"Қазақстан Республикасының Құрлықішiлiк мемлекеттердiң транзиттік саудасы туралы конвенцияға қосылуы және оны ратификациялауы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2006 жылғы 6 қыркүйектегі N 845 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
      "Қазақстан Республикасының Құрлықiшілiк мемлекеттердiң транзиттiк саудасы туралы конвенцияға қосылуы және оны ратификациялауы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрінің
      міндетін атқарушы

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

      Қазақстан Республикасының Құрлықiшiлiк мемлекеттердiң
транзиттiк саудасы туралы конвенцияға қосылуы және оны
ратификациялауы туралы

      Қазақстан Республикасы 1965 жылғы 8 шiлдеде Нью-Йоркте жасалған Құрлықiшiлiк мемлекеттердiң транзиттiк саудасы туралы конвенцияға қосылсын және оны ратификацияласын.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Бiрiккен Ұлттар Ұйымының теңiзге шыға алмайтын елдердiң транзиттiк сауда мәселелерi жөнiндегi конференциясы

ҚҰРЛЫҚIШIЛIК МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ТРАНЗИТТIК САУДАСЫ ТУРАЛЫ
КОНВЕНЦИЯСЫ

Бiрiккен Ұлттар Ұйымы

1966

ҚҰРЛЫҚIШIЛIК МЕМЛЕКЕТТЕРДIҢ ТРАНЗИТТIК САУДАСЫ ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯСЫ

КIРIСПЕ

      Осы Конвенцияның Тараптары болып табылатын мемлекеттер,
      Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 55-бабы Ұйымның экономикалық үдерiс шарттарына және экономика саласындағы халықаралық мәселелердi кеңейтуге ықпал етуiн талап ететiнiн ескерте отырып, 
      Бас Ассамблея "халықаралық сауданы көтермелеу үшiн транзиттiң тиiстi шарттарында, теңiз шекаралары жоқ мемлекеттер мұқтажын мойындай отырып", Ұйымға мүше мемлекеттердiң үкiметтерiне "теңiз шекаралары жоқ Ұйымға мүше мемлекеттердiң транзиттiк сауда саласындағы мұқтаждарын толық мойындай отырып және сондықтан да теңiз шекаралары жоқ мемлекеттердi экономикалық дамыту нәтижесiнде туындайтын келешек қажеттiлiктердi ескере отырып, осыған қатысты халықаралық құқық пен тәжiрибе негiзiнде оларға тиесiлi шарттарды қамтамасыз ететiн өтiнiш жасаған Бас Ассамблеяның теңiз шекаралары жоқ елдер туралы және халықаралық сауданы кеңейту туралы 1028 (ХI) қарарын атап көрсете отырып,
      ашық теңiз барлық ұлттар үшiн ашық және ешбiр мемлекет оның қандай да бiр бөлiгі өзiнiң егемендiгiне бағындыруға ұмтылуына құқылы емес деп мәлiмделген Ашық теңiз туралы конвенцияның 2-бабын, сондай-ақ аталған Конвенцияның мыналар көзделген 3-бабын назарға ала отырып:
      "1. Теңiз жағалауы жоқ мемлекеттердiң жағалау мемлекеттерiмен тең құқықта теңiздер еркiндiгі пайдалану үшiн теңiзге еркін кіpу мүмкiндiгi болуы тиiс. Осы мақсат үшiн теңiз бен теңiз жағалауы жоқ мемлекеттiң арасында орналасқан мемлекет, осы соңғысымен жалпы келiсiм бойынша және қазiргi халықаралық конвенцияларға сәйкес:
      " а) теңiз жағалауы жоқ мемлекетке өзара негiзде өз аумағы арқылы еркiн жол бередi және
      " b) осы мемлекеттiң туын көтерiп жүзушi кемелерге өз кемелерiмен немесе басқа мемлекеттердiң кемелерiмен тең жағдайда теңiз порттарына және осы порттарды пайдалануға қол жеткiзуге мүмкiндiк бередi.
      " 2. Теңiз бен теңiз жағалауы жоқ мемлекеттiң арасында орналасқан мемлекеттер, осы соңғысымен жалпы келiсiм бойынша және жағалау мемлекетiнiң немесе аумағы арқылы транзит жасалатын мемлекеттiң құқықтарын, сондай-ақ теңiз жағалауы жоқ мемлекеттегi ерекше жағдайларды есепке ала отырып, егер осындай мемлекеттер халықаралық конвенциялардың қазiрдiң өзiнде тараптары болып табылмаса, транзит еркiндiгiне қатысты және порттарды пайдаланудағы теңдiктiң барлық мәселелерiн шешедi".
      Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Конференциясы сауда және дамыту мәселелерi жөнiндегі төменде айтылған қағидаттарды, осы қағидаттар өзара байланысты деп саналатын және әрбiр қағидат мынадай қалған қағидаттар ескеріле отырып түсiндiріледі деген шартта тағы растай отырып:
      І қағидат
      Теңiзге шыға алмайтын әрбiр мемлекеттiң теңiзге еркiн кiру құқығын мойындау халықаралық сауданы кеңейту және экономикалық даму үшiн елеулi түрде қажет.

      II қағидат
      Аумақтық және iшкi суларда теңiзге шыға аламайтын мемлекеттiң туын көтерiп жүзушi кеме, осы жағалау мемлекетiнiң кемелерiн қоспағанда, теңiз мемлекеттерiнiң туын көтерiп жүзушi кемелер пайдаланатындай құқықтарды да және режимдi де пайдаланады.

      III қағидат
      Теңiз мемлекеттерiмен тең құқықта теңiзде жүзу еркіндігін пайдалану үшiн теңiзге шыға алмайтын мемлекеттің теңiзге еркiн кіру мүмкiндiгі болуы тиiс. Осы мақсат үшiн теңiз бен теңiзге шыға алмайтын мемлекеттiң арасында орналасқан мемлекеттер, осы соңғысымен жалпы келiсiм бойынша және қазiргi халықаралық конвенцияларға сәйкес өз кемелерiмен немесе басқа мемлекеттердiң кемелерiмен теңдiк шарттарында осы мемлекеттің туын көтерiп жүзушi кемелерге теңiз порттарына және осы порттарды пайдалануға қол жеткiзу мүмкiндiгiн бередi.

      IV қағидат
      Теңiзге шыға алмайтын мемлекеттердiң экономикалық дамуына жан-жақты ықпал ету мақсатында барлық мемлекеттер теңiзге шыға алмайтын мемлекеттерге өзара негiзде, олар барлық жағдайда және тауарлардың барлық түрлерiне қатысты өңiрлiк және халықаралық саудаға еркiн қатыса алатындай еркiн және шектелмеген транзит құқығын бередi.
      Транзиттiк тауарларға кедендiк баж салынбауы тиiс.
      Транзиттік көлiк құралдарынан транзит елiнiң көлiк құралынан алынатын салықтардан немесе алымдардан аспайтын арнайы салықтар немесе алымдар алынбауы тиiс.

      V қағидат
      Транзит мемлекетiнiң өз аумағында толық егемендiктi сақтай отырып, еркiн және шектелмеген транзит құқығын пайдаланудың оның кез келген түрдегi заңды мүддесiн бұзбауын қамтамасыз ету үшiн барлық қажеттi шараларды қолдануға құқығы бар.

      VI қағидат
      Әралуан географиялық аудандардағы теңiзге шыға алмайтын елдердiң алдында тұрған сауда және даму саласындағы арнайы және ерекше мәселелердi шешуге жалпы тәсiл эволюциясын үдету үшiн барлық мемлекеттер осыған бағытталған өңiрлiк және басқа да халықаралық келiсiмдердiң қорытындыларын көтермелеуi тиiс.

      VII қағидат
      Теңiзге шыға алмайтын елдерге олардың географиялық орналасу ерекшелiгiне қарай берiлетiн жеңiлдiктер мен ерекше құқықтар ең қолайлы жағдай қағидаты әрекетiне түспейдi.

      VII қағидат
      Теңiзге шыға алмайтын мемлекеттiң теңiзге еркiн кiруiне құқық белгілейтiн қағидаттар осы мәселелерге қатысы бар екi немесе бiрнеше уағдаласушы тараптар арасындағы қазiргi келiсiмдердi еш жағдайда жоймайды және келешекте осы келiсiмдерде жоғарыда айтылған ережелерден қолайсыздау немесе сол ережелерге қайшы келетiн режим орнатылмайтын жағдайда осындай келiсiмдер жасасуға кедергi болмайды.

      Төменгiлер туралы келiстi:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Конвенцияда:
      а) "құрлықiшілік мемлекет" деп теңiз жағалауы жоқ кез келген Уағдаласушы мемлекет түсiнiледi.
      б) "транзиттiк қозғалыс" деп құрлықішілiк мемлекет пен теңiз арасындағы қандай да бiр Уағдаласушы мемлекеттiң аумағы арқылы, тауар-багажды қоса алғанда, тауарлардың жүруi, осы жүру толық жолдың осы құрлықiшiлiк мемлекеттiң аумағы шегiнде басталатын немесе аяқталатын және осындай iлесiп жүрудiң тiкелей алдындағы немесе одан кейiнгі теңiзбен тасымалдау кiретiн бөлiгi болып табылатын жағдайларда түсініледi. Қайта тиеу, жинау, жүк топтарын ұсақтау топтарға бөлу және осындай тауарларды тасымалдау әдiсiн өзгерту, сондай-ақ машиналарды және үлкен заттарды жинау, бөлшектеу немесе қайталап жинау, осындай операциялардың кез келгенi тек тасымалдаудың қолайлығы мақсатында ғана жүргiзiлу жағдайында тауарлардың iлесiп жүруiн "транзиттiк қозғалыс" ұғымынан алып тастауға әкелмейдi.
      Осы тармақта ештеңеде кез келген Уағдаласушы мемлекеттi оның аумағында осындай жинау, бөлшектеу немесе қайталап жинау үшiн тұрақты қондырғылар құруға немесе осы қондырғыларды құруға рұқсат беруге мiндеттейтiн ереже деп қаралмауы тиiс.
      с) "транзиттiк мемлекет" деп аумақтары арқылы "транзиттiк қозғалыс" жүзеге асырылатын құрлықiшiлiк мемлекет пен теңiз арасында орналасқан теңiз жағалауы бар да және теңiз жағалауы жоқ та кез келген Уағдаласушы мемлекет түсiнiледi.
      d) "көлiк құралдары" сөйлемшесi:
      i) Кез келген темiржол жылжымалы құрамын, кез келген теңiз және өзен кемесiн және жол көлiгi құралдарын;
      ii) Жергiлiктi жағдайлар бойынша бұл талап етiлетiнiне қарай жүк тасушыны және теңдеп жүк артылар жануарларды;
      iii) Басқа да көлiк құралдарын, сондай-ақ мүдделi Уағдаласушы мемлекеттер арасындағы келiсiмдер бойынша - құбырларды және газ құбырларын бiлдiредi, егер олар осы бапта түсiнiлетiндей транзиттiк қозғалыс үшiн пайдаланылатын болса.

2-бап
Транзит еркiндiгi

      9. Осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес транзиттік қозғалысқа және көлiк құралдарына транзит еркiндiгi қамтамасыз етiледi. Осы Конвенцияның басқа ережелерiн сақтау жағдайында Уағдаласушы мемлекеттер аумақтары арқылы тасымалдарды реттеу және жүзеге асыру үшiн қолданатын шаралар мүдделi Уағдаласушы мемлекеттер үшiн транзитке қатысты өзара қолданылымды маршруттарды пайдалану бойынша транзиттiк қозғалысқа ықпал ететiн болады. Осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес тауарлардың шығарылған жерi, жөнелту, әкелу, әкету немесе тағайындалу белгiсi бойынша не тауарларға меншiк иесi құқығына немесе кемелерге, жер үстi көлiк құралдарына немесе өзге де пайдаланылатын көлiк құралдарына, тiркеу орнына нeмece көрсетiлген көлiк құралдары туына қатысты кез келген жағдайға байланысты ешқандай кемсiтушiлiк жүргізiлмейдi.
      2. Екiншi Уағдаласушы мемлекеттiң аумағының бөлiгі немесе бүкiл аумағы арқылы өтетiн көлiк құралдарын пайдалануды реттейтiн ереже мүдделi Уағдаласушы мемлекеттер арасындағы өзара келiсiм бойынша, олар қатысушысы болып табылатын көп жақты халықаралық конвенциялар есепке алына отырып белгiленедi.
      3. Әрбiр Уағдаласушы мемлекет өздерiнiң заңдарына, ережелерiне және қаулыларына сәйкес өз аумағы арқылы iлесiп жүруге немесе жүруi транзиттiк қозғалыс үшiн қажеттi тұлғаларға осындай аумаққа кiруiне рұқсат бередi.
      4. Уағдаласушы мемлекеттер өздерiнiң аумақтық сулары арқылы транзиттiк қозғалысқа әдеттегі халықаралық құқық немесе халықаралық конвенциялардың қолданылуына жататын қағидаттарына сәйкес, сондай-ақ өздерiнiң iшкi ережелерiне сәйкес рұқсат етедi.

3-бап
Кеден баждары және ерекше транзит алымдары

      Транзиттiк қозғалыс транзит мемлекеттiң аумағында қандай да болмасын билiк орындары тарапынан импортқа немесе экспортқа немесе транзитке байланысты ерекше алымдарға байланысты алынатын кеден баждары немесе салықтары салынбайды. Солай болса да, мұндай транзиттiк қозғалысқа транзитке байланысты қадағалау жөнiндегi шығыстарды және әкiмшiлiк шығыстарды жабуға ғана арналған алымдар салынады. Осы алымдардың ставкасы оларды жабуға арналған шығыстарға барынша сәйкес келуi тиiс және осы ереженi сақтаған жағдайда алымдар 2-баптың 1-тармағында белгіленген кемсiтушiлiктi жiбермеу туралы талаптарға сәйкес алынуы тиiс.

4-бап
Көлiк құралдары және тарифтер

      1. Уағдаласушы мемлекеттер оларда бар мүмкіндіктерге байланысты әкелу, әкету пункттерiнде, қажет болған жағдайда - қайта тиеу пункттерiнде транзиттiк қозғалыс ақталмаған кiдiртулерсiз жүзеге асырылу үшiн тиiстi көлiк құралдарын және тиеу-түсiру жабдығын бepугe мiндеттенедi.
      2. Уағдаласушы мемлекеттер мемлекет пайдаланатын немесе мемлекеттің басқаруындағы құрылғыларды пайдаланатын транзиттiк қозғалысқа көлік жағдайын және коммерциялық бәсекелестiк ойларды есепке ала отырып, ставкаларға да және оларды қолдану шарттарына да қатысты ақылға сыйымды болатын тарифтер мен алымдарды қолдануға мiндеттенедi. Осы тарифтер немесе алымдар транзиттiк қозғалысты барынша жеңiлдететiндей етiп белгіленедi және Уағдаласушы мемлекеттер олардың аумағы арқылы теңiзге шыға алатын елдердiң тауарларын тасымалдау кезiнде қолданатын тарифтер мен алымдардан аспауы тиiс. Осы тармақтың ережелерi тарифтер мен алымдарды Уағдаласушы мемлекет белгiлейтiн немесе бекiтетiн жағдайларда кәсiпорындар немесе жеке тұлғалар пайдаланатын немесе олардың басқаруындағы құрылғыларды пайдаланатын транзиттiк қозғалысқа қолданылуы мүмкiн тарифтер мен алымдарға да қолданылады. Осы тармақта қолданылатын "құрылғы" ұғымы пайдаланғаны үшiн тарифтер немесе алымдар алынатын көлiк құралдарын, порт құрылыстарын және жолдарды қамтиды.
      3. Су жолдарында құрылған, транзит мақсатында пайдаланылатын тiркеп сүйреудiң әр түрлi монополиялық қызметi кемелердiң транзиттiк өтуiне кедергi жасамайтындай етiп ұйымдастырылуы тиiс.
      4. Осы тармақтың ережелерi 2-баптың 1-тармағында белгіленген кемсiтушiлiк жiбермеу туралы шарттарды сақтаумен қолданылуы тиiс.

5-бап
Кедендiк, көлiктiк және басқа да нысандылықтарға
қатысы бар әдiстер мен құжаттама

      1. Уағдаласушы мемлекеттер еркiн, кедергiсiз және тұрақты транзиттiк қозғалысқа рұқсат ететiн әкiмшiлiк және кедендiк шаралар қолданады. Қажет болған жағдайда олар айтылған транзиттiк қозғалысты қамтамасыз ету және жеңiлдету жөнiндегi шараларға қатысты келiсiмге қол жеткiзу үшiн келiссөздер жүргiзуi тиiс.
      2. Уағдаласушы мемлекеттер транзиттік қозғалысқа қатысты, олардың аумағы бойынша барлық транзиттiклесiн жүру бойында, әр түрлi қайта тиеудi, жинауды, жүк топтарын аса ұсақ топтарға бөлу және осындай iлесiп жүру кезiнде болуы мүмкiн тасымалдау әдiсiндегi өзгерiстi қоса алғанда, оңайлатылған құжаттаманы және кедендiк, көлiктiк және басқада әкiмшiлiк нысандылықты орындаудың жылдам әдiстерiн пайдалануға мiндеттенедi.

6-бап
Транзиттік жүктердi сақтау

      1. Әкелу және әкету пункттерiнде және транзиттiк мемлекеттiң аралық пункттерiнде транзиттiк жүктердi сақтау шарттары мүдделi мемлекеттер арасындағы келiсiм бойынша белгiленуi мүмкiн. Транзиттік мемлекеттер осы елдерге келетiн немесе осы елдерден жөнелтiлетiн жүктер үшiн ұсынылатындай ең аз дегенде қолайлы жағдай ұсынады.
      2. Тарифтер мен алымдар 4-бапқа сәйкес белгіленедi. 

7-бап
Транзиттiк қозғалыстағы кiдiртулер немесе
қиыншылықтар

      1. Ырық бермейтiн күштер жағдайын қоспағанда, Уағдаласушы мемлекеттер транзиттiк қозғалыстағы кiдiртулер мен шектеулердi болдырмау үшiн барлық шараларды қолданады.
      2. Егер транзиттiк қозғалыста кiдiртулер немесе басқа да қиыншылықтар болса, транзиттiк мемлекеттiң немесе транзиттік мемлекеттердiң құзыреттi билiк орындары мен құрлықiшiлiк мемлекеттiк құзыретті билiк орындары оларды тез жою мақсатында ынтымақтасады.

8-бап
Еркiн аймақтар және басқа да кеден мүмкiншiлiктерi

      1. Транзиттiк мемлекеттердiң әкелу және әкету порттарында, ocы мемлекеттер мен құрлықiшiлiк мемлекеттер арасындағы келiсiм бойынша транзиттік қозғалыстың қолайлылығы үшiн еркiн аймақтар немесе басқа да кеден мүмкiншiлiктерi құрылуы мүмкiн.
      2. Осы түрiндегi мүмкiншiлiктер теңiз жағалауы немесе теңiз порттары жоқ басқа да транзиттік мемлекеттерде құрлықiшiлiк мемлекеттер үшiн жасалуы да мүмкiн.

9-бап
Анағұрлым маңызды мүмкiншiлiктер беру

      Осы Конвенция осы Конвенцияда көзделген мүмкiншіліктерден анағұрлым маңызды және олар Конвенция қағидаттарына сәйкес болу жағдайында олар туралы Уағдаласушы мемлекеттер өзара келiскен немесе оларды қандай да бiр Уағдаласушы мемлекет берген транзиттiк мүмкiншiлiктердi пайдалануға арналған құқықтан айыруға еш жағдайда әкеп соқпайды. Сондай-ақ, Конвенция келешекте осындай анағұрлым маңызды мүмкiншiлiктердi пайдалануға арналған құқығын бepугe кедергi жасамайды.

10-бап
Ең қолайлы жағдай туралы ескертпеге қарым-қатынас

      1. Уағдаласушы мемлекеттер құрлықiшiлiк мемлекеттерге олардың географиялық ерекше жағдайы себебiнен осы Конвенция ұсынатын мүмкiншiлiктер мен арнайы құқықтарға қатысты ең қолайлы жағдай туралы ескертпенiң әрекетi қолданылмайтыны туралы келiседi. Осы Конвенцияның қатысушылары болып табылмайтын құрлықiшiлiк мемлекет осы Конвенцияға сәйкес құрлықiшiлiк мемлекеттерге берiлетiн мүмкiншілiктер мен құқықтарға, осындай мүмкiншiлiктер мен арнайы құқықтарды беретiн осы құрлықiшiлiк мемлекеттер мен Уағдаласушы мемлекеттiң арасындағы шартта көзделген ең қолайлы жағдай туралы ескертпе негiзiнде ғана үміттене алады.
      2. Егер қандай да бiр Уағдаласушы мемлекет қандай да бiр құрлықiшiлiк мемлекетке осы Конвенцияда көзделетiннен маңыздырақ мүмкiншiліктер мен арнайы құқықтар берсе, осындай мүмкiншiлiктер мен арнайы құқықтарды кез келген басқа құрлықiшiлiк мемлекетке бермеу осындай мүмкiншiлiктер мен арнайы құқықтар беретiн осындай басқа құрлықiшiлiк мемлекеттер мен Уағдаласушы мемлекеттің арасындағы қандайда бiр шарттағы ең қолайлы жағдай туралы ережелерге қарама-қайшы келетiн жағдайды қоспағанда, осы мүмкiншiлiктер мен арнайы құқықтар берудi осы құрлықiшiлiк мемлекетпен шектеуге болады.

11-бап
Денсаулық сақтау, қауiпсiздiк және зияткерлiк
меншiктi сақтау мақсатында конвенциядан алып тастау

      1. Осы Конвенция бiрде-бiр Уағдаласушы мемлекеттi оның аумағына келуге тыйым салынған тұлғалардың транзитiн немесе адамгершiлiк, денсаулық сақтау немесе қоғам қауiпсiздiгi мақсатында не жануарлар мен өсiмдiктердiң ауруына қарсы немесе зиянкестерге қарсы сақтық шаралары ретiнде әкелуге рұқсат етiлмейтiн тауарлардың транзитiн жiберуге мiндеттемейдi.
      2. Әрбiр Уағдаласушы мемлекеттiң қажеттi сақтық шараларын қабылдауға және тұлғалар мен тауарлардың, әсiресе монополия бар тауарлардың iс жүзiнде транзитпенлесiп жүруiн және көлiк құралының iс жүзiнде осындай тауарларды тасымалдау үшiн пайдаланылуын қамтамасыз ету үшiн, сондай-ақ жол мен хабар беру құралдарының қауiпсiздiгi үшiн басқа да шаралар қабылдауға құқығы бар.
      3. Қандай да бiр Уағдаласушы мемлекет ол қатысушысы болып табылатын қандай да бiр жалпы халықаралық конвенцияның қаулыларын орындау үшiн қабылдауға мәжбүр болуы мүмкiн шараларды, осындай конвенция әлемдiк немесе өңiрлiк сипатта болуына және оның осы конвенция жасалған күнi жасалуына немесе келешекте жасалуына қарамастан, осындай қаулылар мыналарға қатысы бар жағдайда, осы Конвенцияда ештеңе қозғамайды:
      а) экспортқа импортқа немесе есiрткi немесе басқа да қауiптi дәрi-дәрмек құралдары немесе қару-жарақ сияқты тауарлардың белгiлi бiр түрлерiнiң транзитiне, немесе 
      b) өнеркәсiп, әдебиет немесе көркем өнер меншiктерiн қорғауға немесе фирмалық атаулар мен шығу тегi көрсетулерiн немесе шыққан жерлерi атауларын қорғауға, соған тең жосықсыз бәсекелестiктi болдырмауға.
      4. Кез келген Уағдаласушы мемлекетке өзiнiң елеулi қауiпсiздiк мүдделерiн қорғау үшiн қажеттi қандай да бiр шараларды қабылдауға осы Конвенцияда ештеңе кедергi жасамайды.

12-бап
Төтенше жағдайларда алып тастау

      Уағдаласушы мемлекет оның саяси өмiр сүруiне немесе қауiпсiздiгiне қауiп төндiретiн төтенше жағдайлар туындаған кезде қабылдауға мәжбүр жалпы немесе жеке сипаттағы шаралар айрықша жағдайларда және мүмкiндiгiнше өте қысқа кезең iшiнде, осы кезең iшiнде барынша мүмкiн шамада транзит еркiндiгi қағидаты сақталу шартында осы Конвенцияның ережелерiнен шегiнуге әкелуi мүмкiн.

13-бап
Конвенцияны соғыс уақытында қолдану

      Осы Конвенция соғыс уақытында соғысушы және бейтарап тараптардың құқықтары мен мiндеттерiн белгiлемейдi. Алайда Конвенция соғыс уақытында осындай құқықтар мен мiндеттер ескерiле отырып, бұл мүмкiн болатындай шамада күшiнде қалады.

14-бап
Конвенция жөнiндегi мiндеттемелер және Бiрiккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттердiң құқықтары мен мiндеттерi

      Осы Конвенция қандай да бiр Уағдаласушы мемлекетке Бiрiккен Ұлттар Ұйымының мүшесi ретiнде оның құқықтары мен мiндеттерiне қайшы келетiн ешқандай мiндеттемелер жүктемейдi.

15-бап
Өзара түсiнiстiк

      Осы Конвенцияның ережелерi өзара түсiнiстiк негiзде қолданылады.

16-бап
Дауларды шешу

      1. Осы Конвенцияның ережесiн түсiндiруге немесе қолдануға байланысты туындауы мүмкiн және келiссөздер жолымен немесе дауларды шешудiң басқа да бейбiт құралдармен тоғыз ай iшiнде шешiлмеген кез келген дау тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша төрелiк сот жолымен шешiледi. Төрелiк сот комиссиясы үш мүшеден тұрады. Әрбiр тарап дауда Комиссияның бiр мүшесiн тағайындайды, ал төраға болуы тиiс үшiншi мүшесi тараптардың жалпы келiсуiмен сайланады. Егер тараптар үш ай iшiнде Комиссияның үшiншi мүшесiн тағайындау туралы келiсiмге келмесе, Комиссияның үшiншi мүшесiн Халықаралық Соттың Төрағасы тағайындайды. Егер тараптардың әрқайсысы үш ай iшiнде талап етiлетiн тағайындауды жасамаса Халықаралық Соттың Төрағасы қалған ваканцияны немесе ваканцияларды толтырады.
      2. Төрелiк сот комиссиясы оған табыс етiлетiн мәселелердi жай көпшiлiк дауыспен шешедi.
      3. Төрелiк сот комиссиясы немесе осы Конвенция бойынша дауларды шешу тапсырылатын басқа да халықаралық органдар даулардың болуы және сипаты туралы және оларды шешу шарттары туралы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы арқылы басқа Уағдаласушы мемлекеттерге хабарлайды.

17-бап
Қол қою

      Осы Конвенция Бiрiккен Ұлттар Ұйымына мүше бүкiл елдердiң немесе кез келген мамандандырылған мекеменiң немесе Халықаралық Сот Мәртебесiнiң қатысушысы болып табылатын мемлекеттердiң, сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясы Конвенция қатысушысы болуға шақырған кез келген басқа мемлекеттiң қол қоюы үшiн 1965 жылғы 31 желтоқсанға дейiн ашық.

18-бап
Бекiту

      Осы Конвенция бекiтуге жатады. Бекiтiлген грамоталар Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына сақтауға тапсырылады.

19-бап
Қосылу

      1. Осы Конвенция 17-бапта көрсетiлген айтылған төрт санаттың бiрiне жататын кез келген мемлекеттiң қосылуына ашық. Қосылу туралы актiлер Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына сақтауға тапсырылады.

20-бап
Күшiне ену

      1. Осы Конвенция кем дегенде екi құрлықiшiлiк мемлекет немесе теңiз жағалауы бар екi транзит мемлекет бекiтiлген грамоталарды немесе қосылу туралы актiлердi сақтауға тапсырған күннен бастап отызыншы күнi күшiне енедi.
      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес осы Конвенцияның күшiне енуi үшiн қажеттi бекiтiлген грамоталарды немесе қосылу туралы актiлердi сақтауға тапсырғаннан кейiн Конвенцияны бекiтетiн немесе оған қосылатын әрбiр мемлекетке қатысты осы мемлекет өзiнiң бекiтiлген грамотасын нeмece қосылу туралы актiсiн сақтауға тапсырған күннен кейін отызыншы күнi күшiне енедi.

21-бап
Қайта қарау

      Уағдаласушы мемлекеттердiң үштен бiрiнiң талабы бойынша және Уағдаласушы мемлекеттердiң көпшiлiгiнiң келiсуiмен Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы осы Конвенцияны қайта қарау мақсатында конференция шақырады.

22-бап
Бас хатшы жiберетiн хабарламалар

      Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы 17-бапта көрсетiлген төрт санаттың бiрiне жататын барлық мемлекетті мыналар туралы хабардар етедi:
      а) осы Конвенцияға қол қойғаны және 17, 18 және 19-баптарға сәйкес бекiтiлген грамоталарды немесе қосылу туралы актiлердi сақтауға тапсыру туралы;
      b) 20-бапқа сәйкес осы Конвенцияның күшiне ену күнi туралы;
      с) 21-бапқа сәйкес осы Конвенцияны қайта қарау туралы талаптар туралы.

23-бап
Мағынасы бiрдей мәтiндер

      Мәтiндерi бiрдей болып табылатын орыс, ағылшын, испан, қытай және француз тiлдерiндегi осы Конвенцияның түпнұсқасы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына сақтауға тапсырылатын болады, ол оның расталған көшiрмелерiн 17-бапта көрсетiлген төрт санаттың бiрiне жататын бүкiл мемлекеттерге жiбередi.
      Осыны куәландыру үшiн тиiстi дәрежеде өз үкiметтерi уәкiлеттiк бергендер осы Конвенцияға қол қойды.

      Нью-Йоркте бiр мың тоғыз жүз алпыс алтыншы жылғы сегiзiншi шiлдеде Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерiнде жасалды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады