"Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 18 желтоқсандағы Конституциялық заңының 9-бабы 6), 14) тармақшаларына сәйкес, сыртқы экономикалық ынтымақтастықты дамыту, Қазақстан Республикасына шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыға қосымшаға сәйкес кен орындары (бұдан әрі - кен орындары) бойынша өтінімдер берген күннен бастап екі ай мерзімде "Тобыл" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамымен жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөнінде тікелей келіссөздер жүргізсін.
2. "Тобыл" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы:
1) екі ай мерзімде "Dubai World LLC" мемлекеттік компаниясымен (Біріккен Араб Әмірліктері) (бұдан әрі - Компания) кен орындарын бірлесіп өңдеу жөнінде келіссөздер жүргізсін;
2) заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігіне кен орындарына жер қойнауын пайдалану құқықтарын ішінара беру туралы ұсыныстар енгізуді қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Компанияның "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын басқаруға қатысуы мәселесін пысықтасын және 2008 жылғы 1 наурызға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізсін.
4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі 2008 жылғы 1 ақпанға дейінгі мерзімде "DР Wold" компаниясының (Біріккен Араб Әмірліктері) Ақтау халықаралық теңіз портын солтүстік бағытта кеңейту, сондай-ақ "Алматы - Ақтоғай", "Ақтоғай - Достық", "Ақтоғай - Мойынты" темір жолы учаскелерін электрлендіру жобасы шеңберінде құрғақ жүк айлақтарын салу және одан әрі пайдалану мәселесін пысықтасын және Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгізсін.
5. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі компаниямен бірлесіп, ойын бизнесін мемлекеттік реттеу және ойын мекемелерінің қызметін ұйымдастыру мәселесі жөніндегі халықаралық заңнаманы зерделеуді, талдауды және қорытуды жүргізсін және 2008 жылғы 1 ақпанға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгізсін.
6. Астана қаласының әкімі Астана қаласында әкімшілік-тұрғын үй ауданын салу жобасына компанияның қатысуы жөніндегі мәселені қарасын және 2008 жылғы 1 ақпанға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат берсін.
7. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ө.Е.Шөкеевке жүктелсін.
8. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 10 қаңтардағы
N 4 қаулысына
қосымша
Тікелей келіссөздер жүргізу жолымен жер қойнауын
пайдалану құқығы "Тобыл" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы"
ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамына беруге жататын қатты пайдалы қазбалар кен орындарының тізбесі
1. Қостанай облысында орналасқан Құсмұрын қоңыр көмір кен орны.
2. Қостанай облысында орналасқан Алешинск темір рудалары кен орны.