Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық терроризмге қарсы құрылымындағы Ақпаратты техникалық қорғау туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 5 маусымдағы N 463 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. Қоса беріліп отырған 2006 жылғы 15 маусымда Шанхай қаласында жасалған Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық терроризмге қарсы құрылымындағы Ақпаратты техникалық қорғау туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық терроризмге қарсы
құрылымындағы Ақпаратты техникалық қорғау туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері және Шанхай ынтымақтастық ұйымы,
      2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы туралы келісімді, 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы аясындағы Құпия ақпараттарды қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі келісімді және 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының Деректер банкі жөніндегі келісімді басшылыққа ала отырып,
      Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық терроризмге қарсы құрылымындағы Ақпаратты техникалық қорғауды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
      ұлттық заңнамаға және халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес әрекет ете отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімде қолданылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
      "ақпарат" - мағынасы, 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы шеңберінде құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету туралы келісімнің 1-бабында айқындалған құпия ақпарат;
      "ақпаратты техникалық қорғау" - ақпараттың техникалық арналар арқылы сыртқа шығуын, оған рұқсатсыз қол жеткізуді болдырмау жөніндегі ақпаратты жасау, сақтау, өңдеу және беру процесінде оны бұзу (жою) немесе   бұрмалау мақсатында әсер етудің алдын алу жөніндегі іс-шаралар кешені;
      "ақпаратты техникалық қорғау құралдары" - әр түрлі мақсаттағы объектілер мен жүйелерде ақпаратты қорғауға арналған бағдарламалық және аппараттық құралдар, сондай-ақ ақпаратты қорғау тиімділігін бақылау құралдары;
      "кешенді техникалық бақылау" - әр түрлі мақсаттағы объектілері мен жүйелердің ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізуден қорғалуының жай-күйін, соның ішінде техникалық құралдарды пайдалана отырып бақылау.

2-бап

      Тараптар ақпаратты техникалық қорғау саласында мүдделерді өзара сыйлау және зияткерлік қызметтің нәтижелеріне меншіктік құқықтарын тану негізінде жасайды.

3-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптардың сарапшылары Тараптармен келісу және Шанхай ынтымақтастық ұйымының ережелері мен рәсімдеріне сәйкес шешімдер қабылдау үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық терроризмге қарсы құрылымында ақпаратты техникалық қорғаудың нақты шаралары бойынша техникалық тапсырмалар, талаптар және басқа да құжаттар түрінде ұсыныстар әзірлейді және Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитетіне ұсынады.

4-бап

      Тараптар мынадай бағыттар бойынша ынтымақтасады:
      Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымындағы ақпаратты техникалық қорғау саласындағы нормативтік құқықтық, нормативтік және әдістемелік құжаттар әзірлеу;
      ақпаратты техникалық қорғау бойынша әзірленген біліктілік талаптары негізінде Тараптардың мамандарын даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру;
      ғылыми-техникалық өнімді және ақпаратты техникалық қорғау құралдарының үлгілерін әзірлеу, өндіру, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық терроризмге қарсы құрылымына жеткізу және пайдалану.
      Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық терроризмге қарсы құрылымына кешенді техникалық бақылау жөнінде қызмет көрсету;
      ақпаратты техникалық қорғау мәселелері бойынша бірлескен ғылыми конференциялар, симпозиумдар, көрмелер өткізу.

5-бап

      Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаннан кейін отыз күн ішінде депозитарийді осы Келісімді іске асыруға жауапты өздерінің құзыретті органдары туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.
      Шанхай ынтымақтастық ұйымында осы Келісімді іске асыруға жауапты орган Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы болып табылады.

6-бап

      Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымында ақпаратты техникалық қорғауды қамтамасыз етуге арналған шығыстар Шанхай ынтымақтастық ұйымы бюджетінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері осы Келісімді іске асыруға байланысты өзге де шығыстарды өз мемлекеттерінің аумағында өз бетінше өтейді.

7-бап

      Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитеті Тараптардың сарапшыларымен бірлесе отырып, 2003 жылғы 29 мамырдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының бюджетін қалыптастыру және орындау тәртібі туралы келісімге сәйкес Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымына ақпаратты техникалық қорғау құралдарының, қажетті аспаптардың, жабдықтардың, материалдар мен оларға жинақтаушы бұйымдардың номенклатурасы мен көлемдері бойынша келесі қаржы жылына ұсыныстар дайындайды.
      Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитеті Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті қаржы жылына арналған бюджетін бекіткеннен кейін, Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының осы мақсаттарға көзделген қаражаты шегінде Тараптардың сарапшыларымен келіскеннен кейін, тендерлік (байқау) негізде тиісті келісімдер (келісім-шарттар) жасайды.

8-бап

      Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымында ақпаратты техникалық қорғау Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымдарының кеңесі бекітетін ақпаратты техникалық қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

9-бап

      Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы мүддесінде пайдаланылатын қорғалған объектілер мен жүйелерді әзірлеу және пайдалану кезінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымында ақпаратты техникалық қорғау жөніндегі нормалардың сақталуын техникалық бақылауды Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының кеңесі бекіткен Тараптардың сарапшылар тобы, осы топ туралы ережеге сәйкес жұмыс істейтін, қажет болған жағдайда, ақпаратты техникалық қорғау құралдарын әзірлеуші ұйымның мамандарын тарта отырып, жүзеге асырады.

10-бап

      Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымында ақпаратты техникалық қорғауды қамтамасыз ету жауапкершілігі Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы Атқару комитетінің директорына жүктеледі.

11-бап

      Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымында ақпаратты техникалық қорғау жөніндегі талаптарды бұзу фактісі анықталған жағдайда Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамаларына және Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымында қолданыстағы ережелерге сәйкес консультациялар өткізеді, талқылауды жүзеге асырады және олардың нәтижелері туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитеті арқылы бір-бірін жазбаша нысанда хабардар етеді.
      Ақпаратты техникалық қорғау жөніндегі талаптарды бұзуға байланысты ақпараттың рұқсатсыз таратылуы фактілерін тексеру 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы аясындағы Құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету туралы келісімнің 16-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

12-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты даулар Тараптар арасындағы келіссөздер немесе консультациялар жолымен шешіледі.

13-бап

      Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде жұмыс тілі орыс және қытай тілдері болып табылады.

14-бап

      Осы Келісімнің 15-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енетін хаттамалар жасау арқылы Тараптардың келісімімен осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін.

15-бап

      Осы Келісім Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтерінің осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы олардың жазбаша нысандағы хабарламаларының соңғысын депозитарийден алған күнінен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
      Осы Келісімнің депозитарийі Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы болып табылады. Депозитарий осы Келісімнің расталған көшірмелерін оған қол қойылған күнінен бастап он бес күн ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтеріне жібереді.
      Депозитарий Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтерінен осы Келісімнің 5-бабы 1-абзацында көрсетілген құзыретті орган туралы хабарламаны алған күнінен бастап он бес күн ішінде басқа Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Үкіметтеріне бұл туралы хабарлайды.

16-бап

      Осы Келісім 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясына және 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы шеңберінде Құпия ақпараттарды қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі келісімге қатысушы болып табылатын басқа да мемлекеттердің қосылуы үшін ашық.
      Осы Келісім қосылған мемлекет үшін депозитарийден оның қосылуы туралы құжатты алған күнінен бастап отызыншы күні күшіне енеді.

17-бап

      Осы Келісім 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы аясындағы Құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету туралы келісім қолданылуын тоқтатқан сәтке дейін күшінде қалады.
      2006 жылғы 15 маусымда Шанхай қаласында бір түпнұсқа данада орыс және қытай тілдерінде жасалды, бұл ретте екі тілдегі мәтіннің күші бірдей.

Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
Қытай Халық Республикасының Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін
Ресей Федерациясының Үкіметі үшін
Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін
Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін
Шанхай ынтымақтастық ұйымы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады