Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің кітапхана ісі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы N 1335 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2003 жылғы 28 қазанда Мәскеу қаласында қол қойылған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің кітапхана ісі саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің
кітапхана ісі саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Тәжікстан Республикасының Үкіметі,
      2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты (бұдан әрі - Қоғамдастық немесе ЕурАзЭҚ) басшылыққа ала отырып;
      Мемлекетаралық Кеңестің 2000 жылғы 23 мамырдағы N 74 шешімімен бекітілген гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың 2000-2004 жылдарға арналған негізгі бағыттарын іске асыра отырып,
      ақпарат пен білімге еркін қол жеткізуді қамтамасыз етуге, өз мемлекеттерінің азаматтарын ұлттық және әлемдік мәдениетке тартуға ұмтыла отырып,
      төмендегі туралы келісті:

  1-бап

      Тараптар өз мемлекеттері азаматтарының мәдени құндылықтарға, ақпаратқа және білімге еркін қол жеткізуі, кітапхана ісі саласындағы ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы негізінде ұлттық мәдениетті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.

  2-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кітапханалары арасында, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің кітапхана ісі саласында әрекет ететін тиісті мемлекеттік органдары мен ұйымдары арасында өзара тиімді ынтымақтастықты Тараптар қолдайды және жетілдіреді.
      Ынтымақтастықтың нақты шарттары мен нысандарын оның тікелей қатысушылары жекелеген шарттар жасасу жолымен айқындайды.

  3-бап

      Тараптар халықаралық кітап алмасу мен кітапханаралық абонементті шарттары Тараптар арасында жекелеген келісімдер жасасу жолымен реттелетін ынтымақтастықтың басым бағыттары деп санайды.

  4-бап

      Тараптар кітапхана ісін дамытудың ұлттық бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру, ұлттық мәдениеттерді сақтау және дамыту, ұлттық кітапханаларды қаржыландыру, келісілген кеден, салық, кредит және баға саясатын жүргізу жолымен оны қолдайды.
      Тараптар кітапхана қызметін көрсетудің негізгі түрлерін тегін жүзеге асыратын жалпы қолжетімді кітапханалардың мемлекеттік және муниципалдық желісінің жұмыс істеуіне және дамуына, сондай-ақ кітапханалардың алуан түрлерін құруға мемлекеттік қолдау көрсетеді.

  5-бап

      Тараптар корпоративтік технологияларды және кітапхана-ақпараттық компьютерлік желілерді құра және дамыта отырып ынтымақтастықты жүзеге асырады.

  6-бап

      1950 жылғы 7 маусымдағы Білім, ғылыми және мәдени сипаттағы материалдарды әкелу туралы Флоренция келісімінің және оған Хаттаманың (1976 жылғы 26 қарашадағы) қатысушы болып табылмайтын Тараптар осы халықаралық шарттарға қосылу туралы мәселені қарайды.

  7-бап

      Тараптар депозитарлық функцияларды орындайтын кітапханалардың қорларын жинақтауды және сақтауды қаржыландыру негізінде ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттерде шығарылатын баспа өнімдерінің тізбесін толық қалыптастыруды қамтамасыз етуге ықпал жасайды.
      Тарих және мәдениет ескерткіштеріне жатқызылған кітапхана қорлары Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес қорғаудың, сақтаудың және пайдаланудың ерекше режимінде болады.
      Тараптар өз отандастарына қызмет көрсету үшін Қоғамдастық елдерінде кітапхана қорларын қалыптастыруға жәрдемдеседі.

  8-бап

      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес Тараптар халықтың әлеуметтік және экономикалық неғұрлым аз қорғалған жіктеріне және топтарына кітапхана қызметін көрсетуді дамытуды қолдайды.
      Тараптар егде тартқан жасына және дене бітімінің жетіспеушілігіне байланысты кітапханаларға бара алмайтын кітапхана тұтынушыларына жалпы қолжетімді кітапханалар қорларынан қызмет көрсетудің сырттай немесе стационардан тыс қызмет көрсету нысандарын пайдалану жолымен құжаттарды алу құқығына; кітапханалардың зағип және нашар көретін тұтынушыларына - арнаулы кітапханаларда кітапхана қызметін көрсету және арнаулы ақпарат тасығыштарда құжаттар алу құқығына кепілдік береді.
      Тараптар ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің азаматтарына Тараптар мемлекеттерінің кітапханалар жүйесі арқылы құжаттарды ана тілінде (бар болған жағдайда) алу құқығына кепілдік береді.

  9-бап

      Тараптар кітапхана ісі саласында кадрлар даярлауда және үздіксіз оқытуда өзара жәрдем көрсетеді және осы салада жұмыс істейтін білім және ғылыми-зерттеу ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты көтермелейді.
      Тараптар кітапхана ісі саласындағы ғылыми зерттеулерге және әдістемелік қамтамасыз етуге мемлекетаралық мақсатты бағдарламалар мен жобалар әзірлеу жолымен мемлекетаралық деңгейде жәрдемдеседі.

  10-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін толықтырулар мен өзгерістер енгізе алады.

  11-бап

      Осы Келісімді қолдануға және түсіндіруге байланысты даулы мәселелер Тараптар арасында консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

  12-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы депозитарийдің үшінші жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптар өзге шешім қабылдамаса кейінгі 5 жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылатын болады.
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитеті осы Келісімнің депозитарийі болып табылады.

  13-бап

      Тараптардың кез келгені осы Келісімнен шығу туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жіберіп шыға алады. Осы Келісімнің бұл Тарапқа қатысты қолданылуы депозитарийдің мұндай хабарлама алған күнінен бастап алты ай өткен соң тоқтатылады.

      2003 жылғы 28 қазанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Түпнұсқа данасы осы Келісімге қол қойған әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетінде сақталады.

         Беларусь           Қазақстан             Қырғыз
    Республикасының     Республикасының      Республикасының
      Үкіметі үшін        Үкіметі үшін         Үкіметі үшін

          Ресей                                 Тәжікстан
      Федерациясының                         Республикасының
       Үкімет үшін                             Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады