Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының "Байқоңыр" кешенін жалға алу жағдайында "Байқоңыр" кешенінің персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсетудің тәртібі туралы келісімге қол қою туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 19 желтоқсандағы N 1237 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 13 қарашадағы N 1832 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2009.11.13 N 1832 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының "Байқоңыр" кешенін жалға алу жағдайында "Байқоңыр" кешенінің персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсетудің тәртібі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Анатолий Григорьевич Дерновойға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының "Байқоңыр" кешенін жалға алу жағдайында "Байқоңыр" кешенінің персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсетудің тәртібі туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасында Ресей Федерациясының "Байқоңыр" кешенін жалға алу шартымен "Байқоңыр" кешенінің персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсетудің тәртібі туралы келісім жасасу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 21 желтоқсандағы N 1339  қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2007 жылғы 19 желтоқсандағы 
N 1237 қаулысымен мақұлданған

жоба

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының "Байқоңыр" кешенін
жалға алу жағдайында "Байқоңыр" кешенінің персоналына,
Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай тұрғындарына медициналық қызмет көрсетудің тәртібі туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі қағидаттары мен шарттары туралы келісімді, 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенін жалға беру шартын, 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі, оның атқарушылық билік ету органдарын қалыптастыру тәртібі мен мәртебесі туралы келісімді, 2004 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы "Байқоңыр" кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді негізге ала отырып,
      тиімді медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту және жетілдіру мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында:
      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі;
      Ресей Тарапынан - Федералдық медициналық-биологиялық агенттік Тараптардың уәкілетті органдары болып табылады.

  2-бап

      Денсаулық сақтау ұйымдарын қаржыландыру:
      Қазақстан Тарапынан - Төретам және Ақай кенттерінің денсаулық сақтау ұйымдарына қатысты;
      Ресей Тарапынан - "Байқоңыр" ғарыш айлағында орналасқан денсаулық сақтау ұйымдарына қатысты жүзеге асырылады.

  3-бап

      "Байқоңыр" кешенінің персоналына және Байқоңыр қаласының тұрғындарына медициналық көмек көрсетуді, "Байқоңыр" ғарыш айлағы мен Байқоңыр қаласындағы халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қадағалауды және санитарлық-эпидемияға қарсы (алдын алу) іс-шараларды Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес атқарушы биліктің уәкілетті федералдық органы, федералдық денсаулық сақтау ұйымдары мен олардың құрылымдық бөлімшелері жүзеге асырады.
      Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық көмек көрсетуді және санитарлық-эпидемияға қарсы (алдын алу) іс-шараларды Қызылорда облысы денсаулық сақтау департаментінің денсаулық сақтау ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Келісімге сәйкес жүзеге асырады.

  4-бап

      1. "Байқоңыр" кешенінің ресейлік ұйымдарында жұмыс істейтін Ресей Федерациясының азаматтарына, оның ішінде "Байқоңыр" ғарыш айлағының персоналына және ғарыш айлағының персоналының отбасы мүшелеріне; Байқоңыр қаласының жұмыс істемейтін тұрғындарына, "Байқоңыр" кешенінің, Төретам және Ақай кенттерінің аумағында уақытша тұратын азаматтарға; сондай-ақ "Байқоңыр" кешенінің ресейлік ұйымдарында жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының азаматтарына медициналық көмекті (бастапқы медициналық-санитарлық көмек, мамандандырылған медициналық көмек және медициналық көмектің жоғары технологиялық түрлері) Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес Ресей Федерациясының федералдық денсаулық сақтау ұйымдары мен олардың құрылымдық бөлімшелері көрсетеді.
      2. Қазақстан Республикасының: "Байқоңыр" кешенінің Қазақстан Республикасы ұйымдарында жұмыс істейтін азаматтарына; Байқоңыр қаласының жұмыс істемейтін тұрғындарына; "Байқоңыр" кешені аумағында уақытша тұратын азаматтарға; сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұйымдарында жұмыс істейтін Ресей Федерациясы азаматтарына, медициналық көмекті Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес Ресей Федерациясының федералдық денсаулық сақтау ұйымдары мен олардың құрылымдық бөлімшелері көрсетеді.
      Қазақстан Республикасының азаматтарына: "Байқоңыр" кешенінің ресейлік ұйымдарында жұмыс істемейтін Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына; Төретам және Ақай кенттерінің денсаулық сақтау ұйымдары көрсете алмайтын Төретам және Ақай кенттерінде уақытша тұратындарға медициналық көмекті Төретам және Ақай кенттерінің денсаулық сақтау және жедел медициналық жәрдем ұйымдарының жолдамалары бойынша Ресей Федерациясының федералдық денсаулық сақтау ұйымдары мен олардың құрылымдық бөлімшелері көрсетеді.
      Көрсетілетін медициналық қызметтерге ақы төлеу Қазақстан Республикасының бюджеті есебінен тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде жүргізіледі.
      3. Байқоңыр қаласының аумағында жедел медициналық көмек азаматтығына, тұратын жеріне және жұмысына қарамастан барлық санаттағы тұлғаларға тегін және шұғыл түрде Ресей Федерациясының заңнамасына және осы Келісімге сәйкес тиісті бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

  5-бап

      Тараптардың уәкілетті органдары Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің халқына медициналық қызмет көрсетуді жетілдіру және санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мәселелерін Тараптар мемлекеттерінің халық денсаулығын сақтау жөніндегі өңірлік бағдарламаларына енгізу үшін шаралар қабылдайды.

  6-бап

      Тараптардың уәкілетті органдары "Байқоңыр" ғарыш айлағы, Төретам және Ақай кенттері аумағында халықтың денсаулығын сақтау мен санитарлық-эпидемиялық салауаттылығы саласында өзара іс-қимыл жасауды, ақпарат алмасуды жүзеге асырады.

  7-бап

      Тараптардың уәкілетті органдары "Байқоңыр" кешенінде және оған іргелес аумақтарда пайда болған төтенше жағдайлар, аса қауіпті жұқпалы аурулар жағдайлары, табиғи-ошақ жұқпалары бойынша эпизоотикалық жағдайдың өршуі туралы бір-бірін хабардар етеді және төтенше жағдайлардың салдарлары мен жұқпалы аурулар ошақтарын жою үшін қажетті медициналық көмек көрсету және санитарлық-эпидемияға қарсы (алдын алу) іс-шараларын өткізу кезінде өзара іс-қимылдарды қамтамасыз етеді.

  8-бап

      Тараптардың уәкілетті органдары Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің денсаулық сақтау ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз етуге ықпал етеді, Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының тиісті бейінді білім беру мекемелерінде медицина кадрларының біліктілігін арттыруға қажетті көмек көрсетеді.

  9-бап

      Тараптардың уәкілетті органдары Байқоңыр қаласында, Төретам және Ақай кенттерінде жаңадан құрылған ашылған және жұмыс істеп тұрған денсаулық сақтау ұйымдардың таратылғаны туралы бірін бірі хабардар етеді.

  10-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін толықтырулар мен өзгерістер енгізілуі мүмкін.
      Тараптар арасындағы осы Келісімді орындауға немесе түсіндіруге байланысты даулы мәселелер Тараптардың уәкілетті органдарының келіссөз жүргізуі жолымен шешіледі.

  11-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындауы туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенін жалға беру туралы 1994 жылғы 10 желтоқсандағы шарттың қолдану мерзіміне жасалады.

  12-бап

      Осы Келісім күшіне енгізілген күнінен бастап Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау және медицина өнеркәсібі министрлігі, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі (Әскери-ғарыш күштері), Ресей ғарыш агенттігі, Ленинск қаласының әкімшілігі арасындағы 1995 жылғы 3 наурыздағы "Ресей Федерациясының "Байқоңыр" кешенін жалдау жағдайларында "Байқоңыр" кешенінің персоналына және Ленинск қаласының басқа да тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы" келісім өзінің қолданылуын тоқтатады.

      2007 жылғы "__" ________ әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалған, бұл ретте екі мәтіннің де бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

Қазақстан Республикасының    Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады