Қазақстан Республикасының Үкіметі
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Еңбек көші-қоны және еңбекші мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы 1994 жылғы 15 сәуірдегі келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Еңбек көші-қоны және еңбекші мигранттарды әлеуметтік қорғау
саласындағы ынтымақтастық туралы 1994 жылғы 15 сәуірдегі
келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
хаттаманы ратификациялау туралы
2005 жылғы 25 қарашада Мәскеуде қол қойылған Еңбек көші-қоны және еңбекші мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы 1994 жылғы 15 сәуірдегі келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Еңбек көші-қоны және еңбекші мигранттарды әлеуметтік қорғау
саласындағы ынтымақтастық туралы 1994 жылғы 15 сәуірдегі
келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
ХАТТАМА
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын, Еңбек көші-қоны және еңбекші мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы 1994 жылғы 15 сәуірдегі келісімге (бұдан әрі - Келісім) қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
Тараптар мемлекеттерінің азаматтарының Тараптар мемлекеттерінің шекаралас аумақтарында еңбек қызметін жүзеге асыруы үшін қолайлы жағдай жасау үшін
төмендегі жөнінде келісті:
1-бап
Келісімге мынадай толықтырулар енгізілсін:
1. Кіріспе төртінші абзацтан кейін мынадай мазмұндағы жаңа абзацпен толықтырылсын:
"Тараптар мемлекеттерінің шекараларынан өту және еңбекші мигранттардың, оның ішінде шекаралас еңбекшілердің еңбек қызметін жүзеге асыруы үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігіне орай".
2. 2-бап төртінші абзацтан кейін мынадай мазмұндағы жаңа абзацпен толықтырылсын:
"шекаралас еңбекші" - бір іргелес мемлекеттің шекаралас аумағында жұмыс істейтін және оған күнде немесе не болғанда аптасына кемінде бір рет оралып отыратын өзге іргелес мемлекет аумағындағы тұрғылықты жерін сақтайтын еңбекші-мигрант".
3. Келісім 3-баптан кейін мынадай мазмұндағы жаңа баппен толықтырылсын:
"3
1
-бап
Тараптар екіжақты және көпжақты келісімдер негізінде шекаралас еңбекшілердің еңбек қызметін жүзеге асыруының қарапайым тәртібін қолданады".
Мәскеу - 2005 жылдың 25 қарашасы
2-бап
Осы Хаттама оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуіне қажетті мемлекет ішіндегі рәсімдерді орындалғаны туралы үшінші хабарламаны депозитарийге сақтауға тапсырған күннен бастап күшіне енеді.
Мемлекет ішіндегі рәсімдерді кейінірек орындаған Тараптар үшін Хаттама тиісті құжаттар депозитарийге тапсырылған күннен бастап күшіне енеді.
Мәскеу қаласында 2005 жылдың 25 қарашасында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Атқарушы комитетінде сақталуда.
Әзірбайжан Республикасының
Үкіметі үшін
Молдова Республикасының
Үкіметі үшін
Армения Республикасы
Үкіметі үшін
Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін
Беларусь Республикасы
Үкіметі үшін
Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін
Грузия Үкіметі
үшін
Түркіменстан Үкіметі
үшін
Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін
Украина Үкіметі үшін
Мәскеу - 2005 жылдың 25 қарашасы
Молдова Республикасының ТМД үкіметтерінің басшылары
кеңесінің күн тәртібінің 8.11-тармағы бойынша
ЕСКЕРТУІ
2005 жылдың 25 қарашасы
Еңбек көші-қоны және еңбекші мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы 1994 жылғы 15 сәуірдегі келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама
"Келісімнің осы Хаттама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін бөлігіндегі ережелер Молдова Республикасының ұлттық заңнамасына және осы саладағы халықаралық міндеттемелеріне сәйкес қолданылады".
Премьер-министрдің бірінші
орынбасары
Осы арқылы, ұсынылып отырған мәтін 2005 жылдың 25 қарашасында Мәскеу қаласында жасалған Еңбек көші-қоны және еңбекші мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы 1994 жылғы 15 сәуірдегі келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманың куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі болып табылатынын растаймын.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық-құқықтық департаменті
Басқармасының бастығы
Ұйымдастыру және бақылау
департаментінің директоры
Еңбек көші-қоны және еңбекші-мигранттарды
әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын, осы Келісімге қатысушы-мемлекеттердің Үкіметтері,
Экономикалық одақ құру туралы Шарттың ережелерін негізге ала отырып,
БҰҰ-ның адам құқығы саласындағы негіз қалаушы құжаттары мен Халықаралық Еңбек Ұйымы шеңберінде дайындалған принциптерге ұстанымына орай;
Тараптар мемлекеттері арасындағы еңбек көші-қонының маңызы мен ауқымын түсіне отырып,
Осы Келісімге қатысушы-мемлекеттер арасында еңбек көші-қоны мен Тараптар мемлекеттері аумағында еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға ұмтыла отырып,
төмендегі туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім бір Тарап мемлекеті аумағында тұрақты тұратын және басқа Тарап мемлекетінің аумағындағы кәсіпорындарда, мекемелерде және барлық меншік нысанындағы ұйымдарда (бұдан әрі - жұмыс берушілер немесе жалдаушылар деп аталады) еңбек қызметін жүзеге асыратын адамдар (бұдан әрі - қызметкерлер деп аталады) мен олардың отбасы мүшелерінің еңбек қызметі мен оларды әлеуметтік қорғау саласындағы Тараптар ынтымақтастығының негізгі бағыттарын жұмысқа орналастыру Тарабының заңнамасына сәйкес реттейді.
Осы Келісім:
босқындарға және мәжбүрлі қоныс аударушыларға;
қысқа мерзімге келген еркін кәсіп иелері мен әртістерге;
білім алу мақсатымен арнайы келген адамдарға қолданылмайды.
2-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдардың мынадай мағыналары бар:
"еңбекші-мигрант (немесе қызметкер)" - шығу Тарапының аумағында тұрақты тұратын, жұмысқа орналастыру Тарапында ақылы қызметпен заңды негізде айналысатын адам;
"отбасы мүшелері" - еңбекші-мигрантпен некеде тұратын адам, сондай-ақ асырауындағы балалары мен жұмысқа орналастыру Тарабының қолданылып жүрген заңнамасына сәйкес отбасы мүшелері деп танылатын басқа да адамдар;
"жұмыс беруші (жалдаушы)" - меншік нысанына қарамастан жұмысқа орналастыру Тарабында жұмыс беретін кәсіпорын, мекеме, ұйым;
"шығу Тарабы" - еңбекші-мигранттар аумағында тұрақты тұратын және жұмыс табу ниетімен басқа мемлекетке қоныс аударатын мемлекет;
"жұмысқа орналастыру Тарабы" - соның аумағында басқа мемлекеттен келген еңбекші-мигранттар өзінің еңбек қызметін еңбек шарты (контракті) жағдайларында жүзеге асыратын мемлекет;
"Өкілетті органдар" - Тараптардың осы Келісімді іске асыру мәселелерін шешу құзіретіне кіретін органдары;
"еңбек жағдайлары" - еңбек қызметі процесінде адамның денсаулығы мен еңбек қабілетіне әсер ететін өндірістік орта факторларының жиынтығы, сондай-ақ жұмыс уақыты мен үзіліс уақытының белгіленген ұзақтығы, демалыс беру, жұмысқа орналастыру Тарабының заңнамасына сәйкес еңбекақы төлеу.
3-бап
Қызметкерлерді тартудың тәртібін, оларға қойылатын біліктілік, жасы байланысты және өзге де талаптарды, егер екі жақты келісімдермен өзгеше көзделмесе, жұмысқа орналастыру Тарабы өзінің аумағында қолданылатын заңнамаға қарай белгілейді.
Қабылданатын қызметкерлердің саны екіжақты келісім негізінде айқындалады.
4-бап
Тараптардың әрқайсысы дипломдарды, білімі туралы куәліктерді, атақ, разряд, біліктілік берілгені туралы тиісті құжаттарды және еңбек қызметін жүзеге асыру үшін қажетті басқа да құжаттар мен олардың шығу Тарабының аумағында белгіленген тәртіппен расталған, жұмысқа орналастыру Тарабының мемлекеттік тіліндегі немесе орыс тіліндегі аудармаларын (растаусыз) таниды.
Жеңілдікті негіздердегі және мамандығы бойынша стажды қоса алғанда, еңбек стажын Тараптар өзара таниды.
Еңбекші-мигрант жұмысқа орналастыру Тарабынан түпкілікті кеткен кезде жұмыс беруші (жалдаушы) оған жұмысының ұзақтығы және ай сайынғы жалақысы туралы деректері бар анықтаманы немесе өзге құжатты береді.
5-бап
Қызметкердің жұмысқа орналастыру Тарабына келуі, болуы және кетуі оның аумағындағы қолданылып жүрген заңнамаға және Тараптардың арасында жасалған келісімдерге сәйкес жүзеге асырылады.
Тараптар жұмысқа орналастыру Тарабының заңдары мен шетел азаматтарының болу ережесін бұзған еңбекші-мигранттың еңбек қатынастарының мерзімінен бұрын тоқтатылуын және оның шығу Тарабына қайтарылуын талап ете алады.
6-бап
Қызметкердің еңбек қызметі орналастыру Тарабының еңбек заңнамасына сәйкес жұмысқа орналастыру Тарабының мемлекеттік тілінде және орыс тілінде жасалған еңбек шартымен (контрактімен) ресімделеді, ол жұмысқа сапарға шыққанға дейін қызметкерге беріледі.
Еңбек шартында (контрактіде) жұмыс беруші мен қызметкердің негізгі деректемелері, қызметкерге қойылатын кәсіби талаптар, жұмыстың сипаты, еңбек және оған еңбекақы төлеудің, жұмыс күні мен демалыстың ұзақтығы жағдайлары, сондай-ақ еңбек шартының қолданылу мерзімі, оның бұзылу шарттары, көлік шығыстарын өтеу тәртібі туралы деректер қамтылуға тиіс.
Қызметкерлер жұмысқа орналастыру Тарабының еңбек заңнамасымен белгіленген құқықтарды пайдаланады және міндеттерді атқарады.
Егер еңбек шарты (контракт) кәсіпорынның (мекеменің, ұйымның) таратылуына немесе қайта құрылуына, қызметкерлер санының немесе штаттың қысқаруына байланысты тоқтатылса, онда еңбекші-мигрантқа жұмысқа орналастыру Тарабының еңбек заңнамасына сәйкес көрсетілген негіздемелер бойынша босатылған қызметкерлерге берілетін жеңілдіктер мен өтемақылар қолданылады. Мұндай жағдайда, еңбекші-мигрант жұмыс берушінің (жалдаушының) қаражаты есебінен шығу Тарабына қайтарылуға тиіс.
Еңбек шартын (контрактіні) бір жұмыс берушіден (жалдаушыдан) екіншісіне беруге болмайды.
7-бап
Жұмысқа орналастыру Тарабы қызметкерлерінің еңбек табысына салық салу Жұмысқа орналастыру Тарабы заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде жүзеге асырылады. Тараптар қызметкерлердің тапқан табысына қайталап салық салуға жол бермейді.
8-бап
Қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің Тараптардың қолданыстағы заңнамасына немесе екі жақты келісімдерге сәйкес жеке мүлкін әкелуге және әкетуге құқығы бар.
9-бап
Қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-мемлекеттер азаматтары құқықтарының кепілдіктері туралы 1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімге және немесе (және) екі жақты келісімдермен реттеледі.
10-бап
Еңбекші-мигранттар егер арнайы келісіммен өзгеше көзделмесе, Жұмысқа орналастыру Тарабының аумағында қолданылатын заңнамаға сәйкес әлеуметтік сақтандыруды (зейнетақыдан басқа) және әлеуметтік қамсыздандыруды пайдаланады. Оларға медициналық қызмет көрсету Жұмысқа орналастыру Тарабы жұмыс берушісінің (жалдаушының) есебінен сол Тараптың азаматтарымен бірдей деңгейде жүзеге асырылады.
11-бап
Қызметкерге еңбек міндеттерін атқарумен байланысты мертігуден, кәсіптік аурудан не денсаулығының өзге де зақымдануынан келтірілген зиянды өтеудің тәртібі, егер жеке келісіммен өзгеше көзделмесе, жұмысқа орналастыру Тарабының заңнамасымен реттеледі.
12-бап
Қызметкер қайтыс болған жағдайда, жұмыс беруші (жалдаушы) қайтыс болған адамның мәйіті мен жеке заттарын шығу Тарабына тасымалдауды қамтамасыз етеді, осыған байланысты барлық шығынды көтереді, адам өлімі фактісі жөніндегі материалдарды қоса отырып, осы Тараптың дипломатиялық немесе консулдық өкілдігін хабардар етеді.
13-бап
Тараптар бірін бірі:
ұлттық заңнама туралы және еңбек, жұмыспен қамту, көші-қон және иммиграция саласындағы, оның ішінде еңбекші-мигранттардың өмір сүру жағдайлары туралы басқа да нормативтік құқықтық актілер туралы;
Тараптардың еңбек рыноктарындағы ахуал туралы хабардар етеді.
Тараптар шығу Тарабы құзіретті органдарының осындай қызмет түрін жүзеге асыруға тиісті рұқсаты жоқ делдалдардың еңбекші-мигранттарды жұмысқа орналастыруының алдын алу мақсатында қажетті шараларды қабылдайды.
Жасырын немесе заңсыз иммиграцияға ықпал ететін кез келген адам жұмысқа орналастыру Тарабының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапты болады.
14-бап
Қызметкерлер жұмыс істеп тапқан жалақы ақшасын жұмысқа орналастыру Тарабының заңнамасына сәйкес және екі жақты келісімді ескере отырып шығу Тарабы аумағына ауыстыра алады.
15-бап
Тараптар осы Келісімге қол қойылған күнінен бастап бір ай мерзімнен кешіктірмей тиісті Өкілетті органдарды айқындайды.
16-бап
Осы Келісімді орындауға байланысты мәселелердің бәрі Тараптардың Өкілетті органдарының өзара констультациялар жүргізу жолымен немесе Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-елдердің еңбек, көші-қон және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі Консультативтік Кеңесі арқылы, ал қажет болған кезде - олардың үкіметтері арқылы шешіледі.
17-бап
Тараптар осы Келісімге өзара келісім бойынша қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады, олар тиісті хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
18-бап
Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда, оның ережелері қызметкерлер жұмыс берушімен (жалдаушымен) жасасқан еңбек шарттарына (контрактіге) қатысты, олар жасалған мерзім аяқталғанға дейін күшінде қалады.
19-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді қатысушы-мемлекеттердің орындағанын растайтын үш тараптан депозитарийге хабарлама тапсырылған күнінен бастап күшіне енеді.
20-бап
Осы Келісім оның мақсаттары мен принциптерін оған қосылу туралы құжаттарын депозитарийге беру жолымен бөлісетін басқа да мемлекеттердің қосылуы үшін ашық.
21-бап
Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және әр жолы бір жылға автоматты түрде ұзартылатын болады. Тараптардың әрқайсысы өзінің осы Келісімнен шығу ниеті туралы тиісті кезең өткенге дейін кемінде алты ай бұрын жазбаша хабардар ету жолымен мәлімдей алады.
1994 жылғы 15 сәуірде Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана Беларусь Республикасы Үкіметінің Мұрағатында сақталады, ол оның расталған көшірмесін осы Келісімге қол қойған мемлекеттерге жібереді.
Әзірбайжан Республикасының
Үкіметі үшін
Молдова Республикасының
Үкіметі үшін
Армения Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін
Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін
Грузия Республикасының
Үкіметі үшін
Түркіменстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін
Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін
Украина Үкіметі үшін
Мәскеу-15.04.94.
Осы арқылы, ұсынылып отырған мәтіннің түпнұсқа данасы Беларусь Республикасы Үкіметінің Мұрағатында сақталатын, Еңбек көші-қоны және еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің аутентикалық көшірмесі болып табылатынын растаймын.
Беларусь Республикасы
Сыртқы істер министрінің
орынбасары
Осы арқылы, ұсынылып отырған мәтін 2005 жылдың 25 қарашасында Мәскеу қаласында жасалған Еңбек көші-қоны және еңбекші мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы 1994 жылғы 15 сәуірдегі келісімнің куәландырылған көшірмесі болып табылатынын растаймын.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық-құқықтық департаменті
Басқармасының бастығы