2003 жылғы 19 қыркүйектегi Бiртұтас экономикалық кеңiстік құру туралы келiсiмге қатысушы мемлекеттердің Бiрыңғай экспорттық бақылау тәртiбі туралы келісiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 6 шілдедегі N 640 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған 2003 жылғы 19 қыркүйектегi Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру туралы келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң Бiрыңғай экспорттық бақылау тәртiбi туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. 2003 жылғы 19 қыркүйектегi Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру туралы келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң Бiрыңғай экспорттық бақылау тәртiбi туралы келiсiмге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

2003 жылғы 19 қыркүйектегi Бiртұтас экономикалық кеңiстiк
құру туралы келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң Бiрыңғай
экспорттық бақылау тәртiбi туралы
келiсiм

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын 2003 жылғы 19 қыркүйектегi Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру туралы келiсiмге қатысушы мемлекеттердің үкiметтерi,
      бiртұтас экономикалық және кедендiк кеңiстiктiң тиiмдi жұмыс iстеуi үшiн, қолайлы жағдай жасауға ұмтыла отырып,
      бiр-бiрiмен және үшiншi мемлекеттермен теңгерiмдi, өзара тиiмдi сауда және ғылыми-техникалық байланыстарды дамытуға жәрдемдесудi ниет ете отырып,
      жаппай қырып-жою қаруы мен оны жеткiзу құралдарын таратпау қағидаттарына өз бейiлдiлiгiн растай отырып,
      өз мемлекеттерiнiң ұлттық мүдделерi мен қауiпсiздiгін қорғауды қамтамасыз ету қажеттiлiгiн негiзге ала отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Тараптар өз мемлекеттерiнде жаппай қырып-жою қаруы мен оны жеткiзу құралдарын, өзге де қару-жарақ пен әскери техника түрлерiн (бұдан әрi - экспорттық бақылауға жататын тауарлар) жасау кезiнде пайдаланылуы мүмкiн тауарларға, ақпаратқа, жұмыстарға, қызметтерге, зияткерлiк қызмет нәтижелерiне қатысты сыртқы экономикалық қызметтi (халықаралық табыстауларды) реттейтiн үйлестiрiлген нормалар мен ережелердiң жиынтығын қамтитын экспорттық бақылаудың халықаралық шарттары мен халықаралық режимдерiнiң талаптарына сәйкес келетiн бiрыңғай экспорттық бақылау тәртiбiн орнатуды қамтамасыз етедi.
      Осы Келiсiмнiң күшi әскери мақсаттағы тауарларға, жасырын ақпарат алуға арналған шифрлау техникасы мен арнайы техникалық бұйымдарға қатысты сыртқы экономикалық қызметке (халықаралық табыстауларға) қолданылмайды.

2-бап

      Тараптар осы Келiсiмге және өз мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес жаппай қырып-жою қаруын және оны жеткiзу құралдарын таратпау саласындағы халықаралық шарттар, сондай-ақ халықаралық экспорттық бақылау режимi бойынша өз мемлекеттерiнiң мiндеттемелерi үшiн залалсыз бiрыңғай экспорттық бақылау тәртiбiн iске асыруды қамтамасыз етедi.
      Тараптар басқа Тараптарды экспорттық бақылауды жүзеге асыруға уәкiлеттi органдар (бұдан әрi - Тараптардың уәкiлеттi органдары) туралы хабардар етедi.

3-бап

      Экспорттық бақылауға жататын тауарлардың үлгi тiзiмдерi (бұдан әрi - үлгi тiзiмдер) экспорттық бақылаудың халықаралық шарттары мен халықаралық режимдерiнiң шеңберiнде қабылданған осындай тауарлардың бақылау тiзiмдерiне сәйкес болуға тиiс.
      Үлгi тiзiмдердi Бiртұтас экономикалық кеңiстiктiң комиссиясы (бұдан әрi - БЭК комиссиясы) Тараптардың ұсыныстары бойынша әзiрлейдi және бекiтедi.

4-бап

      Тараптар үлгi тiзiмдерге енгiзiлген тауарлармен сыртқы экономикалық операцияларды (халықаралық табыстауларды) жүзеге асыруды лицензиялауды немесе мемлекеттiк реттеудiң өзге де нысанын көздейтiн рұқсат беру тәртiбiн орнатуды, сондай-ақ Тарап мемлекеттерiнiң аумағынан тысқары жерлерге шығарылатын осындай тауарларды кедендiк бақылауды және кедендiк ресiмдеудi қамтамасыз етедi.

5-бап

      Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар бұл тауарлар жаппай қырып-жою қаруын және оны жеткiзу құралдарын жасау мақсаттары үшiн пайдаланылуы мүмкiн екендiгi туралы болжауға негiз болған не өз мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары хабардар еткен жағдайда Тараптар сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшiн үлгi тiзiмдерге енгiзiлмеген тауарлармен сыртқы экономикалық операцияларды (халықаралық табыстауларды) жүзеге асырудың рұқсат ету тәртiбiн орнатуды қамтамасыз етедi.

6-бап

      Тараптар ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында осы Келiсiмнiң 3 және 5-баптарында көрсетiлмеген тауарлармен сыртқы экономикалық операцияларды (халықаралық табыстауларды) жүзеге асырудың рұқсат беру тәртiбiн енгiзуi мүмкiн.
      Бұл ретте мұндай шектеу шараларын енгiзу туралы шешiм қабылдаған Тарап басқа Тараптарды бұл туралы хабардар етедi.

7-бап

      Экспорттық бақылауға жататын тауарлардың Тарап мемлекеттерiнiң аумағынан тысқары экспортына және/немесе оларды уақытша әкетуге (бұдан әрi - әкету) байланысты сыртқы экономикалық операцияларды (халықаралық табыстауларды) жүзеге асыруға арналған рұқсатты (бұдан әрi - әкетуге арналған рұқсат) ұлттық заңнамада белгiленген тәртiппен Тарап мемлекетiнiң сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларына (субъектiлерiне) осы Тараптың уәкiлеттi органы бередi.
      Тараптардың әрқайсысының уәкiлеттi органы берген әкетуге арналған рұқсат, егер экспорттық бақылаудың халықаралық шарттары мен халықаралық режимдерi, сондай-ақ ұлттық қауiпсiздiк мүдделерi бойынша Тарап мемлекеттерiнiң мiндеттемелерiне қайшы келмесе, Тараптардың барлық мемлекеттерiнiң аумағында қолданылады.
      Әкетуге арналған рұқсат экспорттық бақылауға жататын тауарлардың Тарап мемлекеттерiнiң аумағы арқылы транзитi үшiн негiз болып табылады.

8-бап

      Тараптар әкетуге арналған рұқсатқа қол қоюға уәкiлеттi лауазымды адамдардың тiзiмдерiмен, сондай-ақ бұл рұқсаттар расталатын қолтаңбалардың және мөрлер бедерлерiнiң үлгiлерiмен алмасады.
      Экспорттық бақылауға жататын тауарларды екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағынан жүзеге асырылатын Тараптар мемлекеттерi аумағынан тысқары әкетуге арналған рұқсатты берген Тараптардың кез келгенiнiң уәкiлеттi органы бұл Тараптың уәкiлеттi органын мұндай рұқсаттың берiлгенi туралы хабардар етуге тиiс.

9-бап

      Тараптардың әрқайсысының уәкiлеттi органы әкетуге арналған рұқсат беру туралы шешiм қабылдау кезiнде мыналарды:
      жаппай қырып-жою қаруын және оны жеткiзу құралдарын таратпау саласындағы өз мемлекетiнiң халықаралық мiндеттемелерiн, сондай-ақ экспорттық бақылаудың халықаралық режимдерiн;
      ұлттық қауiпсiздiк мүдделерін;
      көрсетiлген тауарларды пайдалану мақсаттарын;
      жаппай қырып-жою қаруын және оны жеткiзу құралдарын тарату қаупiне байланысты тәуекелдердi;
      өз мемлекеттерiнiң заңнамасында көзделген өзге де факторларды ескередi.

10-бап

      Экспорттық бақылауға жататын тауарлар бiр Тарап мемлекетiнiң аумағынан екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына Тараптардың уәкiлеттi органдарының рұқсат ету құжаттары ресiмделместен өткiзiледi. Бұл ретте Тараптардың әрқайсысы әз мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес экспорттық бақылауға жататын кейбiр тауарларға қатысты өз мемлекетiнiң аумағына (аумағынан) өткiзуге, егер:
      бұл жаппай қырып-жою қаруын және оны жеткiзу құралдарын тараптау саласындағы экспорттық бақылаудың халықаралық шарттары, сондай-ақ халықаралық режимдерi бойынша мiндеттемелердi орындау үшiн қажет болған;
      бұл өз мемлекетiнiң ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн қажет болған;
      олардың баратын ақырғы жерi Тараптар мемлекеттерiнiң аумағынан тысқары орналасқаны белгiлi болған жағдайда ғана шектеулер енгiзуi мүмкiн.
      Осы бапқа сәйкес шектеу енгiзу шешiмiн қабылдаған Тарап басқа Тараптарды хабардар етуге тиiс.

11-бап

      Тараптардың әрқайсысының уәкiлеттi органы өз мемлекетiнiң заңнамасында көзделген негiзде экспорттық бақылауға жататын тауарларды әкетуге арналған рұқсатты беруден бас тартуға, сондай-ақ оларға берiлген рұқсаттың күшiн жоюға, қолданылуын тоқтата тұруға немесе шарттарын өзгертуге құқылы.
      Экспорттық бақылауға жататын тауарларды екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағы арқылы жүзеге асыру жоспарланған Тараптар мемлекеттерiнiң аумағынан тысқары әкетуге оларға берiлген рұқсаттан бас тарту, оның күшiн жою, қолданылуын тоқтата тұру немесе шарттарын өзгерту туралы шешiм қабылдаған Тараптардың әрқайсысының уәкiлеттi органы осы Тараптың уәкiлеттi органын бұл туралы хабардар етедi.

12-бап

      Экспорттық бақылауға жататын тауарлармен сыртқы экономикалық операциялардың (халықаралық табыстаулардың) жүзеге асырылуын экспорттық бақылау тәртiбiне қойылатын жалпы талаптар Тараптардың ұсыныстары негiзiнде әзiрленедi және оны осы Келiсiм күшiне енген күнiнен бастап бiр жыл iшiнде БЭК комиссиясы бекiтедi.
      Тараптар өз мемлекеттерiнiң заңнамаларын экспорттық бақылауға жататын тауарлармен сыртқы экономикалық операциялардың (халықаралық табыстаулардың) жүзеге асырылуын экспорттық бақылау тәртiбiне қойылатын жалпы талаптарға олар бекiтiлген күннен бастап бiр жыл iшiнде сәйкес келтiредi.

13-бап

      Тараптар өз мемлекеттерiнiң экспорттық бақылау саласындағы заңнамаларын бұзушылықтарды анықтауда және олардың жолын кесуде ынтымақтасады және бiр-бiрiне жәрдем көрсетедi.

14-бап

      Тараптар экспорттық бақылау саласындағы, оның iшiнде осы Келiсiмдi орындау үшiн қабылданған нормативтiк құқықтық кесiмдер туралы ақпарат алмасу мақсатында сарапшылар деңгейiнде тұрақты консультациялар өткiзедi.

15-бап

      Тараптардың әрқайсысы экспорттық бақылауға жататын тауарларды Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарынан тысқары әкету туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етедi. Мұндай ақпаратты Тараптар экспорттық бақылауды жүзеге асыру мақсатында ғана пайдалануы мүмкiн және ол осы Келiсiмнiң қатысушылары болып табылмайтын мемлекеттерге тек экспорттық бақылаудың халықаралық шарттарында және халықаралық режимдерiнде көзделген жағдайлар мен көлемде берiлуi мүмкiн.
      Қандай да бiр Тараптың оған осы Келiсiмнiң шеңберiнде берiлген ақпаратты Келiсiмнiң қатысушысы болып табылмайтын үшiншi тарапқа беруi осындай ақпаратты берген Тараппен келiсiм бойынша ғана жүзеге асырылуы мүмкiн.
      Осы бапта көрсетiлген мiндеттемелер Тараптардың қандай да бiрi осы Келiсiмнен шыққан жағдайда да күшiнде қалады.

16-бап

      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге хаттамамен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

17-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруге және/немесе қолдануға қатысты Тараптардың арасындағы даулар мен келiспеушiлiктер Тараптар арасында консультациялар және келiссөздер жүргiзу жолымен шешiледi.
      Келiсiмге қол жеткiзiлмеген жағдайда Тараптардың кез келгенi дауды Бiртұтас экономикалық кеңiстiк шеңберiндегi Дауларды шешу жөнiндегi органға шешуге бере алады.

18-бап

      Кез келген мемлекет осы Келiсiмнiң қатысушысы бола алады.
      Осы Келiсiмге қосылудың шарттары осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттер мен қосылатын мемлекет арасында жасалған халықаралық шартта белгiленедi.

19-бап

      Осы Келiсiмге ескертпелер жасауға жол берiлмейдi.

20-бап

      Осы Келiсiмнiң күшiне енуi мен одан шығу тәртiбi Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру жөнiндегi халықаралық шарттардың күшiне ену және олардан шығу тәртiбi туралы хаттамада белгiленедi.
      200__ жылғы "___"_________ ________қаласында орыс тiлiнде бiр түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана Депозитарийде сақталады. Депозитарийдiң функциялары Бiртұтас экономикалық кеңiстiктiң комиссиясына берiлгенге дейiн осы Келiсiмнiң депозитарийi Қазақстан Республикасы болып табылады.
      Депозитарий осы Келiсiмге қол қойған Тараптардың әрқайсысына оның расталған көшiрмесiн жiбередi.

       Беларусь Республикасының             Қазақстан Республикасының
           Yкiметi үшiн                           Yкiметi үшiн

      Ресей Федерациясының                         Украинаның
         Yкiметi үшiн                       Министрлер Кабинетi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады