"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жедел-іздестіру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 23 желтоқсандағы N 1272 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жедел-іздестіру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

      Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

      Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жедел-іздестіру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мынадай заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қылмыстық іс жүргізу  кодексіне  (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 23, 335-құжат; 1998 ж., N 23, 416-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; N 6, 141-құжат; 2001 ж., N 8, 53-құжат; N 15-16, 239-құжат; N 17-18, 245-құжат; N 21-22, 281-құжат; 2002 ж., N 4, 32, 33-құжат; N 17, 155-құжат; N 23-24, 192-құжат; 2003 ж., N 18, 142-құжат; 2004 ж., N 5, 22-құжат; N 23, 139-құжат; N 24, 153, 154, 156-құжат; 2005 ж., N 13, 53-құжат; N 21-22, 87-құжат, N 24, 123-құжат; 2006 ж. N 5-6, 31-құжат; N 12, 72-құжат):
      1) 101-баптың екінші бөлігінің 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2) қалған қатысушылар үшін оны дауысы және сыртқы белгілері: жасы, жынысы, акценті, ұлты, бойы, дене бітімі, жүрісі, мүсіні бойынша тануды болдырмайтын жағдайларда;";
      2) 237-баптың бірінші бөлігінде:
      "телефондар және басқа да сөйлесу құрылғылары арқылы сөйлескен сөздерін" деген сөздер "телефондар және басқа да сөйлесу құрылғылары арқылы жүргізілген сөйлесулерін" деген сөздермен ауыстырылсын;
      "қылмыс туралы," деген сөзден кейін "ауырлығы орташа," деген сөздермен толықтырылсын;
      3) 326-бап мынадай мазмұндағы жетінші, сегізінші және тоғызыншы бөліктермен толықтырылсын:
      "7. Сот талқылауына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сот шаралар қабылдайды және сот талқылауын осы Кодекстің 101-бабында көзделген ережелерге сәйкес жүргізеді.
      8. Басты сот талқылауы басталар алдында төрағалық етуші сот талқылауының барлық қатысушыларына қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бойынша сотқа өтініш жасау құқығы туралы түсіндіреді.
      9. Қауіпсіздік шараларын қабылдау туралы тараптардың бірінің немесе сот талқылауына қатысушының өтінішіне орай сот осы мәселе бойынша қаулы шығаруға құқылы.".
      2. "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 15 қыркүйектегі  Заңына  (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1994 ж., N 13-14, 199-құжат; 1995 ж., N 24, 167-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., N 14, 275-құжат; 1998 ж., N 24, 436-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; 2001 ж., N 8, 53-құжат; N 17-18, 245-құжат; 2002 ж., N 4, 32-құжат; N 15, 147-құжат; N 17, 155-құжат; 2004 ж., N 18, 106-құжат; N 23, 142-құжат; N 24, 154-құжат; 2005 ж., N 13, 53-құжат):
      1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "1-бап. Негізгі ұғымдар
      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) азаматтарға сауал-сұрақ қою - оған ие немесе иелік етуі мүмкін сауал-сұрақ қойылған адамның сөздерінен жедел-іздестіру қызметінің міндеттерін шешу үшін маңызы бар нақты ақпарат жинау;
      2) анықтамалар жүргізу - қызығушылық танытатын ақпаратқа ие немесе иелік етуі мүмкін тиісті жеке немесе заңды тұлғаға ресми сұрау жіберу жолымен жедел-іздестіру қызметінің міндеттерін шешу үшін маңызы бар нақты ақпарат алу;
      3) арнаулы жедел-іздестіру шарасы - заңмен қорғалатын жеке өмірге тиіспеушілік, хат жазысу, телефонмен сөйлесу, телеграф хабарламалары мен почта жөнелтілімдері құпиясын, сондай-ақ тұрғын үйге қол сұқпаушылық құқығын тікелей қозғайтын жедел-іздестіру шарасы;
      4) арнаулы техникалық құралдар - жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында ақпаратты табу және құжаттау үшін арнайы функциялары, бағдарламалық қамтамасыз етуі және конструкциялық ерекшеліктері бар құрылғы, аппаратура, тетік, жабдық, оның ішінде өнеркәсіптік және тұрмыстық мақсаттағы бұйымдар мен тауарлар түрінде орындалғандары;
      5) байланыс желілеріндегі жедел іздеу - телекоммуникация желілері және почта байланысы арналары бойынша берілетін ақпараттан құқыққа қарсы қызметтің белгілерін табу жөніндегі жасырын әрекеттер;
      6) байланыстың техникалық арналарынан, компьютер жүйелерінен және өзге техникалық құралдардан ақпараттар алу - ақпараттарды теру, өңдеу, жинақтау, сақтау, іздеу және таратуға арналған электр байланыс арналары, компьютер желілері, деректер базалары, телекоммуникациялық және ақпараттық жүйелер арқылы жеткізілетін ақпаратты арнаулы техникалық құралдармен жасырын алу;
      7) бақылауға алынған жеткізілім - еркін сатуға тыйым салынған немесе айналымы шектелген, сондай-ақ қылмыстық қол сұғудың объектілері немесе қарулары болып табылатын заттардың, нәрселердің және өнімдердің жеткізіліміне, сатып алынуына, сатылуына, орын ауыстыруына бақылау қою арқылы қылмыс әрекетінің белгілері туралы ақпарат алу тәсілі;
      8) байқау - адамдардың әрекеттерін, құбылыстарды (оқиғаларды, фактілерді, процестерді) тікелей немесе делдалды (жеке адамның өміріне, денсаулығына және айналадағы ортаға зиянын тигізбейтін дыбыс-бейне жазбаларды, кино-сурет түсірілімдерін және басқа техникалық құралдарды, заттарды және материалдарды пайдалана отырып) жасырын қабылдау;
      9) белгілері бойынша жеке адамды іздеу және ұқсастыру - іздеудегі адамды табуға және жеткілікті ықтималдық дәрежеде тануға мүмкіндік беретін, тұлғаны жекелендіретін оның дене бойы мен қимыл-қозғалысы және тектік дара белгілері, сондай-ақ ауызша суреттеу мен басқа тәсілдер бойынша ұқсастыруға бағытталған ұйымдастырушылық және пәндік-тәжірибелік шаралардың жиынтығы;   
      10) енгізу - жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органның қызметкерін, не онымен қызмет жасайтын конфидентті, жедел-іздестіру қызметінің міндетін шешу үшін жедел мүдде объектісінің ортасына жасырын енгізу;
      11) жалпы жедел-іздестіру шарасы - жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың бірыңғай тактикалық, стратегиялық оймен байланысқан осы қызмет міндеттерін шешуге бағытталған әрекеттерінің жиынтығы;
      12) жедел есеп ісі - мәліметтерді жинау және жүйелеу, жедел-іздестіру қызметінің қорытындыларын тексеру және бағалау, сондай-ақ олардың негізінде тиісті шешімдер қабылдау мақсатында жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органмен жүргізілетін жекеленген өндіріс;
      13) жедел кіру - тұрғын және басқа үй-жайларға, үйлерге, ғимараттарға, көлік құралдарына, жер учаскелеріне тексеру мақсатында, сондай-ақ жедел-іздестіру қызметінің өзге міндеттерін шешу үшін жасырын кіру;
      14) жедел сатып алу - жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органның рұқсатымен және оның бақылауымен ықтимал қылмыс әрекеті туралы ақпарат алу мақсатында зерттелетін адамнан тұтыну немесе сату мақсатынсыз заттар сатып алынатын, жалған мәміле жағдайын жасау;
      15) жедел-іздестіру қызметі - адамдардың және азаматтардың өмірін, денсаулығын, құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, меншікті қорғау, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың арнаулы қызметтерінің қылмысты қол сұғуынан, сондай-ақ барлау-бүлдіру әрекетінен қоғам мен мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында уәкілдік берілген мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Заңға, Қазақстан Республикасының басқа да заңдары мен нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асыратын жария және жасырын жедел-іздестіру, ұйымдық және басқару шараларының ғылыми негізделген жүйесі;
      16) зерттеу үшін сынамалар мен үлгілерді іріктеп алу - жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы орган иеленетін заттармен салыстыру мақсатында ақпаратты материалды тасушы затты табу, алу және сақтау;
      17) конфиденттер - жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органмен құпия негізде (сонымен қатар келісім-шарт бойынша) қызметтесуге келісім берген, сонымен қатар осы органмен бұрын өзінің келісімен қызмет жасаған Қазақстан Республикасының кәмелетке толған, іс-әрекетке қабілетті азаматтары, шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ тұлғалар;
      18) құқыққа қарсы әрекеттер іздерін табу, жасырын бекіту және алу, оларды алдын ала зерттеу - бойында қылмыс іздерін сақтаған немесе қылмыс жасаудың қаруы не болмаса қылмыстық әрекеттің нәтижесі болып табылатын материалды объектілерді табу және айналымнан немесе нақты адамның иелігінен алу және олардың ерекше белгілері мен қасиеттерін заңмен белгіленген нысанда бекіту;
      19) почта-телеграф жөнелтілімдерін бақылау - хаттар, жеделхаттар, радиограмма, бандероль, посылка және өзге почта-телеграф жөнелтілімдерін қарау және мазмұнымен танысу арқылы іс үшін маңызы бар ақпарат алу;
      20) сөздерді жасырын тыңдау және жазып алу - дыбыс-бейне техникасын және басқада арнаулы техникалық құралдарды пайдалана отырып, сөздік ақпаратты жасырын акустикалық бақылау және бір мезгілде оның мазмұнын заттық таратушыға жазып алу;
      21) телефон арқылы жүргізілген сөйлесулер туралы мәліметтер алу - телефон байланысы абонентінің кіріс және шығыс қоңыраулары туралы жасырын ақпарат алу;
      22) телефондар және басқа да сөйлесу құрылғылары арқылы жүргізілетін сөйлесулерді тыңдау және жазып алу - телефондар және басқа да сөйлесу құрылғылар арқылы берілетін ауызша ақпаратты арнаулы техникалық құралдардың көмегімен жасырын акустикалық бақылау және оның мазмұнын заттық таратушыға жазып алу;
      23) штаттағы жасырын қызметкер - қызметтік міндеттеріне жедел-іздестіру шараларын тек қана жасырын негізде жүргізу кіретін жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органның кадрлық қызметкері;
      24) іздестіру - тергеуден, анықтаудан және соттан жасырынған, қылмыстық жауаптылықтан жалтарған, хабар-ошарсыз кеткен адамдардың және заңда көзделген жағдайлардағы өзге адамдардың, сондай-ақ мемлекеттік құпияға жататын мәліметтерді құрайтын жоғалған құжаттар мен бұйымдардың орналасқан жерін анықтауға бағытталған ұйымдастыру, іс жүргізушілік және жедел-іздестіру шараларының жүйесі.";
      2) 2-бапта:
      екінші абзацтағы "(нысандарына қарамастан)" деген сөздер алып тасталсын;
      бесінші абзацта:
      "жазадан" деген сөз "жауаптылықтан" деген сөзбен ауыстырылсын;
      ", сондай-ақ танылмаған мәйіттердің жеке басын анықтау" деген сөздермен толықтырылсын;
      тоғызыншы абзацтағы "кәсіпорындарға, мекемелер мен", "(меншік нысандарына қарамастан)" деген сөздер алып тасталсын;
      3) 4-бапта:
      1-тармақта:
      "Қазақстан Республикасының Конституциясы," деген сөздерден кейін "Қазақстан Республикасымен келісілген халықаралық шарттар," деген сөздермен толықтырылсын;
      "қалыптық құжаттары" деген сөздер "нормативтік құқықтық актілері" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2 тармақта "қалыптық құжаттар" деген сөздер "нормативтік құқықтық актілер" деген сөздермен ауыстырылсын;
      4) 5-бапта:
      3-тармақтың екінші бөлігінде:
      "судья" деген сөз "сот" деген сөзбен ауыстырылсын;
      "ұйғарымымен" деген сөз "шешімімен" деген сөзбен ауыстырылсын;
      4-тармақта "жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдармен құпия негізде қызмет атқарушы немесе қызмет атқарған азаматтардың" деген сөздер "конфиденттердің және штаттағы жасырын қызметкерлердің" деген сөздермен ауыстырылсын;
      5) 7-бапта:
      б) тармақшасындағы "өздерінің қарауындағы" деген сөздер "өзінің тергеуіндегі" деген сөздермен ауыстырылсын, ", прокурордың нұсқауын, сондай-ақ соттың ұйғарымын" деген сөздер алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы б-1) және б-2) тармақшаларымен толықтырылсын:
      "б-1) жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру барысында берілген прокурордың жазбаша нұсқауын орындауға;
      б-2) қылмыстық іс бойынша жасырынған сотталушыны және азаматтық іс бойынша жасырынған жауапкерді, атқару ісін жүргізу өндірісі бойынша борышкерді іздестіру туралы сот актілерін орындауға;";
      6) 8-бапта:
      1-тармақта:
      г) тармақшасындағы "кәсіпорындардың, мекемелердің," деген сөздер алып тасталсын;
      д) тармақшасында:
      "кәсіпорындар мен" деген сөздер алып тасталсын;
      "лауазымды адамдарды" деген сөздер "қызметкерлерді" деген сөзбен ауыстырылсын;
      "осы органдармен құпия негізде қызмет істейтін азаматтардың" деген сөздер тиісінше "конфиденттердің" деген сөзбен ауыстырылсын;
      ж) тармақшасында "министрліктердің, ведомстволардың, кәсіпорындардың, мекемелер мен" деген сөздер алып тасталсын;
      и) тармақшасындағы "кәсіпорындардың, мекемелердің", "(меншік нысандарына қарамастан)" деген сөздер алып тасталсын;
      к) тармақшасында:
      "қылмыстық топқа" деген сөздер "жедел мүдде объектінің ортасына" деген сөздермен ауыстырылсын;
      "онымен ынтымақтастық жасап жүрген адамды" деген сөздер "конфидентті" деген сөзбен ауыстырылсын;
      м) тармақшасындағы "жеткізілуіне жедел бақылау жасауға" деген сөздер "бақылауға алынған жеткізілімін жүргізуге" деген сөздермен ауыстырылсын;
      о) тармақшасымен толықтырылсын:
      "о) арнаулы техникалық құралдар мен іздеу-қызмет иттерін пайдалануға құқылы.";
      2-тармақ алып тасталсын;
      7) 10-бапта:
      1-тармақта:
      в), в-1) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
      "в) өзінің тергеуіндегі қылмыстық істер бойынша тергеушінің жазбаша тапсырмалары;";
      в-1) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оның орынбасарларының, облыс прокурорларының және оларға теңестірілген прокурорлардың қаулылары, сондай-ақ прокурордың жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру барысында берген жазбаша нұсқаулары;";
      мынадай мазмұндағы в-2) тармақшасымен толықтырылсын:
      "в-2) қылмыстық іс бойынша сотталушыны және азаматтық іс бойынша жауапкерді, атқару ісін жүргізу өндірісі бойынша борышкерді іздестіру туралы сот актілері;";
      д) тармақшасындағы "барлау" деген сөзден кейін "немесе қарсы барлау" деген сөздермен толықтырылсын;
      2-тармақта:
      екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      "- жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдарға жұмысқа және қызметке қабылдау туралы;";
      мынадай мазмұндағы үшінші абзацпен толықтырылсын:
      "- стратегиялық және күзетілетін объектілерде, сондай-ақ күзетілетін адамдардың арасында қызмет көрсету және күзет бойынша жұмысқа тарту туралы. Стратегиялық және күзетілетін объектілердің, сондай-ақ күзетілетін адамдардың тізімі Қазақстан Республикасының заңнамасымен анықталады;";
      алтыншы абзацта:
      "детективтік және" деген сөздер алып тасталсын;
      "рұқсат" деген сөз "лицензия" деген сөзбен ауыстырылсын;
      8) 11-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Жедел-іздестіру шаралары жалпы және арнаулы болып бөлінеді.";
      2-тармақта:
      екінші абзацтағы ", лауазымды адамдарға" деген сөздер алып тасталсын;
      төртінші абзацта "қызметкерлерді қылмысты ортаға" деген сөздер алып тасталсын;
      жетінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      "- бақылауға алынған жеткізілім;";
      тоғызыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      "- анықтамалар жүргізу;";
      он бірінші, он тоғызыншы абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:
      "- жедел сатып алу;
      - байқау;";
      3-тармақта:
      екінші абзац алып тасталсын;
      үшінші абзацтағы "почта" деген сөз "почта-телеграф" деген сөздермен ауыстырылсын;
      бесінші абзацта орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді;
      алтыншы, сегізінші абзацтар алып тасталсын;
      тоғызыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      "- жедел кіру.";
      9) 12-бапта:
      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Жалпы және арнаулы жедел-іздестіру шаралары өздеріне жүктелген міндеттеріне сәйкес жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын барлық органдармен жүргізіледі.
      Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдар жедел-іздестіру шараларын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде, қылмыстық-атқару жүйесі уәкілетті органының немесе оның аумақтық бөлімшесімен өзара іс-қимыл жасау арқылы жүзеге асыруға құқылы.
      Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің жедел қамтамасыз ету объектілерінде және күзет іс-шараларын жүргізу аймақтарында жедел-іздестіру шаралары жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдармен Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің келісімімен жүргізіледі.";
      4, 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Арнаулы жедел-іздестіру шаралары тек қана прокурордың рұқсатымен ғана және ерекше:
      1) орташа, ауыр және аса ауыр қылмыстарды, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топтар, қылмыстық қоғамдастықтармен (қылмыстық ұйымдар) әзірленіп және жасалып жатқан қылмыстарды анықтау, алдын алу, жолын кесу және ашу;
      2) анықтаудан, тергеуден және соттан жасырынып жүрген айыпталушылардың, сондай-ақ қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып жүрген және хабар-ошарсыз кеткен адамдардың тұрғылықты жерін анықтау үшін жүзеге асырылады.
      Мұндай шараларды жүргізуге рұқсатты жедел-іздестіру қызметін жүргізуші органдардың қаулысы бойынша Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оның орынбасарлары, Бас әскери прокурор, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар береді.
      Осы Заңның 6 бабында көрсетілген барлық органдардың міндеттерін шешу мүддесіне орай телекоммуникация және почта байланыс арналарын қолданумен байланысты арнаулы жедел-іздестіру шаралары техникалық жағынан Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарымен жүзеге асырылады, бұл үшін оларға қажетті күштер мен қаржы бөлінеді.
      5. Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шет мемлекеттер мен шетел ұйымдарының арнаулы қызметтерінің барлау-бүлдіру мақсатында қол сұғушылықтарын анықтау, алдын алу және болдырмау мақсатында тек қана барлау хабарламасын алу үшін арнаулы жедел-іздестіру шаралары Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісілген тәртіппен жүзеге асырылуы мүмкін.
      Осы тармақта көрсетілген міндеттерді орындауға бағытталған арнаулы жедел-іздестіру шаралары Қазақстан Республикасы аумағында тек қана Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының рұқсатымен жүзеге асырылады.";
      6-тармақта:
      "қаулы шығарылған кезден бастап" деген сөздермен толықтырылсын;
      "олардың телефондарынан немесе басқа да сөйлесу құрылғыларынан жүргізілген" деген сөздерге орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, мемлекеттік тілдегі мәтіні өзгермейді;
      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "7. Кейінге қалдыруға болмайтын және ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауға әкеліп соғуы мүмкін жағдайларда жедел-іздестіру қызметін жүргізуші тиісті орган басшылары бірінің дәлелді қаулысы негізінде прокурорды хабардар ету және соңынан қаулы шығарылған кезден бастап 24 сағаттың ішінде рұқсат алу арқылы арнаулы жедел-іздестіру шараларын жүргізуге жол беріледі.";
      8-тармақта:
      "Осы баптың 4-тармағында көрсетілген" деген сөздер "Арнаулы" деген сөзбен ауыстырылсын;
      "жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдармен құпия негізде қызмет жасаушы немесе қызмет жасаған азаматтардың" деген сөздер "конфиденттер және штаттағы жасырын қызметкерлердің" деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы екінші бөліммен толықтырылсын:
      "Арнаулы жедел-іздестіру шараларының нәтижесі туралы оның жүргізілуіне рұқсат берген прокурор хабардар етіледі.";
      10) 13-бапта:
      1-тармақта:
      "ведомстволарының, кәсіпорындарының", "мен мекемелерінің (бағыныстылығына және меншік нысандарына қарамастан)" деген сөздер алып тасталсын;
      "және көрсетілген органдарға өз құзіреті шегінде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыруға кедергі жасауға құқығы жоқ" деген сөздермен толықтырылсын;
      11) 14-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Жедел-іздестіру қызметі үрдісінде алынған материалдар тергеу жұмыстарын әзірлеу және жүзеге асыру, қылмыстардың алдын алу, болдырмау және ашу жөніндегі жедел-іздестіру шараларын жүргізу үшін, сондай-ақ айғақтарды жинау, зерттеу және бағалауды реттейтін Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасы ережелеріне сәйкес тексерілген жағдайда қылмыстық істер бойынша дәлелдеу үрдісі кезінде пайдаланылуы мүмкін.
      Жедел-іздестіру қызметі материалдары, Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген тәртіпке сәйкес тексерілгеннен кейін осы Заңның 2-бабында көрсетілген басқа міндеттерді орындауда қолданылуы мүмкін.";
      12) 16-баптың бірінші тармағы "; - жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыру кезінде адам мен азаматтың құқықтары, заңның бұзылуы анықталған жағдайда прокурордың, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын жоғары тұрған органның қаулысы немесе соттың шешімі бойынша;" деген сөздермен толықтырылсын:
      13) 23-бапта:
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      "23-бап. Конфиденттерді әлеуметтік және құқықтық қорғау";
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Конфиденттер мемлекет қорғауында болады.";
      4-тармақта "Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдармен құпия негізде қызмет істейтін немесе қызмет істеген азаматтар" деген сөздер "Конфиденттер" деген сөзбен ауыстырылсын;
      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "5. Конфиденттер сыйақы алуға құқылы.";
      7-тармақтың бірінші абзацында "Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдармен ынтымақтасып қызмет істеген азамат" деген сөздер "Конфидент" деген сөзбен ауыстырылсын;
      8-тармақтың бірінші абзацында "Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдармен ынтымақтасып қызмет істеген азамат" деген сөздер "Конфидент" деген сөзбен ауыстырылсын;
      14) 24-баптың бірінші тармағындағы "жедел-іздестіру шараларын ұйымдастыру мен жүргізу кезінде" деген сөздер "осы қызметтің ұйымдастырылуын, тактикасын, әдістеуді және жабдықтауды, сондай-ақ астыртын әрекет етуі мен жасырындығы шараларын және" деген сөздермен ауыстырылсын;
      15) 25-баптың 2-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) конфиденттердің және штаттағы жасырын қызметкерлердің жеке басы туралы мәліметтерден басқа, жедел есеп істерін, жедел-іздестіру қызметінің барысы туралы материалдарды, құжаттар мен басқа да қажетті мәліметтерді алады;".
      2-бап. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
            Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады