"Қазақстан Республикасының Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердегi демократиялық сайлаудың, сайлау құқықтары мен бостандықтарының стандарттары туралы конвенцияға қосылуы және оны ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 21 тамыздағы N 788 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Қазақстан Республикасының Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердегi демократиялық сайлаудың, сайлау құқықтары мен бостандықтарының стандарттары туралы конвенцияға қосылуы және оны ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжілісінің қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

Қазақстан Республикасының Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына
қатысушы мемлекеттердегi демократиялық сайлаудың, сайлау
құқықтары мен бостандықтарының стандарттары туралы
конвенцияға қосылуы және оны ратификациялау туралы

      1. Қазақстан Республикасы 2002 жылғы 7 қазанда Кишинев қаласында жасалған Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердегi демократиялық сайлаудың, сайлау құқықтары мен бостандықтарының стандарттары туралы конвенцияға қосылсын.
      2. 2002 жылғы 7 қазанда Кишинев қаласында жасалған Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердегi демократиялық сайлаудың, сайлау құқықтары мен бостандықтарының стандарттары туралы конвенция ратификациялансын.
      3. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы
мемлекеттердегi демократиялық сайлаудың, сайлау құқықтары
мен бостандықтарының стандарттары туралы
КОНВЕНЦИЯ

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер (бұдан әрi - Тараптар),
      Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы Жарғысының мақсаттары мен принциптерiн негiзге ала отырып,
      Адам құқықтары жөнiндегi жалпыға бiрдей декларацияның және билiкке өкiлеттiлiк шынайы және мерзiмдiк сайлауда бiлдiрiлген халықтың өз еркiне негiзделуi тиiс екендiгiн анықтаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактiнiң, сондай-ақ Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық жөнiндегi ұйымның, Еуропа Кеңесiнiң, басқа да халықаралық ұйымдардың еркiн және әдiл сайлауды өткiзу туралы құжаттарының маңызын қуаттай отырып,
      адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын тану, сақтау мен қорғау, халықтың өз еркiн бiлдiруiнiң демократиялық институттарын, оларды iске асыру рәсiмдерiн халықаралық құқықтың жалпыға бiрдей танылған принциптерi мен нормаларына сәйкес ұлттық конституция және құқықтық актiлер негізiнде дамыту мен жетiлдiру құқықтық мемлекеттің мақсаты мен мiндетi екендiгiне, сондай-ақ қоғамдық тұрлаулылықтың және өздерiнiң ортақ демократиялық жетiстiгi болып табылатын күзгi мұраттар мен принциптердi жүзеге асыру және қорғау жолында мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты одан әрi нығайтудың ажырамас шарттарының бiрi болып табылатындығына кәмiл сенiм бiлдiре отырып,
      өкiлдiк басқарудың демократиялық жүйелерiнiң, сайлау өткiзу кезiнде халықтың өз еркiн бiлдiруiнiң демократиялық дәстүрлерiн орнықтыруға және жетiлдiруге, құқық пен заң үстемдiгi негiзiнде халық билiгiнiң өзге де нысандарының жүзеге асырылуына, ұлттық және тарихи дәстүрлердің барынша ескерiлуiне жәрдемдесуге ұмтыла отырып,
      сайлау - тұрлаулы азаматтық қоғамның және мемлекеттiң орнықты дамуының саяси және құқықтық тетiктерiнiң бiрi екендiгiне кәмiл сенiм бiлдiре отырып,
      Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң сайлауды құқықтық реттеудегi жинақтаған ұлттық тәжiрибесiнiң құндылығын, адамның және азаматтың сайлау құқықтары мен бостандықтары кепiлдiгiн тани отырып,
      жалпыға бiрдей танылған сайлау стандарттары мен сайлауды реттеудiң ұлттық нормаларын, адамның және азаматтың сайлау құқықтары мен бостандықтарын үйлестiрудi, сондай-ақ олардың жүзеге асырылуы мен қорғалуы кепiлдiгiн қамтамасыз етудi, осы Конвенцияның ережелерiн конституцияның және ұлттық заңнаманың, сондай-ақ тиiстi мемлекеттiк саясаттың негiзiнде жүзеге асыруға бекем бел буа отырып,
      осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттердегi сайлауларға қоғамдық және халықаралық бақылауды ұйымдастыру кепiлдiгiн бекiтуге ұмтыла отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап
Демократиялық сайлаудың стандарттары

      1. Демократиялық сайлау - халықтың билiгi мен еркiнiң ең жоғары тiкелей көрiнiстерiнiң бiрi, мемлекеттiк билiктiң және жергiлiктi өзiн-өзi басқарудың сайланбалы органдарының, халықтық (ұлттық) өкiлдiктiң өзге де органдарының, сайланатын лауазым иелерiнiң негiзi болып табылады.
      2. Тараптар демократиялық сайлаудың стандарттары төмендегiлер болып табылатынын таниды: мемлекеттiк билiк органдарына, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, өзге де халықтық (ұлттық) өкiлдiктiң органдарына азаматтың сайлауға және сайлануға құқығы; сайлаушылардың ерiк бiлдiру бостандығын қамтамасыз ететiн құпия дауыс беру кезiнде жалпыға бiрдей тең сайлау құқығы негiзiнде сайлаудың мерзiмдiк принциптерi, және мiндеттiлiгi, әдiлдiгi, шынайылығы және бостандығы; сайлаудың ашық және жариялылық сипаты; адамның және азаматтың сайлау құқықтары мен бостандықтарын соттық және өзгедей қорғауды, сайлауға қоғамдық және халықаралық бақылауды жүзеге асыру; сайлау процесiне қатысушылардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын iске асыру кепiлдiктерi.
      3. Азаматтың сайлауға және сайлануға құқығы конституцияда және (немесе) заңдарда бекiтiледi, ал олардың жүзеге асырылуы заңдармен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен анықталады. Сайлау және сайлану құқығын, сайлау тәртiбiн (сайлау жүйелерi) заңнамалық реттеу, сол сияқты сайлау құқықтары мен бостандықтарын шектеу, адамның және азаматтың жалпыға бiрдей танылған сайлау құқықтары мен бостандықтарын және олардың iске асырылуының конституциялық және (немесе) заңнамалық кепiлдiктерiн шектеуге немесе болдырмауға, сонымен бiрге кемсiтушiлiк сипат алмауға тиiс.
      4. Сайлауды белгiлеу, дайындау және өткiзу конституция мен заңдар негiзiнде жүзеге асырылады.
      5. Конституциямен, заңдармен белгiленген қажеттi дауыс санын алып, сайланған адамдар заңдармен бекiтiлген тәртiпте және мерзiмде сайлаушылар алдындағы өз жауапкершiлiгiн тани отырып, қызметiне кiрiседi. Олар өз өкiлеттiгiнiң мерзiмi аяқталғанша немесе өкiлеттiгi демократиялық парламенттiк және конституциялық рәсiмдерге сәйкес конституциямен, заңдармен реттелетiн өзгедей түрде тоқтатылғанша қызметiнде қалады.
      6. Сайлаудың заңды және көпшiлiк сипаты, сайлауға қатысушы азаматтардың, кандидаттардың, саяси партиялардың (одақтардың) сайлау құқықтары мен бостандықтарының қорғануы мен iске асырылуы, сайлау процесiн ұйымдастырудың конституциялық принциптерiнiң құқық қолданушылық тәжiрибеде қолданылуы соттық, әкiмшiлiк және өзге де қорғау амалдарымен қамтамасыз етiледi.
      7. Мемлекеттiк билiк органына және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, өзге де халықтық (ұлттық) өкiлдiк органдарына сайланбалы лауазым иелерiн сайлауды дайындауға және өткiзуге ықпал ететiн немесе оған кедергі келтiретiн iс-әрекеттердi жүзеге асыруға шетелдiк азаматтардың, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдiк заңды тұлғалардың, халықаралық қоғамдық қозғалыстардың, халықаралық ұйымдардың қандай да болсын тiкелей немесе жанама түрде қатысуына жол берiлмейдi.

2-бап
Жалпыға бiрдей сайлау құқығы

      Жалпыға бiрдей сайлау құқығы принципiн сақтау мынаны бiлдiредi:
      а) әрбiр азамат конституцияда, заңдарда көрсетiлген жасқа жеткенде мемлекеттiк билiк органдарына, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, өзге де халықтық (ұлттық) өкiлдiк органдарына, сайланбалы қызметтерге конституцияда және заңдарда көзделген жағдайда және тәртiппен сайлауға және сайлануға құқылы.
      б) азаматтың мемлекеттiк билiк органдарына, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, өзге де халықтық (ұлттық) өкiлдiк органдарына, сайланбалы қызметтерге сайлау және сайлану құқығы оның жынысына, тiлiне, дiнiне немесе дiни наным-сенiмiне, саяси немесе өзгедей көзқарасына, ұлттық яки әлеуметтiк шығу тегiне, ұлттық азшылық немесе этникалық топқа жататындығына, мүлiктiк не болмаса өзге де осы тектес жағдайына байланысты қандай да бiр кемсiтушiлiк сипаттағы шектеулерге қарамастан iске асырылады;
      в) Ұлттық сайлау өтетiн мерзiмде өз мемлекетi аумағының шегiнен тыс жерде тұрған немесе болған әрбiр азамат өз мемлекетiнiң басқа да азаматтарымен тең сайлау құқығына ие болады. Дипломатиялық өкiлдiктер мен консулдық мекемелер, олардың лауазымды қызметкерлерi азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын iске асыруына көмектеседi;
      г) әрбiр азаматқа оның сайлаушылардың тiзiмiне енгiзiлгендiгi туралы ақпарат алу, осы ақпаратты оның толықтығы мен растығын қамтамасыз ету мақсатында анықтау, заңда бекiтiлген тәртiппен өзiнiң сайлаушылардың тiзiмiне енгiзiлуiне бiлдiрiлген қарсылыққа шағымдану құқығына кепiлдiк берiледi.

3-бап
Тең сайлау құқығы

      1. Тең сайлау құқығы принципiн сақтау мынаны бiлдiредi:
      а) әрбiр азамат бiр дауысқа немесе басқа азаматтармен бiрдей дауыс сандарына ие, және өзiнiң дауыс беру құқығын басқа азаматтармен тең тұрғыда жүзеге асыруға құқылы, сондай-ақ оның дауысы (дауыстары) басқа да сайлаушылардың дауыстарымен бiрдей салмаққа ие болады, бұл орайда сайлаушы даусының (дауыстарының) салмағына мемлекетте қолданылатын сайлау жүйесi әсерiн тигiзбеуi тиiс;
      б) бiр мандатты және (немесе) көп мандатты сайлау округтарында дауыс берудi өткiзгенде, бұл округтар дауыс беру нәтижелерiнен сайлаушылардың еркі мүмкiндiгінше дәлме-дәл және толық көрiнетiндей болып тең негiзде құрылуы тиiс. Тең негiздiң өлшемi мынадай бола алады - сайлаушылар саны бойынша бiр мандатты сайлау округтерiнiң шамалас теңдiгi немесе көп мандатты сайлау округтерiнде бiр депутаттық мандатқа сайлаушылар санының шамалас теңдiгi. Мекен-жайларға барудың қиындығы мен алыстығы, азшылықты құрайтын түпкiлiктi халықтардың немесе өзге де ұлттық азшылықтардың және этникалық топтардың тығыз тұратындығы өкiлдiктiң орташа нормасынан ауытқуға негiздеме болып табылуы мүмкiн.
      2. Әрбiр сайлаушы еркiн дауыс беруге қатысуға өз құқығын iске асыруы үшiн сайлау учаскесiне, сондай-ақ сайлау өтетiн үй-жайға теңдей және кедергісіз рұқсат алуға құқылы.
      3. Азаматқа сайлаушыларға барынша ыңғайлы жағдайлар жасауды қамтамасыз ететiн, мерзiмiнен бұрын дауыс берудi, дауыс беретiн үй-жайдан тысқары жерде дауыс берудi, болмаса дауыс берудiң өзге де рәсiмдерiн ұйымдастыру арқылы оның дауыс беруге қатысу құқығын iске асыруына мүмкiндiктер берiлуi мүмкiн.
      4. Әрбiр азамат сайлауға өз кандидатурасын ұсынуға тең құқылық мүмкiндiктерге ие болуы тиiс.
      5. Жаңа мерзiмге сайланбалы қызметке кандидаттардың сайлау науқанына қатысу ерекшелiктерiне байланысты шектеулер конституциямен және заңдармен реттеледi. Бекiтiлген шектеулердiң сақталуы депутаттардың, сайланбалы лауазым иелерiнiң өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруларына және сайлаушылар алдындағы өз мiндеттемелерiн орындауларына кедергi келтiрмеуi тиiс.
      6. Кандидаттардың қызметтiк немесе лауазымдық жағдайларының артықшылықтарын өздерiнiң сайланулары мақсатында қолдануға құқылары жоқ. Тең сайлау құқығы принциптерiн бұзушылықтардың тiзбесi және ондай бұзушылықтарға жауапкершiлiк заңдармен белгiленедi.

4-бап
Төте сайлау құқығы

      1. Төте сайлау құқығы принципiн сақтау - азаматтардың сайлауда тiкелей тиiсiнше кандидатқа және (немесе) кандидаттар тiзiмiн жақтап, не болмаса кандидатқа, кандидаттарға және (немесе) кандидаттар тiзiмiне қарсы, не барлық кандидаттарға және (немесе) кандидаттар тiзiмiне қарсы дауыс беретiнiн бiлдiредi.
      2. Ұлттық заң шығарушы органның палаталарының бiрiндегi барлық депутаттық мандаттар кандидаттардың және (немесе) кандидаттар тiзiмiнiң бүкiлхалықтық сайлау барысындағы ерiктi бәсеке-жарысының нысанасы болып табылады.
      3. Егер ұлттық заң шығарушы орган қос палаталы болатын болса және оның палаталарының бiрiнiң депутаттық мандаттарының барлығы, не болмаса бiр бөлiгi кандидаттардың және (немесе) кандидаттар тiзiмiнiң бүкiл халықтық сайлау барысында ерiктi бәсеке-жарысының нысанасы болып табылмаса, онда бұл осы Конвенцияға қайшы келмейдi.

5-бап
Құпия дауыс беру

      1. Құпия дауыс беру принципiн сақтау - сайлаушылардың өз ерiктерiн бiлдiруге қандай да болсын бiр бақылау орнатуды болдырмауды, еркiн сайлау үшiн тең жағдайлар жасауды қамтамасыз етудi бiлдiредi.
      2. Азаматтардың дауыс беру құпиясына құқықтары ешқандай түрде және ештеңемен де шектелмейдi.
      3. Сайлау құпия дауыс беру рәсiмiн пайдалану арқылы өткiзiледi.
      4. Сайлау органдары конституцияда, заңдарда, өзге де құқықтық актiлерде қарастырылған шарттардың сақталуын қамтамасыз етiп, сайлаушының құпия дауыс беру орнында бюллетендi толтыруына қандай да бiр бақылауды немесе байқауды жүзеге асыру, сайлаушының ерiк бiлдiру құпиясын бұзатындай кiмнiң де болсын iс-әрекет жасау мүмкiндiгiн болдырмайды.

6-бап
Мерзiмдi және мiндеттi сайлаулар

      1. Сайланбалы мемлекеттiк билiк органдарын, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын, өзге де халықтық (ұлттық) өкiлдiк органдарын, сайланбалы лауазым иелерiн сайлау мiндеттi болып табылады және конституцияда, сондай-ақ заңдарда белгiленген мерзiмде өткiзiледi.
      2. Сайлау сайланбалы мемлекеттiк билiк органдарының, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, өзге де халықтық (ұлттық) өкiлдiк органдарының, сайланбалы лауазым иелерiнiң негiзi - әрқашан халықтың ерiктi еркi болатындай түрде конституцияда, заңдарда белгiленген мерзiмдiлiкпен өткiзiлуi тиiс.
      3. Сайланбалы органдардың, сайланбалы лауазым иелерi өкiлеттiгiнiң мерзiмi конституцияда және заңдарда белгiленедi, және де оларда көзделген тәртiппен ғана өзгертiлуi мүмкiн.
      4. Конституцияға және заңдарға сәйкес тағайындалған сайлау мерзiмiн, сайлаудың жүргiзiлуiн және рәсiмiн бұзуға немесе болдырмауға не болмаса ауыстыруға шақыратын немесе мақсат ететiн iс-әрекеттер жасалмауы немесе үндеулер таратылмауы тиiс.
      5. Төтенше немесе әскери жағдайларда азаматтардың қауiпсiздiгiн және конституциялық құрылыстың қорғалуын қамтамасыз ету үшiн конституцияға, заңдарға сәйкес құқықтар мен бостандықтарды қолданудың шектерi мен мерзiмдерi көрсетiлген шектеулер қойылуы, сондай-ақ сайлау өткiзу кейiнге қалдырылуы мүмкiн.

7-бап
Ашық және жария сайлау

      1. Сайлауға дайындық және оны өткiзу ашық және жария жүргiзiледi.
      2. Өздерiнiң құзырлы шегiнде және сайлауды тағайындауға, оған дайындалуға және өткiзуге, азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге және қорғауға байланысты мемлекеттiк билiк органдарының, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, сайлау органдарының шешiмдерi заңдарда көзделген тәртiпте және мерзiмде мiндеттi түрде ресми жариялауға жатады, не болмаса өзгедей жолмен жалпы жұрттың назарына жеткiзiледi.
      3. Азаматтардың сайлау құқықтарын, бостандықтары мен мiндеттерiн қозғайтын құқықтық актiлер мeн шешiмдер, егер олар жалпы жұрт назарына жеткiзу үшiн ресми жарияланбаса қолданылмайды.
      4. Сайлау органы сайлау туралы заңнамада белгiленген мерзiмнiң iшiнде өзiнiң баспа органында немесе өзге де бұқаралық ақпарат құралдарында дауыс берудiң нәтижелерi туралы деректердi, сондай-ақ сайланған адамдар туралы мәлiметтердi ресми жария етедi.
      5. Сайлаудың ашықтығы мен жариялылығы принципiн сақтау сайлауға қоғамдық және халықаралық бақылау жүргiзудi жүзеге асыру үшiн жағдайлар жасауды қамтамасыз етуi тиiс.

8-бап
Еркiн сайлау

      1. Конституцияның үстемдiгi еркiн сайлау өткiзудiң және азаматтарға, сайлау процесiнiң өзге де қатысушыларына қандай да бiр ықпал ету, күштеу, күш қолдану немесе өзге де құқыққа қарсы әрекеттерсiз өзінің сайлауға қатысуына немесе қатыспауына байланысты заңмен рұқсат етiлетiн нысанда және заңды әдiстермен, дауыс берудiң қорытындыларының, сайлау нәтижелерiнiң қандай болатынына қарамастан, жазаланудан болмаса ықпал етуден қауiптенбестен өз қалауын жасаудың, сондай-ақ еркiн сайлау принципiнiң сайлау процесiнiң барлық кезiнде қалтқысыз сақталуының құқықтық және өзге де кепiлдiктерiнiң негiзi болып табылады.
      2. Азаматтың сайлауға қатысуы еркiн және өз еркiмен /қалауымен/ болады. Оны ешкiм де белгiлi бiр кандидатты (кандидаттарды), белгiлi бiр кандидаттар тiзiмiн жақтап, немесе қарсы дауыс беруге мәжбүрлей алмайды, азаматты сайлауға қатысуына немесе қатыспауына мәжбүрлеу мақсатында, сондай-ақ оның өз еркiн ерiктi түрде бiлдiруiне ықпал етуге ешкiмнiң құқы жоқ. Бiрде бiр сайлаушыны оның кандидатқа (кандидаттарға), кандидаттар тiзiмiне қалай дауыс беретiндiгi немесе бергендiгi туралы мәлiмдеуге ешкiм де мәжбүрлей алмайды.
      3. Кандидат, саяси партия (одақ) және сайлау процесiнiң басқа қатысушылары конституция мен заңдарға сәйкес қоғам және мемлекет алдында жауапты болады. Бiрде бiр кандидаттың, бiрде бiр саяси партияның (одақтың), бiрде бiр өзге де қоғамдық бiрлестiктiң немесе қоғамдық ұйымның психикалық күшпен және дiни мәжбүрлеу әдiстерiн немесе зорлық-зомбылыққа үндеу /шақыру/ немесе оны қолдау қаупiн төндiру, не болмаса мәжбүрлеудiң өзге де нысандарын қолдануға құқы жоқ.

9-бап
Шынайы сайлау

      1. Шынайы сайлау кезiнде халықтың ерiктi түрде бiлдiрiлген еркi және оның тiкелей жүзеге асырылуы қамтамасыз етіледі.
      2. Шынайы сайлау сайлаушыларға конституция мен заңдар негiзiнде кандидаттарды сайлауға мүмкiндiк бередi. Шынайы сайлау кезiнде шын мәнiсiндегi саяси пiкiр алуандығы /плюрализм/, идеологиялық көп түрлiлiк және көп партиялық орын алады. Бұлар, заңды қызметi мемлекеттiң заңды қорғауында болатын саяси партиялардың жұмысы арқылы жүзеге асады.
      3. Шынайы сайлау кезiнде сайлаушылардың кандидаттар, кандидаттар тiзiмi, саяси партиялар (одақтар) және сайлау процесi туралы ақпаратқа, ал кандидаттардың, саяси партиялардың (одақтардың) - бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация құралдарына еркiн рұқсат алуы қамтамасыз етiледi.
      4. Сайлауға дайындық пен оны өткiзу барысында мемлекеттiк тiл немесе мемлекеттiк тiлдер қолданылады, ал заңдармен белгiленген жағдайлар мен тәртiп кезiнде, сондай-ақ мемлекет аумағының құрамдар бөлiктерiнiң ресми тiлдерi, ал халықтар мен ұлыстар, ұлттық азшылықтар мен этникалық топтар тығыз тұратын аумақтарда солардың тiлдерi қолданылады.
      5. Сайлауды және сайлау iс-әрекеттерi мен рәсiмдерiн белгiлеу және өткiзу кандидаттарға, саяси партияларға (одақтарға) және сайлау процесiнiң басқа да қатысушыларына сайлау алдындағы насихат науқанын толыққанды өрiстетуге мүмкiндiк беретiндей тәртiппен және мерзiмде жүзеге асырылуы тиiс.
      6. Шынайы сайлау кандидаттарды, кандидаттар тiзiмiн және саяси партияларды (одақтарды) тең және әдiл тiркеудiң құқықтық шарттарын бiлдiредi. Тiркеу шарттары артықшылықтарға немесе кемсiтушiлiк сипаттағы шектеулерге негiз боларлықтай жағдайға әкелмейтiндей айқын болуы тиiс. Кандидаттарды, кандидаттар тiзiмiн және саяси партияларды (одақтарды) тiркеу нормаларын өз бетiнше немесе кемсiтушiлiк сипатта қолдануға жол берiлмейдi.
      7. Сайлауға қатысушы әрбiр кандидат және әрбiр саяси партия (одақ) дауыс берудiң қорытындыларын және демократиялық сайлаудың нәтижелерiн тануы тиiс, азаматтың сайлау құқықтары мен бостандықтарын бұзатын дауыс берудiң ресми нәтижелерiне, сайлаудың қорытындыларына сот және (немесе) өзге органдарға заңдармен, мемлекеттiң халықаралық мiндеттемелерiмен көзделген тәртiпте және мерзiмде шағым беруге мүмкiндiгi болуы тиiс.
      8. Іс-әрекеттерi дауыстарды санауды, дауыс берудiң нәтижелерiн және сайлау қорытындыларын бұрмалауға, азаматтың өз сайлау құқықтары мен бостандықтарын еркiн жүзеге асыруға, соның iшiнде сайлауды мансұқтау немесе мансұқтауға шақыру нысандарымен кедергi келтiруге, сайлау рәсiмдерiн немесе сайлау әрекеттерiн орындаудан бас тартуға бағытталған адамдар мен органдар заң бойынша қудалауға жатады.

10-бап
Әдiл сайлау

      1. Әдiл сайлау құқығы принципiн сақтау - сайлау процесiнiң барлық қатысушыларына тең құқылық жағдай жасауды қамтамасыз етуi тиiс.
      2. Әдiл сайлауды өткiзуде мыналар қамтамасыз етiледi:
      а) жалпыға бiрдей және тең сайлау құқығы;
      б) әрбiр кандидатқа немесе әрбiр саяси партияға (одаққа) сайлау науқанына қатысу үшiн, соның iшiнде бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация құралдарына рұқсат алуына тең мүмкiндiктер жасау;
      в) сайлауды, сондай-ақ кандидаттардың, саяси партиялардың (одақтардың) сайлау науқанын әдiл әрi жария түрде қаржыландыру;
      г) дауыс берудегi және дауыстарды санаудағы адалдық, сайлаудың барлық қорытындыларын ресми жариялай отырып, дауыс берудiң нәтижелерi туралы толық және жедел ақпарат беру;
      д) сайлау процесiн пәрмендi қоғамдық және халықаралық бақылаумен ашық және жария түрде жұмыс жасайтын әдiл сайлау органдарының ұйымдастыруы;
      е) азаматтардың, кандидаттардың, саяси партиялардың (одақтардың) сайлау құқықтары мен бостандықтарын бұзушылыққа шағымдарын сайлау процесiнiң тиiстi сатыларының уақыт шеңберiнде соттардың және өзге де уәкiлеттi органдардың жедел және тиiмдi қарастыруы, сондай-ақ халықаралық құқықтың нормаларымен көзделген тәртiпте, азаматтың өз сайлау құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және қалпына келтiруге байланысты халықаралық сот органдарына қайрылу құқығын қамтамасыз ету.
      3. Кандидаттарды тиiстi сайлау округы бойынша сайлаушылар және (немесе) олар өздерiн өздерi ұсына алады. Кандидаттарды және (немесе) кандидаттар тiзiмдерiн, сондай-ақ саяси партиялар (одақтар), өзге де қоғамдық бiрлестiктер және кандидаттар мен (немесе) кандидаттар тiзiмiн конституцияда, заңдарда көрсетiлген басқа да құқық субъектiлерi ұсына алады.

11-бап
Сайлау органдарының (сайлау комиссияларының) сайлауды өткiзуi

      1. Сайлауға дайындық және оны өткiзу, азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау, сондай-ақ олардың орындалуына бақылау жасау мәртебесi, құзыретi мен өкiлеттiгi конституциямен, заң актiлерiмен белгiленген сайлау органдарына (сайлау комиссияларына) жүктеледi.
      2. Сайлау органдарын алмастыратын не болмаса олардың қызметiн толық немесе iшiнара атқаратын, немесе олардың заңды қызметiне кедергi келтіретiн, немесе олардың қызметiне заңға қайшы түрде араласатын, не болмаса олардың мәртебесi мен өкiлеттiктерiн иемденiп алған өзге де құрылымдардың (органдар мен ұйымдардың) құрылуы мен iс-әрекетiне жол берiлмейдi.
      3. Сайлау органдарын қалыптастырудың, өкiлеттiгiнiң тәртiбi, қызметiнiң ұйымдастырылуы, сондай-ақ сайлау органдары құрамын таратудың немесе сайлау органы мүшелерiнiң өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуының тәртiбi, негiздемесi және мерзiмдерi заңдармен белгiленедi. Бұл орайда сайлау органы мүшелерi өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуының тәртiбi мен мерзiмiнiң заңдарда қарастырылған негiздемесi, сондай-ақ уәкiлетті органның сайлау органынан шығарылған мүшесiнiң орнына жаңа мүшенi тағайындауы сайлау органына оған жүктелген өкiлеттіктерiн жүзеге асыруға кедергi келтiрмеуi тиiс, сондай-ақ сайлау процесiнiң тұтастығын бұзбауы, сайлау әрекеттерiн орындаудың мерзiмiн сақтамауға әкелмеуi, азаматтардың сайлау бостандықтары мен құқықтарын бұзбауы тиiс.
      4. Тараптар кандидатқа, кандидаттар тiзiмiн ұсынған саяси партияға (одаққа), заңдарда көзделген тәртiпте кандидатты (кандидаттар тiзiмiн) тiркеген сайлау органына және одан төменгi сайлау органдарына кеңесшi дауыс құқығымен өзiн тағайындаған кандидаттың, саяси партияның (одақтың) атынан қатысатын сайлау органының бiр мүшесiн тағайындауға берiлетiн мүмкiндiктi таниды.
      5. Кеңесшi дауыс құқығы бар сайлау органының мүшесi сайлау органының отырыстарында сөз сөйлеуге, сайлау органының құзыретiне жататын мәселелер бойынша ұсыныстар енгiзуге және осы мәселелердi дауысқа салуды жүргiзудi талап етуге құқылы; сайлау органының әрекетiне (әрекетсiздiгiне) қатысты жоғары тұрған сайлау органына немесе сотқа шағым беруге, заңдармен көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыруға құқылы.
      6. Сайлау органдарының өз құзыретi шегiнде қабылдаған шешiмдерi-атқарушы билiк органдары, мемлекеттiк мекемелер, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, саяси партиялар және өзге де қоғамдық бiрлестiктер, олардың уәкiлеттi өкiлдерi, ұйымдар, лауазымды адамдар, сайлаушылар, төмен тұрған сайлау органдары және заңдарда көрсетiлген өзге де ұйымдар мен тұлғалар үшiн мiндеттi.
      7. Тараптар өздерiнiң заңдарымен мемлекеттiк органдарға, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, мекемелерге, ұйымдарға, сондай-ақ олардың лауазымды адамдарына сайлау органдарының өкiлеттiгiн iске асыруға жәрдем жасауды мiндеттейдi, ал сайлау туралы заңнамада көрсетiлген теле және (немесе) радио хабарларын таратушы ұйымдарға тегiн эфир уақытын беруге, және мерзiмдiк басылымдардың редакцияларына сайлау органдары үшiн сайлаушыларды сайлау туралы, сайлау науқанының барысы туралы хабарландыруға қажеттi басылымдық ақпаратты жария етуге мүмкiндiк беруге мiндеттейдi.

12-бап
Сайлауды және кандидаттардың, саяси партиялардың
(одақтардың) сайлау науқанын қаржыландыру

      1. Сайлауға байланысты iс-шараларды қаржыландыру бюджет қаражатының есебiнен жүзеге асырылады.
      2. Мемлекеттер конституциялармен және заңдармен көзделген жағдайларда және тәртiпте, сайлауға қатысушы кандидаттарға, саяси партияларға (одақтарға) бюджет қаражаттарын әдiл шарттарда бөлудi қамтамасыз етедi, сондай-ақ сайлау органының жанынан бюджеттен тыс қордың құрылуына, болмаса өз сайлау науқанын қаржыландыру үшiн өзiнiң жеке ақшалай сайлау қорын құруға және осы мақсаттар үшiн жеке ақшалай қаражаттарын, жеке адамдардың және (немесе) ұлттық заңды тұлғалардың ерiктi ақшалай қайырмалдықтарын /пожертвования/ заңдармен көзделген мөлшерде және тәртiпте пайдалануға мүмкiндiк бередi. Кандидаттардың, саяси партиялардың (одақтардың) осы аталған қорларға түскеннен өзге де ақшалай қаражаттарын пайдалануына заңмен тыйым салынуы және заңдарға сәйкес жауапкершiлiк жүктелуi тиiс.
      3. Сайлауға қатысушы кандидаттарға, саяси партияларға (одақтарға), болмаса кандидатқа, саяси партияға (одаққа) тiкелей немесе жанама немесе өзге де түрде қатысы бар, болмаса олардың тiкелей ықпалындағы немесе бақылауындағы әрi саяси партияның (одақтың) мақсаттарын iске асыруға ықпал ететiн не болмаса жәрдемдесетiн басқа да қоғамдық бiрлестiктерге, қоғамдық ұйымдарға шетелдiк, соның iшiнде шетелдiк жеке азаматтардан және заңды тұлғалардан қандай да бiр қайырмалдықтар алуларына жол берiлмейдi.
      4. Тараптар сайлауға түскен кандидаттарға, сонымен бiрге кандидаттарды (кандидаттар тiзiмiн) ұсынған саяси партияларға (одақтарға) да заңнамамен тыйым салынған қайырмалдықтарды болдырмау үшiн сайлауға қатысушы кандидаттарға, саяси партияларға (одақтарға) берiлген барлық ақшалай қайырмалдықтың ашықтығы мен тазалығын қамтамасыз етедi.
      5. Сайлауға қатысушы кандидаттар, саяси партиялар (одақтар), заңдарда белгiленген кезеңдiлiкпен, өздерiнiң ақшалай сайлау қорындағы барлық қайырмалдықтың түсiмi туралы, тиiстi қаражаттардың салымшылары туралы, сондай-ақ осы қорлардан өздерiнiң сайлау науқанын қаржыландыруға жұмсаған барлық шығыстары туралы мәлiметтер мен есептердi сайлау органына, және (немесе) заңда көрсетiлген өзге де органдарға берiп отырулары тиiс. Сайлау органдары аталған мәлiметтер мен есептердi заңдарда көрсетiлген бұқаралық ақпарат құралдарында және телекоммуникация құралдарында жария етудi қамтамасыз етедi.
      6. Кандидаттардың, саяси партиялардың (одақтардың) сайлау науқанын қаржыландыру ережелерi мен тәртiптерiн бақылауды немесе қадағалауды жүзеге асыру үшiн арнайы орган (органдар) құрылуы мүмкiн немесе лауазымды адамдарға не сайлау органына тиiстi өкiлеттiктер берiлуi мүмкін.
      7. Кандидаттардың, саяси партиялардың (одақтардың) қызметiн қаржыландырудың, қайырмалдықтар берудiң тәртiбi мен шарттарын бұзушылықтың тiзбесi, сондай-ақ сайлауды және кандидаттардың, саяси партиялардың (одақтардың) сайлау науқанын қаржыландыруды бұзушылықтың алдын алу, болдырмау немесе жолын кесу шараларының тiзбесi заңдармен, өзге де құқықтық нормативтiк актiлермен белгiленуi тиiс.

13-бап
Сайлауды және үгiт қызметiн мемлекеттiк ақпараттық қолдау

      1. Тараптар сайлау туралы, кандидаттар туралы ақпаратты iздестiру, жинау, тарату бостандығын, сайлауды бұқаралық ақпарат және телекоммуникация құралдарында бұрмалаушылықсыз жариялауды қамтамасыз етедi.
      2. Бұқаралық ақпарат және телекоммуникация құралдары тұрғындарды сайлау туралы, кандидаттарды, (кандидаттар тiзiмiн) ұсыну, олардың сайлау алдындағы бағдарламалары (тұғырнамалары), сайлау науқанының барысы, дауыс берудiң қорытындылары және сайлаудың нәтижелерi туралы хабарландырып отыруға, өз iс-әрекеттерiн конституция, заңдар, мемлекеттiң халықаралық мiндеттемелерi шеңберiнде жүзеге асыруға қызмет жасайды.
      3. Заңдарға сәйкес бұқаралық ақпарат және телекоммуникация құралдары өкiлдерiнiң:
      а) сайлау органдарының iс-әрекетiндегi жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз ете отырып, олардың мәжiлiстерiне қатысуға;
      б) дауыс берудiң қорытындылары немесе сайлаудың нәтижелерi туралы тиiстi сайлау органдарының құжаттарымен және материалдарымен танысуға, тиiстi сайлау органынан аталған құжаттар мен материалдардың көшiрмелерiн жасап алуға не болмаса алуға, оларды жариялау үшiн бұқаралық ақпарат және телекоммуникация құралдарына беруге;
      в) көпшiлiктiк үгiт iс-шараларына қатысуға, олардың өткiзiлу барысы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға;
      г) дауыс беру кезiнде, сайлаушылардың дауыстарын санауға, дауыс берудiң қорытындылары мен сайлау нәтижелерiн анықтауға қатысуға құқылары бар.
      4. Азаматтарға, кандидаттарға, кандидатты және (немесе) кандидаттар тiзiмiн ұсынған саяси партияларға (одақтарға), өзге де қоғамдық бiрлестiктерге, қоғамдық ұйымдарға заңдармен көзделген тәртiпте және мерзiмде, заңмен рұқсат етiлген және заңды әдiстермен, пiкiр алуандығы, цензураның жоқтығы жағдайында кез келген нысандағы үгiт жұмыстарын жүргiзу бостандығына кепiлдiк берiледi.
      5. Сайлауға қатысушы барлық кандидаттарға, саяси партияларға (одақтарға) конституция мен заңдарға сәйкес өзiнiң сайлау алдындағы үгiт жұмыстарын жүргiзуге, соның iшiнде сайлау алдындағы бағдарламасының (тұғырнамасының) қағидаларын баяндау үшiн бұқаралық ақпарат және телекоммуникация құралдарына тең қол жеткiзу жағдайлары қамтамасыз етiлуi тиiс.
      6. Үгiт жұмысын жүргiзу барысында сөз бостандығын және бұқаралық ақпарат бостандығын терiс мақсатта пайдалануға, соның iшiнде билiктi күшпен тартып алуға, мемлекеттiң конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге және мемлекеттiң аумақтық тұтастығын бұзуға шақыруларға, соғысты, террористiк, өзге де кез келген күштеу әрекеттерiн насихаттауға бағытталған және әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, этникалық, дiни жеккөрушiлiк пен өшпендiлiктi қоздыратын шақыруларға жол берiлмейдi.
      7. Осы Конвенцияға қатысушы бiр мемлекеттiң бұқаралық ақпарат және телекоммуникация құралдары екiншi мемлекеттiң аумағындағы сайлауды өткiзу барысында үгiт жұмысын жүргiзуге қатысу мақсатында пайдаланыла алмайды.
      8. Кандидаттардың, саяси партиялардың (одақтардың) өздерiнiң үгiт жұмысын жүргiзудiң шарттары мен тәртiбiн бұзу, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершiлiк туғызуға негiз болып табылатын сайлау науқанын жария етуге қатысу тiзбесi заңдармен анықталады.

14-бап
Ұлттық бақылаушылардың мәртебесi мен өкiлеттiгi

      1. Әрбiр кандидат, әрбiр саяси партия (одақ), өзге де қоғамдық бiрлестiк (қоғамдық ұйым), сайлаушылар тобы, сайлаудың конституцияда, заңдарда көрсетiлген басқа да субъектiлерi сайлауды ұйымдастырушы органдар қабылдаған заңдарда немесе нормативтiк актiлерде белгiленген тәртiпте, дауыс беру күнi, соның iшiнде мерзiмiнен бұрын дауыс берудi өткiзу күнi дауыс беруге арналған үй-жайда бақылауды жүзеге асыруға құқығы бар ұлттық бақылаушыларды тағайындауға құқылы.
      2. Ұлттық бақылаушылардың құқықтары мен мiндеттерi заңнамада белгiленуi тиiс.
      3. Ұлттық бақылаушыларға:
      а) сайлау туралы заңдарда көрсетiлген сайлау құжаттарымен танысуға, дауыс беруге арналған тiзiмдерге енгiзiлген сайлаушылардың саны туралы және сайлауға, соның iшiнде мерзiмiнен бұрын дауыс беруге және дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерлерде дауыс берген сайлаушылардың саны туралы ақпарат алу;
      б) дауыс беруге арналған үй-жайда болу;
      в) сайлау бюллетендерiн сайлаушыларға берудi бақылау;
      г) мерзiмiнен бұрын дауыс берудi өткiзу кезiнде, сайлаушылардың дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерлерде дауыс беруi кезiнде қатысу;
      д) бюллетендердi санау рәсiмдерiн көрудi қамтамасыз ететiн жағдайда сайлаушылардың дауыстарын санауды бақылау;
      е) сайлау органының дауыс берудiң қорытындылары, сайлаудың нәтижелерi туралы хаттаманы және өзге де құжаттарды жасауын бақылауға, сайлау органының дауыс берудiң қорытындылары туралы хаттамасымен, соның iшiнде қайта жасалған хаттамамен танысуға, ұлттық заңнамамен көзделген жағдайларда және тәртiпте, тиiстi сайлау органынан аталған хаттамалардың көшiрмелерiн алу;
      ж) дауыс берудi ұйымдастыру мәселелерi бойынша сайлау органына ұсыныстар мен ескертулер жасау;
      з) сайлау органының, сайлау органы мүшелерiнiң шешiмдерi және iс-әрекеттерiне (iс-әрекетсiздiгiне), тiкелей жоғары тұрған сайлау органына немесе сотқа шағым жасау құқықтары берiлуге тиiс.
      4. Ұлттық бақылаушының құқықтарын заңдармен көзделген жағдайларда және тәртiпте кандидаттардың, саяси партиялардың (одақтардың) сенiмдi өкiлдерi де пайдалана алады.
      5. Сайлау органдары және (немесе) өзге де органдар мен ұйымдар ұлттық бақылаушыларды және сайлаудың өзге де қатысушыларын демократиялық сайлау технологиясының, сайлау туралы ұлттық заңнаманың, халықаралық сайлау стандарттарының, адамның және азаматтың сайлау құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудiң негiздерiне үйретудi ұйымдастыру жөнiндегi өкiлеттiкке ие бола алады.

15-бап
Халықаралық бақылаушылардың мәртебесi мен өкiлеттiктерi

      1. Тараптар халықаралық бақылаушылардың қатысуы сайлаудың ашықтығы мен жариялылығына, мемлекеттердiң халықаралық мiндеттемелерiн сақтауына жәрдемдесетiнiн растайды. Олар халықаралық бақылаушылардың жалпы ұлттық деңгейден де төмен, муниципалдық (жергiлiктi) деңгейге дейiнгi сайлау процестерiне жiберiлуiне де жәрдемдесуге ұмтылатын болады.
      2. Халықаралық бақылаушылардың iс-әрекетi олардың келген елiнiң заңдарымен, осы Конвенциямен, өзге де халықаралық құжаттармен реттеледi.
      3. Халықаралық бақылаушылар мемлекеттiң аумағына кiруге заңмен белгiленген тәртiпте рұқсат алады, және тиiстi шақыруы бар болған жағдайда, тиiстi сайлау органында тiркеледi. Шақыруларды сайлаудың өтетiнi белгiленгенi туралы ресми жарияланғаннан кейiн заңмен уәкiлеттiк берiлген органдар жiберуi мүмкiн. Шақыруларды жiберу туралы ұсыныстарды Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының жарғылық органдары беруi мүмкiн.
      4. Орталық сайлау органы халықаралық бақылаушыға белгiленген үлгiдегi тiркелгендiгi туралы куәлiк бередi. Мұндай куәлiк халықаралық бақылаушыға сайлауға дайындық пен оны өткiзу кезеңiнде бақылау жүргiзудi жүзеге асыру құқығын бередi.
      5. Халықаралық бақылаушы келген мемлекетiнiң аумағында осы мемлекеттiң қамқорлығында болады. Сайлау органдары, мемлекеттiк билiк органдары, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары өз құзыреттерi шегiнде оған қажеттi көмек көрсетуге мiндеттi.
      6. Халықаралық бақылаушы өзiнiң қызметiн дербес және тәуелсiз атқарады. Халықаралық бақылаушының қызметiн материалдық-қаржылық қамтамасыз ету бақылаушыны жiберген тараптың қаражаты есебiнен немесе оның өз қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      7. Халықаралық бақылаушылардың өз мәртебесiн сайлау науқанының барысын бақылауға қатысы жоқ iс-әрекеттердi жүзеге асыру үшiн пайдалануына құқы жоқ. Тараптар заңдарды, жалпыға бiрдей танылған қағидаттарды және халықаралық құқық нормаларын бұзған халықаралық бақылаушыларды тiркеуден айыруға құқылы.
      8. Халықаралық бақылаушылар:
      а) сайлау процесiн реттейтiн барлық құжаттарға (ұлттық қауiпсiздiк мүдделерiн қозғамайтын) рұқсаты болуына, сайлау органдарынан ұлттық заңдарда көрсетiлген қажеттi ақпаратты және сайлау құжаттарының көшiрмелерiн алуға;
      б) саяси партиялармен, одақтармен, кандидаттармен, жеке адамдармен, сайлау органдарының қызметкерлерiмен байланыс жасауға;
      в) барлық сайлау учаскелерi мен дауыс берiлетiн үй-жайларға, соның iшiнде дауыс беретiн күнi еркiн баруға;
      г) дауыс берудiң барысына, дауыстарды санау мен олардың нәтижелерiн анықтауға, бюллетендердi санау рәсiмдерiн көрудi қамтамасыз ететiндей жағдайда бақылау жасауға;
      д) сайлау туралы заңнаманы бұзушылыққа байланысты шағымдарды (өтiнiштердi) және талаптарды қараудың нәтижелерiмен танысуға;
      е) сайлауды жүргiзiп отырған органның жұмысына араласпай, сайлау органының өкiлдерiн өз бақылаулары, ұсыныстары туралы хабарландыруға;
      ж) дауыс беру аяқталған соң сайлаудың дайындығы мен өткiзiлуi туралы өз пiкiрлерiн көпшiлiк үшiн баяндауға;
      з) сайлаудың ұйымдастырушыларына, мемлекеттiк билiк органдарына және тиiстi лауазым иелерiне сайлау барысын бақылауының нәтижелерi туралы өз қорытындысын беруге құқылы.
      9. Халықаралық бақылаушылар:
      а) келген елiнiң конституциясы мен заңдарын, осы Конвенцияның, өзге де халықаралық құжаттардың ережелерiн сақтауға;
      б) халықаралық бақылаушы ретiнде келген елi белгiлеген тәртiпте берiлген тiркелгенi туралы куәлiгiнiң болуы және оны сайлауды ұйымдастырушылардың талабы бойынша көрсетуге;
      в) өз қызметiн саяси бейтараптық, бұрмалаушылықсыз, сайлау органдарына, мемлекеттiк және өзге де органдарға, лауазымды тұлғаларға, сайлау процесiнiң қатысушыларына қатысты қандай бiр болмасын артықшылық бiлдiру немесе оларға баға беруден бас тарту принциптерiн басшылыққа ала отырып жүргiзуге;
      г) сайлау процесiне араласпауға;
      д) барлық қорытындыларын өзiнiң бақылауының және нақты материалдардың негiзiнде жасауға тиiс.

16-бап
Азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтары
бұзылғандығы үшiн шағымдануы және жауапкершiлiк

      1. Осы Конвенцияда жарияланған демократиялық сайлау процесiнiң стандарттары, азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ адамды немесе адамдарды сайлау туралы заңдар бұзылған жағдайда, құқықтары бұзылғандар соттарға, ал заңдарда белгiленген жағдайларда және тәртiпте сайлау органдарына да шағымдануға және өздерiнiң бұзылған құқықтарын қалпына келтiруге құқықтары мен мүмкiндiктерi болуға тиiс.
      2. Заңдармен тыйым салынған iс-әрекеттердi (iс-әрекетсiздiктердi) жасаған адамдар заңдарға сәйкес жауап беруге тиiс.

17-бап
Сайлау құжаттамасы

      1. Дауыс беру бюллетендерi, өзге де сайлау құжаттары, соның iшiнде сайлау өткiзуге қатысы бар мемлекеттiк билiк органдарының, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, сайлау органдарының құжаттары сайлау өтетiн елдiң мемлекеттiк тiлiнде және мемлекет аумағының құрамдас бөлiктерiнiң ресми тiлдерiнде, ал заңнамамен көзделген тәртiпте, сондай-ақ халықтар мен ұлыстар, ұлттық азшылықтар мен этникалық топтар тығыз тұратын аумақтарда солардың тiлдерiнде де жасалады (жарияланады).
      2. Дауыс берудiң қорытындылары және сайлау нәтижелерi анықталатын сайлау құжаттары қорғалу дәрежесi заңдармен белгiленетiн қатаң есеп беру құжаттары болып табылады.

18-бап
Кемсiтушiлiк болып саналуға тиiс емес шаралар

      1. Азаматтардың жоғарыда келтiрiлген сайлау құқықтары мен бостандықтары:
      а) ел тұрғындарының қандай да бiр құрамдас бөлiгiнiң, атап айтқанда ұлттық азшылықтар мен этникалық топтардың, егер олардың шындығында да саяси, экономикалық, дiни, әлеуметтiк, тарихи және мәдени жағдайларына байланысты басқа тұрғындармен саяси және сайлау құқықтары мен бостандықтарына қатысты тең жағдайды пайдалану мүмкiндiгi жоқ болғанда, барабар өкiлдiгiн қамтамасыз етуге арналған шараларды көздейтiн жағдайда;
      б) сот iс-әрекетке қабiлетсiз деп таныған азаматтарға, сондай-ақ сот үкiмi бойынша бас бостандығынан айыру мекемелерiнде отырған адамдарға қатысты сайлау және сайлану құқықтарын шектеудi көздейтiн жағдайда конституциямен, заңдармен шектеле алады және кемсiтушiлiк деп санауға жатпайды.
      2. Кандидаттарды, (кандидаттар тiзiмiн) ұсынуға, саяси партияларды (одақтарды) құруға және олардың қызметiне қатысты азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын шектеулер конституциялық құрылысты, ұлттық қауiпсiздiктi қорғау, қоғамдық тәртiптi қолдау, қоғамдық әл-ауқат пен моральдi, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделерiнде қолданылуы мүмкiн және олар мемлекеттiң халықаралық мiндеттемелерiне сәйкес келуге тиiс.
      3. Тараптар сайлау процесiн демократияландыруға ұмтылу барысында сайлауға қатысу үшiн сайлау процесiне қатысушыларға тең құқықтық жағдайларды қамтамасыз етуде тиісті ұлттық жағдайлардың жасалғанына қарай конституциямен, заңдармен көзделген және мемлекеттiң халықаралық мiндеттемелерiне қайшы келмейтiн сайлау құқықтары мен бостандықтарды iске асырудағы қолданылып жүрген шектеулер немесе артықшылықтардан бас тартуға болатынын негiзге алады.

19-бап
Конвенцияға қатысушы мемлекеттердiң мiндеттемелерi

      1. Тараптар демократиялық сайлауды дайындау және өткiзу үшiн сайлау құқықтары мен бостандықтарының кепiлдiктерiн күшейту, осы Конвенцияның ережелерiн iске асыру мақсатында заңнамалық және басқа да шаралар қабылдайтын болады. Осы Конвенцияда жария етiлген демократиялық сайлаудың, сайлау құқықтары мен бостандықтарының стандарттары, оларды конституцияға, заңнамалық актiлерге кiргiзу жолымен қамтамасыз етiлуi мүмкiн.
      2. Тараптар:
      а) сайлау құқығының демократиялық қағидаттары мен нормаларының қорғалуына, сайлаудың демократиялық сипатта болуына, сайлауда азаматтардың еркiн түрде ерiк бiлдiрулерiне, сайлаудың өткендiгiн, оның шын мәнiсiнде күшi барлығын және заңдылығын мойындауға қатысты талаптардың негiздiлiгiне кепiлдiк етуге;
      б) сайлаудың толық заңнамалық негiзiн ұлттық заң шығару органының қабылдауына және сайлауды өткiзудi қамтамасыз ететiн құқықтық нормативтер атқару билiгiнiң актiлерiмен белгiленбеуiне қажеттi шаралар қабылдауға;
      в) заңдармен көзделген тәртiпте, бүкiлхалықтық төте сайлау барысында ұлттық заң шығару органының бiр палатасының депутаттық мандаттары толығымен немесе iшiнара кандидаттардың және (немесе) кандидаттар тiзiмiнiң еркiн бәсекесiнiң объектiсi болуына ұмтылуға;
      г) кез келген деңгейдегi сайлауды дайындау мен өткiзу кезiнде азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудiң құқықтық, ұйымдастырушылық, ақпараттық кепiлдiктер жүйесiн жасауға, әйелдердiң сайлау органдарына, сайланбалы қызметтерге жекелей де, немесе саяси партиялардың (одақтардың) құрамында сайлауға және сайлануға құқығын iске асыруына еркектермен тең, әдiл және шынайы мүмкiндiктердi қамтамасыз ету үшiн конституциямен, заңдармен көзделген жағдайларға және тәртiпке сәйкес қажеттi заңнамалық шаралар қабылдауға ұмтылуға, сондай-ақ дауыс беруге қатысуы үшiн денсаулығында ауытқушылықтары бар (мүгедектер және т.б.) адамдарға қосымша кепiлдiктер мен жағдайлар жасауға;
      д) сайлаушыларды тiркеудi (есепке алуды) жас мөлшерi, азаматтығы, тұратын жерi, азаматтың жеке басын куәландыратын негiзгi құжатының болуы тәрiздi тiркеу (есепке алу) өлшемдерiн көздейтiн, заңды түрде белгiленген кемсiтпейтiн және пәрмендi рәсiмдер негiзiнде жүзеге асыруға;
      е) тиiстi мәлiметтердiң рас болуы, толықтығы мен олардың уақтылы берiлуi, дербес деректердiң құпиялылық сипаты заңнамамен сәйкес болуын қамтамасыз етуi үшiн сайлаушылар туралы мәлiмет беретiн адамдардың жауапкершiлiгiн заңнамалық тәртiппен бекiтуге;
      ж) саяси партиялардың құрылуына және олардың заңды еркiн iс-әрекет жасауына, саяси партияларды және сайлау процесiн қаржыландыруды заңмен реттеуге жәрдемдесуге, заңдар және мемлекеттiк саяси партиялар мен мемлекеттi ажыратуын, сайлау науқанын еркiндiк пен әдiлдiк жағдайында, яғни партиялар мен кандидаттар өз көзқарастары мен бағаларын, сайлау алдындағы бағдарламаларының (тұғырнамаларының) ережелерiн еркiн баяндайтындай, ал сайлаушылар олармен танысып, талқылап және "жақтағаны" немесе "қарсы" болғаны үшiн жазадан немесе қандай да бiр қудалаудан қауiптенбей еркiн дауыс берулерiне жәрдемдесетіндей еркiндiк пен әдiлдiк жағдайында жүргiзудi қамтамасыз етуге;
      з) бұқаралық ақпарат құралдары, соның iшiнде Интернет жүйесiнде сайлау науқанын көрсетуде бұрмалаушылық жасалмауына, саяси партиялар мен кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарына кемсiтпеушiлiк негiзде қол жеткiзуiне заңдық немесе әкiмшiлiк кедергiлер қоюдың мүмкiн болмауына кепiлдiк беретiн шаралар қабылдауды қамтамасыз етуге, сайлауға байланысты, деректерi сайлау процесiнiң қатысушыларына, сондай-ақ халықаралық бақылаушыларға олардың сұраулары бойынша танысу үшiн немесе көшiрмесiн жасауға берiлуi тиiс қоғамдық пiкiрдiң сауалнамасы қорытындыларының бiрыңғай ақпараттық банкiн құруға, сайлаудың ашық сипатын қамтамасыз ететiн, сайлаушылардың дауыс берудiң нәтижелерiне және сайлау қорытындыларына сенiмi дәрежесiн арттыратындай жаңа ақпараттық технологиялар енгiзуге;
      и) азаматтық құрылымның ұлттық бағдарламаларын қабылдау және осы iспеттес мемлекетаралық бағдарламаларды жасау мен қабылдауға қатысуға, азаматтарды және сайлау науқанының өзге де қатысушыларын сайлау рәсiмдерiмен және ережелерiмен таныстыру және оқыту үшiн жағдай жасауды, олардың құқықтық мәдениетiн және сайлауды ұйымдастырушылардың кәсiби бiлiктiлiгiн арттыруды қамтамасыз етуге;
      к) заңнамаға және мемлекеттiң халықаралық мiндеттемелерiне сәйкес, демократиялық еркiн де әдiл, шынайы және мерзiмдiк сайлауларды өткiзетiн, бұра тартпайтын тәуелсiз сайлау органдарын құруды қамтамасыз етуге;
      л) заңмен анықталған қажеттi дауыс санын алған кандидаттарға тиiстi жолмен қызметiне кiрiсуiне және қызметiнде өз өкiлеттiгiнiң мерзiмi аяқталғанша немесе заңмен реттелетiн басқадай жолмен оның мерзiмi тоқтатылғанша қалуын қамтамасыз етуге;
      м) азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын бұзушылықтардың тiзбесiн, сондай-ақ күштеу, алдау, үрей туғызу, құжаттарды алмастыру немесе өзгедей тәсiлмен азаматтардың сайлау және сайлануға құқығын жүзеге асыруға, конституцияда және заңдарда бекiтiлген өзге де сайлау құқықтары мен бостандықтарын iске асыруына кедергi келтiрушi адамдарды қылмыстық, әкiмшiлiк, болмаса өзгедей жауапкершiлiкке тартудың негiздерi мен тәртiбiн заңнамамен реттеу шараларын қабылдауға;
      н) ақпарат алмасу және ортақ пайдалану мақсатында, сайлау заңнамасы, сайлау процесiнiң қатысушылары (дербес деректер құпиялық сипатқа ие екендiгiн ескере отырып), құқық қолданушылық және сот тәжiрибелерi, сайлау жүйесiн жетiлдiру жөнiндегi заңнамалық ұсыныстар туралы ақпаратты, сондай-ақ сайлау процесiн ұйымдастыруға қатысты өзге де ақпараттарды қамтитын мемлекетаралық бiрыңғай деректер банкiн құруға жәрдемдесуге;
      о) сайлау органдарының мемлекетаралық қауымдастықтарын құру және (немесе) қазiргi барларының өкiлеттiктерiн кеңейтудi қоса алғанда, осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттердiң сайлау органдарының ынтымақтастығын дамытуға жәрдемдесуге мiндеттенедi.

20-бап
Осы Конвенцияға қарамастан берiлетiн құқықтар

      1. Осы Конвенциядағы ештеңе де мемлекеттердiң өздерi қатысушы болып табылатын халықаралық шарттар мен келiсiмдерге сәйкес азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарына қатысты олар қабылдаған халықаралық мiндеттемелердi орындауына кедергi жасамайды.
      2. Осы Конвенцияда айтылған құқықтардың жүзеге асырылуы барлық адамдардың жалпыға бiрдей танылған құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруына нұқсан келтiрмейдi.
      3. Осы Конвенциядағы ештеңе де Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы Жарғысының мақсаттары мен принциптерiне қайшы келетiндей қандай да бiр болмасын әрекетке жол бередi деген түсiнiк бермейдi.

21-бап
Мемлекетаралық сайлау кеңесiнiң мәртебесi

      Тараптар осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттердiң сайлау органдарының негiзiнде, осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттердегi сайлауларға бақылау жүргiзуге жәрдемдесу үшiн жұмыс жасайтын Мемлекетаралық сайлау кеңесiн құрудың қажеттiгiн таниды.

22-бап
Конвенцияның күшiне ену тәртiбi

      1. Осы Конвенция оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы үшiншi хабарламаны депозитарийге сақтауға тапсырған күнiнен бастап күшiне енедi.
      2. Депозитарийге осындай рәсiмдердi орындағаны туралы хабарламаны кейiнiрек жiберген Тараптар үшiн Конвенция мұндай хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшiне енедi.

23-бап
Конвенцияға қосылу тәртiбi

      1. Осы Конвенция одан туындайтын мiндеттемелердi өзiне қабылдауға дайын басқа мемлекеттердiң қосылуы үшiн ашық.
      2. Қосылушы мемлекет үшiн осы Конвенция қосылу туралы құжатты депозитарийге сақтауға тапсырған күннен бастап күшiне енедi.

24-бап
Конвенциядан шығу тәртiбi

      Әрбiр Тарап депозитарийге бұл туралы жазбаша хабарлама жiбергеннен кейiн осы Конвенциядан шыға алады.

25-бап
Конвенцияға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi

      Осы Конвенцияға оның ажырамас бөлiгi болып табылатын, осы Конвенцияның 22-бабымен көзделген тәртiпте күшiне енетiн жеке хаттамамен ресiмделген өзгертулер мен толықтырулар енгiзiле алады.

26-бап
Конвенцияны қолдануға немесе түсiндiруге байланысты даулардың шешiлуi

      Осы Конвенцияны қолдануға немесе түсiндiруге байланысты даулы мәселелер мүдделi тараптардың консультациялары мен келiссөздерi арқылы шешiледi.

      Кишинев қаласында 2002 жылғы 7 қазанда бiр түпнұсқа данада орыс тiлiнде жасалды. Түпнұсқа дана Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетiнде сақталады, ол осы Конвенцияға қол қойған әрбiр мемлекетке оның куәландырылған көшiрмесiн жiбередi.

       Әзiрбайжан Республикасы үшiн       Молдова Республикасы үшiн

      Армения Республикасы үшiн          Ресей Федерациясы үшiн

      Беларусь Республикасы үшiн         Тәжiкстан Республикасы үшiн

      Грузия үшiн                        Түрiкменстан үшiн

      Қазақстан Республикасы үшiн        Өзбекстан Республикасы үшiн

      Қырғыз Республикасы үшiн           Украина үшiн

Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердегi
демократиялық сайлаудың, сайлау құқықтары мен бостандықтарының
стандарттары туралы конвенцияның жобасына
ГРУЗИЯНЫҢ ECKEPTПЕСІ

      9-баптың 8-тармағын қоспағанда, Грузия Конвенция жобасын iске асыруға қатысатын болады, ал 10-баптың 3-тармағындағы талаптар ұлттық заңнаманы ескере отырып, жүзеге асырылатын болады.

Э. Шеварднадзе

ТМД Мемлекеттерi басшылары кеңесiнiң мәжiлiсiндегi
"Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердегi
демократиялық сайлаудың, сайлау құқықтары мен бостандықтарының
стандарттары туралы конвенция туралы"
күн тәртiбiнiң 13.4-тармағы бойынша:
(2002 жылғы 7 қазан, Кишинев қаласы)
УКРАИНАНЫҢ ЕСКЕРТПЕСI

      1. Украина үшiн осы Конвенцияның ережелерi мемлекеттiк билiктiң сайланатын органдарына, жергiлiктi өзiн-өзi басқаруға және сайланатын лауазым иелерiне ғана қатысты қолданылатын болады.
      2. Украина үшiн Конвенция оны Украинаның Жоғарғы Радасы ратификациялағаннан кейiн күшiне енедi.

      УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТI                                 Л.Д. КУЧМА

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады