"Экспорттық бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы (жаңа редакциясы)

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 23 желтоқсандағы N 1252 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
      "Экспорттық бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы (жаңа редакциясы) Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

      Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

Экспорттық бақылау туралы (жаңа редакциясы)

      Осы Заң Қазақстан Республикасының халықаралық, сондай-ақ ұлттық қауiпсiздiк мүддесiне, қару-жараққа, әскери техникаға, ядролық және арнайы ядролық емес материалдарға, әскери мақсаттағы өнiмге, екi ұдай қолданылатын тауарлар мен технологияларға, оларды өндiру мен пайдалануға байланысты шикiзатқа, материалдарға, жабдықтарға, технологияларға, ғылыми-техникалық ақпарат пен көрсетiлетiн қызметке экспорттық бақылауды жүзеге асырудың және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау режимiн нығайтудың негiздерi мен тәртiбiн белгiлейдi.

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) фирмаiшiлiк экспорттық бақылау жүйесi - экспорттық бақылау ережелерiн сақтау мақсатында сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар жүзеге асыратын ұйымдастырушылық, әкiмшiлiк, ақпараттық және өзге де сипаттағы iс-шаралар кешенi;
      2) тұтастай қамтитын бақылау - экспорттық бақылауға жатпайтын өнiмнiң тiзiмiне кiрмейтiн өнiмдердi бақылау;
      3) кепiлдiк мiндеттеме (түпкi пайдаланушының сертификаты) - экспорттық бақылауға жататын импортталатын өнiмдi мәлiмделген мақсатта пайдалану және оны сатушы елдiң келiсiмiнсiз үшiншi елдерге керi экспорттауға жол бермеу туралы елдiң құзыреттi органы берген - алушы елдiң ресми сендiруi;
      4) импорттаушының (түпкi пайдаланушының) кепiлдiк мiндеттемесi - экспорттық бақылауға жататын өнiмдi мәлiмделген мақсаттарға пайдалану туралы және оны уәкiлеттi органның рұқсатынсыз үшiншi елдерге керi экспорттауға жол бермеу туралы импорттаушының (түпкi пайдаланушының) жазбаша сендiруi;
      5) Қазақстан Республикасы экспорттық бақылау жүйесiнiң мемлекеттiк органдары - заңнамада белгiленген шектерде экспорттық бақылау құзыретiн жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары;
      6) импорт - тұрақты пайдалану және тұтыну үшiн Қазақстан Республикасының кеден аумағына экспорттық бақылауға жататын өнiм әкелу;
      7) экспорттық бақылауға жататын өнiм номенклатурасы (тiзiмi) - экспорттық бақылауға жататын тауарлардың, технологиялардың, жұмыстардың, қызметтер мен ақпараттың тiзбесi;
      8) жаппай қырып-жоятын қару - химиялық, бактериологиялық (биологиялық), радиологиялық және ядролық қару;
      9) экспорттық бақылауға жататын өнiмдердi Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тыс жерде қайта өңдеу - Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тыс қазақстандық тауарларды кеден заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының кеден аумағына оларды қайта өңдеу және одан кейiннен әкелу мақсатында шығару және пайдалану;
      10) зияткерлiк шығармашылық қызмет нәтижелерiне құқықтар - қару-жарақпен, әскери техникамен, екi ұдай мақсаттағы өнiммен, арнаулы жабдықпен және жаппай қырып-жоятын қаруды жасауға арналған технологиямен байланысты ғылыми еңбектерге, ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларға, өнертабысқа, пайдалы модельдерге, өнеркәсiптiк үлгiлерге, интегралдық микросхема топологиясына, ашылмаған ақпаратқа, оның iшiнде, "ноу-хау" шығарудың құпияларына, карталарға, жоспарларға, эскиздерге, иллюстрациялар мен үш деңгейлi шығармаға авторлық құқықтар;
      11) өнiм - экспорттық бақылауға жататын тауарлар, технологиялар, жұмыстар, қызметтер, ақпарат;
      12) керi импорт - кеден заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының кедендiк аумағынан бұрын әкетiлген экспорттық бақылауға жататын қазақстандық өнiмнiң өзгерiссiз жағдайда қайта әкелiнуi;
      13) керi экспорт - Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тысқары жерде шығарылған экспорттық бақылауға жататын, кеден аумағына бұрын әкелiнген немесе үшiншi елдерге басқа мемлекеттiң кеден аумағынан Қазақстан Республикасында шығарылған экспорттық бақылауға жататын өнiмдi әкету;
      14) жеткiзу құралдары - жаппай қырып-жоятын қаруды жеткiзуге қабiлеттi зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары (кемiнде 500 кг пайдалы жүктеменi 300 км және одан артық қашықтыққа жеткiзуге қабiлеттi);
      15) екi ұдай қолданылатын (мақсаттағы) тауарлар мен технологиялар - азаматтық мақсаттарда пайдаланылатын, бiрақ қару-жарақ, әскери техника және оқ-дәрiлер, оның iшiнде жаппай қырып-жоятын қару мен оны жеткiзу құралдарын өндiру үшін қолданылуы мүмкiн жабдық, материалдар, шикiзат, технологиялар мен ғылыми-техникалық ақпарат;
      16) тасымал - өнiмге кедендiк бақылау жасай отырып оны Қазақстан Республикасының кеден аумағы арқылы өткiзу;
      17) уәкілетті орган - экспорттық бақылау саласында мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      18) сыртқы экономикалық қызметке қатысушы (мәлiмдеушi) - Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тыс экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң экспортын, керi экспортын, импортын, керi импортын, тасымалдануын және қайта өңдеуiн жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды немесе жеке тұлғалары, шетелдiк заңды немесе жеке тұлғалар;
      19) экспорттық бақылау - экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң экспортының, керi экспортының, импортының, керi импортының, тасымалының немесе Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тыс қайта өңдеу осы Заңда және Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау саласындағы өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген тәртiбiн Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесi мемлекеттiк органдарының iске асыруы жөнiндегi шаралар жиынтығы;
      20) экспорт - Қазақстан Республикасының кеден аумағынан осы аумақтан тыс жерде тұрақты орналастыру немесе тұтыну мақсатында экспорттық бақылауға жататын өнiмдi әкелу;
      21) ядролық және арнайы ядролық емес материалдар - ядролық қаруды таратпау жөнiндегi халықаралық режимнiң талаптарына сәйкес осындай деп белгiленген материалдар;

       2-бап. Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Заңда көзделгендерден өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттардың нормалары қолданылады. 

       3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заңның күшi осы Заңның 8-бабында көрсетiлген өнiмнiң Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тыс экспортына, керi экспортына, импортына, керi импортына, тасымалына және қайта өңделуiне, сондай-ақ экспорттық бақылау саласындағы мемлекеттiк органдардың, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың (мәлiмдеушiлердiң) қатынастарына қолданылады.

       4-бап. Экспорттық бақылаудың негiзгi мақсаттары мен қағидаттары

      1. Экспорттық бақылаудың негiзгi мақсаттары:
      1) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;
      2) жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау режимiн нығайту;
      3) халықаралық қатынастардың тұрақты және қауiпсiз жүйесiн қалыптастыруға жәрдемдесу;
      4) экспорттық бақылау саласындағы халықаралық ұйымдармен және шет мемлекеттермен күш-жiгердi үйлестiру және өзара iс-қимыл жасау болып табылады.
      2. Экспорттық бақылаудың негiзгi қағидаттары:
      1) жаппай қырып-жоятын қаруды, оны жеткiзу құралдарын және қару-жарақ пен әскери техниканың өзге де түрлерi мен жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердi сақтау;
      2) экспорттық бақылауды жүзеге асыруда саяси мүдделердiң басымдылығы;
      3) экспорттық бақылау туралы заңнама жөнiндегi ақпаратқа қол жетiмдiлiк;
      4) халықаралық терроризм мен экстремизмдi қолдауға жол бермеу;
      5) экспорттық бақылау рәсiмдерi мен ережелерiнiң жалпыға танылған халықаралық нормалар мен практикаға сәйкестiгi.

       5-бап. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң экспорттық бақылау саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi экспорттық бақылау саласында:
      1) экспорттық бақылау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;
      2) Қазақстан Республикасында мемлекеттiк экспорттық бақылау жүйесiн қалыптастырады;
      3) экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң экспорты мен импортын лицензиялаудың ережесiн бекiтедi;
      4) Қазақстан Республикасына әкелiнетiн экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң пайдаланылуы жөнiндегi мiндеттемелердi ресiмдеу және олардың орындалуын тексеру ережесiн бекiтедi;
      5) экспорт бақылауға жататын өнiмнiң транзитiне рұқсат беру ережесiн бекiтедi;
      6) экспорттық бақылауға жататын өнiмдi Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тыс қайта өңдеуге рұқсат беру ережесiн бекiтедi;
      7) сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың фирмаiшiлiк экспорттық бақылау жүйесiне қойылатын бiлiктiлiк талаптарын бекiтедi;
      8) экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң номенклатурасын бекiтедi;
      9) осы Заңға сәйкес экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң кеден аумағынан тыс экспортына, импортына, транзитiне және қайта өңделуiне қатысты шектеулер енгiзiлетiн мемлекеттердiң тiзбесiн бекiтедi.

       6-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      Уәкiлеттi орган:
      1) экспорттық бақылау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды қамтамасыз етедi және Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесiнiң мемлекеттiк органдарының қызметiн үйлестiредi;
      2) экспорттық бақылау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi;
      3) Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесiнiң мемлекеттiк органдарымен бiрлесiп, экспорттық бақылауға жататын тауарлардың номенклатурасын әзiрлейдi;
      4) белгiленген құзыретi шегiнде кеден аумағынан тыс экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң экспортын, керi экспортын, импортын, керi импортын, транзитiн және қайта өңделуiн бақылайды;
      5) экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң экспорты мен импортын лицензиялауды жүзеге асырады;
      6) халықаралық ұйымдармен және шет мемлекеттермен экспорттық бақылау саласында шаралар әзiрлейдi және ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      7) Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесiнiң мемлекеттiк органдарымен бiрлесiп, қажет болған кезде экспорттық бақылауға жататын өнiмдi жөнелту алдындағы кезеңде және оның түпкi пайдаланылуын тексерудi жүзеге асырады;
      8) Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң номенклатурасы бойынша кепiлдiк мiндеттеме (түпкi пайдаланушының сертификатын) бередi;
      9) Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен номенклатура бойынша экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң тасымалына рұқсат бередi;
      10) өтiнiм берушiлерге және мүдделi мемлекеттiк органдарға өнiмдi экспорттық бақылауға жататын өнiмге жатқызу туралы қорытынды бередi;
      11) Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен номенклатура бойынша экспорттық бақылауға жататын өнiмдi кеден аумағынан тыс қайта өңдеуге рұқсат бередi.

       7-бап. Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесi мемлекеттiк органдарының құзыретi

      Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесiнiң мемлекеттiк органдары:
      1) экспорттық бақылау саласындағы нормативтiк құқықтық базаны қалыптастыруға қатысады;
      2) экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы заңсыз өткiзiлуiнiң алдын алады және оның жолын кеседi;
      3) халықаралық мiндеттемелерге сәйкес экспорттық бақылауға жататын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен номенклатура бойынша импортердiң (соңғы тұтынушының) кепiлдi мiндеттемелерiн келiседi;
      4) өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiне сәйкес экспорттық бақылауға жататын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен номенклатура бойынша экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң экспорты, керi экспорты, импорты, транзитi және кеден аумағынан тыс қайта өңделуi мәселелерiн келiседi.

       8-бап. Экспорттық бақылауға жататын өнiм

      1. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерi мен халықаралық мiндеттемелерiн негiзге ала отырып, Қазақстан Республикасының Yкiметi экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң номенклатурасын бекiтедi.
      2. Экспорттық бақылауға жататын өнiмге мыналар жатады:
      1) жай қару-жарақ пен әскери техника, шикiзат, материалдар, арнаулы жабдық пен технологиялар, оларды өндiруге байланысты жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтер;
      2) ядролық және арнайы ядролық емес материалдар, жабдық, қондырғылар, технологиялар, ионданатын сәуле шығаратын көздер, өнiм, екi ұдай қолданылатын жабдық пен тиiстi технологиялар, оларды өндiруге байланысты жұмыстар мен қызметтер;
      3) экспорттық бақылаудың халықаралық режимдерi белгiлейтiн тiзiмдер, тiзбелер бойынша химиялық қару жасау кезiнде пайдаланылуы мүмкiн екi ұдай қолданылатын химикаттар мен технологиялар;
      4) экспорттық бақылаудың халықаралық режимдерi белгiлейтiн тiзiмдерi, тiзбелерi бактериологиялық (биологиялық) және уытты қару жасау кезiнде пайдаланылуы мүмкiн ауру қоздырғыштар, олардың генетикалық жағынан өзгерген нысандары мен генетикалық материалдың бөлшектерi;
      5) тiзiмдерi, тiзбелерi экспорттық бақылаудың халықаралық режимдерiмен белгiленетiн зымырандық техника, қозғалтқыштар, олардың компоненттерi, жабдығы, зымырандық техника жасау кезiнде қолданылатын материалдар мен технологиялар;
      6) жаппай қырып-жоятын қару түрлерi;
      7) ғылыми-техникалық ақпарат, әскери мақсаттағы өнiмге және екi ұдай қолданылатын технологияларға байланысты қызметтер мен зияткерлiк шығармашылық қызметтiң нәтижелерi.

       9-бап. Экспорттық бақылау және оны жүзеге асырудың негiзгi әдiстерi

      1. Экспорттық бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстан Республикасының жаппай қырып-жоятын қаруды, оны жеткiзу құралдарын және өзге де қару түрлерi мен әскери техниканы өзге де түрлерi мен таратпау жөнiндегi халықаралық мiндеттемелерiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң экспорты мен импорты уәкiлеттi орган берген лицензиялар негiзiнде жүзеге асырылады.
      3. Экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң экспорты мен импортын лицензиялау Қазақстан Республикасының лицензиялау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң керi экспорты осы Заңда экспорт үшiн белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      5. Қазақстан Республикасынан шығарылатын және экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң керi экспорты алушы - елдiң кепiлдi мiндеттемесiн негiзге ала отырып, уәкiлеттi мемлекеттiк органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.
      6. Қазақстан Республикасының кедендiк аумағына әкелiнген және экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң керi экспорты өнiм өндiрiлген елдiң құзыреттi органының рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.
      7. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары немесе басқа мемлекеттердiң Қазақстан Республикасы аумағында уақытша орналасқан әскери құралымдары қару-жарағында тұрған (жарақтанған) экспорттық бақылауға жататын жарақтарды, өнiмдердi жөндеу (жаңғырту) мақсатында Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткiзу, сондай-ақ экспорттық бақылауға жататын өнiмдердi Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тыс жерде қайта өңдеу уәкiлеттi органның шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
      8. Көрмелерде көрсету үшiн экспорттық бақылауға жататын өнiмдi, осы шикiзатқа не экспорттық бақылауға жататын, коммерциялық құндылығы жоқ өнеркәсiп өнiмiне мүмкiн болатын сұранысты айқындау мақсатында зерттеулер (сертификаттау) жүргiзу үшiн шикiзат үлгiлерiнiң, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық келiсiмдер мен шарттарды орындау үшiн халықаралық ұйымдардың инспекторлары алатын сынамалар үлгiлерiнiң ең аз санын Қазақстан Республикасынан әкету лицензиясыз жүзеге асырылады. Бұл ретте сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар уәкiлеттi органға және Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесiнiң тиiстi мемлекеттiк органына алдын ала жазбаша хабарлайды.
      Осы бапта көрсетiлген мақсаттар үшiн үлгiлердiң ең аз санын олар бекiткен Ережеге сәйкес уәкiлеттi орган айқындайды.
      9. Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы экспорттық бақылауға жататын өнiмдi әкету мен әкелуге бақылау жасауды Қазақстан Республикасының кеден органдары жүзеге асырады.
      10. Сыртқы экономикалық мәмiлелердi жүзеге асыру кезiнде мәлiмдеушi келiсiм-шарт жағдайында Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесi мемлекеттiк органдарының экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң түпкi пайдаланылуын тексеруiне қол жеткiзуiн қамтамасыз етудi көздеуге мiндеттi.
      11. Уәкiлеттi орган экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң шығу елiнiң құзыреттi органы берген рұқсаттың түпнұсқалығын айқындауға құқылы.

       10-бап. Тұтастай қамтитын бақылау

      1. Тұтастай қамтитын бақылау талаптарын қамтамасыз ету мақсатында, егер сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға (өтiнiм берушiлерге) тауарлар, ақпарат, жұмыстар, қызметтер, зияткерлiк шығармашылық қызмет нәтижелерi шет мемлекеттiң немесе шетелдiк тұлғаның жаппай қырып-жоятын қару мен оны жеткiзу құралдарын жасау мақсаттары үшiн пайдаланылатыны анық белгiлi болса, оларға бұл тауарлармен, ақпаратпен, жұмыстармен, қызметтермен, зияткерлiк шығармашылық қызмет нәтижелерiмен сыртқы экономикалық мәмiлелер жасасуға немесе оған өзге де кез келген түрде қатысуға тыйым салынады.
      2. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар (өтiнiш берушiлер) Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген тәртiппен осы Заңның 8-бабында көрсетiлген тiзбелердiң қолданылу аясына жатпайтын тауарлармен, ақпаратпен, жұмыстармен, қызмет көрсетулермен, санаткерлiк шығармашылық қызмет нәтижелерiмен сыртқы экономикалық мәмiлелердi жүзеге асыруға уәкiлеттi мемлекеттiк органның лицензиясын Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген тәртiппен мынадай жағдайларда:
      1) оларды Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесiнiң уәкiлеттi органы немесе өзге де мемлекеттiк органы осы тауарлар, ақпарат, жұмыстар, қызметтер, зияткерлiк шығармашылық қызмет нәтижелерi осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мақсаттарда пайдаланылуы мүмкiн екендiгi туралы хабардар еткенде;
      2) осы тауарлар, ақпарат, жұмыстар, қызметтер зияткерлiк шығармашылық қызмет нәтижелерi осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мақсаттарда пайдаланылуы мүмкiн екендiгiне олар негiз бар деп санағанда рұқсат алуға мiндеттi.

       11-бап. Ұйымдардағы фирмаiшiлiк экспорттық бақылау жүйесi

      1. Осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген экспорттық бақылау ережелерiнiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн жаппай қырып-жою қаруларын, оны жеткiзу құралдарын және қару-жарақ пен әскери техниканың өзге де түрлерiн, қару-жарақ пен әскери техниканың өзге де қауiптi түрлерiн құру кезiнде пайдаланылуы мүмкiн көрсетiлген салада құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар фирмаiшiлiк экспорттық бақылау жүйесiн құрады.

       12-бап. Экспорттық бақылауға жататын өнiмдi жөнелту алдындағы кезеңде және оның түпкiлiктi пайдаланылуын тексеру

      1. Экспорттық бақылауға жататын өнiмдi жөнелту алдындағы кезеңде және оның түпкiлiктi пайдаланылуын тексерудi Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесiнiң мемлекеттiк органдарымен бiрлесiп, мынадай негiздемелер бойынша өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады және тағайындайды:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау саласындағы заңнамасының талаптарын сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың бұзуы туралы куәландыратын мәлiметтердi алу;
      2) сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың жаппай қырып-жою қару-жарағын, оны жеткiзу құралдары мен қару-жарақ пен әскери техниканың өзге де түрлерiн таратпау жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердi сақтамау.
      2. Тексеру уәкiлеттi орган берген тексерудi тағайындау туралы акт негiзiнде өткiзiледi.
      Тексерудi тағайындау туралы акт уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiпке сәйкес арнайы журналда тiркелуi тиiс.
      Тексерудi тағайындау туралы акт Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен құқықтық статистика және арнайы есепке алуды қалыптастыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк органда (бұдан әрi - құқықтық статистика жөнiндегi орган) мiндеттi түрде тiркеледi.
      3. Тексерудi жүргiзудiң басталуы тексерушi лауазымды тұлғаның (тұлғалардың) қызметтiк куәлiгiн мiндеттi түрде көрсете отырып, тексерудiң тағайындалуы туралы тексерiлетiн қатысушыға сыртқы экономикалық қызмет актiсiн тапсырған сәтi есептеледi.
      Тексеру экспорттық бақылауға жататын өнiмдi жөнелту алдындағы кезеңде және оның түпкiлiктi пайдаланылуын тексерудi тағайындау туралы актiде көрсетiлген тек сол лауазымды тұлға (тұлғалар) жүргiзедi.
      Экспорттық бақылауға жататын өнiмдi жөнелту алдындағы кезеңде және оның түпкiлiктi пайдаланылуын тексерудi тағайындау туралы бiр актiнiң негiзiнде бiр тексеру ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
      4. Тексерудi жүргiзу мерзiмi отыз күнтiзбелiк күннен аспауы тиiс, қажеттiлiк кезiнде тексерудi жүргiзу мерзiмi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен ұзартылуы мүмкiн.
      Тексеру мерзiмiн ұзартқан жағдайда уәкiлеттi орган мiндеттi түрде тексерудiң ұзартылғаны туралы қосымша актiнi құқықтық статистика жөнiндегi органда тiркей отырып, рәсiмдейдi, онда тексерудiң тағайындалғаны және ұзарту себептерi туралы алдыңғы актiнiң тiркелген нөмiрi мен күнi көрсетiледi.
      5. Тексерудi тағайындау туралы акт сыртқы экономикалық қызметтiң бiр қатысушысына ресiмделедi.
      6. Тексеру аяқталысымен оны жүзеге асырушы уәкiлеттi органның лауазымды тұлғасы Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау саласындағы заңнамасының талаптарын сақтау мәнiне тексеру нәтижелерi жөнiндегi актiнi жасайды.
      7. Тексеру мерзiмiнiң аяқталуы деп сыртқы экономикалық қызметке қатысушының тексерiлетiнге тексеру нәтижелерi туралы актiнi тапсыру күнi есептеледi.
      Тексеру нәтижелерi туралы актi тексерудi тағайындау туралы актiде көрсетiлген тексерудi аяқтаудың мерзiмiнен кешiктiрiлмей тапсырылады.

       13-бап. Сыртқы экономикалық мәмiлелердiң есебi

      1. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар экспорттық бақылау мақсаттары үшiн экспорттық бақылауға жататын өнiммен сыртқы экономикалық мәмiлелердiң есебiн жүргiзуге мiндеттi.
      2. Тауарлармен, ақпаратпен, жұмыстармен, қызметтермен, зияткерлiк қызмет нәтижелерiмен сыртқы экономикалық мәмiлелерге қатысты құжаттар, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында одан ұзақ сақтау мерзiмi белгiленбесе, бес жыл бойы сақталады.
      3. Экспорттық бақылау мақсаттары үшiн сыртқы экономикалық мәмiлелер есебiнiң ережесi мен нысандарын уәкiлеттi орган айқындайды.

       14-бап. Қазақстан Республикасының экспорттық бақылауға байланысты халықаралық санкцияларға қатысуы

      Қазақстан Республикасының бiр мемлекетке немесе бiрқатар мемлекеттерге қатысты экспорттық бақылауға байланысты халықаралық санкцияларға қатысуы және бұл санкциялардың күшiне енгiзiлуi Бiрiккен Ұлттар Ұйымы немесе басқа да халықаралық ұйымдар шешiмдерiнiң негiзiнде Қазақстан Республикасының заңнамаларымен белгiленедi. Жекелеген жағдайларда мұндай санкцияларды Қазақстан Республикасы бiржақты қолдана алады.

       15-бап. Экспортты шектеу

      1. Қазақстан Республикасы шет мемлекеттер Қазақстан Республикасы алдында алған мiндеттемелерiн бұзған жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешiмдерi бойынша кеден аумағынан тыс экспорттық бақылауға жатқызылатын өнiм экспорты, импорты және транзитi жөнiнде оларға қатысты шектеулер енгiзуге, тiптi оған тыйым салуға құқылы.
      2. Қазақстан Республикасының Yкiметi ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiн орындау мүдделерiн негiзге ала отырып, экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тыс экспорты, импорты, транзитi және қайта өңделуiне шектеулер енгiзiлуi мүмкiн мемлекеттердiң тiзбесiн белгiлейдi.

       16-бап. Экспорттық бақылау саласындағы ақпаратқа қатынас

      1. Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесiнiң мемлекеттiк органдарынан және шетел мемлекеттерiнiң органдарынан, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардан экспорттық бақылауға саласына қатысты қажеттi құжаттар мен ақпаратты сұратуға және алуға құқылы.
      2. Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесiнiң мемлекеттiк органдары уәкiлеттi органнан, Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесiнiң басқа да мемлекеттiк органдарынан және сыртқы экономикалық қызметке қатысушы шет мемлекеттерiнiң органдарынан экспорттық бақылау саласына қатысты қажеттi құжаттар мен ақпаратты сұратуға және алуға құқылы.
      3. Экспорттық бақылау саласындағы сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар ұсынған құжаттар мен ақпарат тек экспорттық бақылау саласында қолданылады.
      4. Мемлекеттiк құпияларды, коммерциялық және өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын құжаттар мен ақпараттар сондай-ақ экспорттық бақылау саласындағы сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қатысты құпия ақпаратты уәкiлеттi органның және Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесiнiң мемлекеттiк органдарының лауазымды тұлғалары қызметтiк емес мақсаттар үшiн жариялай алмайды, қолданбайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк органдарға және үшiншi тұлғаға берiлмейдi.
      5. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органы мен мемлекеттiк органдарының талабы бойынша көрсетiлген органдардың осы Заңда және Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау саласындағы өзге де нормативтiк  құқықтық актiлерде көзделген мiндеттер мен функцияларды орындауы үшiн қажеттi құжаттар мен ақпаратты ұсынуға мiндеттi.

       17-бап. Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау саласындағы халықаралық ынтымақтастығының мақсаттары мен нысандары

      1. Қазақстан Республикасы экспорттық бақылау және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпаудың режимдерiн күшейту саласындағы халықаралық ұйымдармен және шетелдiк мемлекеттермен ынтымақтасады.
      2. Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау саласындағы халықаралық ынтымақтастығы мына:
      1) жаппай қырып-жоятын қаруды, оларды жеткiзу құралдарын, сондай-ақ олардың жасау технологияларын таратуды болдырмау жөнiнде шетел мемлекеттерiмен бiрге күш жiгердi және өзара iс-қимылдарды үйлестiру;
      2) халықаралық қатынастардың тұрақты және қауiпсiз жүйесiн қалыптастыруға жәрдемдесу;
      3) Қазақстан Республикасының экономикасын әлемдiк экономикаға тең құқықты және өзара тиiмдi негiзде ықпалдастыру үшiн қолайлы жағдайлар жасау;
      4) Қазақстан Республикасының тауарлармен, ақпаратпен, жұмыстармен, қызметтермен, зияткерлiк меншiк құқықтарымен, оның iшiнде оларға (зияткерлiк меншiк) ерекше құқықтармен халықаралық алмасуға қатысуын жандандыру, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың жоғары технологиялардың әлемдiк рыноктарына енуi үшiн мүмкiндiктердi ұлғайту;
      5) экспорттық бақылаудың халықаралық және мемлекетiшiлiк тетiктерiн жетiлдiру, Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау саласындағы заңнамасын бұзу фактiлерiн және оларды бұзған адамдарды айқындау мақсаттарында жүзеге асырылады.
      3. Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау саласындағы халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының халықаралық экспорттық бақылау режимдерiне және халықаралық форумдарға қатысуы, шетел мемлекеттерiмен және халықаралық ұйымдармен келiссөздер және консультациялар жүргiзу, ақпаратпен өзара алмасу, сондай-ақ көрсетiлген салада екi жақты және көп жақты негiзде бiрлескен бағдарламалар мен өзге де iс-шараларды iске асыру арқылы жүзеге асырылады.
      4. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары экспорттық бақылау саласында халықаралық ұйымдармен, шетелдердiң мемлекеттiк органдармен, сондай-ақ шетелдiк үкiметтiк емес ұйымдармен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен өз құзыретi шегiнде өзара iс-қимылды жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы мақсаттары экспорттық бақылаудың мемлекетiшiлiк тетiктерiнiң тиiмдi жұмыс iстеуiне жәрдемдесу болып табылатын отандық ұйымдар және шетелдiк үкiметтiк емес ұйымдары арасындағы келiсiм-шарттарды дамыту және ақпарат алмасуға жәрдемдеседi.

       18-бап. Экспорттық бақылау туралы Қазақстан   Республикасының заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғалары, сондай-ақ шетелдiк заңды және жеке тұлғалар және азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау туралы заңнамасын бұзған жағдайда олар Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген жауапкершiлік алады.

       19-бап. Экспорттық бақылау жүйесiнiң мемлекеттiк органдары лауазымдық тұлғаларының шешiмдерiне және әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) шағымдану

      Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесiнiң уәкiлеттi органы мен мемлекеттiк органдарының лауазымды тұлғаларының экспорттық бақылауды жүзеге асыру кезiндегi шешiмдерi мен әрекеттерi (әрекетсiздiгi) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағымдалуы мүмкін.

       20-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Заң оның ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
      2. "Экспорттық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 18 маусымдағы  Заңының  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 8-9, 240-құжат; 2000 ж., N 20, 377-құжат; 2003 ж., N 18, 143-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

       Қазақстан Республикасының
            Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады