"Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер ман толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 15 маусымдағы N 503 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы
"Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар
және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1 -бап. "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., N 15, 87-құжат; 2005 ж., N 23, 104-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат; N 3, 20-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) ақпарат - кредиттік тарихты қалыптастыру және оны пайдалану жүйесіне қатысушылар беретін, қажет болған жағдайда электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылатын, электрондық және қағаз түріндегі жеткізушілердегі кредиттік тарих субъектілеріне қатысты мәліметтер;
      2) ақпарат беру туралы шарт - осы Заңда көзделген талаптарда және тәртіппен кредиттік бюро мен ақпарат беруші арасында жасалатын шарт;
      3) ақпарат беруші - кредиттік бюроға ақпарат беруші жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға;
      4) ақпарат берушінің кредиттік тарихтың деректер базасын жасауға және қорғауға қатысу жөніндегі қызметі - ақпарат берушінің осы Заңның талаптарына сәйкес кредиттік тарих субъектілерінен алынған мәліметтерді ресімдеу (өңдеу), сақтау және кредиттік бюроға беру жөніндегі іс-әрекеттері;
      5) жазбаша ұйғарым - анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімде жоюға бағытталған, орындалуы міндетті түзету шараларын қолдану туралы кредиттік бюроға нұсқау;
      6) кредиттік бюро - кредиттік тарихты қалыптастыруды, кредиттік есептер беруді және өзге де қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын коммерциялық ұйым;
      7) кредиттік есеп - кредиттік тарихтағы ақпаратты толық немесе ішінара беру нысаны;
      8) кредиттік есептерді алу туралы шарт - осы Заңмен көзделген шарттарда және тәртіппен кредиттік бюро мен кредиттік есептерді алушы арасында жасалатын шарт;
      9) кредиттік есепті алушы - кредиттік есепті алуға құқығы бар тұлға;
      10) кредиттік есепті беру - кредиттік бюроның кредиттік тарихтағы ақпаратты беру жөніндегі қызметі;
      11) кредиттік тарих - кредиттік тарих субъектісі туралы ақпарат жиынтығы;
      12) кредиттік тарих субъектісі - өздеріне қатысты кредиттік тарих қалыптастырылатын жеке немесе заңды тұлға;
      13) кредиттік тарих субъектісінің келісімі - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес ресімделетін, кредиттік тарих субъектісінің өзі туралы ақпаратты кредиттік бюроларға беруге не өзі туралы кредиттік есепті басқа тұлғаларға беруге жазбаша рұқсаты;
      14) кредиттік тарихты қалыптастыру - кредиттік бюро осы Заңға сәйкес ақпарат берушілерден алған ақпаратқа қатысты жүзеге асыратын, оны сақтау, мониторинг жасау, нақтылау және жаңарту жөніндегі іс-әрекет немесе іс-әрекеттер жиынтығы;
      15) кредиттік тарихты қалыптастыру және оны пайдалану жүйесіне
қатысушылар - кредиттік тарих субъектілері, ақпарат берушілер, кредиттік бюролар, кредиттік есептерді алушылар;
      16) кредиттік тарихтың деректер базасы - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келетін ақпараттық жүйелерге және ақпарат процестеріне негізделген кредиттік бюроның ақпараттық ресурстары;
      17) уәкілетті орган - қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      18) шартты және ықтимал міндеттемелер - өтелмеген аккредитивтер, шығарылған немесе расталған кепілдер, вексельдер және кепілдемелер.";
      2) 3-бап мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
      "7) кредиттік тарихтың деректер базасын қалыптастырудың шынайылығы және өзектілігі.";
      3) 4-баптың 2-тармағының 5) тармақшасында "(және олардың лауазымды адамдарына)" деген сөздер "және олардың лауазымды адамдарына" деген сөздермен ауыстырылсын;
      4) 5-бапта:
      1-тармақтың 4) тармақшасында "нормативтік құқықтық актілер қабылдайды" деген сөздер алынып тасталсын;
      1-тармақ мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
      "5) кредиттік бюроның уәкілетті органға ақпараттар мен мәліметтерді ұсыну тәртібі, мерзімі және көлемі туралы нормативтік құқықтық актілер қабылдайды.";
      2-тармақта:
      "ақпараттық процесс" деген сөздер "ақпараттық процесті ұйымдастыру, қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру," деген сөздермен ауыстырылсын;
      "үй-жайларға, электрондық және өзге де жабдыққа, оларды сертификаттауға, ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйелерге ең төмен талаптар белгілеу, кредиттік тарихтың деректер базасының қорғалуын және сақталуын ұйымдастыру" деген сөздер "олардың электрондық жабдықтарына, кредиттік тарихтың деректер базасының және үй-жайының сақталуына ең төмен талаптарды белгілеу" деген сөздермен ауыстырылсын;
      5) 6-баптың 2-тармағы алынып тасталсын;
      6) 7-баптың 2-тармағының 5) тармақшасында "жатады" деген сөз
алынып тасталсын;
      7-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
      "6) кредиттік бюроның сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарымен жасалған шарттарына сәйкес сақтандыру жөніндегі деректер базасын қалыптастыру мен жүргізу және оларға шарттардың талаптарындағы ақпаратты ұсыну жатады.";
      7) 11-баптың 2-тармағының 3) тармақшасы алынып тасталсын;
      8) 13-бапта:
      2) тармақша "бірнеше рет" деген сөздерден кейін "(екі және одан астам)" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Соттың кредиттік бюроны лицензиядан айыру туралы шешім қабылдауы кредиттік бюроны таратуға алып келеді.";
      9) 14-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Кредиттік бюро кредиттік тарих субъектісі туралы соңғы ақпаратты алған күннен кейін он жыл бойы оған қатысты ақпараттың сақталуын қамтамасыз етеді.";
      10) 15-бапта:
      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
      "Кредиттік бюроны қайта ұйымдастыру немесе тарату барысында осы кредиттік бюроның кредиттік тарихының деректер базасы басқа кредиттік бюроға ақылы негізде берілуге жатады.";
      мынадай мазмұндағы бөліктермен толықтырылсын:
      "Кредиттік бюроның кредиттік тарихының деректер базасындағы ақпараттың құпиялылығын сақтауға жауапкершілікті қайта ұйымдастыру кезінде - кредиттік бюро және оның құқықтық мұрагері, тарату кезінде - сот немесе оның мүлігінің меншік иесі тағайындаған тарату комиссиясы алады.";
      "Қайта ұйымдастырылатын немесе таратылатын кредиттік бюроның кредиттік тарихының деректер базасын иеленуге басқа кредиттік бюроның қызығушылығы болмаған жағдайда, ол жойылуға жатады.";
      "Иеленуге басқа кредиттік бюро қызығушылық танытпаған қайта ұйымдастырылатын немесе таратылатын кредиттік бюроның деректер базасын жою бойынша міндет қайта ұйымдастырылған кредиттік бюроның құқықтық мұрагеріне немесе тарату комиссиясына жүктеледі.";
      "Қайта ұйымдастырылатын немесе таратылатын кредиттік бюроның деректер базасын жою үшін уәкілетті органның және ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның өкілдерінің қатысуымен арнаулы комиссия құрылады.";
      11) 16-бапта:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) ақпарат берушілермен ақпарат беру туралы және (немесе) кредиттік есептерді алушылармен кредиттік есептерді алу туралы шарттар жасасуға;";
      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "3-1) кредиттік тарих субъектісінің келісімінсіз Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кредиттік бюродан ақпаратты алуға құқығы бар тұлғаларға кредиттік тарихтағы ақпаратты жарияламастан, кредиттік бюроның деректер базасында субъектің кредиттік тарихы бар болуы немесе жоқтығы туралы ақпаратты ұсынуға;";
      12) 17-бапта:
      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "4) егер алушыға берілген кредиттік есепте, кредиттік бюро қызметкерлерінің әрекеті немесе әрекетсіздігі салдарынан, ақпарат берушілер кредиттік бюроға берген ақпаратқа сәйкес келмейтін ақпарат болған жағдайда, көрсетілген сәйкессіздіктер анықталған сәттен бастап бес күн ішінде кредиттік тарих субъектісіне түзетілген кредиттік есепті беруге.
      Ақпарат берушінің кредиттік бюро берген кредиттік есептің сәйкес келмеу фактісін растау қажет болған жағдайда, кредиттік тарих субъектісіне түзетілген кредиттік есепті ұсыну мерзімін санау кредиттік бюро берушіден тиісті ақпаратты алған сәттен бастап жүзеге асырылады;";
      10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "10) барлық ақпарат берушілер мен қызметінің негізгі түрі бойынша топты құрайтын кредиттік есепті алушылардың теңдестігін қамтамасыз етуге;";
      11) тармақшада:
      "шартта" деген сөз "шарттарда" деген сөзбен ауыстырылсын;
      "ақпарат беру" деген сөздер "ақпарат беру туралы" деген сөздермен ауыстырылсын;
      13) 18-баптың 1-тармағының 4) тармақшасындағы "және (немесе)
кредиттік есептерді алу" деген сөздер алынып тасталсын;
      14) 19-бапта:
      1 -тармақтың 2) тармақшасында:
      "шартта" деген сөз "шарттарға" деген сөзбен ауыстырылсын;
      "ақпарат беру" деген сөздер "ақпарат беру туралы" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2-тармақта:
      2) тармақшада және "(немесе) кредиттік есептерді алу" деген сөздер алынып тасталсын;
      3) тармақшада:
      "шарттарда" деген сөз "шартта" деген сөзбен ауыстырылсын;
      "және (немесе) кредиттік есептерді алу" деген сөздер алынып тасталсын;
      7) тармақшадағы "міндетті" деген сөз алынып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:
      "8) ақпарат беру туралы шартта белгіленген тәртіпте және мерзімде кредиттік тарих субъектісіне қатысты қандай да бір деректердің өзгергені туралы кредиттік бюроға хабарлауға міндетті.";
      3-тармақтың 2) тармақшасында:
      "ақылы" деген сөз "ақысыз" деген сөзбен ауыстырылсын;
      "егер шартта өзгеше көзделмесе," деген сөздер алынып тасталсын;
      15) 20-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "20-бап. Кредиттік есепті алушылар:
      1. Мыналар:
      1) банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге
асыратын ұйымдар;
      2) жүйелендірілген белгілерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, тауарларды және көрсетілетін қызметтерді кредитке өткізетін не төлемдердің мерзімін ұзартуды ұсынатын жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға;
      3) ақпаратты ұсыну шарттары негізінде басқа тұлғалар;
      4) кредиттік тарих субъектісі кредиттік есепті алушылар болып
табылады.
      Кредиттік есептерді осы тармақта көрсетілмеген тұлғаларға беруге жол берілмейді.
      2. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар кредиттік есептерді алу туралы шарт жасасқаннан кейін кредиттік есептерді алушылар ретінде кредиттік бюрода тіркелуге тиіс.";
      16) 21-баптың 3-тармағында "1) және 2) тармақшаларында" деген сөздер "1), 2) және 3) тармақшаларында" деген сөздермен ауыстырылсын;
      17) 23-баптың 3-тармақта "кредиттік бюромен" деген сөздер "кредиттік бюролармен" деген сөздермен ауыстырылсын;
      18)24-бапта:
      3-тармақта:
      "немесе жеке кәсіпкер" деген сөздер алынып тасталсын;
      "тұрғылықты жері," деген сөздерден кейін "заңдық мекен-жайы," деген сөздермен толықтырылсын;
      5-тармақтың 1) тармақшасы "тұрғылықты жері," деген сөздерден кейін "заңдық мекен-жайы," деген сөздермен толықтырылсын;
      6-тармақтағы "және (немесе) кредиттік есепті алу" деген сөздер алынып тасталсын;
      19) 26-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
      "4. Кредиттік бюро шет мемлекеттердің кредиттік бюроларына ақпаратты беруге және уәкілетті орган мен шет мемлекеттің сәйкес қадағалау органы арасында ақпарат алмасу жөніндегі келісім болғанда, олардан субъектің кредиттік тарихы бар болуы немесе жоқтығы туралы ақпаратты алуға құқылы.";
      20) 27-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Осы Заңның 18-бабының 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген ақпарат берушілер ақпарат беру жөніндегі өз міндеттемелерін орындау мақсатында кредиттік бюроның қызметін жүзеге асыру құқығына уәкілетті орган лицензия берген және/немесе ақпарат берушінің қызметін лицензиялау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген болса, ол лицензияны алған күннен бастап 180 күнтізбелік күн ішінде барлық кредиттік бюролармен ақпарат беру туралы шарттар жасасуға міндетті.";
      2-тармақта:
      бірінші бөліктегі "және (немесе) кредиттік есептерді алу" деген сөздер алынып тасталсын;
      1) тармақша "тұрғылықты жері" деген сөздерден кейін ", заңдық мекен-жайы" деген сөздермен толықтырылсын;
      3) тармақшадағы "және (немесе) кредиттік тарих субъектісінің кредиттік есепті алушыға өзі туралы кредиттік есепті беруге келісімін алу" деген сөздер алынып тасталсын;
      7) және 8) тармақшалар алынып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 3 және 4-тармақтармен толықтырылсын:
      "3. Кредиттік есептерді алу туралы шартта мынадай талаптар:
      1) жеке тұлғаның деректері немесе тараптардың толық атауы, олардың тұрғылықты жері, заңдық мекен-жайы немесе орналасқан жері, банк деректемелері туралы ақпарат;
      2) шарттың қолданылу мерзімі, оны өзгерту, тоқтату және біржақты тәртіппен бұзу негіздемелері мен тәртібі, сондай-ақ шарт бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін айыппұлдардың мөлшері;
      3) кредиттік тарих субъектісінің кредиттік есепті алушыға өзі туралы кредиттік есепті беруге келісімін міндетті алу;
      4) кредиттік есептердегі ақпараттың көлемі және кредиттік есептерді алу тәртібі;
      5) кредиттік есептерді алушының кредиттік есептегі ақпаратты таратпау туралы міндеттемесі;
      6) тараптардың жауапкершілігі болуға тиіс.
      4. Ақпарат беру туралы шартты жасасудың міндетті талабы болып уәкілетті органның кредиттік тарихты қалыптастыру жүйесі қатысушыларының қызметін қамтамасыз етуге қоятын талаптарына ақпарат берушінің сәйкестігін растайтын құжаттың болуы табылады.";
      21) 28-баптың бірінші бөлігінде "1) және 2) тармақшаларында" деген сөздер "1), 2) және 3) тармақшаларында" деген сөздермен ауыстырылсын;
      22) 29-бап мынадай мазмұндағы 3-1 тармақпен толықтырылсын:
      "3-1. Кредиттік тарих субъектілерінің қағаз түріндегі жеткізушідегі өздері жөніндегі кредиттік есепті беру туралы келісімі кредиттік есепті алушылармен кредиттік тарих субъектісінің келісімін алған күннен бастап он жылдан кем емес сақталуы тиіс.";
      23) 30-бап мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Кредиттік бюро ақпарат берушілердің кредиттік бюроға ақпарат бергендері үшін ақы алмайды.";
      24) 31-бапта:
      1-тармақта:
      орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, қазақ тілінде мәтін өзгермейді;
      "тұрғылықты жері" деген сөздерден кейін ", заңдық мекен-жайы" деген сөздермен толықтырылсын;
      3-тармақта:
      "кредиттік бюроға дұрыс ақпаратты беруге міндетті" деген сөздер "жіберілген бұрмалауды анықтаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бұрмалауды анықтаған күнге ақпарат берушіде бар ақпаратты кредиттік бюроға беруге міндетті" деген сөздермен ауыстырылсын;
      "шыққан шығындарды өтей отырып," деген сөздер алынып тасталсын.
      2-бап. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады