Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы" мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы "Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы" мемлекеттік
бағдарламасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 8) тармақшасына сәйкес және Қазақстан Республикасында экономиканың шикізат емес секторының экспорттық әлеуетінің әртараптандырылуын және дамуын қамтамасыз ететін жаңа өндіріс орындарын құру және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған "Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы" мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі бір ай мерзімде Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін.
3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
4. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі жарты жылда бір рет, есепті кезеңнен кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы ақпарат ұсынсын.
5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Үкіметіне жүктелсін.
6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2007 жылғы N Жарлығымен
бекітілген
"Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы"
мемлекеттік бағдарламасы
1. Бағдарламаның паспорты
Бағдарламаның атауы "Қазақстанның 30 корпоративтік
көшбасшысы" мемлекеттік
бағдарламасы.
Әзірлеу үшін негізі "Қазақстан Республикасының
экономикасын жаңғырту жөніндегі
шаралар туралы" Қазақстан
Республикасы Президентінің 2007
жылғы 13 сәуірдегі N 314
Жарлығының 3-тармағы
Әзірлеуші Қазақстан Республикасы Экономика
және бюджеттік жоспарлау
министрлігі
Мақсаты Ел экономикасының шикізаттық емес
секторының экспорттық әлеуетінің
әртараптандырылуын және дамуын
қамтамасыз ететін бизнес пен
мемлекеттің өндірістің жаңаларын
құрудағы және жұмыс істеп
тұрғандарын жаңғыртудағы
күш-жігерін жұмылдыру болып
табылады
Міндеттері 1. Қазақстанда өңірлік және
әлемдік ауқымдағы корпоративтік
көшбасшыларды қалыптастыру
жолымен бәсекеге қабілетті,
экспортқа бағдарланған салаларды
және өндірістің шикізаттық емес
секторын құруға жәрдемдесу.
2. Жағымды бизнес-орта мен
инвестициялық ахуалды
қалыптастыру.
3. Халықаралық стандарттар мен
бизнестің барабар талаптарына
сәйкес бәсекеге қабілетті
индустриялық-инновациялық
инфрақұрылымдарды дамыту.
Іске асыру мерзімдері 2007-2030 жылдар
Қажетті ресурстар және Бағдарламаны іске асыру үшін
қаржыландыру көздері бағдарламаға қатысушылардың,
отандық және шет елдік
инвесторлардың, екінші деңгейлі
банктердің, мемлекеттік
холдингтердің, даму
институттарының өз қаражаттары,
республикалық және жергілікті
бюджет қаражаттары тартылатын
болады.
Күтілетін нәтижелер Қазақстанда тауарлар мен
қызметтердің өңірлік және әлемдік
нарықтарында бәсекеге қабілетті
корпорациялардың қалыптасуы;
ЖІӨ құрылымындағы шикізат емес
секторлар үлесінің ұлғаюы;
шикізат емес экспорт көлемінің
өсуі және географиясының кеңеюі;
қазақстандық брендтердің
қалыптасуы;
биржа саудасы жүйесінің дамуы,
компаниялардың әлемдік қор және
тауар биржасына шығуы;
мемлекеттік жеке әріптестіктің
жұмыс істейтін тетігінің құрылуы
және дамуы;
шикізат емес секторлардағы еңбек
өнімділігінің ұлғаюы және ғылымды
қажетсінетін және энергиялық
тиімді өндірістердің дамуы;
инфрақұрылымдардың халықаралық
талаптарға сәйкес дамуы;
аралас салаларға арналған
мультипликативтік және
синергетикалық тиімділікке қол
жеткізу.
2. Кіріспе
"Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы" мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) "Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 13 сәуірдегі N 314 Жарлығына сәйкес әзірленді.
Бағдарлама перспективалы инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимыл схемасын белгілейді. Осы құжатта:
жобаларды дайындау мен іске асыруды мемлекеттік қолдаудың ықтимал шараларының толық тізбесі келтірілген;
жобалардың экономикалық тиімділігін бағалау тетігі белгіленген;
барлық мүдделі тараптардың өзара іс-қимыл схемасы келтірілген;
Бағдарламаны іске асыру мониторингінің тетігі айқындалған;
Бағдарламаға енгізілген жобаларды мемлекеттік қаржыландыру тетігі айқындалған.
Мыналар Бағдарламаның негізгі қағидаттары болып табылады:
транспаренттілік - Бағдарламаға қатысушылардың тізбесі, Мастер-жоспарлар, өтінім берушілердің сауалдары, мемлекеттік қолдаудың бекітілген шаралары, мемлекет пен бизнес арасындағы меморандумдар, сондай-ақ құпиялылық сипаты бар тиісті ережелерін қоспағанда, жобалар мониторингінің нәтижелері жариялануы тиіс; Бағдарлама шеңберінде шешімдер қабылдау барлық мүдделі тараптар қатысқан жағдайда алқалы түрде жүзеге асырылады;
әріптестік - Бағдарламаны іске асыру мемлекеттің жеке сектормен өзара қарым-қатынасының негізінде жүзеге асырылады, онда мемлекет маркетингтік талдау жүргізуге, инфрақұрылымды құруға және дамытуға, қолайлы бизнес-ахуалды қалыптастыруға ден қойылады;
тең қол жетімділік - отандық сияқты шетелдік компаниялар да бағдарламаның қатысушысы бола алады;
Қазақстан Республикасында табыс орталығын ұйымдастыру - Бағдарлама шеңберінде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін құрылған компаниялар Қазақстан Республикасының резиденттері болуы тиіс;
трансферттілік (тарату әсері) - нормативтік құқықтық базаны (бизнес-ортаны жақсарту) жетілдіруге қатысы бар мемлекеттік қолдау шаралары, экономикалық қызметтің барлық субъектілеріне қолданылады;
сабақтастық - мемлекеттік қолдау шаралары, инвестициялық жобаларды іске асыру тетіктері мен бағдарламада көрсетілген-басқа да құралдарды, сондай-ақ өңірлік және өңіраралық маңызы бар жобаларды іске асыру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар да қолданатын болады;
тәуекелдерді бөлу - негізгі инвестициялық тәуекелдерді жеке сектор өзіне алады;
ұзақ мерзімділік - Бағдарламаның іс-әрекеті мемлекеттің ұзақ мерзімді стратегиялық міндеттерін іске, асыруға бағытталған.
Осы Бағдарламада мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
Мемлекеттік комиссия "Қазақстан Республикасының
экономикасын жаңғырту жөніндегі
шаралар туралы" Қазақстан
Республикасы Президентінің 2007
жылғы 13 сәуірдегі N 314 Жарлығымен
бекітілген Қазақстан
Республикасының экономикасын
жаңғырту мәселелері жөніндегі
мемлекеттік комиссия;
Уәкілетті орган Бағдарламада белгіленген
міндеттерді шешу шеңберінде
мемлекеттің мүддесін білдіретін
Қазақстан Республикасының Үкіметі
уәкілеттік берген мемлекеттік орган;
Бағдарламаның Қазақстан Республикасы Үкіметінің
оператор(лар)ы қаулысына сәйкес Бағдарлама бойынша
функцияларды іске асыруға уәкілетті
компания;
Сараптау кеңесі Консультативтік-кеңесші органның
функцияларын орындайтын, бизнестің,
бизнес қауымдастықтардың,
институционалдық инвесторлардың
және мүдделі мемлекеттік
органдардың өкілдерінен құрылған,
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің өкімімен
құрылған сарапшылар тобы;
Корпоративтік көшбасшы Әлемдік және/немесе өңірлік
нарықтарды орнықты ұстаным
иеленген, экспортының үлесі
Қазақстан Республикасының шикізат
экспортының жалпы көлемінің кемінде
2 %-ын құрайтын Бағдарламаның
қатысушысы;
Мастер-жоспар Әрбір жоба бойынша алдын ала
техника-экономикалық негіздемені
және инвестициялық жобаларды
табысты іске асыру үшін заңнаманы
жетілдіру жөнінде ұсынымдарды
қамтитын ықпалдасқан, өзара
байланысты және ілеспе өндірістер
кешенін және инфрақұрылым (заттай
және зияткерлік) құру жөніндегі
іс-шаралар жоспары;
Өтінім беруші Бағдарлама шеңберінде инвестициялық
жобаны іске асыруға мүдделі заңды
тұлға;
Қатысушы Бағдарлама шеңберінде инвестициялық
жобаны іске асыратын заңды тұлға.
Бағдарламаны ақпараттық қолдауды қамтамасыз ету үшін мынадай жұмыс жүргізілетін болады:
бағдарламаны іске асыруды қолдау сайтын әзірлеу, онда инвестициялық жобаларды іріктеудің, мемлекеттік қолдаудың мүмкін деңгейлерінің есептерінің, өтініштер беру тетіктері мен инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі өлшемдері егжей-тегжейлі түсіндірілетін болады;
отандық және шетелдік бизнестің қатысуымен конференциялар мен семинарлар өткізіледі;
бағдарламаның негізгі ережелерін жариялау үшін бұқаралық ақпарат құралдарын тартады.
3. Мәселенің қазіргі жағдайын талдау
Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясын жүзеге асыру кезеңінде мемлекеттік даму институттары экономиканың шикізат емес салаларындағы жекеменшік инвестициялық жобаларды қолдауда белгілі бір жұмыстар жүргізді. Бұл ретте жобаларды және сауда операцияларын қаржыландыру, лизингтік қызмет көрсету, экспорттық операцияларды сақтандыру және тағы басқалары мемлекеттік қолдаудың негізгі құралы болды.
Алайда, қазіргі кезде экономиканың шикізаттық емес секторлары кірістілігі бойынша өндіруші секторлармен және құрылыспен бәсекелесе алмайды. Бұдан басқа өңдеуші секторларда инвестициялық белсенділікке елеулі теріс әсерін тигізетін бірқатар факторлар бар.
Біріншіден, экономиканың шикізаттық емес секторларындағы жобалардың қайтарымдылығы көп уақыт кезеңін алуы мүмкін екендігіне, ал өнімдердің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін елеулі инвестициялар (осы заманғы өндірістік жабдықтар, технологияларды сатып алу, кадрларды оқыту) қажет ететініне байланысты осы секторлардың инвестициялық тартымдылығы айтарлықтай төмендейді.
Екіншіден, өндірістік инфрақұрылымның (темір жол инфрақұрылымы, электрэнергетикасы мен электр тарату желілері, телекоммуникация қызметі, сумен жабдықтау, газбен жабдықтау және тағы басқа инфрақұрылымдар) және логистикалық орталықтардың нашар дамуы өнімдердің бәсекеге қабілеттілігіне теріс ықпалын тигізеді.
Үшіншіден, экспорттық операцияларды мемлекеттік әкімшілендірудің қолданыстағы жүйесі тиімді емес және экономиканың шикізаттық емес экспортқа бағдарланған секторларына инвестициялардың тартымдылығын төмендетеді.
Төртіншіден, өндіруші кәсіпорындардың көпшілігі тұтынушылардың орнықты желісін құрып үлгергендіктен және ұзақ мерзімді келісім-шарттар бойынша міндеттемелермен байланғандықтан, ішкі нарықта шикізат ресурстарының белгілі бір тапшылығы бар.
Бесіншіден, білікті кадрлардың тапшылығы және көптеген әкімшілік тосқауылдардың болуы өндірісті ұйымдастырған кезде қосымша қиындықтар туындатады.
Сыртқы нарықтарды жеңіп алуда трансұлттық корпорациялар (корпоративтік көшбасшылар) барынша ірі табысқа қол жеткізетіндігін, ал жаһандану және халықаралық қатал бәсекелестік жағдайында экономиканың шикізаттық емес секторларындағы корпоративтік көшбасшыларды қалыптастыру көп жағдайларда мемлекеттің ынталандыру шараларының көмегінсіз жүргізілмейтіндігін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.
Форбс (Forbes) журналының деректеріне сәйкес 100 аса ірі корпорациялардың ішінен тек 35 компания ғана мұнай емес және қаржылық емес секторларда операциялар жүргізеді. Сонымен қатар, әлемнің аса ірі корпорациялары 15-20 жыл бұрын Батыс Еуропа, Америка Құрама Штаттары және Жапония елдерінің өкілдерінен құралса, 2006 жылы әлемнің 100 аса ірі корпорациялары арасында Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей және Бразилия компаниялары болды. Бұл ретте Samsung Electronics Оңтүстік Корея компаниясы компаниялардың жалпы рейтингінде 63 орынды және шикізат емес және қаржылық емес компаниялардың арасында 19 орынды алады және әлемдегі аса ірі электртұрмыстық аспаптарды өндіруші болып табылады.
Осы Бағдарлама жоғарыда көрсетілген проблемаларды экономиканың шикізаттық емес экспортқа бағдарланған секторларында инвестициялық жобаларды іске асыруды мемлекет пен бизнестің серіктестігі негізінде мемлекеттік ынталандырудың жаңа құралдарын әзірлеу және енгізу жолымен шешуге бағытталған.
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері
Бағдарламаның мақсаты ел экономикасының шикізаттық емес секторының экспорттық әлеуетінің әртараптандырылуын және дамуын қамтамасыз ететін бизнес пен мемлекеттің өндірістің жаңаларын құрудағы және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғыртудағы күш-жігерін жұмылдыру болып табылады.
Бағдарламаның міндеттері:
1. Қазақстанда өңірлік және әлемдік деңгейдегі корпоративтік көшбасшыларды қалыптастыру жолымен бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдарланған салаларды және шикізаттық емес секторды құруға жәрдемдесу.
2. Жағымды бизнес-орта мен инвестициялық ахуалды қалыптастыру.
3. Халықаралық стандарттар мен бизнестің барабар талаптарына сәйкес бәсекеге қабілетті индустриялық-инновациялық инфрақұрылымдарды дамыту.
Корпоративтік көшбасшыларды қалыптастыру бағдарламаны іске асырудағы нақты нәтижесі болып табылады.
Мынадай компаниялар корпоративтік көшбасшылар болып танылады:
Қазақстанның шикізат емес экспортының жалпы көлемінің 2% пайыздан кем емес экспорт үлесін құрайтын;
ішкі, өңірлік және/немесе әлемдік нарықтағы танымал "брэнды" бар;
ҒЗТҚЖ-да инвестициялардың жоғары деңгейі бар;
бағдарлама шеңберінде іске асырылған объектілерін пайдалануға енгізгеннен кейін, кем дегенде 3 жылдан кешіктірмей (ІРО) қор биржасында акцияларының бағамдауы бар;
бағдарламаны іске асырудың инвестициялық жобаларды таңдау мен басқару бөлігінде мемлекеттік - жекеменшік әріптестігінің институционалдық тетіктерін жетілдіру оларды іске асыруға қатысатын әрбір инвестордың үлесі мен қатысу шарттарын айқындау, сондай-ақ жұмыстың атқарылуы мен қызметтің түпкілікті нәтижелерін бөлу жауапкершілігі жанама әсері болып табылады.
5. Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары мен тетіктері 5.1. Бағдарламаны іске асыру бағыттары
Бағдарлама мемлекет пен бизнестің экономиканың шикізат емес экспортқа бағдарланған секторларындағы бірлескен инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі екі бағытты қамтиды.
Бағдарламаны іске асыру шеңберінің перспективті инвестициялық жобаларды іріктеудің базалық талаптары мыналар болып табылады:
1. Мынадай секторларда жобаны іске асыруға мүдделі инвесторлар бағдарламаның қатысушылары бола алады:
қайта жасаудың Қазақстанда қолданыстағыдан ілеспе игеру жөніндегі өндірісті ұйымдастыру;
экспортқа бағытталған қайта өңдеу өндірісін жаңғырту және құру;
көлік - логистикалық орталықтарды дамыту.
2. Инвестициялық жобаны іске асыру үшін құрылатын компанияның жарлық қоры іске асырылатын жобаның жалпы құнының 20% пайызынан кем болмауы керек.
Бағдарламаны іске асыруды қолдау мақсатында мемлекет шикізат емес сектордың өсіп отыратын қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін концессия тетіктері негізінде инфрақұрылым объектілерін дамытуға үлкен көңіл бөледі.
Уәкілетті орган Бағдарлама және инфрақұрылымның тиісті жобалары шеңберіндегі жобаларды келісілген қаржыландыру тетігін әзірлейтін болады.
5.1.1. Бірінші бағыт
Бірінші бағыт бизнес іске асыруға ұсынатын инвестициялық жобаларға мемлекеттік қолдау көрсетуді көздейді. Бұл жағдайда мемлекеттік рөлі жобаларды бағалаумен, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың нақты шаралары мен келемін айқындаумен және берумен тұжырымдалады. Бағдарламаны іске асырудың бірінші бағыты 2007-2010 жж. кезеңіне есептелген.
Кең ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде мемлекет пен бизнес ынтымақтастығының тиімді тетігін жасауға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық базасын экономикалық дамудың жаңа кезеңінің қажеттіліктеріне сай келтіру осындай өзара іс-қимылды нәтижелерінің бірі болды.
Бірінші бағытты іске асыру шеңберінде перспективалы инвестициялық жобаларды түпкілікті іріктеу үшін мыналар қосымша талаптар болып табылады:
жобаның техника-экономикалық негіздемесінің болуы;
жобаның құны - кемінде 100 млн. АҚШ долл.;
жобадан мультипликативтік және жүйе құрайтын әсердің болуы;
жобаның экспортқа бағдарлануы - өндірілген өнімнің кемінде 30 %-экспортқа бағдарланатын болады;
қазіргі заманғы технологияларды пайдалану;
өңірлердің мамандануымен өзара байланыс;
жергілікті шикізатты және құрамдас бөлігін пайдалану;
жобаның өзін-өзі ақтауы - оң таза келтірілген құны (NPV) және басқа көрсеткіштерінің тиімділігі. Экономика секторларының бөлігінде жобаларды іске асырудың тиімділік көрсеткіштерінің нақты шекті мәнін уәкілетті мекеме дайындайды және Мемлекеттік комиссия мақұлдайды.
5.1.2. Екінші бағыт
Екінші бағыт жеке сектор мен мемлекеттің бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдарланған тауарларды (қызметтерді) айқындау жөніндегі бірлескен жұмысқа негізделген. Жеке сектор мемлекетпен бірлесіп, Қазақстан экономикасының басымды шикізат емес экспортқа бағдарланған секторларында қазақстандық тауарлардың халықаралық нарықтарға шығуы үшін серпілісті шоғырландырылған әсерін қамтамасыз ететін ықпалдасқан, өзара байланысты және ілеспе өндірістер құру жөніндегі жобаларды айқындайды және іске асыратын болады. Бағдарламаны іске асырудың екінші бағыты 2008-2030 жж. кезеңіне есептелген.
Мыналар екінші бағытты іске асыру шеңберінде перспективалы инвестициялық жобаларға арналған қосымша талаптар болып табылады:
тауардың (қызметтің) өмірлік циклын ескере отырып, әлемдік нарықтың экспорттық әлеуетінің және өсу перспективасының болуы;
ықпалдасқан, өзара байланысты және ілеспе өндірістер құру перспективалары;
жоғары қосылған құн;
еңбекті аз қажетсіну;
елдік бәсекелі басымдықтарының болуы
5.2. Бағдарламаны іске асыру тетіктері 5.2.1. Бірінші бағытты іске асыру тетіктері
Бірінші бағытты іске асыру үшін мынадай тетіктер көзделген (1-қосымша):
1. Өтінім беруші жобаны іске асыруға алдын ала өтінімді Бағдарламаның операторына (операторларына) (бұдан әрі - Бағдарламаның операторы) береді. Өтінім нысанын және жобаны алдын ала қарауға қажетті құжаттардың тізбесін Уәкілетті орган бекітеді. Бұл өтінімге жобаның алдын ала техника-экономикалық негіздемесі қоса беріледі, ол мынадай ақпаратты қамтиды:
жоба жөнінде жалпы ақпарат (жобаның атауы және өндірістің жұмыс істеу саласы, өндірілетін өнімді сипаттау және т.б.);
өндірістің сипаттамасы (өндірістік қуаттар одан арғы ықтимал қайта жасау);
мемлекеттік қолдаудың сұралатын деңгейі;
өзге де қажетті мәліметтері
2. Бағдарлама операторының өтінімді қарауы және жобаны алдын ала бағалауды жүзеге асыруы. Жобаның алдын ала бағалау нәтижелерін Сараптау кеңесінің қарауына шығару. Бағдарлама операторының жобаны алдын ала бағалаудың нәтижесін және Сараптау кеңесінің ұсынымын Уәкілетті органға беру.
3. Уәкілетті органның ұсынысы бойынша алдын ала мақұлданған жобалар жөнінде жобаның түпкілікті техника-экономикалық негіздемесін әзірлеу үшін қажетті ақпарат жинауда мемлекеттік органдардың және мемлекет қатысатын басқа да ұйымдардың жәрдемдесуі туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдерін дайындау.
4. Өтінім берушінің жоба жөніндегі толық ақпаратты техника- экономикалық негіздеме түрінде Бағдарлама операторына беруі, ол мыналарды қамтиды:
жобаны іске асырудың күнтізбелік жоспары;
жобаның қаржы-экономикалық моделі;
жобаның қаржы-экономикалық моделі негізінде үш нұсқа бойынша (базалық, пессимистік, оптимистік) жобаны іске асырудың қаржы-экономикалық нәтижелерін бағалау;
үлестік қатысу мөлшерін қоса алғанда, жобаны іске асыру құрылымы және басқа мәліметтер;
инвестициялық жоба тиімділігінің жобаның келтірілген құны (NPV) жоба кірістілігінің ішкі нормасы (IRR), жобаның өзін-өзі ақтау кезеңі (РВР), табыстылық индексі (ТІ) сияқты көрсеткіштері, жоба тиімділігінің басқа да көрсеткіштері;
мемлекеттік қолдаудың сұралатын деңгейі;
SWOT-талдау;
жобаны іске асыру тәуекелдерін бағалау;
жобаның техникалық сараптамасы;
жобаның экологиялық сараптамасы;
жобаның құқықтық сараптамасы;
жобаны іске асырудың сыртқы жағдайларын бағалау;
осылардың барысында айқындалуы тиіс жобалау-іздестіру
жұмыстары;
жобаны іске асыру шеңберінде қажетті өндірістік объектілер мен
инфрақұрылым объектілерінің тізбесі;
қажетті шикізат көздері;
өндірілетін өнімнің сапалық сипаттамалары;
өндіріс көлемі;
жобаны іске асыруға жұмсалатын күрделі шығындардың көлемі;
өнімді өндіруге жұмсалатын пайдалану шығындарының көлемі
айқындалуы тиіс.
Қажетті құжаттардың толық тізбесін Уәкілетті орган айқындайды.
5. Жобаны бағалауды Бағдарлама операторы жүзеге асырады.
6. Бағдарлама операторы жобаға өтінім берушімен және Уәкілетті органмен бірлесіп, жобаның параметрлерін талдайды және мемлекеттік қолдаудың ықтимал деңгейін бағалайды. Мемлекеттік қолдаудың ықтимал деңгейін есептеу әдістемесін Уәкілетті орган әзірлейді және Мемлекеттік комиссия мақұлдайды. Мемлекеттік қолдаудың ықтимал деңгейін есептеу кезінде жобаны іске асырудан түсетін салықтық түсімдердің болжамды көлемі және өтініш беруші ұсынған әлеуметтік міндеттемелердің көлемі ескерілетін болады.
7. Уәкілетті орган Сараптау кеңесімен жобаны және мемлекеттік қолдаудың ұсынылатын деңгейін келіседі.
8. Уәкілетті орган Бағдарлама операторымен бірлесіп келісілген әрбір жоба бойынша "жобаның паспортын" жасайды, ол мыналарды қамтиды:
жобаның жалпы сипаттамасы;
жобаның тиімділік көрсеткіштері;
жобаны іске асырудың әлеуметтік-экономикалық әсерін есептеу (кесте нысанда);
жобаны іске асырудан түсетін салықтық түсімдердің болжамды көлемі;
мемлекеттік қолдаудың ұсынылатын деңгейі.
9. Уәкілетті орган перспективті жобаларды "жобалар паспорттары" қосымшасымен бірге Мемлекеттік комиссияның қарауына енгізеді.
10. Мемлекеттік комиссия жобаны іске асырылатын жобалар тізбесіне енгізу жөніндегі шешімді қарайды және жобаны іске асырылатын жобалар тізбесіне енгізу жөнінде шешім қабылдайды және әрбір жоба бойынша мемлекеттік қолдаудың түпкілікті деңгейін айқындайды.
11. Уәкілетті орган Бағдарлама Операторымен және жобаға қатысушымен меморандум жасасады, онда:
тиімділік көрсеткіштерін қоса алғанда, жобаның негізгі сипаттамасы;
жобаны іске асыру мерзімдері;
мемлекеттің және бизнестің міндеттемелері, оның ішінде әлеуметтік;
міндеттемелердің орындалмағаны үшін тараптардың жауапкершілігі;
жобаны түзету тетігі;
жобадан шығу шарттары;
біріккен жобаны жемісті іске асыру үшін қажетті басқа да жағдайлар көрсетіледі.
Меморандумның нысанын Уәкілетті орган әзірлейді және Мемлекеттік комиссия мақұлдайды. Жобаны түзетуі жүзеге асырудың жалпы тәртібін және Бағдарламаға қатысушының жобадан шығу шарттарын айқындауды Мемлекеттік комиссия мақұлдайды.
12. Мемлекеттің жобаны іске асыру жөніндегі міндеттемелер мемлекеттік қолдау жасаудың нақты тетіктері мен мерзімдері көрсетіле отырып Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен ресімделеді. Осы қаулыда, сондай-ақ, экономикалық қызметтің барлық субъектілеріне нормативтік құқықтық базаның келісілген өзгерістері мен толықтыруларын тарату жөнінде шешімдер қабылданады.
13. Уәкілетті орган Бағдарлама Операторының ұсынысы бойынша жобаны мемлекеттік қолдаудың бюджеттік өтінімін қалыптастырады.
Жоба аяқталған соң және объект пайдалануға тапсырылғаннан кейін мемлекет жарғылық капиталға қатысудағы өз үлесін қор биржаларында өткізетін болады. Мемлекетке тиесілі акцияларды іске асыру жобаны Бағдарлама шеңберінде іске асыратын компания корпоративтік көшбасшы өлшеміне қол жеткізгеннен кейін немесе Мемлекеттік комиссияның шешімі бойынша мүмкін болады.
5.2.2. Екінші бағытты іске асыру тетігі
Бағдарламаның екінші бағытын іске асыру шеңберінде Мастер- Жоспарлар түрінде ресімделген нақты инвестициялық жобалар әзірленетін болады. Екінші бағыт іске асыру тетігі мынадай дәйектілікті көздейді (2-қосымша):
1. Мемлекет жеке сектормен бірлесіп нақты тауарларды (қызметтерді) бөле отырып экономиканың шикізат емес экспортқа бағдарланған басым секторын айқындайтын болады.
2. 5.1.2.-кіші бөлімде жазылған қосымша өлшемдердің негізінде іріктелген және салалық стратегияларға сәйкес келетін перспективті тауарлар (қызметтер) тізбесін Мемлекеттік комиссия мақұлдайтын болады.
3. Уәкілетті орган әрбір бекітілген тауар (қызмет) бойынша Бағдарламаның Операторымен, Сараптама кеңесімен және халықаралық сарапшылармен бірлесіп Мастер-Жоспарларды әзірлеуді қамтамасыз етеді. Мастер-Жоспарлар біріктірілген, өзара байланысты және ілесе жүретін өндірістер мен инфрақұрылымдарды құру үшін жобаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары түрінде берілген, оған:
өңірлердің мамандандырылуын ескере отырып өндірістік кешеннің ұсынылатын орналасқан жері;
өндірістерді құру кезеңділігі мен дәйектілігі;
жобалардың қаржы-экономикалық үлгілері;
табыстылығының ішкі нормасы (IRR), келтірілген таза құны (NPV), өзін-өзі ақтау кезеңі, сондай-ақ жобалар тиімділігінің басқа да көрсеткіштері;
қажетті индустриалды-инновациялық инфрақұрылым (электр энергиясы, көлік инфрақұрылымы, көлік-логистикалық орталықтар, зертханалар) және олардың қазіргі бар инфрақұрылым желілеріне кіріктірілуі;
өнімді өткізудің мүмкін нарықтары мен дистрибуциялар арналары;
мамандану бөлінісінде еңбек ресурстарына қажеттіліктің есебі, сондай-ақ жобаларды білікті кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар;
мемлекеттік қолдаудың мүмкін көлемі;
инвестициялық жобаларды іске асырған кезде қажет басқа да факторлар кіреді.
4. Уәкілетті орган Мастер-Жоспарды Мемлекеттік комиссияның қарауына енгізеді.
5. Бағдарламаның Операторы бекітілген Мастер-Жоспарлар базасында әрбір жоба бойынша ашық конкурстар өткізеді.
6. Өтініш беруші Бағдарламаның Операторына түпкілікті техникалық-экономикалық негіздеме мен Мастер-Жоспарда ерекше көзделген мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары мен көлемдері бойынша ұсыныстар береді.
7. Уәкілетті орган мен Бағдарламаның Операторы Сараптама кеңесімен бірлесіп жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне бағалау жүргізеді және мемлекеттік қолдау, оның ішінде нормативтік құқықтық базаны жетілдіру мүмкіндігін бағалайды. Жобаны бағалаудың нәтижелері және мемлекеттік қолдаудың ұсынылатын деңгейі Сараптау кеңесінің қарауына шығарылады.
8. Уәкілетті орган Бағдарламаның Операторымен бірлесіп әрбір жоба бойынша "жобаның паспортын" жасайды, оған жобаның негізгі көрсеткіштері мемлекеттік қолдаудың сұралатын деңгейі кіреді.
9. Уәкілетті орган "жобалар паспорттары" қосымшасымен бірге жобаларды Мемлекеттік комиссияның қарауына енгізеді.
10. Мемлекеттік комиссия жобалар мен мемлекеттік қолдаудың түпкілікті деңгейін мақұлдайды, онда мыналар ескеріледі:
жобаны іске асыруға жеке сектордың үлесі;
бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің деңгейі;
табыстылығы мен жоба тиімділігінің басқа да көрсеткіштері;
жобаны іске асыру мерзімі мен құны.
11. Уәкілетті орган бағдарламаның Операторымен және жобаға қатысушымен меморандум жасасады, онда:
тиімділік көрсеткіштерін қоса алғанда, жобаның негізгі сипаттамасы;
жобаны іске асыру мерзімі;
мемлекет пен бизнестің міндеттемелері, оның ішінде әлеуметтік;
тараптардың міндеттемелерді орындамағаны үшін жауапкершілігі;
жобаны түзету тетігі;
жобадан шығу шарттары;
біріккен жобаны жемісті іске асыру үшін қажетті басқа да жағдайлар көрсетіледі.
Меморандумның нысанын Уәкілетті орган әзірлейді және Мемлекеттік комиссия бекітеді. Жобаны түзетуді жүзеге асырудың жалпы тәртібі мен бағдарламаға қатысушының жобадан шығу шарттарын белгілеуді Мемлекеттік комиссия мақұлдайды.
12. Мемлекеттің жобаны іске асыру жөніндегі міндеттемелері Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен ресімделеді, онда мемлекеттік қолдаудың нақты тетіктері көрсетіледі. Осы қаулыда, сондай-ақ, экономикалық қызметтің барлық субъектілеріне нормативтік құқықтық базаның келісілген өзгерістері мен толықтыруларын тарату жөнінде шешімдер қабылданады.
13. Уәкілетті орган Бағдарлама Операторының ұсынысы бойынша жобаны мемлекеттік қолдаудың бюджеттік өтінімін қалыптастырады.
Жоба аяқталған соң және объект пайдалануға тапсырылғаннан кейін мемлекет жарғылық капиталға қатысудағы өз үлесін қор биржаларында еткізетін болады. Мемлекетке тиесілі акцияларды іске асыру жобаны Бағдарлама шеңберінде іске асыратын компания корпоративтік көшбасшы өлшеміне қол жеткізгеннен кейін ғана немесе Мемлекеттік комиссияның шешімі бойынша мүмкін болады.
5.3. Мемлекеттік қолдаудың ықтимал шаралары
Мыналар мемлекеттік қолдаудың шаралары болып табылады:
мемлекеттің жобаны қаржыландыруға қатысуы - жобаның жалпы құнының 50 %-нан аспайды;
жобаны іске асыру үшін құрылатын компанияның жарғылық капиталына қатысу - 1 акция - 50 %-дан аспайды, бірақ жобаны қаржыландырудағы қатысу үлесінен кем емес;
ұзақ мерзімді қарыздар беру;
мемлекеттік кепілдіктер мен кепілдемелер беру;
қолданыстағы заңнама шеңберінде салықтық және кедендік преференциялар беру;
қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және/немесе мемлекеттік инфрақұрылымдық компаниялардың жобасына қатысу;
экспорттық операцияларды жүзеге асыруға жәрдемдесу, оның ішінде сауда келісімдері щеңберінде саяси қолдау;
жобаны іске асыру және компанияның одан әрі жұмыс істеуі үшін қажетті көлемде бейінді шикізат кен орындарына жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру не қажетті кен орындарын дайындауды ұйымдастыру және жобаны іске асыру және компанияның одан әрі жұмыс істеуі үшін шикізат беру;
әкімшілік кедергілерді жою (азайту), оның ішінде қызметті жүзеге асыруға лицензиялар мен өзге де рұқсаттар беру, жобаны іске асыруға және өндірістің одан әрі жұмыс істеуіне кедергі жасайтын кедендік рәсімдерден өту және салықтық әкімшілендіру рәсімдерін оңайлату бөлігінде;
білікті еңбек ресурстарымен, оның ішінде білім беру объектілерін дамыту, кадрларды даярлау және қайта даярлау курстарын ұйымдастыру, біліктілігі жоғары шетелдік жұмыс күшін тарту үшін жағдай қалыптастыру есебінен қамтамасыз ету;
ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде жобаны іске асыру үшін қажетті ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды бірлесіп қаржыландыру;
мемлекеттік тапсырыстар беру;
лицензиялар мен патенттерді кейіннен Бағдарламаға қатысушының пайдалануына беру мақсатында оларды сатып алу;
жобаны іске асыру үшін қажетті жер учаскелерін бөлу. Бұл ретте, мемлекеттік қолдаудың жиынтық деңгейі жобаның жалпы құнынан аспауы тиіс, бұл өз кезегінде өзіне көптеген өзара байланысты және ілеспе өндірістерді қамтитын өндірістік кешендердің дамуын ынталандыратын болады.
5.4. Бағдарламаның іске асырылуына тікелей қатысатын
органдар
Мемлекеттік комиссия
Мемлекеттік комиссияның қызметі:
перспективті салалар мен өнімдердің тізімін, Мастер-Жоспарларды және нақты инвестициялық жобаларды мақұлдауды;
экономика секторлары бөлінісінде жобаларды іске асыру тиімділігі көрсеткіштерінің нақты шекті маңыздарын мақұлдауды;
жобалар бойынша мемлекеттік қолдау деңгейінің есеп әдістемесін мақұлдауды;
мемлекеттік қолдаудың түпкілікті деңгейін айқындауды;
Бағдарлама Операторының жобаларды іске асыру барысы туралы есептерін қарауды;
жобалардың түзету мен тараптардың жобалардан шығуының жалпы тәртібін мақұлдауды;
жобалардың мониторинг әдістемелерін мақұлдауды;
мемлекет пен бизнестің жобаларды іске асыру бойынша өзіне алған міндеттемелерін орындау барысын бақылауды;
осы Бағдарлама ережелерінен туындайтын өзге де шешімдер қабылдауды білдіреді.
Уәкілетті орган
Уәкілетті органның қызметі мыналарды білдіреді:
экономика секторларының бөлінісінде жобалардың іске асырылу тиімділігі көрсеткіштерінің нақты шекті маңызын әзірлеу:
жобаларды іріктеу бойынша егжей-тегжейлі өлшемдерді әзірлеу және бекіту;
жобаларды алдын ала қарау үшін өтінімдер нысандары мен құжаттар тізбелерін бекіту;
жобаны түпкілікті бағалау үшін қажетті құжаттардың толық тізбесін бекіту;
мемлекеттік қолдаудың мүмкін деңгейінің есептеу әдістемесін әзірлеу;
Бағдарлама Операторы мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың өзара іс-қимыл тетігін әзірлеу;
Бағдарлама жобалары мен инфрақұрылымдардың тиісті жобаларын келісілген қаржыландыру тетігін әзірлеу;
жобаларды түзетудің жалпы тәртібі мен тараптардың жобалардан шығуын айқындау;
үлгі меморандумын әзірлеу;
Сараптау кеңестермен жобаларды және олардың мемлекеттік қолдау деңгейлерін келісу;
Бағдарлама Операторымен бірлесіп "жобалардың паспорттарын" жасау;
жеке секторлар мен тәуелсіз сыртқы сарапшылармен бірлесіп экономиканың басым секторлары мен нақты тауарларды (қызметтерді) айқындауға қатысу;
Мастер-Жоспарларды әзірлеуді қамтамасыз ету;
Бағдарлама-өлшемдеріне сәйкес келетін жобаларды Мемлекеттік комиссияның қарауына енгізу;
мемлекет пен бизнес арасындағы меморандумға мемлекет атынан қол қою;
мемлекеттік қолдауға бюджет өтінімдерін қалыптастыру;
жобалар мониторингі әдістемесін әзірлеу.
Бағдарламаның Операторы
Мемлекет пен жеке бизнес арасында диолог құру жөніндегі маңызды роль Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын Бағдарлама Операторына берілген. Жобаларды іріктеу және іске асыру шеңберінде "бір терезе" қағидаты қолданылатын болады, мұнда жеке бизнес Бағдарлама Операторына өтінім береді және одан әрі барлық іс-әрекет Бағдарлама Операторы арқылы жүзеге асырылады, бұл барлық рәсімдердің барынша түсінікті және ашық болуына мүмкіндік береді. Бағдарлама Операторының қызметі мынадай болады:
бизнеске Бағдарламаның негізгі ережелерін түсіндіру;
жобаларды бағалау бойынша егжей-тегжейлі өлшемдер әзірлеу;
жеке сектор өтінімін жинау және алғашқы қарау;
жобаның іске асырылу орындылығын, жобадан алынатын әсерді және мемлекеттік қолдаудың тиімді пакетін талдау;
Уәкілетті органмен бірлесіп "жобалардың паспорттарын" құру;
бюджеттік өтінімді құру жөніндегі ұсынысты Уәкілетті органға беру;
инвестициялық жобаларды іске асыру (жеке сектормен бірлесіп);
жобалардың іске асырылу мониторингін жүзеге асыру және жобалардың іске асырылу барысы туралы тоқсандық есептерді Уәкілетті орган мен Мемлекеттік комиссияның қарауына ұсыну;
Мемлекеттік комиссияны жобадағы өзгерістер туралы (жобаның құны, іске асыру мерзімдері) олардың себептерін көрсете отырып, жедел хабардар ету;
жобаларды іске асыру кезіндегі проблемалар туралы есепті қалыптастыру.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды бағдарламаны іске асыру үдерісіне тарту үшін Уәкілетті орган жобаларды іріктеу, іске асыру және мониторингі кезінде Бағдарлама Операторы мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың өзара іс-қимыл тетігін бекітетін болады. Бұдан басқа, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың өңірлік және өңіраралық маңызы бар құны 100 млн. АҚШ долларынан кем жобаларды іске асыруы үшін Үкімет тиісті бағдарлама бекітетін болады.
Сараптау кеңесі
Мемлекеттік қолдауды бөлудің орындылығы мен әділдігін қоғамдық бақылауды жүзеге асыру мақсатында консультативтік-кеңестік орган ретінде Сараптау кеңес құрылатын болады, оның құрамына бизнестің, салааралық ассоциациялар мен басқа да мүдделі тараптардың өкілдері кіреді. Осылайша, Бағдарлама шеңберінде іске асырылатын барлық жобалар Мемлекеттік комиссияның қарауына дейін Сараптау кеңесімен келісілетін болады.
5.5. Бағдарламаны іске асыру барысының мониторингі
Мониторинг мындай кезеңдерден тұрады:
пайданың, экспорттық табыстың, салықтық төлемдердің жобаны іске асыру тиімділігінің басқа да көрсеткіштерінің жоспарланған және нақты деңгейлері арасындағы алшақтықтарды айқындау;
жобаның бюджеті мен күнтізбелік жоспарды іске асырудағы алшақтықтарды айқындау;
осы алшақтықтардың себептерін анықтау;
оларды жою жөнінде шаралар қабылдау.
Жобаларды іске асыру мониторингінің жүйесі тоқсан сайынғы негізде ұйымдастырылатын болады.
Жобалардың мониторингі әдістемесін Уәкілетті орган әзірлейді және
Мемлекеттік комиссия мақұлдайды.
Бағдарламаларды іске асыру кезінде мүмкін болатын жүйелі қауіп-қатерлерді ескеру қажет.
Біріншіден, мемлекеттік қолдауды тоқтатқаннан кейін әлемдік және өңірлік нарықтарда бәсекеге қабілетті бола алмайтын тиімсіз жобаларды іріктеу және іске асыру ықтималдығы бар.
Екіншіден, қосымша өндірістік, әлеуметтік және интелектуалдық инфрақұрылымдардың құрылысы инвестицияның үлкен көлемін болжайды, бірақ жобаларды сәтсіз іске асырған жағдайда бұл инфрақұрылым өзін-өзі ақтамайтын болады.
6. Қажетті ресурстар және оларды қаржыландыру көздері
Бағдарламаны іске асыру үшін бағдарламаға қатысушылардың, отандық және шет елдік инвесторлардың, екінші деңгейлі банктердің, мемлекеттік холдингтердің, даму институттарының өз қаражаттары, республикалық және жергілікті бюджет қаражаттары тартылатын болады.
Ілеспе инфрақұрылымдардың құрылысын және жобалардағы мемлекеттің, қатысу үлесін қаржыландыру үшін мемлекеттік қолдау шараларының шеңберінде орта мерзімді кезеңге арналған тиісті бюджеттік бағдарламалар қалыптастырылатын болады.
7. Бағдарламаны іске асыру нәтижелері
Бағдарламаларды іске асыру нәтижесінде мынадай нәтижелер алу күтіледі:
Қазақстанда тауарлар мен қызметтердің өңірлік және әлемдік нарықтарында бәсекеге қабілетті корпорациялардың қалыптасуы;
ЖІӨ құрылымындағы шикізат емес секторлар үлесінің ұлғаюы;
шикізат емес экспорт көлемінің өсуі және географиясының кеңеюі;
қазақстандық брендтердің қалыптасуы;
биржа саудасы жүйесінің дамуы, компаниялардың әлемдік қор және тауар биржасына шығуы;
мемлекеттік жеке әріптестіктің жұмыс істейтін тетігінің құрылуы және дамуы;
шикізат емес секторлардағы еңбек өнімділігінің ұлғаюы және
ғылымды қажетсінетін және энергиялық тиімді өндірістердің дамуы;
инфрақұрылымдардың халықаралық талаптарға сәйкес дамуы;
аралас салаларға арналған мультипликативтік және синергетикалық әсерге қол жеткізу;
Корпоративтік көшбасшылардың бағалы қағаздарын орналастыру Қазақстандағы қор нарығының дамуына серпін береді: нарыққа қатысушы заңды және жеке тұлғалар белсенділігінің ұлғаюы, қор нарығы көлемінің өсуі. Корпоративтік көшбасшылардың Еуропа, Америка және Азияның қор нарығына шығуы Қазақстанға инвестицияның қосымша ағынын тартады.
1-қосымша
Бағдарламаның бірінші бағытын іске асыру тетігі
(кестені қағаз мәтінінен қараңыз)
2-қосымша
Бағдарламаның екінші бағытын іске асыру тетігі
(кестені қағаз мәтінінен қараңыз)