"Туберкулезге қарсы күрес жөніндегі II бағдарлама" жобасын іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі мен KfW арасындағы Қаржыландыру туралы шартқа қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 24 желтоқсандағы N 1271 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. "Туберкулезге қарсы күрес жөніндегі II бағдарлама" жобасын іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі мен KfW арасындағы Қаржыландыру туралы шарттың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Анатолий Григорьевич Дерновойға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан "Туберкулезге қарсы күрес жөніндегі II бағдарлама" жобасын іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі мен KfW арасындағы Қаржыландыру туралы шартқа қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі тартылатын грант қаражатының нысаналы және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі
("Алушы")
мен
Майндағы Франкфурт KfW
("KfW")
арасындағы
"Туберкулезге қарсы күрес жөніндегі II бағдарлама" жобасын
іске асыру үшін 2.556.459,41 евро сомасына
_______________
Қаржыландыру туралы шарт

      Қазақстан Республикасының Үкіметі және KfW 2001 жылғы 2 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы Қаржылық ынтымақтастық туралы келісімнің (бұдан әрі - Үкіметаралық келісім) (2000 жыл), сондай-ақ 2003 жылғы 16 қаңтардағы аяқталған нота алмасудың негізінде мына төмендегі Шартты жасасты:

  1-бап
Сомасы және нысаналы пайдалану

      1.1. KfW Алушыға
                 2.556.459,41 евроға дейінгі
      мөлшерде өтеусіз қаржылық демеу (грант) ұсынады.
      Егер 3.2-бапта өзгеше көзделмесе, грант қайтарылуға жатпайды.
      1.2. Алушы грант түріндегі өтеусіз қаржылық демеудің барлық сомасын Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне (бұдан әрі - министрліктер) жібереді. Алушы министрліктерге тек зертханалық жарақтандыру, техникалық және медициналық жабдықтарды, шығыс материалдарын, мониторинг пен қадағалауды жүзеге асыруға арналған көлік құралдарын қаржыландыру үшін, сондай-ақ Туберкулезге қарсы күрес жөніндегі II бағдарлама (бұдан әрі - Жоба) шеңберінде көрсетілетін консалтингтік қызметтерге ақы төлеу үшін грант қаражатын тапсырады. Бұл ретте қаражат бірінші кезекте шетелдік валютада туындаған шығыстарды төлеу үшін пайдаланылады. Сонымен бірге Алушы министрліктерге Ерекше келісім шеңберінде KfW-мен бірлесіп Жобаның егжей-тегжейін, сондай-ақ грант қаражаты есебінен қаржыландырылатын жеткізілімдерді, жұмыстар мен қызметтерді анықтауды тапсырады.
      1.3. Алушы төлейтін салықтар мен басқа да қоғамдық алымдар, сондай-ақ импорттық кеден баждары грант қаражаты есебінен қаржыландырылмайды.

  2-бап
Қаражат төлемі

      2.1. KfW тиісті министрліктің талап етуі бойынша Жобаның іске асырылу барысына сәйкес грант қаражатын төлейді. Алушы Ерекше келісімнің шеңберінде төлемдерді жүзеге асыру тәртібін және әсіресе, төленген грант сомаларының нысаналы пайдаланылуы туралы есеп беру тәртібін KfW-мен бірлесе отырып айқындауды министрліктерге тапсырады.
      2.2. 2010 жылдың 30 желтоқсаны өткен соң KfW қаражатты төлеуден бас тартуға құқылы.

  3-бап
Төлемдерді тоқтата тұру және қаражатты қайтару

      3.1. KfW тек мынадай жағдайларда:
      а) егер Алушы KfW-ге қатысты өзінің төлем міндеттемелерін белгіленген мерзімдерде орындамаса;
      б) егер осы Шарттан немесе осы Шартқа Ерекше келісімдерден туындайтын міндеттемелер бұзылатын болса;
      в) егер министрліктердің бірі төленген грант қаражатының нысаналы пайдаланылуы туралы куәлік бере алмаған жағдайда;
      г) Жобаны іске асыруға, пайдалануға не мақсатына кедергі келтіретін немесе елеулі қатер төндіретін төтенше жағдайлар болған кезде қаражатты төлеуді тоқтата алады.
      3.2. Егер 3.1-баптағы б) немесе в) тармақшаларында аталған жағдайлардың бірі күшіне енген және KfW белгілейтін мерзімде, белгіленетін мерзім кемінде 30 күнді құрауы тиіс жойылмаған жағдайда KfW:
      а) 3.1-баптың б) тармағына сәйкес ахуал жағдайында барлық төленген сомалардың дереу қайтарылуын талап етуге;
      б) 3.1-баптың в) тармағы жағдайында нысаналы пайдаланылуы бойынша министрліктер есеп бере алмаған сомалардың дереу қайтарылуын талап етуге құқылы.

  4-бап
Шығыстар мен қоғамдық алымдар

      Осы Шартты жасасуға және Германия Федеративтік Республикасынан тысқары жерде жүргізуге байланысты туындайтын барлық салықтар мен өзге де мемлекеттік (қоғамдық) алымдарды, сондай-ақ грантты төлеу кезінде туындайтын қаражатты аудару және оның трансферті бойынша барлық шығындарды Алушы көтереді.

  5-бап
Шарт мәлімдемелері және өкілдік

      5.1. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі мен ол KfW-ге атаған, олардың қойылған қолдарының үлгілерін куәландырған тұлғалар осы Шартты орындау кезінде Алушының өкілдері болып табылады. Өкілдік ету құқығы KfW-ге Алушының тиісті уәкілетті өкілі тарапынан тек бір мағыналы кері қайтару туралы құжат келіп түскен сәтте аяқталады.
      5.2. Осы Шартқа өзгерістер немесе толықтырулар, сондай-ақ осы Шарт негізінде жасалған уағдаласушы тараптардың мәлімдемелері немесе хабарламалары жазбаша түрде ресімделуі тиіс. Мәлімдемелер мен хабарламалар Шарт бойынша аталған әріптеске төменде көрсетілген немесе басқа мекенжай бойынша олар түскен сәтте алынды деп есептеледі:
      KfW:             KfW
                       Postfash 11 11 41
                       60046 Frankfurt am Main
                       Германия Федеративтік Республикасы
                       телефакс: (069) 74 31-29 44
                       телекс: 4 15 25 60 kw d

      Алушы:           Қазақстан Республикасы
                       010000 Астана
                       35-көше, Министрліктер үйі,
                       Қазақстан Республикасы
                       Денсаулық сақтау министрлігі
                       телефон:+7 7172 742824
                       телефакс: +7 7172 743229

      Жобаны орындауға
      жауапты ведомство: 050010 Алматы,
                         Бекхожин көшесі, 5-үй
                         "Туберкулез проблемаларының ұлттық
                         орталығы" мемлекеттік мекемесі
                         телефон: +7 7272-918657
                         телефакс: +7 7272-918658

                         Қазақстан Республикасы
                         010000 Астана
                         35-көше, Министрліктер үйі,
                         Қазақстан Республикасы
                         Әділет министрлігі
                         телефакс: +7 7172-723001,
                                   + 7 7172-723076

  6-бап
Жоба

      6.1. Алушы министрліктерге:
      а) тиісті қаржылық және техникалық қағидаттарды сақтай отырып және өзі мен KfW   арасында келісілген Жобалық тұжырымдамаға елеулі сәйкес әрекет ете отырып, Жобаны дайындауды, жүзеге асыруды, пайдалануды және қолдауды;
      б) Жобаны дайындауды тәуелсіз, білікті германдық инженер-консультанттарға, ал Жобаны іске асыруды - білікті компанияларға тапсыруды;
      в) грант қаражаты есебінен қаржыландырылатын техникалық медициналық жабдықтарды, зертханалық жарақтандыру мен рентгендерді ашық халықаралық конкурс нәтижесінде іріктелген компанияларға жеткізуге мердігерлерді беруді;
      грант қаражаты есебінен қаржыландырылатын ас үй жабдықтарын және мониторинг пен қадағалау үшін қажетті көлік құралдарын, егер бұл тауарларды жабдықтарды жеткізуге арналған конкурсқа енгізу орынсыз болған жағдайда кемінде жергілікті үш ықтимал өнім берушінің коммерциялық ұсыныстарын салыстырмалы бағалау негізінде жеткізуге тапсырыс беруді;
      г) жобалық жеткізілімдер, жұмыстар мен қызметтер жөніндегі барлық шығыстар және осы грант есебінен қаржыландырылатын жеткізілімдер, жұмыстар мен қызметтер жөніндегі шығыстар бір мәнде анықтала алатын кітаптар мен құжаттардың жүргізілуін тапсыруды немесе жүргізуді;
      д) кез келген уақытта KfW өкілеттік берген тұлғаларға осы кітаптар мен Жобаны іске асыру және пайдалану үшін маңызы бар басқа да құжаттармен танысу үшін мүмкіндік беруді, сондай-ақ Жобаны және онымен байланысты барлық объектілерді қарап тексеру үшін мүмкіндік беруді қамтамасыз етуді;
      е) KfW-ге Жоба мен оны әрі қарай дамыту туралы олар сұрататын барлық мәліметтер мен есептерді беруді;
      е) Жобаның орындалуына немесе мақсатына кедергі келтіретін не елеулі қатер төндіретін барлық жағдайлар туралы кідіріссіз және өзінің бастамасы бойынша KfW-ні хабардар етуді тапсырады.
      6.2. Министрліктер мен KfW Ерекше келісімнің шеңберінде 6.1-бапты егжей-тегжейлі анықтайды.
      6.3.  Алушы
      а) Жобаның іске асырылуын қамтамасыз етеді және KfW-нің сұрауы бойынша оған заттай тұрғыда Алушының салымы болып табылатын және осы қаржы грантының қаражаты есебінен қаржыландырылмайтын ресурстарды бөлу туралы куәлік береді, сондай-ақ,
      б) тиісті техникалық және қаржылық қағидаттарға сәйкес Жобаны іске асыру және осы Шарт бойынша міндеттемелерді орындау кезінде министрліктерге көмек көрсетеді, атап айтқанда, оларға Жобаны іске асыруға қажетті барлық рұқсаттарды береді.
      6.4. Грант қаражаты есебінен қаржыландырылатын жеткізілімдерді тасымалдау үшін Үкіметаралық келісімнің Алушыға белгілі ережелері қолданылады.

  7-бап
Әртүрлі мәселелер

      7.1. Алушы жобаны дайындау мен жүзеге асыруды, қаржыландырылатын жеткізілімдерге, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге мердігерлер беруді, сондай-ақ қаржылық көмек қаражатын төлеуге талаптарды ресімдеуді тапсырған тұлғалардың көрсетілген міндеттерге байланысты іс-әрекет жасай отырып, заңға қайшы төлемдерді және/немесе өзге де пайдаларды талап етпеуін, қабылдамауын, көрсетпеуін, ұсынбауын, уәде бермеуін және уәделерді қабылдамауын қадағалайды.
      7.2. Егер осы Шарт ережелерінің бірі жарамсыз болып табылса, онда ол осы Шарттың қалған ережелерін қозғамайды. Осыған байланысты болуы мүмкін олқылық үшін осы Шарттың мақсаттарына сәйкес реттеу қолданылатын болады.
      7.3. Алушының осы Шарттан туындайтын талаптардан қайтуға немесе оларға кепілдікпен ауыртпалық салуға құқығы жоқ.
      7.4. Осы Шарт Германия Федеративтік Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледі. Орындалатын жері Майндағы Франкфурт қаласы болып табылады. Осы Шарттың ережелерін түсіндіру немесе қолдану жөнінде даулар туындаған жағдайларда Тараптар неміс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
      7.5. KfW пен Алушы арасындағы осы Шарттың негізінде туындаған құқықтық қатынастар Жобаның аяқталу сәтінде, алайда осы Шартқа қол қойылған күннен бастап 15 (он бес) жылдан кешіктірілмей тоқтатылады.
      Осы Шарт қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Шартқа әрқайсысы неміс, қазақ (мемлекеттік) және орыс тілдерінде жасалған екі түпнұсқа ____ данада қол қойылады.

       KfW                      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
                               Қазақстан Республикасының
                               Үкіметі атынан
                               Қазақстан Республикасы
                               Денсаулық сақтау
                               министрлігінің
                               ұсынуымен

2007 жылғы________________    2007 жылғы______________

Астана қаласы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады