Қазақстан Республикасында халықты туберкулезден қорғау шаралары туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы N 1263 Қаулысы

      "Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын одан әрі іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 6 сәуірдегі N 310  Жарлығын іске асыру және Қазақстан Республикасында туберкулез бойынша эпидемиологиялық ахуалды жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері:
      1) денсаулық сақтауды дамытудың 2008 - 2010 жылдарға арналған өңірлік бағдарламаларының шеңберінде туберкулезге қарсы күрес жөніндегі шараларды қабылдасын;
      2) барлық туберкулезге қарсы күрес ұйымдары мен бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарда ерте бактериологиялық диагностика және бақыланатын қысқа мерзімді химиятерапия әдістерінің қолданылуын бақылауды күшейтсін;
      3) 2008 жылғы 1 наурызға дейінгі мерзімде өзгеше емдеуге жатпайтын туберкулезбен ауыратын сырқаттарға арналған бөлімшелер (ауруханалар не хоспистер) ашу арқылы қолда бар төсек қуатының шеңберінде туберкулезге қарсы күрес ұйымдарын қайта құрылымдауды жүргізсін;
      4) мыналарды:
      бацилла бөлінетін (аурудың жұқпалы түрімен) туберкулезбен ауыратын барлық сырқаттарды ауруханаға жатқызуды;
      туберкулезге қарсы күрес стационарларының аумақтарын қоршау мен күзетуді;
      туберкулезге қарсы күрес ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуды қамтамасыз етсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы және Денсаулық сақтау министрліктері туберкулезге қарсы күрес іс-шараларына бөлінетін қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп:
      1) ауыл шаруашылығы малдары мен құстарының арасында туберкулездің таралуын болдырмаудың алдын алу шараларын;
      2) мал шаруашылығы өнімдерін өндірумен және сатумен айналысатын, меншік нысанына қарамастан, жеке және заңды тұлғаларға белгіленген ветеринарлық-санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз етсін.

      4. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі:
      1) Қазақстан Республикасында туберкулездің таралуын болдырмауға бағытталған санитарлық-эпидемияға қарсы (алдын алу) іс-шаралардың іске асырылуын бақылауды;
      2) туберкулезге қарсы күрес препараттарын және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына бағдарланған таза субстанцияларды сатып алуды ұйымдастыруды;
      3) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен бірлесіп: қауіп-қатер тобындағы, тергеу изоляторларында тергеу қамауына алынған адамдарды - түскен кезде және әрбір жарты жыл сайын, түзету мекемелеріндегі сотталғандарды - жылына екі рет флюорографиялық және бактериологиялық тексеруді және туберкулезбен ауыратын сырқаттарды ауруларының түріне сәйкес емдеуді;
      4) Қазақстан Республикасы Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерімен, Қазақстан Республикасы Республикалық ұланымен (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен (келісім бойынша) бірлесіп, әскери қызметшілердің арасында туберкулезге күдікті адамдарды анықтаған жағдайда әскери немесе арнайы қызметті өткеру жері бойынша аумақтық туберкулезге қарсы күрес ұйымдарында сараланған диагностика жүргізуді қамтамасыз етсін.
      Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілерін диагнозын анықтағаннан кейін қызмет орны бойынша аумақтық туберкулезге қарсы күрес ұйымдарына емдеуге жіберілсін. Жіті емдеу курсынан кейін сырқат әскери қызметке жарамдылығы туралы сараптамалық шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының емдеу-алдын алу мекемелеріне ауыстырылады;
      5) Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, бұқаралық ақпарат құралдарында халық арасында туберкулездің алдын алу жөніндегі санитарлық-гигиеналық білімдерді кеңінен насихаттау жөнінде шаралар қабылдасын;
      6) жылына бір рет 15 қаңтарға осы қаулының орындалу барысы туралы Қазақстан Республикасының Үкіметін хабардар етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне жүктелсін.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады