Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексiне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Жер учаскелерiн меншiкке өтеусiз беру үшiн халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарды айқындау ережесi бекiтiлсiн.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі |
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 2 қарашадағы N 1042 қаулысымен бекiтiлген |
Жер учаскелерiн меншiкке өтеусiз беру үшін халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарды айқындау ережесi
Жалпы ережелер
1. Жер учаскелерiн меншiкке өтеусiз беру үшiн халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарды айқындау ережесi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексiне сәйкес әзiрлендi және жер учаскелерi меншiкке өтеусiз негiзде берiлетiн халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарды (бұдан әрi - орталықтар) айқындау тәртiбiн белгiлейдi.
2. Жер учаскелерi халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға меншiкке:
әлемдiк нарықтағы экономика мен өндiрiстiң тиiстi салаларында бәсекеге қабiлеттi өнiмдер шығаруға бағдарланған жаңа технологияларды игеруге қолдау көрсету;
перспективалық кластерлерде экономика мен өндiрiс салаларының қажеттiлiктерiне сәйкес кадрлардың қайта мамандануының икемдi жүйесiн қалыптастыру;
елде халықаралық стандарттарға сәйкес келетiн халықаралық оқу орындарының филиалдарын дамыту мақсатында өтеусiз негiзде берiледi.
3. Жер учаскелерi меншiкке өтеусiз негiзде берiлетiн халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарды ғылыми және ғылыми-техникалық қызметте басшылық жасауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) айқындайды.
4. Көрсетiлген орталықтарды объективтi және құзыреттi түрде айқындау мақсатында уәкiлеттi орган жанынан жер учаскелерi өтеусiз негiзде берiлетiн халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарды айқындау жөнiндегi комиссия (бұдан әрi - Комиссия) құрылады. Комиссияның құрамы мен ол туралы ереже уәкiлеттi орган басшысының бұйрығымен бекiтiледi.
5. Комиссияның құрамына уәкiлеттi мемлекеттiк органның, сондай-ақ мүдделi мемлекеттiк органдардың, заңды тұлғалардың (жарғылық капиталына мемлекет қатысатын мемлекеттiк кәсiпорындар мен ұйымдар) өкiлдерi кiредi.
Ғылыми орталықтарды айқындау тәртiбi
6. Орталықты жер учаскесiн меншiкке өтеусіз негiзде алуға құқығы бар ретiнде айқындау үшiн, оның мынадай өлшемдерге сәйкес келуi талап етiледi:
1) акционері (тең құрылтайшы) ретінде шетелдік ұйым қатысатын, онда қазақстандық тарапта акциялардың бақылау пакеті (үлестің көбі) сақтала отырып, оның акцияларының пакеті (қатысу үлесі) акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) жарғылық капиталының кемінде 25 %-ын құрауы тиіс, жарғылық капиталы кемінде 50000 айлық есептік көрсеткіш акционерлік қоғамның не жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлға;
2) Қазақстан Республикасының Үкiметi жанындағы жоғарғы ғылыми-техникалық комиссияның (бұдан әрi - ЖҒТК) шешiмiмен мақұлданған, жер учаскесiн беру мақсаттарына сәйкес келетiн орталықтың даму тұжырымдамасының (бұдан әрi - тұжырымдама) болуы;
3) орталықтың мемлекеттiк ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық саясаттың басым бағыттары бойынша қызметтi жүзеге асыруы;
4) орталық қызметiнiң Қазақстан Республикасының Yкiметi жанындағы ЖҒТК айқындаған халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың неғұрлым перспективалық және тиiмдi бағыттарына сәйкестiгi;
5) орталық мамандарының Қазақстан Республикасының iргелi және қолданбалы ғылымы мен техникасының болжамдарын және даму стратегиясын әзiрлеуге қатысуы;
6) орталықтың Қазақстан Республикасының Президентi немесе Үкiметi бекiткен мемлекеттiк және салалық бағдарламаларды iске асыруға қатысуы;
7) орталықтың материалдық, қаржылық және кемiнде 5 ғылым докторы, оның iшiнде тиiстi бағыты бойынша Ph.D (философия докторы) бiлiктi ғылыми кадрларының болуын қоса алғанда, кадрлық ресурстармен қамтамасыз етiлуi.
Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 20.12.2013 N 1363 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).7. Осы Ереженiң 6-тармағында айқындалған өлшемдерге сәйкес және өздерiне жер учаскесiнiң меншiкке өтеусiз негiзде берiлуiне үмiткер орталықтар уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) уәкiлеттi орган бекiтетiн нысан бойынша өтiнiш;
2) орталықтың құрылтай құжаттарының нотариалды расталған көшірмелері және оны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің* немесе анықтаманың нотариалды расталған көшірмелері.
Ескертпе: *"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2012 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін берілген заңды тұлғаны (филиалды, өкілдікті) мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік заңды тұлғаның қызметi тоқтатылғанға дейін жарамды болып табылады;
3) уәкiлеттi органың орталықты аккредиттеу туралы шешiмiнiң көшiрмесi;
4) жарияланымдармен және патенттермен расталған ғылыми әзiрлемелердiң тiзiмi;
5) салық төлеушінің Қазақстан Республикасы бойынша салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдары бойынша берешегінің жоқ (бар) екені туралы тиісті салық органының белгіленген нысандағы анықтамасының түпнұсқасы;
6) жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi орган берген меншiгiнде жер учаскелерiнiң болуы немесе болмағаны туралы анықтама;
7) тұжырымдама және осы Ереженiң 6-тармағында айқындалған өлшемдерге орталық қызметiнiң сәйкестiгi туралы мәлiметтердi қамтитын өзге де құжаттар.
Өтiнiште жер учаскесiнiң пайдаланылу мақсаты, оның болжамды мөлшерi, орналасқан орны көрсетiледi.
Тұжырымдамада құрылатын орталықтың болжанып отырған объектiлерi, көлемi мен оны қаржыландыру көздерi, қызметтердiң түрлерi, шығарылатын өнiмнiң түрлерi мен көлемi көрiнiс табады.
Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 20.12.2013 N 1363 қаулысымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз).8. Құжаттарды қарау мерзiмi оларды қабылдаған сәттен бастап және уәкiлеттi орган тиiстi шешiм қабылдағанға дейiн отыз күнтiзбелiк күннен аспайды.
9. Ұсынылған құжаттарды қарау Комиссияның отырыстарында жүзеге асырылады. Қараудың қорытындылары бойынша Комиссия:
1) орталықты жер учаскесiн меншiкке өтеусiз негiзде алуға құқығы бар ретiнде айқындауды;
2) орталықты жер учаскесiн меншiкке өтеусiз негiзде алуға құқығы бар ретiнде айқындаудан бас тартуды ұсынады.
10. Комиссияның ұсынымдарына сәйкес уәкiлеттi орган жер учаскелерi меншiкке өтеусiз негiзде берiлетiн орталықтарды айқындау туралы шешiм қабылдайды.
11. Оларға қатысты жер учаскесiн меншiкке өтеусiз негiзде алу құқығын беруден бас тарту туралы шешiм қабылданған орталықтарды уәкiлеттi орган шешiм қабылданған сәттен бастап он жұмыс күнi iшiнде ол туралы жазбаша хабардар етедi.
12. Орталықты жер учаскесiн меншiкке өтеусiз негiзде алуға құқығы бар ретiнде айқындаудан бас тарту үшiн:
1) осы Ереженiң 6-тармағында көрсетiлген өлшемдерге сәйкес келмеуi;
2) ұсынылған құжаттардағы орталықтың қызметi туралы жалған немесе толық емес мәлiметтер;
3) орталықта салық берешегінің және міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің болуы негіз болып табылады.
Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 20.12.2013 N 1363 қаулысымен (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі).13. Оларға қатысты уәкiлеттi органның оң шешiмi қабылданған орталықтар қабылдаған шешiмнiң көшiрмесi оларға тапсырыла отырып, шешiм қабылданған сәтiнен бастап он жұмыс күнi iшiнде ол туралы жазбаша хабардар етiледi.
14. Жер учаскесін меншікке беру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген олардың құзыреті шегінде республикалық маңызы бар қаланың және астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері жер учаскелері меншікке өтеусіз негізде берілетін орталықтарды айқындау туралы уәкілетті органның шешімі болған кезде ғана қабылдайды.
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.12.2013 N 1363 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).15. Республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімінің жер учаскесін меншікке беру туралы шешімін алған орталықтар көрсетілген шешімді алған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде осы туралы уәкілетті органды жазбаша хабардар етеді.
Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.12.2013 N 1363 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).16. Жер учаскесiн алған орталықтарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес меншiк иелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi берiледi және жыл сайын, 20 қаңтарға және 20 шiлдеге дейiн уәкiлеттi органды орталықтың жер учаскесiн мақсатқа сай және оны ұтымды пайдалану жөнiндегi қызметi туралы хабардар етедi.
17. Уәкiлеттi орган учаске бiр жыл iшiнде мақсатына сай пайдаланылмаса және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылса, жер учаскесi орналасқан орын бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер ресурстарын басқару жөнiндегi аумақтық органына оны қайтып алу туралы ұсыныстар бередi.