Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 6 тамыздағы N 667 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетовке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы
ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі, туризм ынтымақтастығын кеңейту және оны дамыту мақсатында өзара түсіністік негізінде екі мемлекет арасындағы өзара достық қарым-қатынастарды күшейтуге ұмтыла отырып, төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Тараптар мемлекеттерінің туристік салаларына Тараптар инвестициялар тартады және туризмнің барлық түрлерін дамытуда бір-біріне жәрдемдеседі.

  2-бап

      Тараптар туризм мәселелері бойынша ақпаратпен және статистикалық деректермен алмасады.

  3-бап

      1. Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар бір Тарап мемлекеті азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің аумағына туристік сапарларына байланысты шекаралық, кедендік және өзге де рәсімдерді оңайлатуға ұмтылады.
      2. Тараптар мемлекеттерінің туристік ресурстарын аралауды Тараптар көтермелейді.

  4-бап

      Тараптар туристік сала үшін кадрларды кәсіптік оқыту саласындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндігін зерттейді.

  5-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің туристік әлеуетіне қатысты деректермен өзара алмасуды көтермелейді, осы мақсатта туризм саласына журналистер мен мамандар тартады.

  6-бап

      Тараптар туристердің өзара қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін халықаралық стандарттарға сәйкес қажетті шаралар қабылдайды.

  7-бап

      Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды, егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.

  8-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде пікір алшақтығы туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер немесе консультациялар арқылы шешеді.

  9-бап

      Осы Келісімнің ережелерін орындау үшін жауапты уәкілетті органдар:
      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі;
      Иордан тарапынан - Иордан Хашимит Корольдігінің Туризм және тарихи ескерткіштер министрлігі болып табылады.
      Осы Келісімнің ережелерін орындау үшін жауапты уәкілетті органдар өзгерген кезде Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

  10-бап

      Осы Келісім олар қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптар мемлекеттерінің құқықтары мен міндеттемелерін қозғайды.

  11-бап

      Осы Келісімге өзгерістер Тараптардың өзара келісімі бойынша енгізіледі, хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

  12-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді және Тараптардың бірі екінші Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап алты ай өткенге дейін қолданылады.
      200__жылғы "___"_____________________ екі түпнұсқа данада, әрқайсысы қазақ, араб, ағылшын және орыс тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіндердің заңды күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде немесе қолдануда пікір алшақтығы туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

       Қазақстан Республикасының    Иордан Хашимит Корольдігінің
          Үкіметі үшін                   Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады