Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру және жүргізу ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 қыркүйектегі N 851 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 11 қыркүйектегі N 1363 Қаулысымен

      Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2009.09.11. N 1363 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 15-бабы 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қоса беріліп отырған Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру және жүргізу ережесі бекітілсін.

      2. "Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру және жүргізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі N 309 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., N 14, 167-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2007 жылғы 27 қыркүйектегі
N 851 қаулысымен
бекітілген  

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру және жүргізу
ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 15-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында мемлекеттік бақылауды (бұдан әрі - мемлекеттік бақылау) ұйымдастыру мен жүргізудің тәртібін белгілейді.

      2. Мемлекеттік бақылау жүргізудің мақсаты еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.

2. Мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру және жүргізу тәртібі

      3. Мемлекеттік бақылау мемлекеттік еңбек инспекторының жұмыс берушінің немесе қызметкердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын орындауына тексеру (бұдан әрі - тексерулер) жүргізуі жолымен жүзеге асырылады.

      4. Тексерулер жоспарлы және жоспардан тыс болып бөлінеді:
      1) жоспарлы - еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган немесе оның аумақтық бөлімшесі жоспарлаған, алдыңғы тексерулерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген уақыт аралықтары ескеріліп жүргізілетін тексеру.
      Жоспарлы тексеру еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтау мәселелері жөніндегі басқа да бақылаушы органдармен және қызметкерлердің өкілдерімен бірлесе отырып, кешенді түрде де жүргізілуі мүмкін.
      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, бір жеке немесе заңды тұлғаға қатысты жоспарлы тексеру жылына бір реттен асырылмай, ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты - үш жылда бір реттен жиі емес өткізілуі тиіс.
      Жекелеген ұйымдарда немесе экономиканың тиісті салалары ұйымдарында кешенді тексеру жүргізу қажеттілігін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтаудың қалыптасқан жай-күйін немесе өндірістік жарақаттанушылық деңгейін ескере отырып айқындайды және еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелеріне тиісті тапсырмалар жібереді.
      Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері тапсырмалардың негізінде, сондай-ақ ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуы жөніндегі талдау нәтижелеріне сәйкес тиісті айға, тоқсанға, жарты жылдыққа және бір жылға арналған тексеру жүргізу жоспарын жасайды.
      2) жоспардан тыс тексерулер жеке немесе заңды тұлғалар, мемлекеттік органдар еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуы туралы өтініш білдірген, сондай-ақ мемлекеттік еңбек инспекторы қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтарды дереу жоюды талап ететін фактілерді анықтаған немесе осындай бұзушылықтар белгілерінің болуын куәландыратын немесе өндірістегі жазатайым оқиғаларды тексеруді жүргізу кезінде анықталған құжаттармен және өзге де дәлелдемелермен расталатын өзге ақпарат алған жағдайларда жүргізіледі.
      Мемлекеттік еңбек инспекторы жоспардан тыс тексеру немесе өндірістегі жазатайым оқиғаға тексеру жүргізген жағдайда, жоспарлы тексерулер тексеру жүргізу жоспарын бекіткен лауазымды адаммен келісім бойынша басқа мерзімге ауыстырылады.
      Анонимдік өтініштер жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз болып табылмайды.

      5. Тексерудің ұзақтығы он күнтізбелік күннен аспауға тиіс. Ерекше айларда, арнайы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргізу қажет болған кезде, сондай-ақ тексеру көлемі ауқымды болған кезде мемлекеттік еңбек инспекциясының немесе оның аумақтық бөлімшесінің басшысы (немесе оның орнындағы адам) тексеру жүргізу мерзімін оқшауланған құрылымдық бөлімшесі жоқ заңды тұлға үшін жиырма күнтізбелік күнге дейінгі мерзімге, ал оқшауланған құрылымдық бөлімшесі бар тұлға үшін отыз күнтізбелік күнге дейінгі мерзімге ұзартуы мүмкін.

      6. Тексеруді жүргізу мерзімін есептеу жұмыс берушіге құжаттарды ұсыну туралы талаптың берілу және олардың мемлекеттік еңбек инспекторына ұсынылу сәттері аралығындағы уақыт кезеңіне тоқтатыла тұрады.

      7. Мемлекеттік еңбек инспекторы тексеруді бастар алдында жұмыс берушіге мынадай құжаттарды:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелуге тиіс жоспарлы тексеруді тағайындау туралы актіні (жоспардан тыс тексеруді тіркеу осы Ереженің 8-тармағында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады);
      2) қызметтік куәлігін;
      3) қажет болған кезде құзыретті органның режимдік объектілерге баруға рұқсатын табыс етеді.
      Мемлекеттік еңбек инспекторына қызметтік міндеттерін атқаруға кедергі жасайтын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

      8. Мемлекеттік еңбек инспекторлары жүргізген жоспардан тыс тексерулер белгіленген тәртіппен ай сайын (айына бір рет) құқықтық статистика және арнаулы есепке алу жөніндегі органдарда есептік тіркелуге тиіс.

      9. Мемлекеттік еңбек инспекторларының өндірістегі жазатайым оқиғаларды тексеру, сондай-ақ осындай жағдайларды туғызған себептерді жою жөніндегі іс-шаралардың орындалуын бақылау аясында өткізілетін тексерулері Қазақстан Республикасының мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы заңнамасына сәйкес тіркелуге және есепке алынуға жатпайды.

      10. Жүргізілген тексеру мен оның нәтижелері туралы ақпарат жұмыс берушінің тексеру актілерін есепке алу кітабына енгізіледі.

      11. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасын бұзушылықтардың анықталуына қарай мемлекеттік еңбек инспекторы мынадай актілер:
      1) нұсқама:
      еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын бұзушылықтарды жою туралы;
      жарақаттану қаупі бар және авариялық жағдайлардың туындауын болғызбау үшін өндірістік объектілер мен жабдықтардағы, сондай-ақ өндірістік процестердегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі алдын алу жұмыстарын жүргізу туралы;
      жекелеген өндірістердің, цехтардың, учаскелердің, жұмыс орындары мен жабдықтардың пайдаланылуына және тұтас алғанда ұйым қызметіне тыйым салу (оны тоқтата тұру) туралы нұсқама шығарады (жасайды). Бұл ретте ұйым қызметіне тыйым салу (оны тоқтата тұру) туралы акт сот шешімі шығарылғанға дейін қолданылады. Жұмыс беруші бұзушылықтарды үш күн өткенге дейін жойған жағдайда, осы актіні жасаған мемлекеттік еңбек инспекторы немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың бас мемлекеттік еңбек инспекторы ұйымның қызметіне тыйым салу (оны тоқтата тұру) туралы актінің күшін жояды;
      2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама;
      3) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы;
      4) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы шығарады.

      12. Мемлекеттік еңбек инспекторының актілері жұмыс берушілер мен лауазымды адамдардың тексеруді жүзеге асыру барысында белгілі болған (анықталған) еңбек заңнамасының талаптарын бұзушылықтарына ықпал етудің құқықтық шаралары болып табылады. Актілер екі данада жасалады, оның біреуі қолы қойғызылып, жұмыс берушіге тапсырылады.

      13. Лауазымды, жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік еңбек инспекторының актілерін орындауға міндетті.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады