Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристiк және рекреациялық мақсаттағы объектiлердi салуға конкурстар өткiзу ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 7 желтоқсандағы N 1181 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 5 шілдедегі № 910 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2012.07.05 № 910 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шiлдедегi Заңының 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қоса берiлiп отырған Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристiк және рекреациялық мақсаттағы объектiлердi салуға конкурстар өткiзу ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң        
2006 жылғы 7 желтоқсандағы
N 1181 қаулысымен    
бекiтiлген        

  Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристiк және рекреациялық мақсаттағы объектiлердi
салуға конкурстар өткiзу ережесi 1. Жалпы ережелер

      1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристiк және рекреациялық мақсаттағы объектiлердi салуға конкурстар өткiзу ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шiлдедегi Заңына , Қазақстан Республикасының жер азаматтық заңнамасына сәулет , қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңнамасына сәйкес әзiрлендi және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың (бұдан әрi - табиғатты қорғау мекемесi) мынадай түрлерiнде туристiк және рекреациялық мақсаттағы объектiлердi (бұдан әрi - объектiлер) салуға конкурстар өткiзу тәртiбiн айқындайды:
      1) мемлекеттiк ұлттық табиғи парк;
      2) мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парк;
      3) мемлекеттiк табиғи резерват.

      2. Объектiлердi салу (қайта жаңарту) конкурс нәтижелерi бойынша, табиғатты қорғау мекемесi мен конкурс жеңiмпазы арасында жасалған жер учаскесiн ұзақ мерзiмге жалға беру шарты (бұдан әрi - жалға беру шарты) негiзiнде табиғатты қорғау мекемелерiнiң инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Туристiк және рекреациялық мақсаттағы объектiлердi салуға (қайта жаңартуға) конкурс құжаттамасын дайындау және конкурс
өткiзудi ұйымдастыру тәртiбi

      3. Табиғатты қорғау мекемесi конкурсқа қойылатын объектiлердi алуға (қайта жаңартуға) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) бекiткен, мыналарды қамтитын конкурстық құжаттама пакетiн дайындайды:
      1) табиғатты қорғау мекемесiнiң инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарына сәйкес қалыптасқан, конкурсқа қойылатын лот (лоттар);
      2) конкурстың өтетiн уақыты мен орны туралы ақпарат;
      3) конкурстық өтiнiмдер беру тәсiлi, орны және соңғы мерзiмi және олардың қолданылу мерзiмi;
      4) конкурстық өтiнiмдер салынған конверттер ашылатын орны, күнi және уақыты (бiрақ конкурстық өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзiмi өткен сәттен бастап екi сағаттан кешiктiрмей);
      5) объектiлердi салуға арналған шарттың жобасы;
      6) жер учаскесiн құрылыс салуға (қайта жаңартуға) берудiң шарттары, оның нысаналы мақсаты;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын, мүдделi ұйымдармен келiсiлген құрылыс салу (қайта жаңарту) және объектiнiң одан әрi орнықты жұмыс iстеуi үшiн талап етiлетiн, сұралып отырған (есептерде) параметрлерде объектiлердi инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету көздерiне қосудың алдын-ала техникалық шарттары;
      8) жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу үшiн қажеттi мүдделi мемлекеттiк органдармен келiсiлген табиғатты қорғау мекемесiнiң инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарына сәйкес әзiрленген сәулет-жоспарлау тапсырмасы;
      9) объектiлердiң жобалау-сметалық құжаттамасын әзiрлеу және оларды салу (қайта жаңарту) мерзімдері. Бұл ретте жобалау-сметалық құжаттаманы әзiрлеу мерзiмi бір жылдан аспайтын, ал объектiнi салу (қайта жаңарту) мерзiмi үш жылдан аспайтын болып белгіленеді;
      10) инженерлiк, көлiк және әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiн салу (қайта жаңарту), объектiге жапсарлас аумақты (қажеттiлiгiне қарай) абаттандыру жөнiндегi талаптар;
      11) салына бастаған жер учаскесiнде орналасқан жылжымайтын мүлiктi бұзуға байланысты барлық шығындарды Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес (қажеттiлiгiне қарай) өтеу жөнiндегi талаптар.

      4. Табиғатты қорғау мекемесi алдағы конкурс туралы хабарландыруды Қазақстан Республикасының бүкiл аумағына таралатын мерзiмдi баспа басылымында конкурс өткiзiлетiн күнге дейiн кемiнде бiр ай бұрын орналастырады. Конкурс өткiзу туралы хабарландыруда конкурсты ұйымдастырушының атауы мен орналасқан жерi, конкурсқа қойылатын лоттардың тiзбесi, конкурстық құжаттаманы алу орны мен тәсiлдерi, конкурстық өтiнiмдер табыс етiлетiн орны мен соңғы мерзiмi, басқа да қажеттi ақпарат көрсетіледi.

      5. Табиғатты қорғау мекемесi басшысының бұйрығымен құрамына табиғатты қорғау мекемесінің, аумағында табиғатты қорғау мекемесi орналасатын жергiлiктi атқарушы органдардың, уәкiлеттi органның аумақтық органының, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органының, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi жергiлiктi органының өкiлдерi кiретiн конкурстық комиссия құрылады.
      Конкурстық комиссия мүшелерiнiң саны тақ болуы және кемiнде бес адам болуы тиiс. Конкурстық комиссияның төрағасы болып табиғатты қорғау мекемесiнiң басшысы немесе оның орынбасары, хатшысы болып табиғатты қорғау мекемесiнiң қызметкерi тағайындалады. Конкурстық комиссияның хатшысы оның құрамына кiрмейдi.

      6. Конкурстық құжаттаманы алу үшiн ықтимал қатысушы оны алуға арналған өтiнiмдi лоттарды көрсете отырып беруi қажет.

      7. Табиғатты қорғау мекемесi конкурсқа ықтимал қатысушыларды тiркегенге дейiн, конкурстық құжаттаманы алған адамдарға құрылыс салуға (қайта жаңартуға) бөлiнген және конкурсқа қойылатын жер учаскелерiмен танысуға мүмкiндiк бередi.

      8. Конкурстық құжаттаманы алған конкурсқа ықтимал қатысушы конкурстық құжаттамада белгiленген талаптарға сәйкес конкурстық ұсыныс дайындайды және оны белгiленген мерзiмде жабық конвертте табиғатты қорғау мекемесiне тiркеуге ұсынады. Конкурстық ұсынысты берген адамның конкурстық ұсынысы тiркелген сәттен бастап, ол конкурсқа қатысушы мәртебесiне ие болады.

      9. Конкурсқа ықтимал қатысушы конкурстық құжаттама ережелерiне түсiндiрме беру туралы сұрау салып жүгiнуге құқылы, бiрақ ол конкурстық өтiнiмдi табыс етудiң соңғы мерзiмi өткенге дейiнгi күнтiзбелiк он күннен кешiктiрiлмеуi керек. Конкурсты ұйымдастырушы сұрау салу тiркелген сәттен бастап үш күн мерзiмде оған жауап қайтаруға және сұрау салудың кiмнен түскенiн көрсетпестен, конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткен барлық конкурсқа ықтимал қатысушыларға осындай түсiндiрменi хабарлауға мiндеттi.

      10. Мемлекеттiк немесе орыс тiлдерiнде дайындалған, конкурсқа ықтимал қатысушы ұсынатын конкурстық ұсыныс мынадай құжаттарды қамтиды:
      лоттарды көрсете отырып, конкурсқа қатысуға арналған өтiнiм;
      заңды тұлғалар үшiн - заңды тұлға жарғысының және оның тiркелгенi туралы куәлiктiң, жеке тұлғалар үшiн - жеке басын куәландыратын құжаттың және жеке кәсiпкердiң тiркелгенi туралы  куәлiктiң нотариалды расталған көшiрмелерi;
      техникалық ерекшелiктерi (ерекшелiктердi, жоспарларды, сызбаларды, эскиздер мен халықаралық немесе қазақстандық стандартқа сiлтемелердi, бiрыңғай нормалар мен ережелердi қоса алғанда, ұсынылып отырған жұмыстар мен қызметтердiң техникалық сипаттамасы);
      заңды тұлғалар үшiн, өткен жылдың бухгалтерлiк теңгерiмi;
      табиғи кешендердiң және мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң сақталуын, жаңа жұмыс орнын құруды қамтамасыз етуге бағытталған ұсынылып отырған қызметтер мен жұмыстардың тiзбесi;
      объектiнi салу (қайта жаңарту) кезiнде көзделетiн жұмыстарды орындауға арналған лицензиялардың нотариалды куәландырылған көшiрмелерi.
      Конкурсқа қатысушы қосалқы мердiгерлердi тартқан жағдайда, конкурсқа қатысушы өзінің конкурстық ұсынысында тиiстi қосалқы мердiгерлердiң тiзбесiн құрылыс салу (қайта жаңарту) кезiнде көзделетін жұмыстарды орындауға арналған қажеттi лицензиялардың нотариалды куәландырылған көшiрмелерiн не қосалқы мердігерлердің лицензияларын беру туралы кепілхатты (бұдан әрі - кепілхат) қоса бере отырып ұсынады.
      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.04.18 № 426 Қаулысымен.

      11. Конкурстық комиссияның хатшысы қатысушы адамдарға конкурсқа қатысушылардың атауы мен орналасқан жерiн, олар қатысуды жоспарлап отырған лоттардың атауын, конкурстық ұсыныста берiлген құжаттардың тiзбесiн бiр мезгiлде хабарлай отырып, конкурстық ұсыныстар бар конверттердi ашуды жүзеге асырады.

      12. Конкурстық комиссияның хатшысы конкурстық ұсыныстары бар конверттердi ашу нәтижелерi бойынша конверттердi ашқан күнi конкурстық комиссияның барлық мүшелерi қол қоятын, куәландырылған көшiрмелерi конкурсқа қатысушыларға табыс етiлетiн конверттердi ашу хаттамасын жасайды.

      13. Конкурстық комиссия конверттер ашылған күнінен бастап он бес жұмыс күнi iшiнде конкурстық ұсыныстарды бағалауды өткiзедi.

      14. Конкурстық комиссияның шешiмi бойынша, ұсынысы конкурстық құжаттамада қамтылған барлық талаптарға жауап беретiн қатысушы конкурс жеңімпазы деп танылады және конкурстың шарттарын орындау бөлігінде үздiк болып табылады. Сондай-ақ конкурстық ұсыныста берiлген қосымша техникалық, бiлiктiлiк, ұйымдастырушылық және өзге де артықшылықтар назарға алынады.
      Конкурс жеңiмпазын анықтаған кезде, сондай-ақ өткен үш жыл iшiнде объектiлердi салу (қайта жаңарту) саласындағы оң жұмыс тәжiрибесi де ескерiледi.

      15. Басқа үмiткерлер болмаған кезде, конкурсқа жалғыз қатысушы, егер ол конкурстық ұсынысқа қойылатын талаптарды сақтаса және объектiнi салу (қайта жаңарту) жөнiнде олар берген ұсыныстар конкурс шарттарына жауап берсе жеңiмпаз деп танылуы мүмкiн.

      16. Егер конкурсқа қатысушылардың ұсыныстарын конкурстық комиссия конкурс шарттарын қанағаттандырмайды деп таныса, конкурсты ұйымдастырушы оны өткiзiлмедi деп тануы мүмкiн.

      17. Конкурсқа қатысушылардың арасынан оның жеңімпазын таңдау конкурстық комиссия мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан кезде, конкурстық комиссияның отырысында өткiзiледi. Конкурстық комиссияның шешiмi ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер ол үшiн конкурстық комиссияның қатысып отырған мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда, конкурстық комиссияның төрағасы дауыс берген шешiм қабылданды деп саналады.
      Конкурстық комиссияның шешімiмен келіспеген жағдайда конкурстық комиссияның кез келген мүшесi ерекше пiкiрiн бiлдiредi, оны жазбаша түрде баяндайды және объектiлердi салуға (қайта жаңартуға) арналған конкурс қорытындыларының хаттамасына (бұдан әрi - конкурс қорытындыларының хаттамасы) тiгедi.

      18. Әр лот бойынша конкурс қорытындыларының хаттамасына конкурстық комиссияның барлық қатысып отырған мүшелерi, сондай-ақ оның хатшысы қол қояды.

      19. Табиғатты қорғау мекемесi конкурс қорытындыларының хаттамасына қол қойылғаннан кейін үш күн мерзiмде уәкiлетті органға конкурс нәтижелерi туралы есеп бередi.

      20. Табиғатты қорғау мекемесi конкурс жеңiмпазына хабарлама жiбередi және ол жiберiлген сәттен бастап он жұмыс күнi iшiнде онымен жалға беру шартын жасасады және объектiнi салуға (қайта жаңартуға) рұқсат бередi.
      Кепілхат ұсынған жағдайда объектіні салуға (қайта жаңартуға) арналған рұқсат қосалқы мердігерлер лицензияларының көшірмелерін ұсынғаннан кейін беріледі.
      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.04.18 № 426 Қаулысымен.

      21. Шарт Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк тiркеуден өткеннен кейiн күшiне енедi.

      22. Конкурс жеңiмпазының оған жалға беру шартын жасасу үшiн хабарлама жiберiлген сәттен бастап он жұмыс күнi iшiнде келмеуi, оның жалға беру шартын жасасудан бас тартуы, сондай-ақ жеңiмпаздың кiнәсiнен оны жасасудың кiдiртiлуi жер учаскесiн жалға алудан және объектiнi салудан (қайта жаңартудан) бас тарту ретiнде қаралады. Мұндай жағдайда жеңiмпаз объектiнi салу (қайта жаңарту) бойынша қолайлы шарттар ұсынған қалған конкурсқа қатысушылардың iшiнен анықталады не бұл лот осы Ережеде белгiленген тәртiппен келесi конкурсқа шығарылады.
      Егер кепілхат ұсынған конкурс жеңімпазы жалға беру шарты жасалған күннен бастап 3 айдың ішінде қосалқы мердігер лицензиясының көшірмесін бермесе, конкурстық комиссия жеңімпазды қалған конкурсқа қатысушылардың ішінен анықтайды не бұл лот келесі конкурсқа шығарылады.
      Ескерту. 22-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.04.18 № 426 Қаулысымен.

      23. Табиғатты қорғау мекемесi конкурс нәтижелерiн сол конкурс өткiзу туралы хабарландыру берiлген баспа басылымында жариялайды.

      24. Конкурсқа қатысушы конкурстық комиссияның шешiмiмен келiспеген жағдайда конкурстың нәтижелерiне Қазақстан Республикасының  заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасауы мүмкiн.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады