Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қазақстан-қырғыз мемлекеттiк шекарасындағы бiрлескен бақылау туралы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2006 жылғы 30 маусымдағы N 621 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қазақстан-қырғыз мемлекеттiк шекарасындағы бiрлескен бақылау туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрi Наталья Артемовна Коржоваға қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қазақстан-қырғыз мемлекеттiк шекарасындағы бiрлескен бақылау туралы келiсiмге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Қырғыз Республикасының Yкiметi арасындағы Қазақстан-қырғыз мемлекеттiк шекарасындағы бiрлескен бақылау туралы келiсiм

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi
      1999 жылғы 24 қыркүйектегi Кеден одағына қатысушы мемлекеттер арасында тасымалданатын тауарларды кедендiк ресiмдеудiң оңайлатылған тәртiбi туралы келiсiмдi, 2000 жылғы 17 ақпандағы Кеден одағына қатысушы мемлекеттердiң кеден органдары арасында тасымалданатын тауарларды және көлiк құралдарын кедендiк бақылау туралы хаттаманы, 1999 жылғы 15 қарашадағы Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Қырғыз Республикасы Yкiметiнiң арасындағы Алматы - Бiшкек бағыты бойынша шекаралық өту туралы келiсiмдi негiзге ала отырып, мемлекеттiк шекарада "бiр аялдама" қағидаты бойынша бақылаудың тиiмдiлiгiн қамтамасыз етудi ниет ете отырып, шекара арқылы жеке тұлғалардың кесiп өтуiн және тауарлар мен көлiк құралдарын өткiзудi және олардың ресiмделуiн бiрлескен бақылауды жүзеге асыруда Тараптардың мемлекеттiк шекарадағы бақылаушы органдары арасындағы өзара iс-қимылын күшейту қажеттiлiгiн мойындай отырып, төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Осы Келiсiмде мынадай мағынадағы ұғымдар пайдаланылады:
     "бiрлескен бақылау" - Тараптар мемлекеттерінің бақылаушы органдары және өзге де бақылаушы органдары бiрлескен өткiзу пункттерi арқылы адамдарды, тауарларды және көлiк құралдарын өткiзу кезiнде бiрлесiп қолданатын және жүзеге асыратын iс-әрекеттердiң, шаралардың, бақылау әдiстерiнiң, құралдары мен нысандарының жиынтығы; 
      "бақылаушы органдар" - Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына және осы Келiсiмге сәйкес өткiзу пункттерiндегi мемлекеттiк бақылау функциялары жүктелген Тараптар мемлекеттерiнiң шекара және кеден органдары;
      "өзге де бақылаушы органдар" - Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес өткiзу пункттерiнде мемлекеттiк бақылау функцияларын жүзеге асыратын Тараптар мемлекеттерiнiң басқа да мемлекеттiк органдары немесе қызметтерi;
      "бақылау аймағы" - оның шегiнде Тараптар мемлекеттерiнiң бақылаушы органдары және өзге де бақылаушы органдары бiрлескен бақылауды жүргiзетiн Тараптар мемлекеттерiнiң бiрлескен өткiзу пункттерiнде кiруге шек қойылған арнайы белгiленген аймақ;
      "бiр аялдама" қағидаты" - қазақстан-қырғыз мемлекеттiк шекарасын кесiп өту кезiнде жеке тұлғаларды, тауарлар мен көлiк құралдарын бiр рет тоқтата отырып, бiрлескен бақылауды өткiзу;
      "лауазымды тұлғалар" - Тараптар мемлекеттерiнiң бақылаушы органдарының және өзге де бақылаушы органдарының бiрлескен бақылауды жүзеге асыратын қызметкерлерi;
      "бiрлескен өткiзу пунктi" - бiрлескен бақылау жүзеге асырылатын және адамдар мемлекеттiк шекараны кесiп өтетiн орын, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерiнiң аумағынан/аумағына тауарлар мен көлiк құралдарын әкету және әкелу орны болып табылатын бiр немесе екiншi Тарап мемлекетiнiң өткiзу пунктiнiң аумағы.

2-бап

       Мыналар Тараптар мемлекеттерiнiң осы Келiсiмдi iске асыру үшiн жауапты уәкiлеттi органдары болып табылады:
      Қазақстан Республикасында:
      Қазақстан Республикасы Қар;ы министрлiгi;
      Қырғыз Республикасында:
      Қырғыз Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Мемлекеттiк кедендiк инспекция. 
      Тараптар мемлекеттерiнiң уәкiлеттi органдарының ресми атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабардар етiледi.

3-бап

       Осы Келiсiмге сәйкес бiр Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасы екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында орналасқан бiрлескен өткiзу пунктiнiң аумағында өз Тарапы мемлекетiнiң аумағындағыдай, бақылау аймағының шегiнде қолданылады.
      Осы заңнаманы бiрлескен өткiзу пунктiнiң аумағында бұзу өз Тарапы мемлекетiнiң аумағында орын алған осындай бұзушылықтар сияқты құқықтық салдарға әкеп соғады.

4-бап

       Бiрлескен бақылау Тараптар мемлекеттерiнiң бақылаушы   органдары және өзге де бақылаушы органдары арасындағы өзара iс-қимыл негiзiнде "бip аялдама" қағидаты бойынша жүзеге асырылады. 
      Бiрлескен бақылауды жүргiзу кезiнде оның мынадай әдiстерi пайдаланылады: 
      Мемлекеттiк шекара арқылы жеке тұлғалардың кесiп өтуi және тауарлар мен көлiк құралдарының өткiзiлуi туралы ақпарат алмасу Тараптар мемлекеттерiнiң бақылаушы органдары лауазымды тұлғаларының бiрлескен өткiзу пункттерiнде бiрлескен тексерiстер, қараулар, тексерулер жүргiзуi; 
      Тараптар мемлекеттерi бақылаушы органдарының және өзге де бақылаушы органдарының Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамалары мен халықаралық шарттарына сәйкес ресiмделген тауарларға арналған құжаттарды тануы және пайдалануы;
      Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамалары мен халықаралық шарттарына қайшы келмейтiн бiрлескен бақылау жүргiзудiң қолда бар нысандары мен әдiстерiн пайдалану, жаңаларын әзiрлеу және енгiзу. 
      Бiрлескен бақылау жүргiзу кезiнде Тараптар мемлекеттерiнiң бақылаушы органдары және өзге де бақылаушы органдары тәуекелдердi бағалау, талдау және басқару қағидаттарын iске асыра отырып, орындалуын бақылау Тараптар мемлекеттерiнiң бақылаушы органдарына және өзге де бақылаушы органдарына жүктелген Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамалары мен халықаралық шарттарын сақтауды қамтамасыз ету үшiн жеткiлiктi болып табылатын нысандарын қолданады. 
      Тараптар мемлекеттерiнiң шекара қызметтерi Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес қазақстан-қырғыз мемлекеттiк шекарасын кесiп өтетiн адамдарды өзге бақылауды жүзеге асыру құқығын өздерiне қалдырады. 

5-бап

      1. Бiрлескен өткiзу пункттерi тиiстi түрде жұмыс iстеуi үшiн мыналармен: 
      бiрлескен өткiзу пункттерiнiң жұмыс iстеу қажеттiлiктерiн ескере отырып, жеткiлiктi мөлшерде бiлiктi персоналмен; 
      бақылауға жататын көлiк түрi мен тауарларды ескере отырып, бiрлескен бақылауды жүргiзу үшiн қажеттi ғимараттар, құрылыстар кешенiмен, жабдықтармен, қондырғылармен және бақылаудың техникалық құралдарымен;
      олардың осы Келiсiмге және Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес әрекет етуi үшiн лауазымды тұлғаларға арналған ресми нұсқаулықтармен;
      кедендiк ресiмдеу мен кедендiк бақылауды жүргiзу процестерiн автоматтандыруды қамтамасыз ететiн, оның iшiнде алдын ала хабардар етудi және тәуекелдердi басқару жүйесiн пайдалану негiзiнде ақпараттық жүйелермен және кешендермен қамтамасыз етiледi.
      2. Бақылау аймағында бiрлескен бақылауды жүзеге асыру үшiн қолда бар техникалық құралдарды пайдалану тәртiбi Тараптар мемлекеттерiнiң уәкiлеттi органдарының келiсiмi бойынша айқындалады.

6-бап

       Тараптар мемлекеттерiнiң бақылаушы органдары және өзге де бақылаушы органдары қызметкерлерiнiң қазақстан-қырғыз мемлекеттiк шекарасындағы бiрлескен өткiзу пункттерiндегi жұмыс режимi Тараптар мемлекеттерiнiң уәкiлеттi органдарының келiсiмi бойынша айқындалады.

7-бап

       1. Адамдарды, тауарлар мен көлiк құралдарын бiрiншi болып бақылауды көрсетiлген адамдар, тауарлар мен көлiк құралдары мемлекетiнiң аумағынан кетiп бара жатқан Тарап мемлекетiнiң лауазымды тұлғалары жүзеге асырады. 
      Осы Тарап мемлекетi заңнамасының бақылауды жүзеге асыруға байланысты ережелерi оның лауазымды адамдары бақылауды жүзеге асыруды аяқтаған сәттен бастап қолданылуын тоқтатады.
      2. Тараптар мемлекеттерiнiң басқа Тарап мемлекетiнiң аумағында бақылауды жүзеге асыратын бақылаушы органдарының және өзге де бақылаушы органдарының лауазымды тұлғалары өз мемлекетiнiң аумағынан әкетiлетiн адамдардың, сондай-ақ тауарлар мен көлiк құралдарының өткiзiлуiн тоқтатуы және оларды өз мемлекетiнiң аумағына қайтаруы мүмкiн.
      3. Тараптар мемлекеттерiнiң шекарасы арқылы адамдар кесiп өткен, сондай-ақ тауарлар мен көлiк құралдарын өткiзу кезiнде бұзушылықтардың немесе бұзушылыққа әрекет жасаудың айғақтарын жинақтауды қамтамасыз ету мақсатында Тараптар бiр-бiрiне қажеттi көмек беруге мiндеттенедi.

8-бап

       Қазақстан-қырғыз мемлекеттiк шекарасындағы өткiзу пунктiнде бiрлескен бақылауды жүзеге асыру тәртiбi Тараптар мемлекеттерiнiң уәкiлеттi органдары қол қойған және Тараптар мемлекеттерiнiң бақылаушы органдарымен және өзге де бақылаушы органдарымен келiсiлген жеке хаттамамен айқындалады. 
      Бiрлескен бақылауды жүргiзу үшiн өткiзу пунктiнiң инфрақұрылымы пайдаланылады.

9-бап

      1. Егер бақылаудың басқа түрлерiн жүзеге асыру қажеттiлiгi белгiленсе, бақылаушы органдар бұл үшiн өзге бақылаушы органдарды хабардар етедi және тартады.
      2. Бiрлескен өткiзу пунктiнде бақылаудың бiрнеше түрi жүргiзiлген жағдайда бақылаушы органдар және өзге де бақылаушы органдар оларды бiр мезгiлде немесе қысқа мерзiмде жүргiзу үшiн барлық тиiстi шараларды қабылдайды.
      3. Бақылаудың жекелеген түрлерiн бiрлескен өткiзу пункттерiнен тыс жерлерде жүргiзу қажет болған жағдайда оларды Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес олардың аумақтарында жүргiзуге рұқсат етiледi.

10-бап

      1. Тараптар дипломатиялық ноталар алмасу жолымен бiр Тарап мемлекетiнiң бақылаушы органдары және өзге де бақылаушы органдары басқа Тарап мемлекетiнiң аумағында бақылауды жүзеге асыратын бiрлескен өткiзу пункттерiн анықтайды.
      2. Бақылаушы органдар және өзге де бақылаушы органдар бipлecкен бақылауды бiрлескен өткiзу пункттерiнiң бақылау аймағының шегiнде жүзеге асырады.

11-бап

       1. Аумағында бiрлескен бақылау жүзеге асырылатын Тарап басқа Тарап мемлекетiнiң бақылаушы органдарының және өзге де бақылаушы органдарының лауазымды тұлғаларына бақылау әрекеттерiн жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi. 
      2. Егер осы Келiсiмде өзгеше көзделмесе, Тараптардың бiрiнiң мемлекетiнiң бақылаушы органдарының және өзге де бақылаушы органдарының бақылау әрекеттерiн орындауға байланысты басқа Тарап мемлекетiнiң аумағына келетiн лауазымды тұлғалары келген Тарап мемлекетiнiң заңнамасын сақтауға мiндеттi. 
      3. Басқа Тарап мемлекетiнiң аумағында бақылауды жүзеге асыратын Тараптардың бiрiнiң мемлекетiнiң бақылаушы органдарының және өзге де бақылаушы органдарының лауазымды тұлғаларын орналастыру және өткiзу Тараптар мемлекеттерiнiң бақылаушы органдары арасындағы уағдаластықтар негiзiнде жүргiзiледi.
      4. Осы Келiсiмге сәйкес басқа Тарап мемлекетiнiң аумағындағы бiрлескен өткiзу пунктi аумағының шегiнде бақылауды жүзеге асыратын Тараптардың бiрiнiң мемлекетi бақылаушы органдарының және өзге де бақылаушы органдарының лауазымды тұлғалары өз мемлекетi белгiлеген нысанды киiм киедi, қызметтiк айырым белгiлерiн тағады, өздерiнде қызметтiк куәлiктерi болады және қызметтiк жануарлары, сондай-ақ бақылау және байланыс техникалық құралдары болуы мүмкiн.
      5. Бiр Тарап мемлекетiнiң лауазымды тұлғалары басқа Тарап мемлекетiнiң аумағында келтiрген залалдарды өтеуге байланысты талаптар келген Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес қаралады. 

12-бап

       1. Бақылаушы органдардың және өзге де бақылаушы органдардың лауазымды тұлғалары басқа Тарап мемлекетiнiң аумағында бiрлескен өткiзу пункттерiнде мiндеттерiн орындау үшiн болатын Тараптың шекара органдары беретiн рұқсатнамалардың негiзiнде шекарадан өтедi.
      2. Тараптар мемлекеттерiнiң шекара қызметтерi рұқсатнамалардың үлгiлерiн алмасады және бiр немесе екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында орналасқан бiрлескен өткiзу пункттерiнде бақылауды жүзеге асыру үшiн лауазымды тұлғаларды шекара арқылы өткiзудiң тәртiбiн келiседi және бекiтедi.

13-бап

       1. Болатын Тарап мемлекетiнiң аумағындағы тиiстi органдар байланыс арналарын ұйымдастырады, оларды тиiстi жағдайда ұстайды және басқа Тарап мемлекетiнiң бақылаушы органдарын және өзге де бақылаушы органдарын байланыс құралдарымен және деректердi электронды өңдеуге арналған жабдықтармен қамтамасыз етедi.
      2. Басқа Тарап мемлекетiнiң аумағында бақылау әрекеттерiн орындайтын Тараптардың бiрiнiң мемлекетiнiң бақылаушы органдары және өзге де бақылаушы органдары басқа Тарап мемлекетiнiң радиобайланыс жұмыстарына кедергi келтiрмеу үшiн радиобайланыс құралдарын пайдалануды келiседi.

14-бап

       1. Басқа Тарап мемлекетiнiң заңнамасын бұзу болмаған кезде бiр Тарап мемлекетiнiң заңнамасын бұзу анықталған жағдайда тұлға нормалары бұзылған Тарап мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес жауаптылықта болады.
      2. Екi Тарап мемлекеттерiнде заңнамаларын бұзу анықталған жағдайда, тұлға адамдар, тауарлар мен көлiк құралдары аумағынан кететiн Тарап мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес жауаптылықта болады.

15-бап

       Қажет болған кезде (iндеттер, эпизоотиялар, табиғи апаттар немесе бiрлескен бақылауды жүргiзуге кедергi келтiретiн өзге де төтенше жағдайлар) Тараптар мемлекеттерiнiң бақылаушы органдары және өзге де бақылаушы органдары белгiсiз мерзiмге бақылауды өз мемлекеттерiнiң аумағында жүзеге асыруға оралуы мүмкiн. Бұл ретте басқа мемлекеттiң бақылаушы органдары және өзге де бақылаушы органдары бұл туралы дереу хабардар етiледi. 

16-бап

       Тараптар осы Келiсiмдi орындау кезiнде туындаған шығындарды Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларында белгiленген тәртiппен дербес көтередi. 

17-бап

       Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру және қолдану кезiндегi даулар мен келiспеушiлiктер Тараптар арасындағы келiссөздер және консультациялар жолымен шешiлетiн болады.
      Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

18-бап

       Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалды, қол қойылған күнiнен бастап уақытша қолданылады және Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнiнен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiм Тараптардың бiрi басқа Тараптың бұл туралы жазбаша хабарламасын алған күнiнен бастап алты ай өткеннен кейiн, бiрақ Келiсiм қолданыста болған уақытта туындаған қаржылық және өзге де мiндеттемелер реттелгеннен кейiн ғана өзiнiң қолданылуын тоқтатады.
      200____ жылғы "   "  қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды, әрi барлық мәтiннiң бiрдей күшi бар. 
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру кезiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады. 

       Қазақстан Республикасының             Қырғыз Республикасының
      Yкiметi үшін                          Үкiметi үшiн

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады