Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. 2007 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Хорватия Республикасының Үкіметі арасындағы ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына, терроризмге және қылмыстың өзге де түрлеріне қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Хорватия
Республикасының Үкіметі арасындағы ұйымдасқан қылмысқа,
есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз
айналымына, терроризмге және қылмыстың өзге де түрлеріне
қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім
(2012 жылғы 20 маусымда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Хорватия Республикасының Үкіметі (бұдан әрі "Тараптар" деп аталады),
ұйымдасқан қылмысқа және, атап айтқанда, есірткімен, адамдарды, көлік құралдары мен жүктерді шекарадан заңсыз өткізумен байланысты қылмысқа, сондай-ақ терроризмге қарсы тиімді күресу және оның алдын алу мақсатындағы ынтымақтастықтың зор маңызы бар екеніне сенім білдіре отырып,
ұйымдасқан қылмыстың, есірткімен байланысты қылмыстың, Тараптар мемлекеттерінің аумағына адамдардың заңсыз келуінің, терроризмнің және қылмыстың өзге де түрлерінің жолын кесу және оларға қарсы күрес саласындағы Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарды ескере отырып,
есірткі құралдары мен психотроптық заттарды теріс пайдалану және олардың заңсыз айналымы бүкіл әлемде арта түскеніне алаңдаушылық білдіре отырып,
терроризмге қарсы тиімді күрес жүргізуге өздерінің бірлескен ниетін растай отырып,
адамдарды, көлік құралдары мен жүктерді шекара арқылы заңсыз өткізуге қарсы күрес ең алдымен кіру (шығу) пункттерінде және транзиттік пункттерде жүзеге асырылуы тиіс екеніне кәміл сене отырып,
шекарадан өту үшін жасанды және жалған немесе басқа мақсатта пайдаланылып жүрген құжаттардың қолданылуын азайту жөнінде, сондай-ақ адамдарды шекара арқылы заңсыз өткізумен айналысатын ұйымдарға қарсы күресте тиімді шаралар қабылдауға дайындығын білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар осы Келісімде санамаланған қылмыстарды болдырмау мен тергеуді қоса алғанда, оларға қарсы күрес саласында өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары шеңберінде ынтымақтасады.
2-бап
Тараптардың ынтымақтастығы қылмыстың мынадай түрлеріне қарсы күресте қолданылады:
- 1988 жылғы 20 желтоқсандағы БҰҰ-ның Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясының 3-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес қылмыс болып табылатын есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы;
- терроризм және оны қаржыландыру;
- заңсыз көші-қонды ұйымдастыру;
- тұлғаға қарсы қылмыстар;
- экономикалық қылмыстар және сыбайлас жемқорлық;
- жоғары технологиялар саласындағы қылмыстар;
- мемлекеттік шекарадан адамдар мен көлік құралдарының заңсыз өтуі, олар арқылы жарылғыш, улы, радиоактивті, есірткі заттарының, қарудың, оқ-дәрінің және әкелуге немесе әкетуге тыйым салынған өзге де заттар мен контрабандалық бұйымдардың өткізілуі;
- қаруды, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды заңсыз саудалау;
- адамдарды сату, сондай-ақ адамдардың мүшелері мен талшықтарын саудаға салу;
- жалған ақша жасау және тарату;
- меншікке қарсы қылмыс;
- құжаттарды, чектерді және несие карточкаларын қолдан жасау;
- экологиялық қылмыстар;
- радиоактивті, ядролық және улы материалдарды, стратегиялық маңызы бар тауарлар мен технологияларды, сондай-ақ әскери техниканың басқа түрлерімен сауда жасау;
- мәдени игіліктермен заңсыз сауда жасау;
- автокөлік құралдарын айдап әкету және оларды саудалау.
3-бап
Ынтымақтастық мақсатында Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес:
1) қылмысқа қарсы күрестің әр түрлі саласында және криминалистикалық техника бойынша өзара ақпарат алу үшін мамандармен;
2) ұйымдасқан қылмыс шеңберінде жасалған қылмысқа қатысы бар адамдар туралы, әсіресе қылмысты ұйымдастырушылар туралы деректермен;
3) қылмыстық топтар, құрылымдар, оларға қатысушылардың байланыстары және жүріс-тұрыстары туралы ақпарат;
4) қылмыс жасаудың мән-жайлары туралы, атап айтқанда қылмыстың жасалған уақыты, орны және тәсілі, қол сұғу объектілері, ерекшеліктері туралы, сондай-ақ қылмыстық заңнама нормаларының бұзылуы және қолданылған шаралар туралы ақпарат алмасады.
2. Деректер мен ақпарат алмасу, егер әрбір нақты жағдайда қылмыстарды анықтау және тергеу немесе қоғамдық қауіпсіздікке ерекше қауіп төндіретін қылмыстарды болдырмау үшін қажет болса, жүзеге асырылады.
3. Тараптар сұрау салу бойынша сұрау салынған Тарап мемлекетінің заңнамасында жол берілген әрекеттерді жүзеге асырады.
4. Тараптар жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде өзара іс-қимыл жасасады және осы мақсатта келісілген әрекеттерді жүзеге асырады, өзара кадрлық, материалдық және ұйымдастырушылық көмек көрсетеді.
5. Тараптар жұмыс тәжірибесін және ақпарат, оның ішінде трансұлттық қылмыстардың кең тараған әдістері туралы, сондай-ақ қылмыс жасаудың ерекше жаңа түрлері туралы ақпарат алмасады.
6. Тараптар криминалистика және криминология саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен алмасады.
7. Тараптар қылмыстар нәтижесінде алынған немесе оны жасау үшін қолданылатын, сондай-ақ теріс мақсаттарда пайдаланылатын заттардың үлгілерін бір-біріне береді.
8. Тараптар мамандардың біліктігін бірлесіп немесе өзара арттыру үшін қызметкерлермен алмасуды жүзеге асырады және ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстың өзге де қауіпті түрлеріне қарсы күрес саласында кәсібилікті арттыру үшін қызметкерлердің тағылымдамасын ұйымдастырады.
9. Тараптар бірлескен іс-шараларды дайындау және өткізу үшін қажет болғанда тергеу сатысындағы нақты қылмыстық істер бойынша жұмыс кездесулерін өткізеді.
4-бап
Есірткі құралдарын және психотроптық заттарды заңсыз өсіруге, дайындауға, импорттауға, экспорттауға, транзиттеуге, сондай-ақ олармен сауда жасауға қарсы күресу мақсатында Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары шеңберінде ең алдымен:
1. а) есірткі құралдарын дайындауға, сатып алуға, сақтауға, тасымалдауға, қайта жіберуге немесе олармен сауда жасауға және есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорлардың контрабандасына қатысы бар адамдар туралы ақпарат алмасады;
b) есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды, оның ішінде көлік құралдарын пайдалана отырып жасыру жолдары мен орындары туралы ақпарат алмасады;
с) тасымалдау жолдары мен жеткізу арналары, мемлекеттік шекаралардан заңсыз өту үшін пайдаланылатын әдістер, сондай-ақ егер есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымымен байланысты, қоғамның қауіпсіздігі үшін елеулі қатер төндіретін қылмыстық істерді ашу, алдын алу және тергеу үшін қажет болса, белгілі бір істің ерекше мән-жайлары туралы ақпарат алмасады.
2. Тараптар есірткі құралдары мен психотроптық заттардың, сондай-ақ оларды өндіру үшін қажетті заттардың айналымнан заңсыз шығып кету мүмкіндігін ескере отырып, олардың заңды айналымын бақылау саласында тәжірибе алмасады.
3. Тараптар мемлекеттері солай деп таныған есірткі құралдары мен психотроптық заттардың, сондай-ақ оларды өндіру үшін қажетті заттардың айналымынан заңсыз шығып кету мүмкіндігін болдырмау жөнінде бірлескен шаралар қабылдайды.
4. Тараптар есірткі құралдары мен психотроптық заттарды заңсыз өндіруге қарсы бірлескен шаралар қабылдайды.
5-бап
Терроризмге қарсы күресу мақсатында Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары шеңберінде ақпарат алмасады, атап айтқанда:
1) жоспарланып жатқан және жасалған террористік актілер, оларды жүзеге асырудың нысандары мен әдістері, сондай-ақ Тараптардың бір мемлекеті аумағында екінші Тарап мемлекетінің мүдделеріне қарсы қылмысты жоспарлап отырған, жасап жатқан немесе жасаған террористік топтар, осындай әрекеттерді жасау үшін пайдаланылатын техникалық жабдықтар мен жұмыс қағидаттары туралы ақпаратпен;
2) террористік әрекетке қаржылық және материалдық-техникалық көмек көрсетуді жүзеге асырушы ұйымдар мен жеке адамдардың әрекетіне байланысты, сондай-ақ осындай көмек көрсетуді жүзеге асыру арналары туралы ақпаратпен;
3) есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымынан алынған қаражат есебінен жүзеге асырылатын террористік әрекетті қаржыландырудың арналарына қатысты ақпаратпен;
4) терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша талдау және концептуалдық материалдармен алмасады.
6-бап
Мемлекеттік шекарадан адамдар мен көлік құралдардың заңсыз өтуіне, ол арқылы жарылғыш, улы, радиоактивті заттардың, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың, қарудың, оқ-дәрінің, мүліктің және әкелуге немесе әкетуге тыйым салынған басқа да заттардың, сондай-ақ контрабандалық бұйымдардың орын ауыстыруына қарсы күрес мақсатында Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары шеңберінде:
1. Адамдардың, көлік құралдарының, жүктердің мемлекеттік шекарадан заңсыз өтуіне қарсы күрес мәселелерін бірлесіп талдау және шекара арқылы заңсыз әрекеттерді болдырмау жөнінде тиімді тиісті шаралар әзірлеу жөнінде Бірлескен комиссиясын құрады.
2. Тараптар мынадай:
- Тараптар азаматтары жағынан орын алған мемлекеттік шекараны бұзу фактілері және ұсталған тәртіп бұзушылар туралы;
- қаруды, оқ-дәріні, есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды, жарылғыш, улы және радиоактивті заттарды заңсыз алып өту фактілері және осындай әрекеттері үшін ұсталған Тараптар мемлекеттерінің азаматтары туралы;
- Тараптар мемлекеттері азаматтарының мемлекеттік шекарадан өтуіне құқық беретін құжаттарды қолдан жасаудың орын алған фактілері туралы ақпарат алмасады.
7-бап
1. Осы Келісімнің шеңберіндегі ынтымақтастық Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының сұрау салуы негізінде жүзеге асырылады. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары, егер бұл осы Келісімнің мақсаттарына жауап берсе және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына қайшы келмесе, өз бастамасы бойынша әрекет ете алады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген сұрау салу сұрау салатын Тарап мемлекетінің құзыретті органдарына жазбаша түрде берілуге тиіс. Жазбаша сұрау салу поштамен, факсимиль арқылы немесе Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарымен келісілген кез-келген басқа тәсілмен жіберілуге тиіс.
3. Сұрау салуда оны орындау үшін қажетті мәліметтер, сондай-ақ іске қатысы бар құжаттардың көшірмелері болуы, жазбаша түрде ресімделген, қол қойылған және сұрау салатын Тарап мемлекетінің құзыретті органының елтаңбалы мөрімен бекітілген болуы тиіс.
4. Шұғыл кезде мұндай сұрау салу ауызша жасалуы мүмкін және кейіннен жиырма төрт (24) сағат ішінде жіберілетін жазбаша түрде расталуға тиіс.
5. Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы мұндай сұрау салуды дереу орындайды. Қажет болған жағдайда сұрау салуды орындау бойынша қосымша ақпарат сұралуы мүмкін.
6. Егер мұндай сұрау салуды орындау екінші мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе оның мемлекетінің басқа маңызды мүддесіне қауіп төндіруі мүмкін болса немесе осы сұрау салуды орындау оның мемлекетінің ұлттық заңнамасына немесе халықаралық келісімдердің нәтижесі болып табылатын оның міндеттеріне қайшы келсе, сұрау салынатын Тарап осындай сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартуы мүмкін.
7. Сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тарапқа сұрау салуды орындаудан бас тарту себептері туралы немесе оны ішінара орындау себептері туралы дереу хабарлайды.
8. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары осы Келісімнің ережелерін орындау кезінде бір-бірімен қарым-қатынас жасауда қазақ, хорват, орыс және ағылшын тілдерін қолданады.
8-бап
Тараптар осы Келісімнің шеңберіндегі ынтымақтастықты бағалау мақсатында Тараптардың құзыретті органдарының басшы қызметкерлері қатарынан өздері арнайы тағайындаған сарапшыларды қатыстыра отырып, Бірлескен комиссия құрады. Комиссияның құрамы туралы Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар бойынша хабарландырады. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.
9-бап
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болмаса, Тараптар осы Келісімнің ережелерін орындау барысында туындаған шығыстарды дербес көтереді.
10-бап
Осы Келісімге және өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес күдікті немесе қылмыс жасаған адамдар туралы деректерді беру кезінде мынадай ережелер қолданылады:
1. Алушының деректерді пайдалануына тек беруші Тараптың ұйғарымындағы мақсаттар мен жағдайларда ғана жол беріледі;
2. Деректерді алушы сұрау салған жағдайда беруші Тарапқа олардың пайдаланылғаны және бұл ретте алынған нәтижелер туралы хабарлайды;
3. Адамдар туралы деректер осы Келісімнің 12-бабында санамаланған Тараптардың орталық құзыретті органдарына ғана беріле алады. Басқа органдарға одан әрі беру беруші органның алдын ала келісімі бойынша ғана жүзеге асырылуы мүмкін;
4. Беруші орган адам туралы берілетін деректердің шынайылығын қамтамасыз етеді және оларды сұрау салудың шегінде және оның мақсаттары мен мазмұнына сәйкес берудің қажеттілігіне көз жеткізеді. Бұл ретте Тараптардың ұлттық заңнамасының негізінде қолданылатын ақпарат беруге тыйым салу ескеріледі. Егер бұл орайда ұлттық заңдардың бірінің қағидаты бұзылуы немесе тиісті адамдардың заңмен қорғалатын мүдделері кемсітілуі мүмкін деп күдіктенуге негіз болса, онда адамдар туралы деректерді беру жүзеге асырылмайды. Егер сенімді деректер берілмесе немесе беруге болмайтын деректер берілген жағдайда, онда алушы орган бұл туралы дереу хабарландырылады. Алушы орган бұл деректерді түзетеді немесе жояды.
5. Сұрау салу негізінде құзыретті органға деректер туралы, сондай-ақ оларды пайдалануда көзделген мақсат туралы анықтама берілуі мүмкін. Егер, қолданыстағы ұлттық заңнамада мұндай ақпаратты міндетті түрде беру көзделмесе, осы ережені орындау туралы шешімді Тараптар әрбір нақты жағдайда қабылдайды. Жеке сипаттағы деректерді беруге қатысы бар барлық жағдайда Тараптар беруші Тараптың ұлттық заңнамасының ережелерін басшылыққа алады;
6. Беруші орган деректерді жіберген кезде қолданыстағы заңнамаға сәйкес оларды жою мерзімін көрсетеді. Бұл мерзімдерге қарамастан адамдар туралы деректер олардың берілу мақсаты орындала салысымен жойылады;
7. Адамдар туралы деректерді беруші немесе алушы органдар олардың берілгенін мен қабылданғанын тіркейді;
8. Адамдар туралы деректерді беруші немесе алушы орган берілген ақпаратты бөтен адамдардың қол сұғуынан, оларды өзгеруден және жария етуден тиімді сақтауды қамтамасыз етеді.
9. Егер екінші тарап үшін қызығушылық тудырады деп ойлауға негіз болса, Тараптар сұрау салусыз бір-біріне ақпарат жібере алады.
11-бап
1. Егер Тараптардың бірі ақпаратты мемлекеттің қолданыстағы ұлттық заңнамасының ережелеріне сәйкес құпия деп таныса, Тараптар алынған ақпараттың құпиялығын қамтамасыз етеді.
2. Осы Келісімнің шеңберінде Тараптар алған құжаттаманы, ақпарат пен техникалық жабдықты беруші Тараптың құзыретті органдарының алдын ала келісімінсіз үшінші тарапқа беруге болмайды.
3. Тараптардың мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерді беру беруші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Құпия деректер үшінші Тарапқа тек беруші Тараптың алдын ала жазбаша келісімімен ғана берілуі мүмкін. Қабылдаушы Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес мұндай мәліметтерге қатысты қорғаудың жеткілікті шараларын қамтамасыз етеді.
4. Ұлттық заңнамаға сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын ақпаратты алмасу тәртібі және оны қорғау жеке халықаралық шарттарда белгіленетін болады.
12-бап
Осы Келісімді орындау мақсатында барлық байланыстар Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында белгіленген құзырет шегінде тікелей орталық құзыретті органдар және олар тағайындаған сарапшылар арасында жүзеге асырылатын болады.
Орталық құзыретті органдар:
Қазақстан Республикасы жағынан:
- Бас прокуратура;
- Ішкі істер министрлігі;
- Ұлттық қауіпсіздік комитеті;
- Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы);
- Әділет министрлігі;
- Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті;
- Қорғаныс министрлігі;
- Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі
Хорватия Республикасы жағынан:
- Ішкі істер министрлігі.
Орталық құзыретті органдарға қатысты қандай да бір мәліметтер өзгерген жағдайда, Тараптар бір-бірін жазбаша түрде дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
13-бап
1-6-баптар аралығында көрсетілген ынтымақтастықтың басқа тетіктерін Тараптар немесе олардың уәкілеттігі бойынша орталық құзыретті органдар жеке уағдаластықтар жолымен белгілеуі мүмкін.
14-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану бойынша келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды келіссөздер мен консультациялар арқылы шешетін болады.
Қажет жағдайда даулы мәселелерді реттеу үшін Тараптардың өкілетті өкілдерінің тең санынан келісім комиссиясы құрылады.
Тараптардың өкілетті өкілдері қол қойған келісім комиссиясының хаттамасын екі Тарап та орындауға қабылдайды.
15-бап
Осы Келісім Тараптар қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
16-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі табылатын және осы Келісімнің 17-бабында көзделген талаптарға сәйкес күшіне енетін хаттамалармен ресімделеді.
17-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін Тараптар қажетті мемлекетішілік ресімдерді орындағаны туралы дипломатиялық арналар бойынша соңғы жазбаша хабарлама алған күннен бастап күшіне енеді.
18-бап
Бұл Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Кез-келген Тарап екінші Тарапқа жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Келісімнің әрекетін тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісім өз әрекетін осындай хабарлама алған күннен бастап алты ай өткеннен кейін тоқтатады.
2007 жылғы»5 шілдеде Астана қаласында екі данада, әрқайсысы қазақ, хорват, ағылшын және орыс тілдерінде жасалды, барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.
Қазақстан Республикасының Хорватия Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін