Мал шаруашылығының өнiмдiлiгi мен өнiмiнiң сапасын арттыруды субсидиялауға 2007 жылдың республикалық бюджетiнен берiлетiн ағымдағы нысаналы трансферттердi пайдалану ережесiн бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 ақпандағы N 129 Қаулысы

      "2007 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 8 желтоқсандағы  Заңына  сәйкес, отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерде мал шаруашылығының өнiмдiлiгi мен өнiмiнiң сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қоса берiлiп отырған Мал шаруашылығының өнiмдiлiгi мен өнiмiнiң сапасын арттыруды субсидиялауға 2007 жылдың республикалық бюджетiнен берiлетiн ағымдағы нысаналы трансферттердi пайдалану ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi және ресми жариялануға тиiс.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

 

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң      
2007 жылғы 20 ақпандағы
N 129 қаулысымен   
бекiтiлген      

  Мал шаруашылығының өнiмдiлiгi мен өнiмiнiң сапасын арттыруды
субсидиялауға 2007 жылдың республикалық бюджетiнен берiлетiн
ағымдағы нысаналы трансферттердi пайдалану ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мал шаруашылығының өнiмдiлiгi мен өнiмiнiң сапасын арттыруды субсидиялауға 2007 жылдың республикалық бюджетiнен берiлетiн ағымдағы нысаналы трансферттердi пайдалану ережесi (бұдан әрi - Ереже) 2007 жылға арналған республикалық бюджетте 009 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерiне ауыл шаруашылығын дамытуға берiлетiн ағымдағы нысаналы трансферттер" бағдарламасының 107 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерiне мал шаруашылығының өнiмдiлiгi мен өнiмiнiң сапасын арттыруды субсидиялауға берiлетiн ағымдағы нысаналы трансферттер" кiшi бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiне (бұдан әрi - Министрлiк) көзделген қаражат есебiнен және шегiнде құрама азықтың құнын арзандату арқылы мал шаруашылығы өнiмiн өндiрудi ұлғайту және оның бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру үшiн отандық өндiрушiлердi қолдау мақсатында ағымдағы нысаналы трансферттердi пайдалану (бұдан әрi - субсидиялау) тәртiбiн айқындайды.

      2. Субсидиялар сиыр етiн, шошқа етiн және құс етiн өндiру мен сатуды ынталандыру, жануарлардың өнiмдiлiгiн, өндiрiлетiн мал шаруашылығы өнiмiнiң сапасы мен бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру мақсатында iрi қара малды, шошқаны және құсты бордақылау кезiнде пайдаланылатын құрама азықтың құнын 45 %-ға дейiн iшiнара арзандатуға арналады.
      Сиыр етiн, шошқа етiн, құс етiн өндiруге маманданған отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге (бұдан әрi - арнайы кәсiпорындар) құрама азықты арзандатуға арналған субсидиялар төлеу сатылған сиыр етiнiң, шошқа етiнiң және құс етiнiң (бұдан әрi - өнiм) сойыс салмағындағы iс жүзiндегi көлемi үшiн жүргiзiледi.

      3. Осы Ереженiң 2-тармағында көрсетiлген субсидиялар тиiстi облыстың әкiмi бекiтетiн субсидиялар алуға арналған тiзiмге енгiзiлген арнайы кәсiпорындарға төленедi.

      4. Өнiмдi сатып алу-сату шартының ұсынылатын нысандарын, субсидиялар алуға арналған өтiнiмдердi, арнайы кәсiпорындарға қойылатын техникалық параметрлердi, сатылған өнiм үшiн субсидиялар төлеу туралы облыс бойынша бiрiктiрiлген жиынтық ведомосты, сондай-ақ қаражатты бөлудiң жылдық сметасын Министрлiк бекiтедi.

      5. Iрi қара малды, шошқаны және құсты бордақылау үшiн пайдаланылатын құрама азықтың 1 (бiр) килограмының құнын арзандату, өнiмнiң 1 (бiр) килограмын өндiруге жұмсалатын құрама азық шығысының, өз өндiрiсiнiң сатылған өнiмiнiң 1 (бiр) килограмына арналған субсидиялардың нормативi осы Ережедегi қосымшаға сәйкес белгiленедi.

      6. Министрлiк облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерiне мал шаруашылығының өнiмдiлiгi мен өнiмiнiң сапасын арттыруды субсидиялауға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттердi облыстық ауыл шаруашылығы департаменттерi (басқармалары) (бұдан әрi - департамент (басқарма) мәлiмдеген мiндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларына сәйкес аударады.

      7. Арнайы кәсiпорындар өнiмдi еркiн баға бойынша өз бетiмен сатады.

  2. Мал шаруашылығының өнiмдiлiгi мен өнiмiнiң сапасын арттыруға берілетiн субсидияларды пайдалану тәртiбi

      8. Облыс әкiмiнiң шешiмiмен облыс әкiмiнiң ауыл шаруашылығы мәселелерi жөнiндегi орынбасарының төрағалығымен құрамында департаменттiң (басқарманың), Министрлiктiң аумақтық инспекциясының, облыстық статистика басқармасының мамандары бар комиссия (бұдан әрi - Облыс комиссиясы) құрылады. Департамент (басқарма) Облыс комиссиясының жұмыс органы болып табылады. Облыс комиссиясының құзыретiне мыналар кiредi:
      1) үш жұмыс кyнi iшiнде аудан әкiмдiгiнiң ауыл шаруашылығы бөлiмi (бұдан әрi - бөлiм) ұсынған сатылатын өнiмнiң жоспарланып отырған көлемiне субсидиялар алуға арналған өтiнiмдердi, сондай-ақ арнайы кәсiпорындардың технологиялық параметрлерге сәйкестiгiн (бұдан әрi - материалдар) қарау;
      2) материалдарды қарау қорытындылары бойынша арнайы кәсiпорындардың субсидиялар алуға арналған тiзiмiн, субсидиялауға жататын өнiмдi сатуға арналған жылдық квоталарды, сондай-ақ субсидиялар көлемiн облыс әкiмiне бекiтуге ұсыну;
      3) бөлiм ұсынған осы Ереженiң 12-тармағында көрсетiлген субсидиялар алуға арналған құжаттарды бес жұмыс күнi iшiнде қарау және олар дұрыс болған жағдайда облыстың ауыл шаруашылығы департаментiне (басқармасына) субсидия төлеу туралы ұсыныс енгiзедi.

      9. Арнайы кәсiпорындар осы Ереже ресми жарияланған күнiнен бастап екi апта мерзiмде тиiстi аудандардың бөлiмдерiне субсидиялар алуға арналған материалдарды ұсынады.

      10. Бөлiм үш жұмыс күнi iшiнде ұсынылған материалдарды тексерудi жүзеге асырады және олар сәйкес болған жағдайда аудан әкiмiнiң қолымен Облыc комиссиясының қарауына жiбередi.

      11. Облыс әкiмi:
      арнайы кәсiпорындардың субсидиялар алу құқығына арналған тiзiмiн;
      арнайы кәсiпорындарға берiлетiн квоталар мен сатылатын өнiмнiң жоспарланып отырған көлемiне арналған субсидиялардың көлемiн бекiтедi.

      12. Тiзiмге енгiзiлген арнайы кәсiпорындар өнiмнiң сатылуына қарай субсидиялар алу үшiн ай сайын 20-күнiнен кешiктiрмей бөлiмге мынадай құжаттарды ұсынады:
      өз өндiрiсiнiң сатылған өнiмiнiң көлемi туралы арнайы кәсiпорын басшысының қолы қойылған анықтама;
      өнiмдi сатып алу-сату шарты;
      сатылған өнiмге арналған төлем құжатының көшiрмесi.

      13. Бөлiм әрбiр айдың 25-күнiнен кешiктiрмей осы Ереженiң 12-тармағында көрсетiлген жиналған құжаттарды Облыс комиссиясының қарауына ұсынады, ол осы Ереженiң 8-тармағының 3) тармақшасына сәйкес субсидиялар төлеу туралы ұсыныс енгiзедi.

      14. Тиесiлi субсидияларды тиiстi арнайы кәсiпорындардың ағымдағы шоттарына аударуды департамент (басқарма) белгiленген тәртiппен бекiтiлген төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң аумақтық қазынашылық бөлiмшелерiне 2 данадағы ақы төлеу шоттарының тiзiлiмi мен ақы төлеу шотын ұсыну жолымен жүзеге асырады.

      15. Департамент (басқарма) субсидиялар төлеу үшiн ұсынылатын құжаттардың дұрыстығы үшiн жауапты болады.

      16. Департамент (басқарма) ай сайын есептiден кейiнгi айдың 5-күнiне дейiнгi мерзiмде, бiрақ 2007 жылғы 30 желтоқсаннан кешiктiрмей Министрлiкке бюджеттiк кiшi бағдарламаның iске асырылу барысы туралы есептi ұсынады.

      17. Ағымдағы нысаналы трансферттердiң мақсатты, тиiмдi және уақтылы орындалуы үшiн Министрлiк және облыс әкiмдерi жауапты болады. 

Мал шаруашылығының өнiмдiлiгi мен өнiмiнiң 
сапасын арттыруды субсидиялауға 2007 жылдың
республикалық бюджетiнен берiлетiн ағымдағы
нысаналы трансферттердi пайдалану ережесiне
қосымша                  

1. Құрама азықтың 1 килограмының құнын арзандату нормативi

Өнiмнiң атауы

Құрама азықтың 1 килограмын арзандату нормативі, теңге

Құс (тауық) еті

18

Сиыр еті

9

Шошқа етi

12,6

2. Өндiрiлген және сатылған өнiмнiң 1 килограмына жұмсалатын құрама азық шығысының нормативi

Өнiмнiң түрі

1 килограмм етті өндіруге жұмсалатын құрама азық шығысының мөлшері

Құс (тауық) еті

2,61

Сиыр еті

10

Шошқа етi

7

  3. Өндiрiлген және сатылған өнiмнiң 1 килограмына арналған субсидиялардың нормативi

Өнiмнiң түрі

Сойыс салмағындағы өз өндiрiсiнiң сатылған етiнiң 1 килограмына субсидияларының нормативi, теңге

Құс (тауық) еті

47

Сиыр еті

90

Шошқа етi

88

 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады