"Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 26 шілдедегі N 631 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2007 - 2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының
2007 - 2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы

      Қазақстан Республикасындағы көші-қон процестерін басқару жүйесін жетілдіру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі үш ай мерзімде Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі 2008 - 2010 жылдарға арналған және одан әрі кезең-кезеңімен іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін.
      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары тиісті шешімдер әзірлеу кезінде Тұжырымдаманың негізгі ережелерін басшылыққа алсын.
      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы
Президентінің  
2007 жылғы N Жарлығымен
мақұлданған   

Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының
2007 - 2015 жылдарға арналған
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ Астана, 2007 жыл

Мазмұны

      Кіріспе
      1. Қазақстан Республикасындағы көші-қон процестерінің қазіргі
жай-күйі мен даму перспективалары
      2. Қазақстан Республикасының жаңартылған көші-қон саясатының негізгі қағидаттары
      3. Көші-қон саясатын жетілдірудің мақсаты мен негізгі міндеттері
      4. Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының негізгі бағыттары
      5. Көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру тетігі

Кіріспе

      Осы Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2007 - 2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) Қазақстан Республикасындағы көші-қон процестерін басқарудың қолданыстағы бағыттарын жетілдіруге және оның сапалы жаңа бағыттарын дамытуға бағытталған. Бұл Тұжырымдамада көрініс тапқан көші-қон саясатының стратегиясы әлемдік шаруашылық байланыстарға Қазақстанның барынша кірігуі жағдайында еліміздің бәсекеге қабілеттілігі көбінесе адами әлеуеттің саны және сапасымен анықталатынынан негіз алады. Адамның жүріп-тұру еркіндігінің жалпы қабылданған құқықтарын негізге ала отырып, Тұжырымдама жалпы мемлекеттік мүдделерді іске асыру контексінде таяудағы орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективаға арналған көші-қон процестерінің негіздерін айқындайды.
      Тұжырымдама "Қазақстан - 2030" еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының ұзақ мерзімді стратегиясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2006 жылғы 1 наурыздағы "Қазақстанның бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы" атты Жолдауына сәйкес халықтың көші-қоны саласындағы негізгі бағыттарды білдіреді. Ұлттық бірегейлікті сақтау мақсатында Тұжырымдама ел келбетін ескеріп, көп ұлтты Қазақстанның этникалық, азаматтық алдыңғы тарихы ескеріле отырып іске асырылатын болады.
      Тұжырымдама көші-қон процестерін реттеудің халықаралық тәжірибесі ескеріле отырып әзірленді және Қазақстан Республикасының Конституциясына, халықаралық құқықтың жалпы қабылданған қағидаттары мен нормаларына, халықаралық шарттарға, Қазақстан Республикасының заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілерге негізделеді.

1. Қазақстан Республикасында көші-қон процестерінің
қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары

      Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан Республикасындағы көші-қон процестері саяси, әлеуметтік-экономикалық, этникалық, экологиялық факторлардың ықпалымен дамыды. Қазақстан дамуының әрбір кезеңінде көші-қонның өзіндік ерекшеліктері мен сипаттамалары болды және болады. Мәселен, егер Қазақстанның тәуелсіз дамуының бірінші кезеңінде негізгі мәселелердің бірі эмиграцияны төмендету болып табылса, жаһандану және алдағы ДСҰ-на кіру жағдайында, экономикалық өсіммен, еліміздің саяси беделінің, қоғамдық тұрақтылығының өсуімен сипатталатын әлеуметтік-экономикалық жаңғырудың қазіргі заманғы кезеңінде көшіп-келу, еңбек көші-қоны, транзит және олардың заңсыз нысандары мәселелері және де еліміздің қауіпсіздігі бірінші жоспарда тұр.
      Қазіргі уақытта еліміздегі көші-қон жағдайы мыналармен сипатталады:
      1) Көші-қонның оң сальдосының болуы. Халықтың көшіп-келуі көшіп-кетушілерден жоғары - көші-қонның теріс сальдосы он сальдоға ауысты. Көші-қонның оң сальдосына ТМД елдерімен 2003 жылы, ТМД-дан тыс елдермен 2006 жылы қол жеткізілді, жалпы, оң сальдоға 2004 жыл қол жеткізілді. Статистика деректері бойынша 2007 жылғы 1 қаңтарға Қазақстаннан 33914 адам кетіп, 67386 адам келді, көшіру сальдосы (плюс 33472 адамды) құрады. ТМД-мен көші-қон сальдосы плюс 26778 адам, ТМД-дан тыс елдермен плюс 6694 адамды құрайды.
      2) Этникалық көшіп келушілердің жыл сайын ұлғаюы. Келушілер саны мемлекет белгілеген квотадан артады және оларды орналастыру негізінен еліміздің жұмыс күші артық өңірлерінде болып отыр.
      3) Еңбек көші-қоны көлемінің өсуі. Қазақстанның өсіп отырған экономикалық тартымдылығына байланысты елімізде жұмыс істеуге ниет білдірген еңбек мигранттарының саны ұлғайып отыр.
      4) Заңсыз көші-қон ауқымының ұлғаюы. Қазақстан Республикасының геосаяси орналасуы, ТМД елдерімен шекаралардың ашықтығы, бірыңғай келісілген саясаттың болмауы және заңнамалық базаның жетілдірілмеуі, қолайлы экономикалық ахуал, әлеуметтік-саяси тұрақтылық, либералдық халықаралық көші-қон саясаты заңсыз көші-қонға ықпал ететін негізгі факторлар болып табылады.
      5) Босқындардың болуы. Босқындардың мәртебесі туралы 1951 жылғы БҰҰ конвенциясына және 1967 жылғы оған хаттамаға қосылу, көршілес бірқатар мемлекеттердегі тұрақсыз әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдай Қазақстан Республикасына босқындардың келуіне негіз болды. 2006 жылы еліміздегі босқындардың саны 582 адамды құрады.
      6) Қарқынды ішкі көші-қон. Ауылдық елді мекендерден тіршілік деңгейі неғұрлым жоғары әрі инфрақұрылымы дамыған өңірлерге және экологиялық қолайсыз өңірлерден жайлы экологиялық ортасы бар өңірлерге халықтың көші-қоны оның құрамдастары болып табылады.
      2006 жылғы статистикалық деректер республика ішінде халықтың мейлінше көп көшіп кету ағыны мына облыстарда байқалып отырғанын көрсетеді: Солтүстік Қазақстан, онда көші-қон сальдосы (- 4786 адамды) құрайды, Шығыс Қазақстан (- 6635 адам), Жамбыл (- 7682 адам), Қызылорда (- 4272 адам).
      Астана (17938 адам) және Алматы қалалары (21959 адам), Маңғыстау облысы (382 адам) халықтың келу легінің негізгі өңірлері болып табылады.
      Халықтың өсуінің әлеуметтік-экономикалық проблемалары және атап айтқанда көші-қонда, барлық дамыған мемлекеттердің негізгі мәселелердің қатарында тұрды. АҚШ, Канада, Австралия және бірқатар Еуропалық мемлекеттер сияқты елдер қазіргі уақытта келуші шетелдік азаматтар бөлігінде ерекше селективтік көші-қон саясатын жүргізуде. Сонымен қатар, бірқатар елдер, бірінші кезекте Германия, Израиль және Польша өз мемлекеттерінің ұлттық бірегейлігін және өзіндік ерекшелігін сақтау мақсатында арнайы этно-тарихи көші-қон саясатын жүргізіп отыр.
      Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның бағалауынша Қазақстан дүниежүзіндегі мейлінше күшті көші-қон процестері байқалатын елдерге жатады. Қазақстандағы көші-қон процестерінің ауқымы өсетін болады, олардың бағыттары мен саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға ықпалы тереңдейді, бұл ретте, республика көші-қон ағынының қысымын қазірдің өзінде сезініп отыр.
      Мемлекеттік саясаттың әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру мақсатын, халықаралық байланыстарды кеңейтуді әрі дамытуды, еліміздің ДСҰ-на кіруін ескере отырып, таяудағы перспективада мынадай көші-қон жағдайын дамыту айқын болады:
      1) Қазақстан жоғары білікті кадрларды жоғалту, заңсыз көші-қонның өсуі, ел аумағы бойынша көшіп келушілердің тең орналастырылмауынан шиеленістің ұлғаюы сияқты келеңсіз факторларға байланысты елеулі проблемаларды бастан кешетін болады;
      2) Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігі көші-қон ауқымына емес, оның құрылымы мен аумақтық бөлінісіне байланысты болады.
      3) еңбек көші-қоны шеңберінде күрделі көші-қон әлеуеті бар елдерден көшіп келу ұлғаяды;
      4) Орталық Азия мен басқа да мемлекеттерден көшіп келушілердің түрлі санатының ағыны өседі;
      5) ауылдық өңірлерден қалаға көші-қон облысаралық аумақтық орналастырудың басым нысаны болып қала береді, мұның өзі урбанизация процесінің күшеюінің дәлелі.

2. Қазақстан Республикасының жаңартылған көші-қон
саясатының негізгі принциптері

      Қазақстан Республикасының көші-қон саясаты мынадай қағидаттарға негізделеді:
      Қазақстан Республикасының Конституциясында, басқа да нормативтік актілерде, тараптардың бірі Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық шарттарда бекітілген адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын сақтау;
      нәсілі, ұлты, тілі, діні, жынысы, этникалық және әлеуметтік шығу тегі, көзқарасы, саяси сенімі сияқты белгілері мүліктік жағдайы бойынша, не кез келген басқа да себептер бойынша кемсітпеушілік;
      көшіп-қонушылардың Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауы;
      тұлға мен мемлекет мүдделерін ұштастыру, барлық билік тармақтары мен қоғамдық бірлестіктердің және ұйымдардың күш-жігерін біріктіру;
      көші-қон процестерін басқару және реттеу саласындағы халықаралық-танылған стандарттарды сақтау контексінде әлеуметтік, экономикалық, саяси,
      этникалық, конфессиялық тұрақтылық пен төзімділікті қамтамасыз ету және сақтау бөлігінде ұлттық мүдделердің басымдығы;
      ең алдымен шетелде тұратын отандастарымыздың қайтып оралуын ынталандыруға бағдарланған саясаттың жүйелі және дәйекті жүргізілуін көздейтін елдің ұлттық бірегейлігін сақтау және дамыту;
      басым салаларда жұмыс істеу және өзімізден білікті кадрларды даярлау үшін шетелден біліктілігі жоғары кадрларды тартуды ынталандыруға негізделген Қазақстанның бәсекелестік артықшылығын дамыту;
      білімін, кәсібін, инвестициялық және қаржылық әлеуетін ескере отырып, көшіп келушілерге таңдау тәсіліне негізделген;
      Қазақстанға көшіп келушінің келуінің ашықтығы мен заңдастырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың келуін құқықтық қамтамасыз етудің түрлі шараларын ұйымдастыру жөніндегі техникалық, ұйымдық, экономикалық шараларды қамтитын үздіксіз мониторингтің елімізде жүргізілуін көздейтін транспаренттілік және заңдылық;
      баспана беру туралы өтініш сұраған адамдарға немесе босқындарға қатысты (nonrefonlment) мәжбүрлеп қайтаруды болдырмау принципін сақтау.

3. Көші-қон саясатын жетілдірудің мақсаты
мен негізгі міндеттері

      Қазақстан Республикасының жаңартылған көші-қон саясатының мақсаты - еліміздің ұлттық бірегейлігі мен қауіпсіздігін сақтау және дамыту шеңберінде заңсыз көші-қонды азайту мен селективтік көші-қонды қалыптастыру жолымен көші-қон процестерінің келеңсіз салдарын азайту болып табылады.
      Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мемлекеттік билік органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың алдында орта және ұзақ мерзімді перспективада мынадай міндеттер тұр:
      - көші-қон процестерінің келеңсіз салдарының алдын алу, болдырмау және азайту;
      - көшіп-қонушылардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау;
      - жоғары инновациялық әлеуеті бар шетелдік мамандардың ағынын ынталандыру және өзіміздің біліктілігі жоғары ұлттық кадрларымыз бен мамандарымыздың кетуін азайту;
      - шетелде тұратын этникалық қазақтардың қайтып оралуын ынталандыру;
      - көшіп келушілердің жедел түрде бейімделуіне және кірігуіне жәрдемдесу және көмек көрсету;
      - отандық жұмыс күші тарабынан бәсекелестік жоқ салаларға шетелдік жұмыс күшін тарту;
      - еліміз бен жекелеген өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясына сәйкес көшіп-қонушыларды орналастыруды оңтайландыру және ынталандыру;
      - заңсыз көші-қон мен адам саудасының жолын кесу;
      - заңнамалық базаны жетілдіру, сондай-ақ еліміздің аумағына заңсыз келген көшіп келушілердің мониторингін қамтамасыз ететін түрлі техникалық, биометриялық құралдарды енгізу;
      - ақпараттық-үгіттеу жұмыстарын дамыту, соның ішінде мигрантофобияның туындауының алдын алу және жою бойынша бұқаралық ақпарат құралдарын тарту;
      - көші-қон процестерін реттейтін халықаралық шарттарға қосылу және көшіп-қонушыларға қатысты ақпарат алмасу;
      - көші-қон мәселелерін шешу бөлігінде шет мемлекеттердің көші-қон қызметтерімен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл;
      - оралмандардың, босқындардың, еңбек мигранттарының проблемаларын шешу саласында екіжақты және көпжақты халықаралық шарттар жасасуға бастамашылық жасау;
      - көші-қон саласында ТМД елдерімен ұлттық заңнаманы үйлестіру және жүйелендіру.

4. Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының негізгі
бағыттары

      1. Эмиграция саласындағы көші-қон саясатының негізгі бағыттары
      Еліміздің халқын табиғи және механикалық ұдайы көбейтудің орын алған проблемалары елімізде ерекше эмиграциялық саясат жүргізу қажеттігін тудырады.
      Жаңартылған эмиграциялық саясаттың ерекшелігі мен негізгі бағыттары:
      - Қазақстанның ашықтығына мен еліміздің әрбір азаматына оның шегінен тысқары жерлерге еркін шығу, сондай-ақ тұрғылықты жерін ауыстыру халықаралық танылған құқық беруді одан әрі сақтауға саяды. Сонымен бірге көшіп-кетушілер үшін болашақтағы ықтимал қолайсыз моральдық, экономикалық, саяси және өзге де проблемалардың алдын алу мақсатында олардың болашақтағы тұратын жерлері туралы мейлінше толық ақпарат табыс етілетін болады;
      - республикада туылғандарға және ұлтына қарамастан оның шегінен тыс көшіп кеткендердің барлығына жаһандану жағдайында Қазақстанның ұлттық бірегейлігін сақтау және дамыту мақсатында азаматтық алудың оңайлатылған құқығын беруге саяды;
      - шетелде тұратын отандастарымыздың құқықтарын іске асыруына жәрдемдесу.

2. Иммиграция саласындағы көші-қон саясатының
ерекшелігі мен негізгі бағыттары

      Нысаналы ел бола отырып, оның ұлттық бірегейлігін сақтау мен дамыту, сондай-ақ ел экономикасын жаңғыртуды жеделдетуде көші-қон факторының рөлін күшейту мақсатында Қазақстанда көші-қон саясатын басқарудың жаңартылған стратегиясы:
      - мамандарды іріктеу критерийлеріне негізделген көшіп-қонушыларды тарту тетіктерін әзірлеуді;
      - өңірлердің демографиялық және әлеуметтік-экономикалық даму мүдделерін, өңірлік еңбек нарықтарын негізге ала отырып, көшіп келушілерді ұтымды орналастыру тетіктерін әзірлеуді;
      - көшіп келушілерді заңдастыру, бейімдеу және кіріктіру жөніндегі шаралардың жүйелерін әзірлеуді;
      - шет мемлекеттердің практикалық тәжірибесін пайдалануды қамтиды, мұның өзі белгілі бір дәрежеде көшіп келушілерді кіріктіру контексінде мемлекеттің саясатын күшейтіп, жақсартуға мүмкіндік береді.

3. Еңбек көші-қонын реттеу

      Еңбек көші-қоны жөніндегі саясат мемлекет стратегиялық басымды деп айқындаған салаларда (нанотехнология, биотехнология, ақпараттық жүйелер, көлік және коммуникация әрі қызметтің басқа да индустриалдық-инновациялық салалары) жұмыс істеу үшін шетелден біліктілігі жоғары кадрларды тартуды көздейді. Сонымен бірге, дүниежүзілік еңбек нарығын талдау кейбір елдердің экономикасы қазіргі кезеңде Қазақстан қажетсінбейтін мамандарға зәру екендігін көрсетіп отыр. Осыған байланысты, келісімшарт негізде жұмыс істеу үшін еліміздің даму мүддесі мен мақсаты үшін қатер төндірмей көптеген қазақстандық мамандардың шығуы көзделеді. Сонымен қатар, халықаралық еңбек нарығына кіру жағдайында республикада қайталама еңбек нарықтарына және жұмыспен қамту салаларына біліктілігі жоқ еңбек мигранттары келіп, пайдаланылатын болады.
      Осылайша, аталған бағытты іске асырудың негізгі бағыты еңбек мигранттарының көмегімен Қазақстанның бәсекелестік артықшылығын нығайту, атап айтқанда:
      - зияткерлік еңбек ресурстарына ғылымның, жоғары технологиялық және инновациялық секторлардың ұзақ мерзімді сандық және сапалық қажеттіліктерін айқындау;
      - өңірлік еңбек нарықтарының мүмкіндіктерін ескере отырып, халықтың көші-қон ұтқырлығын арттыру тетіктерін жетілдіру;
      - жергілікті кадрларды даярлауды және еңбекке орналастыруды жүзеге асыратын шетелдік қатысуымен кәсіпорындар үшін экономикалық
ынталандыру шараларын жасау;
      - Қазақстан Республикасынан шетелге жұмыс күшін заңды және тіркеу жүргізіп әкетудің тетіктерін жетілдіру болып табылады.

4. Ішкі көші-қонды реттеу ерекшелігі мен
негізгі бағыттары

      Ауылдық аудандардан қалаға көшіп-қону облысаралық аумақтық орналасудың басым нысаны болып табылады, мұның өзі урбанизация процесі күшеюінің дәлелі.
      Перспективасы жоқ өңірлерден перспективалы өңірлерге халықтың көші-қоны байқалып отыр.
      Осылайша, ішкі көші-қон саясаты, ең алдымен мыналарға негізделеді:
      - жұмыс күшінің аумақтық ұтқырлығын арттыру үшін экономикалық жағдай жасау (тұрғын үй нарығы мен еңбек нарығы тең дамуын қамтамасыз ету);
      - өңірлік еңбек нарықтарының теңгерімдігін қамтамасыз ету үшін экономикалық белсенді халықты аумақтық қайта бөлуді ынталандыру тетіктерін әзірлеу;
      - өңірлердің экологиялық жағдайының мониторингі, атап айтқанда таза ауыз судың болуы, қоршаған ортаның ластануы, сондай-ақ оның әлеуметтік және экономикалық күйзелуі тіркелуі;
      - ішкі көшіп-кетушілер тепе-тең және теңгерімді орналастыруға бағытталған шаралар.
      Тұтастай, халықтың ішкі көші-қон мәселелерін шешу Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясын және Қазақстан Республикасының Ауылдық аумақтарын дамытудың 2004 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды ескере отырып жүзеге асырылатын болады.

5. Заңсыз көші-қонды реттеу

      Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының маңызды сипаты ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңсыз көші-қонға қарсы күрес болып табылады. Бұл бағытта еліміздің шекарасы техникалық және ұйымдық қайтадан нығайып, қайта жабдықталады, техникалық рәсімдеу және виза беру жүйесі жетілдірілетін болады. Транспаренттілік пен заңдылық сақтау мақсатында елімізге көшіп-қонушылардың заңды түрде жіберілуі және адал келуі бөлігінде оларға мониторинг тұрақты негізде жүзеге асырылады. Келудің қандай да бір талаптарын бұзған жағдайда заңсыз көшіп-қонушыларға оларды ұстаудың, қайтарудың және/немесе депортациялаудың, не олардың елге келуін құжаттаудың ұлттық және халықаралық танылған ережесі қолданылады.

5. Көші-қон саясаты Тұжырымдамасын іске асыру тетігі

      1. Көші-қон саясатын құқықтық қамтамасыз ету
      Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының тұжырымдамасын іске асыру қолданыстағы заңнамалық базаны жетілдіруді талап етеді.
      Осы мақсатта жүзеге асыру қажет:
      - көші-қон мәселесін реттейтін заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуді, соның ішінде:
      1) "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын қабылдауды;
      2) оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталықтарын құру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысын қабылдауды;
      3) білімі мен біліктілігін ескере отырып, квотаға енгізудің объективті өлшемдерін көздейтін Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысын қабылдауды;
      Бұдан басқа, көші-қон мәселелері жөнінде шекаралас мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен және халықаралық форумдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл республикадағы көші-қон легін басқарудың маңызды құралы болып табылады. Барлық деңгейдегі тиімді ынтымақтастық үшін ШЫҰ, АӨСШК қатысушы мемлекеттер арасында халықаралық шарттар жасасудың мүмкіндігін қарастыру қажет.

2. Көші-қон процестерін басқарудың
институционалдық және кадрлық негіздері

      Көші-қон процестерін үйлестіру мен реттеудің қазіргі заманғы жүйесі соншалықты тиімді болмай отыр. Осыған байланысты, көші-қон саясатын құрылымдау және үйлестіру бағытында жұмыстар жүргізу қажет. Бүгінгі күні көші-қон процестерін бақылау саласында жеткілікті институционалдық база құрылған, алайда көші-қон саясаты субъектілерінің жұмысында функцияларындың қайталануы және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жеткіліксіз деңгейі кездеседі.
      Көші-қон процестерінің күрделілігін, көп қырлылығын, мүдделі мемлекеттік органдар мүмкіндіктерінің тарбейінділігін, сондай-ақ көші-қон саласындағы олардың қызметінің үйлесімсіздігін ескере отырып, аталған процеске жауапты барлық ведомстволардың қызметін үйлестіру үшін бірыңғай буын құру қажет.
      Қазақстанның әлемдік шаруашылық байланысқа кірігуі жағдайында көші-қон процестерін басқарудың айрықша маңыздылығын, ұсынылып отырған институционалдық өзгерістерді негізге ала отырып, сандық және де сапалық аспектіде көші-қон саясатын іске асыру жөнінде кадрлық қамтамасыз ету жетілдірілетін болады, мұның өзі көші-қон мәселелері жөніндегі кадрларды ғылыми қамтамасыз ету және кәсіби даярлау жүйесін құруды көздейді.

3. Көші-қон процестерін мемлекеттік басқару
процестерін ақпараттық сүйемелдеу

      Кез келген елдің қазіргі заманға сай дамуы және түрлі мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асыруы олардың тиісті сапалық ақпараттық сүйемелдеуіне мен қамтамасыз етуіне байланысты. Осыған байланысты, тиімді өзара іс-қимыл жасау үшін жедел ақпарат алмасу жөніндегі мемлекеттік органдардың тиімді ынтымақтастығын қамтамасыз ететін шаралар қолдану қажет.
      Көші-қон процестерін ақпараттық сүйемелдеудің маңызды кезі көші-қон саласында болып жатқан объективті процестерді, оның еліміздің дамуы үшін мәні мен қажеттілігін бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау болуға тиіс.

4. Көші-қон саясатын жетілдіруді қаржылық
қамтамасыз ету

      Мемлекеттік көші-қон саясатын ресурстық қамтамасыз ету оның тиімділігінің негізгі шарты болып табылады. Таяу перспективада оған жұмсалатын қаржы қаражатын айтарлықтай ұлғайту талап етіледі.
      Қаржыландыру көлемі мен көздері Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу кезінде анықталатын болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады