Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 6 тамыздағы N 676 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Смағұлұлы Есімовке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
       Премьер-Министрі

Жоба

     Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі,
      жануарларды жұқпалы аурулардан тиісінше және баламалы қорғауды қамтамасыз ету және олардың таралып кетпеуіне бақылау жасау мақсатында ветеринария саласындағы өзара ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге ниет білдіре отырып,
      Тараптар мемлекеттері арасындағы қатынастарды одан әрі дамытуға ұмтылысты басшылыққа ала отырып,
      жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты, жануарлардың генетикалық материалдарын, ветеринарлық препараттарды, мал азығын және ветеринарлық бақылау объектісін құрайтын басқа да тауарларды өзара сатуды жақсарту мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Тараптар жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты, жануарлардың генетикалық материалдарын, ветеринарлық препараттарды, мал азығын және ветеринарлық бақылау объектісін құрайтын басқа да тауарларды Тараптар мемлекеттерінің аумағы арқылы экспорттау, импорттау және транзиттеу кезінде өз мемлекеттерінің аумағын жануарлардың жұқпалы және паразиттік ауруларының кіруінен және таралуынан қорғау мақсатында ынтымақтастықты жүзеге асырады.

  2-бап

      Осы Келісім ережелерін іске асыру жөніндегі Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары болып табылатындар:
      1. Қазақстандық Тарап үшін - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі;
      2. Иордандық Тарап үшін - Иордан Хашимит Корольдігінің Ауыл шаруашылығы министрлігі.
      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының ресми атаулары немесе функциялары өзгерген кезде Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабардар етеді.

  3-бап

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты, жануарлардың генетикалық материалдарын, ветеринарлық препараттарды, мал азығын және ветеринарлық бақылау объектісін құрайтын басқа да тауарларды импорттауға, экспорттауға және транзиттеуге арналған ветеринарлық-санитарлық рәсімдердің орындалуын оңайлату мақсатында өзара іс-қимылды жүзеге асыратын болады.
      Тараптар Тараптардың мемлекеттері ұлттық заңнамаларының негізінде ветеринария саласындағы өзара іс-шараларды жүргізетін болады.

  4-бап

      1. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары Тараптар мемлекеттерінің аумағында бұрын тіркелмеген жануарлардың жұқпалы аурулары немесе соңғы жылдар ішінде байқалмаған басқа да эпизоотиялардың таралуы табылғаны туралы бір-біріне дереу хабарлайды.
      2. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары қажеттілігіне қарай өз мемлекеттерінің аумағында тіркелетін жануарлардың жұқпалы аурулары туралы бюллетеньдермен алмасып отырады.
      3. Мұндай бюллетеньдер аурудың атауын, ауру жануарлардың санын, аурудың табылған күні мен орнын, аурудың диагностикасы мен оны бақылау әдісін қамтуы тиіс. Аусыл шыққан жағдайда вирустың типі көрсетіледі.
      4. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары жануарлардың саулығын қорғау мақсатында жұқпалы, паразитарлық және басқа да аурулардың пайда болуын болдырмау жөніндегі қазіргі заманғы білімдерді практикада қолдануға қатысты ақпаратпен алмасады.

  5-бап

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру үшін ветеринария саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында:
      ветеринария саласындағы тәжірибемен және ақпаратпен алмасуды жүргізеді;
      ветеринарлық ғылыми-зерттеу институттарының ынтымақтасуына жәрдемдеседі;
      ветеринария саласындағы техникалық журналдармен және басқа да басылымдармен алмасуға жәрдемдеседі;
      бір-бірін техникалық кездесулер мен білім беру бағдарламалары туралы хабардар етеді;
      ветеринарлық-санитарлық нормалар мен стандарттарға қатысты ақпаратпен алмасады.
      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты, жануарлардың генетикалық материалдарын, мал азығын, ветеринарлық препараттарды және ветеринарлық бақылау объектісін құрайтын басқа да тауарларды экспорттаумен айналысатын Тараптар мемлекеттерінің кәсіпорындары туралы ақпарат алмасатын болады.

  6-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес осы Келісімнің ережелерін іске асыруға байланысты шығыстарды өзіне алады.

  7-бап

      1. Тараптар мемлекеттері құзыретті органдарының өкілдері өзара уағдаластық бойынша қажеттілігіне қарай кездеседі.
      2. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер жолымен шешетін болады.

  8-бап

      Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады.

  9-бап

      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

  10-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді және бес жыл мерзімге жасалады.
      Егер Тараптардың бір де біреуі кезекті бес жылдық кезең аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын басқа Тарапқа оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, осы Келісім автоматты түрде келесі бес жылдық кезеңдерге ұзартылады.
      200__ жылғы "__"________ ________ қаласында әрқайсысы қазақ, араб, ағылшын және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің бірдей күші бар.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

       Қазақстан Республикасының    Иордан Хашимит Корольдігінің
           Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады