қоса алғанда).
4.2. Тараптардың үкiметтерi:
4.2.1. тиiстi Келiсiмде көзделген;
4.2.2. Транскаспий көлiк инфрақұрылымын пайдалану Тараптың ұлттық қауiпсiздiгiне, қоршаған ортаға, халықтың денсаулығына және Тұлғалардың мүлкiне қауiп төндiретiн;
4.2.3. Транскаспий көлiк инфрақұрылымын пайдалану Мұнайды тасымалдауға байланысты жұмыстарды жүргiзу қауiпсiздiгiнiң ережелерiн бұза отырып жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, Транскаспий көлiк инфрақұрылымы арқылы Мұнай тасымалдау процесiн тоқтатпайды және оған кедергi келтiрмейдi.
4.3. Осы Шарттың 4.2-тармағында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, егер Тараптардың бiреуi Транскаспий көлiк инфрақұрылымы арқылы Мұнай тасымалдауды тоқтата тұру не оған кедергi келтiру үшiн қандай да болмасын iс-әрекет жасаса, онда осындай Тарап Транскаспий жүйесiмен тасымалдауды ақылға қонымды мерзiмде қалпына келтiруге ықпал етедi.
4.4. Ұлттық қауiпсiздiкке, халықтың денсаулығына және Тұлғалардың мүлкiне, жұмыстардың қауiпсiздiгiне немесе қоршаған ортаны қорғауға қатысты Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетiнiң мүдделерiн сақтау шартымен:
4.4.1. Транскаспий жобасын iске асыру үшiн өзiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес келiсiлген транспаренттiк және коммерциялық талаптарда өз егемендiгiндегi және/немесе заңдық құзыретiндегi аумақ шегiндегi жер мен суға қажеттi барлық құқықтарды әрбiр Жоба инвесторына бередi.
4.4.2. қажет болған жағдайда қандай да бiр болмасын Тұлғалардың жер мен суға қол жеткiзу және оларды пайдалану құқықтарын беруi және оларды алу үшiн ақылға қонымды шаралар қабылдайды.
4.5. Жобаның Танкерлерi мен Кемелері ұлттық қауiпсiздiкке және/немесе қоршаған ортаға қауiп төндiрген жағдайларды қоспағанда, әр Тарап Транскаспий көлiк инфрақұрылымының бiр бөлiгi болып табылатын немесе Транскаспий жобасына байланысты пайдаланылатын жобаның осындай Танкерлерi мен Кемелерiне қатысты:
4.5.1. өтудiң қажеттi құқықтарын бередi;
4.5.2. кеме қатынасына еркiндiк бередi;
4.5.3. порттар мен терминалдарға кемсiтпеушiлiк негiзде қол жеткiзудi қамтамасыз етедi;
4.5.4. мiндеттi порт алымдарының, кеден баждары мен басқа да осыған ұқсас мiндеттi төлемдердi белгiлеу кезiнде әдiлдiктi, айқындылықты және кемсiтпеушiлiктi және оларды қолдану кезiнде негiзсiз кiдiртулердi болдырмауды қамтамасыз етедi;
4.5.5. теңiз сауда және көлiк терминалдарына қатысты халықаралық стандарттардың пайдаланылуына, шварттық және жүк тиеу-түсiру жұмыстарына қатысты барлық қажеттi әкiмшiлiк рәсiмдердiң уақтылы және тиiмдi орындалуына жәрдемдеседi.
4.6. Тараптар Транскаспий жобасының шеңберiнде ең үздiк халықаралық практикаға сәйкес келетiн бiрыңғай стандарттарды қолдану мақсатында өзара iс-қимыл жасайды.
5-бап
5.1. Әр Тарап ұлттық заңнамасында белгiленген рәсiмдерге сәйкес ұлттық қауiпсiздiк мүдделерiн қамтамасыз етудi ескере отырып, әрбiр Жоба инвесторына:
5.1.1. трансшекаралық төлемдер мен Шетелдiк валюта аударымдарына;
5.1.2. Шетелдiк валютаны ағымдағы нарықтық бағамдар бойынша айырбастауға;
5.1.3. Тараптардың банктерiнде Шетелдiк валютадағы банк шоттарын ашуға, пайдалануға және ұстауға құқық бередi.
6-бап
6.1. Тараптар Транскаспий жобасын қаржыландыруды тартуда Жоба инвесторына жәрдем көрсетедi.
6.2. Жоба инвесторы өзiнiң Транскаспий көлiк инфрақұрылымындағы құқықтарын, меншiгiн және қатысу үлестерiн Келiсiм жасалған Тараптың Үкiметiмен келiсiм бойынша кепiлзатпен қамтамасыз ету ретiнде пайдалануға құқылы.
6.3. Жоба инвесторы Транскаспий жобасы бойынша кез келген кредитордың не сақтандырушының алдындағы мiндеттемелерiн орындамаған жағдайда Тараптардың үкiметтерi Келiсiм жасау жолымен аталған тұлғаларға осы жобаға кiруге және Жоба инвесторының мiндеттемелерiн өзiне алуға рұқсат етедi.
7-бап
7.1. Осы Шарттың шеңберiндегi қызметке салық салу Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
7.2. Тараптың ұлттық заңнамасына Жоба инвесторына осы Шарттың шеңберiнде салық салу талаптарының нашарлауына әкелетiн өзгерiстер енгiзiлген жағдайда Жоба инвесторларына салық салу Тараптың осы Шарт жасалған күнi қолданылған ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
8-бап
Болжамды Жоба инвесторы және/немесе оның ұсыныстары аталған Тараптың ұлттық қауiпсiздiгiне не халқының денсаулығына, Тұлғалардың мүлкiне, қоршаған ортаға қауiп төндiрген жағдайда Тарап Yкiметi Келiсiм жасамауға немесе оған қосылудан бас тартуға құқылы.
9-бап
Транскаспий көлiк инфрақұрылымы осы Шарттың ережелерiне зиян келтiрмей, басқа да көлiктiк бағыттар бойынша Мұнай тасымалдау үшiн iшiнара пайдаланылуы мүмкiн. Келiспеушiлiктердi болдырмау мақсатында Транскаспий жүйесiнен тыс тасымалдау осы Шарттың талаптарымен өтелмейдi.
10-бап
10.1. Бiр Тараптың жазбаша сұрауы бойынша екiншi Тарап оған осы Шарт пен Келiсiм бойынша мiндеттемелердiң орындалуына қатысты ақпарат бередi.
10.2. Тараптардың үкiметтерi:
10.2.1. осы Шарттың орындалуын бақылау және оны iске асыруға жәрдем көрсету;
10.2.2. осы Шартқа не Транскаспий жобасына қатысты туындауы мүмкiн кез келген мәселелердi талқылау және оларды шешу мақсатында әр Тарап Үкiметiнiң өкiлдерiнен тұратын комитет ("Бiрлескен комитет") құрады.
10.3. Ақылға қонымды мерзiмде, алайда, кез келген жағдайда, 12-бапқа сәйкес осы Шарт күшiне енгеннен кейiн отыз (30) күннен кешiктiрмей, әр Тараптың Үкiметi екiншi Тараптың Үкiметiне өзiнiң өкiлдерiне қатысты хабарлама бередi.
10.4. Тараптар Бiрлескен комитеттiң отырысына Жоба инвесторының өкiл(дер)i шақырыла алатындығына келiседi.
10.5. Өкiл(дер) Бiрлескен комитет белгiлеген рәсiмдерге сәйкес ауыстырылуы мүмкiн.
10.6. Бiрлескен комитет қызметiнiң тәртiбiн Тараптардың үкiметтерi белгiлейдi.
10.7. Бiрлескен комитет өзiнiң отырыстарын жылына кемiнде екi рет өткiзедi.
11-бап
11.1. Осы Шартты қолдануға немесе түсiндiруге қатысты келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келiссөздер жолымен шешедi.
11.2. Тараптардың үкiметтерi мен Жоба инвесторы арасындағы даулар тиiстi Келiсiмде белгiленетiн тәртiппен шешiледi.
12-бап
12.1. Осы Шарт оны ратификациялау туралы соңғы жазбаша хабарлама күнiнен бастап күшiне енедi.
12.2. Осы Шарттың қолданылуы барлық Келiсiмдердiң қолданылу мерзiмi тоқтатылғаннан не аяқталғаннан кейiн және осы Шарт бойынша, сондай-ақ Келiсiмдер бойынша барлық мiндеттемелер орындалғаннан кейiн тоқтатылады.
200__ жылғы "___" _______ ________қаласында қазақ, әзiрбайжан, орыс және ағылшын тiлдерiнде, екi данада жасалды әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
Осы Шарттың ережелерiн түсiндiру кезiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнедi.
Қазақстан Республикасы Әзiрбайжан Республикасы
үшін үшiн