Қазақстан Республикасының Үкіметі
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2007 жылғы 12 наурызда Каир қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Египет Араб Республикасының Үкіметі арасындағы Терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына және өзге де қылмыс түрлеріне қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Египет Араб Республикасының Үкіметі арасындағы Терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына және өзге де қылмыс түрлеріне қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Египет Араб Республикасының Үкіметі,
Тараптар мемлекеттерінің арасындағы достық қатынастарды нығайтуға даярлығын білдіре отырып,
терроризмге, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына, халықаралық ұйымдасқан қылмыс пен экономикалық қылмыстарға қарсы күресте өзара мүдделілікті негізге ала отырып,
Қазақстан Республикасы мен Араб Египет Республикасы қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарды назарға ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1. Тараптар қылмысқа, әсіресе оның ұйымдасқан нысандарына қарсы күрес саласында, егер қылмысты болдырмау, сәйкестендіру, жолын кесу және тергеу Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасында өзара іс-қимыл жасасуды талап ететін жағдайларда ынтымақтасады.
2. Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес, ең алдымен мынадай салаларда ынтымақтасады:
2.1 терроризмге қарсы күрес саласында, Тараптар:
2.1.1 террористік топтар мен ұйымдардың іс-әрекеттері және олар жасаған қылмыстар, олардың байланыстары, көшбасшылары, мүшелері жасырын ұйымдық құрылымдары, түрлері, орналасқан жерлері, олар пайдаланатын ақша қаражатының көздері мен қарулардың түсу арналары туралы ақпарат алмасады;
2.1.2 терроризмге қарсы органдардың әр түрлі әдістері мен тәсілдері, сондай-ақ қолданатын техникасы туралы ақпарат алмасады;
2.1.3. теңіз порттарында, әуежайларда және темір жол вокзалдарында, өнеркәсіп объектілерінде, энергетика объектілері мен терроризм үшін нысана болуы мүмкін кез келген басқа да объектілерде қауіпсіздік пен қорғау шараларын жетілдіру мақсатында су, әуе және темір жол көлігін қорғау мен оның қауіпсіздігі саласында ғылыми, практикалық және техникалық тәжірибе алмасады;
2.2 ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласында, Тараптар:
2.2.1 ұйымдасқан қылмыстың барлық нысандары, олардың көшбасшылары, мүшелері, құрылымдары, іс-әрекеттері мен байланыстары туралы ақпаратпен және деректермен алмасады;
2.2.2. ұйымдасқан қылмысқа қарсы күреске тартылған ведомстволардың әдістері мен техникасы туралы ақпаратпен және тәжірибе алмасады;
2.2.3. деректер мен ақпарат алмасады, сондай-ақ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресу үшін мынадай салаларда бірлескен шаралар қабылдайды:
- қарудың, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттардың барлық нысандарының контрабандасы;
- көлік құралдарын ұрлау және оның заңсыз айналымы;
- мәдени және тарихи құндылықтар болып табылатын заттар, бағалы тастар мен металдар контрабандасы;
- жеке басты куәландыратын құжаттардың барлық түрлерін қолдан жасау және өзгерту;
- жалған банкноттарды, кредит карталары мен басқа да құндылықтарды қолдан жасау және дайындау;
- заңсыз көші-қон және адамдарды саудаға салу;
- тыйым салынған әдебиетті, аудио және бейне өнімдерді тасу;
2.3 есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымы және олармен байланысты қылмыстарға қарсы күрес саласында Тараптар 1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияға және оған 1972 жылғы Хаттамаға сәйкес енгізілген түзетулерге және 1988 жылғы 20 желтоқсандағы Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы БҰҰ Конвенциясына сәйкес:
2.3.1 есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды дайындау, оларды халықаралық тасымалдау, жасыру және тарату үшін пайдаланылатын әдістер туралы, сондай-ақ оларға қарсы күрес тәсілдері туралы тәжірибе, көмек және ақпарат алмасады;
2.3.2 есірткі құралдарын заңсыз дайындау мен тасымалдауға тартылған адамдар; жасыру орындары, тасымалдау әдістері мен олардың жұмыс тәсілдері; есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың шыққан жері мен тасымалдау пункттері, сондай-ақ осындай қылмыстардың кез келген детальдары туралы ақпаратпен және деректермен алмасады;
2.3.3. есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымының алдын алу үшін бақыланатын жеткізуді қоса алғанда, үйлестірілген шаралар қабылдайды;
2.3.4. өздерінің криминологиялық зерттеулерінің, сондай-ақ есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымы мен оларды теріс пайдалануды зерделеу нәтижелері туралы ақпарат алмасады;
2.3.5. Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары және есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымын бақылау жөніндегі рәсімдер туралы ақпарат алмасады;
2.4 экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес саласында, Тараптар:
2.4.1 экономикалық қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы, оның ішінде салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасады;
2.4.2 экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстардың және Тараптар мемлекеттерінің салық заңнамасын бұзушылықтың алдын алуға, анықтау мен жолын кесуге бағытталған іс-шараларды өткізу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасасады;
2.4.3 заңды және жеке тұлғаларға салық салуға байланысты құжаттардың куәландырылған көшірмелерін ұсынады;
2.4.4 экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күресте пайдаланылатын ақпараттық жүйелерді құру мен олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде тәжірибе алмасады;
2.4.5 экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес проблемалары бойынша ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар өткізеді.
Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген қылмыстарға қатысты іздеуде жүрген адамдарды іздестіру мен қамауға алуда ынтымақтастықты нығайтады және өзара көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.
Тараптар террористік актілердің және ұйымдасқан қылмыстың барлық нысандары, сондай-ақ өз мемлекеттерінің аумақтарын осындай қылмыстарды жоспарлау, ұйымдастыру немесе жасау үшін пайдаланудың алдын алу үшін батыл және тиімді шаралар қабылдайды, оның ішінде өз мемлекеттеріне террористік немесе криминалдық элементтердің, топтардың және жеке адамдардың кіруі мен болуының, сондай-ақ олардың қаржылай көмек алуының, арнайы немесе әскери дайындықтан өтуін болдырмайды.
Тараптардың осы Келісімнің шеңберінде қылмысқа қарсы күрес мақсатындағы ынтымақтастығы:
1) криминалистикалық технологияларды, сондай-ақ қылмысты зерттеудің әдістері мен құралдарын пайдалану тәжірибесімен алмасу;
2) баспа басылымдарымен, кітапшалармен, мақалалармен және осы Келісімде қамтылатын салалардағы ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен алмасу;
3) жұмыс әдістерімен және қызметкерлермен алмасу, сондай-ақ құзыретті органдар қызметінің қызметкерлерін оқытуда бір-біріне көмек көрсету;
4) өзара ғылыми және техникалық дамуда әрі полицейлік жабдықтарды зерттеуде көмек көрсету;
5) Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында орын алған қылмыстарға қатысты ақпаратпен және заңнамалық актілермен алмасу;
6) Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысындағы террористік және басқа да ұйымдасқан қылмыстық топтардың немесе қоғамдардың байланыстары туралы жедел ақпарат алмасу;
7) терроризм, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың заңсыз айналымы, ұйымдасқан қылмыс қаупі және экономикалық қылмыстар туралы, сондай-ақ оларға қарсы күрес үшін тартылған ұйымдардың техникасы мен тәсілдері туралы ақпаратты жолдау және бірлесіп өңдеу арқылы жүзеге асырылады.
Тараптардың әрқайсысы, егер оның ұлттық егемендігіне, ұлттық мүдделеріне қауіп төндіретін немесе оның мемлекетінің ұлттық заңнамасына бұл қайшы келетін жағдайларда ынтымақтастықтан толық немесе ішінара бас тартуы мүмкін.
Ынтымақтастықтан бас тарту кідіртпей жазбаша нысанда басқа Тарапқа ұсынылады.
Осы Келісімді орындаудағы тікелей ынтымақтастыққа қол жеткізу мақсатында байланыс және ынтымақтастық үшін жауапты уәкілетті органдар мыналар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасынан:
Ішкі істер министрлігі;
Ұлттық қауіпсіздік комитеті;
Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы);
Бас прокуратура;
Қорғаныс министрлігі;
Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі;
Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті.
2) Египет Араб Республикасынан:
Ішкі істер министрлігі.
Тараптар өздерінің бірлескен іс-әрекеттерін қарау және осы Келісімді орындау кезінде ұстану қажет мақсаттары мен стратегияларын айқындау мақсатында бір-бірінің келісімі бойынша өз өкілдерінің кездесулерін өткізеді. Осындай кездесулерге арналған қаржы және материалдық шығындарды қабылдаушы Тарап көтереді. Көліктік шығындарды жолдаушы Тарап көтереді.
1. Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес бір-біріне беретін құпия ақпараттың сақталуын қамтамасыз етеді.
2. Осы Келісімге сәйкес берілген материалдар, ақпарат, озық техникалық құралдар мен жабдықтар, оларды берген Тараптың рұқсаты болған жағдайларды қоспағанда, үшінші тарапқа берілуі немесе қарызға берілуі мүмкін емес.
3. Құпия ақпараттың жариялануы мүмкін немесе жария болған жағдайда, бұл туралы белгілі болған Тарап басқа Тарапты осы туралы тез арада хабардар етеді, оған осы оқиғаның жағдайы және оның зардаптары, сондай-ақ алдағы уақытта осындай оқиғалардың алдын алу үшін қабылданған шаралар туралы хабарлайды.
Осы Келісімнің ережелері Қазақстан Республикасы мен Араб Египет Республикасы қатысушылары болып табылатын басқа да екі жақты немесе көп жақты халықаралық келісімдер ережелерінің орындалуына әсерін тигізбейді.
Осы Келісімді орындау үшін уәкілетті органдар бір-бірімен тікелей немесе дипломатиялық арналар арқылы байланысты жүзеге асырады.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты барлық даулар мен келіспеушіліктер келіссөздер және консультациялар арқылы шешіледі.
Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың біреуі басқа Тарапқа оның қолданылуын тоқтату туралы өзінің ниетін жазбаша білдірген күннен бастап алты ай өткенге дейін күшінде болады. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.
2007 жылғы 12 наурызда Каир қаласында екі данада, әрқайсысы орыс, араб және ағылшын тілдерінде жасалды, барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.
Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
РҚАО-ның ескертуі. Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні беріліп отыр.