Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 18 желтоқсандағы № 2688 Конституциялық заңы.

МАЗМҰНЫ

      Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретiн, ұйымдастырылуы мен қызметiнiң тәртiбiн белгiлейдi.

      Ескерту. Тақырып пен кіріспе жаңа редакцияда – ҚР 1999.05.06. № 379 Конституциялық Заңымен.

I ТАРАУ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мәртебесi

      Үкiмет алқалы орган болып табылады, Қазақстан Республикасының атқарушы билiгiн жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесiн басқарады және олардың қызметiне басшылық жасайды.

      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 2007.06.19. № 267 Конституциялық Заңымен.

2-бап. Республика Үкiметi қызметiнiң құқықтық негiзi

      Үкiмет Республика Конституциясының, осы Конституциялық заңның, Республиканың заңдары мен өзге де нормативтiк актiлерiнiң негiзiнде және оларды орындау үшiн iс-қимыл жасайды.

      Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06. № 379 Конституциялық Заңымен.

3-бап. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң құрылуы, құрылымы және құрамы

      1. Үкiметтi Республика Президентi Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген тәртiппен құрады.

      2. Үкiметтiң құрылымы мен құрамы туралы ұсыныстарды Премьер-Министр тағайындалғаннан кейiн он күн мерзiмде Республика Премьер-Министрi Республика Президентiне енгiзедi.

      3. Үкiметтiң құрылымын министрлiктер құрайды.

      4. Үкiметтiң құрамына Үкiмет мүшелерi - Республиканың Премьер-Министрi, оның орынбасарлары, министрлер және Республиканың өзге де лауазымды адамдары кiредi.

      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - ҚР 1999.05.06. № 379 Конституциялық Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

3-1-бап. Қазақстан Республикасының Үкiметi мүшесiнiң ант беруi

      1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мүшесi Қазақстан халқына және Президентiне мынадай мазмұнда ант бередi:

      "Қазақстан Республикасының халқы мен Президентi алдында өз Отаным - Қазақстан Республикасының экономикалық және рухани даму iсiне барлық күш-жiгерiм мен бiлiмiмдi жұмсауға, мемлекеттiң Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзiмнiң барлық iс-әрекетiмде заңдылық пен әдiлеттiк, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерiн ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елiмнiң мемлекеттiлiгi мен дүниежүзiлiк қоғамдастықтағы беделiн нығайта беруге салтанатты түрде ант беремiн. Ант етемiн.".

      2. Үкiмет мүшелерiнiң антын Республика Президентi өзi белгiлейтiн тәртiппен қабылдайды.

      Ескерту. Жаңа 3-1-баппен толықтырылды - ҚР 1999.05.06. № 379 Конституциялық Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

4-бап. Республика Үкiметiнiң өкiлеттiк мерзiмi

      1. Республика Үкiметi Парламент Мәжілісінiң өкiлеттiк мерзiмi шегінде жұмыс істейді және жаңадан сайланған Республика Парламенті Мәжілісінiң алдында өз өкiлеттiгiн доғарады.

      2. Үкiметтiң өкiлеттiкті доғаруы оның мүшелерiнiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi.

      3. Республика Үкiметiнiң жаңа құрамы бекiтiлгенге дейiн Республика Үкiметi өз мiндеттерiн атқара бередi.

      4. Үкiмет осы Конституциялық заңның 5 және 6-баптарында көзделген Үкiмет орнынан түскен және өкiлеттiгiн тоқтатқан жағдайларда да өз өкілеттігін доғарады.

      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

5-бап. Республика Үкiметiнiң орнынан түсуi

      1. Егер өздерiне жүктелген функцияларды одан әрi жүзеге асыру мүмкiн емес деп санайтын болса, Үкiмет және оның кез-келген мүшесi Республика Президентiне өзiнiң орнынан түсуi туралы мәлiмдеуге хақылы. Үкiмет жүргiзiп отырған саясатпен келiспейтiн немесе оны жүргiзбей отырған Үкiмет мүшелерi де орнынан түседi.

      2. Республика Конституциясында көзделген жағдайларда Парламент Мәжілісі немесе Парламент Үкiметке сенiмсiздiк бiлдiретiн болса, Үкiмет өзiнiң орнынан түсуi туралы Республика Президентiне мәлiмдейдi. Республика Президентi орнынан түсудi қабылдау немесе қабылдамау туралы мәселенi он күн мерзiмде қарайды.

      3. Орнынан түсудi қабылдау Үкiметтiң немесе оның тиiстi мүшесiнiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi. Премьер-Министрдiң орнынан түсуiн қабылдау бүкiл Үкiметтiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi.

      4. Үкiметтiң немесе оның мүшесiнiң орнынан түсуi қабылданбаған ретте, Президент оған өз мiндеттерiн одан әрi жүзеге асыра берудi тапсырады.

      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. № 379, 2007.06.19. № 267 Конституциялық Заңдарымен.

6-бап. Республика Президентiнiң бастамасымен Республика Үкiметiнiң өкiлеттiгiн тоқтату

      1. Республика Президентi өз бастамасымен Үкiметтiң өкiлеттiгiн тоқтату туралы шешiм қабылдауға және оның кез-келген мүшесiн қызметiнен босатуға хақылы.

      2. Премьер-Министрдiң қызметiнен босатылуы бүкiл Үкiметтiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi.

      2-1. Үкiмет жүргiзiп отырған саясатпен келiспейтiн немесе оны жүргiзбей отырған Үкiмет мүшелерi атқарып келген қызметiнен босатылуға тиiс.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06. № 379 Конституциялық Заңымен.

7-бап.

      Ескерту. 7-бап алып тасталды – ҚР 2007.06.19. № 267 Конституциялық Заңымен.

8-бап. Республика Үкiметiнiң құрамында болуға байланысты шектеулер

      Республика Үкiметi мүшелерiнiң:

      1) өкiлдi органның депутаттары болуға;

      2) оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерден басқа ақы төленетiн қызметтер атқаруға;

      3) кәсiпкерлiкпен шұғылдануға;

      4) Үкімет шешімдерімен белгіленген жағдайларда жарғылық капиталына мемлекет қатысатын коммерциялық ұйымдарды қоспағанда, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге хақы жоқ.

      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.06.19. № 267 Конституциялық Заңымен.

II ТАРАУ. РЕСПУБЛИКА ҮКIМЕТIНIҢ ҚҰЗЫРЕТI, АКТIЛЕРI, ЕСЕПТIЛIГI ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШIЛIГI

9-бап. Республика Үкiметiнiң құзыретi

      Республика Үкіметі:

      1) мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, кауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;

      2) алып тасталды – ҚР 19.04.2023 № 222-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен;

      3) әлеуметтік-экономикалық даму болжамын мақұлдайды;

      4) Республиканың сыртқы саясатын жүргізу жөніндегі шараларды тұжырымдайды;

      5) Парламентке республикалық бюджетті және оның атқарылуы туралы есепті ұсынады, бюджеттің атқарылуын қамтамасыз етеді;

      5-1) Республикалық бюджет комиссиясын құрады, ол туралы ережені бекітеді, оның құрамын айқындайды;

      5-2) Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша мемлекеттік жоспарлау жүйесін айқындайды және мемлекеттік бағдарламаларды бекітеді;

      5-3) республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну тәртібін айқындайды;

      6) Республиканың қаржы жүйесін нығайту жөніндегі шараларды әзірлейді және жүзеге асырады; мемлекеттік валюта, қаржы ресурстары мен материалдық ресурстарды жасақтау және пайдалану кезінде заңдылықтың сақталуын мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етеді;

      7) алып тасталды – ҚР 19.04.2023 № 222-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен;

      8) мемлекеттік баға белгілеу саясатын тұжырымдайды; мемлекет реттейтін бағалар қолданылатын өнімдер, тауарлар және көрсетілетін қызметтер номенклатурасын белгілейді;

      9) мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастырады, оны пайдалану жөніндегі шараларды тұжырымдайды және жүзеге асырады, мемлекеттік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз етеді;

      10) еңбекке ақы төлеу, азаматтардың әлеуметтік қорғалуы, мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік сақтандыру жүйесін және шарттарын қалыптастырады;

      10-1) Республика Президентiмен келісу бойынша мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдар үшін қаржыландырудың және қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекітеді;

      11) мемлекеттік өңірлік саясаттың негізгі бағыттарын тұжырымдайды; өңіраралық проблемалар мен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді;

      12) ғылым мен техниканы дамыту, жаңа технологияларды енгізу жөніндегі мемлекеттік саясатты қалыптастырады;

      13) табиғи ресурстар мен қоршаған табиғи ортаны ұтымды пайдалануды және қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және жүзеге асырады;

      14) құқықтық саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді; азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау және қорғау, заңдылық пен құқық тәртібін, Республиканың қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін, Республиканың аумақтық тұтастығын және мемлекеттік шекараларының күзетілуін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлейді және іске асырады;

      15) келіссөздер жүргізу және үкіметаралық келісімдерге қол қою туралы шешімдер қабылдайды; Республиканың шет мемлекеттермен, халықаралық және өңірлік ұйымдармен өзара қарым-қатынасын дамытуды қамтамасыз етеді; сыртқы экономикалық саясатты іске асыру жөніндегі шараларды тұжырымдайды; сыртқы сауданы дамыту жөнінде шаралар қолданады; халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастықты және өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асырады;

      16) өзіне Конституциямен, заңдармен және Президент актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.09.2014 № 238-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2017 № 85-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 222-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.07.2024 № 109-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

10-бап. Республика Үкiметiнiң актiлерi

      1. Республика Үкiметi Республика Конституциясының, заңдарының, Президент актiлерiнiң, өзге нормативтiк құқықтық актiлердiң негiзiнде және оларды орындау үшiн нормативтiк және жеке қаулылар шығарады.

      Халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті сақтауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында заң жобалары Парламентке енгізілген жағдайда, Үкіметтің заң күші бар уақытша қаулыларын Республика Үкіметі өз жауапкершілігімен қабылдауға құқылы, олар Парламент қабылдаған заңдар күшіне енгенге дейін немесе Парламент заңдарды қабылдамағанға дейін қолданыста болады.

      2. Үкімет қаулылары Үкімет мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Үкімет қаулыларына Республика Премьер-Министрі қол қояды.

      Үкіметтің заң күші бар уақытша қаулылары Үкімет мүшелері жалпы санының үштен екісінің даусымен қабылданады.

      3. Республика Премьер-Министрi өкiмдер шығарады. Премьер-Министрдiң өкiмдерi әкiмшiлiк-өкiмдiк, жедел және жеке-дара сипаттағы мәселелер бойынша шығарылады.

      4. Өздерiнiң құзыретi шегiнде қабылданған Үкіметтің заң күші бар уақытша қаулыларының, Үкiмет қаулылары мен Республика Премьер-Министрi өкiмдерiнiң Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi болады.

      5. Үкiмет қаулылары мен Республика Премьер-Министрiнiң өкiмдерi Республика Үкiметiнiң Регламентiнде белгiленген тәртiппен әзiрленедi және қабылданады.

      5-1. Үкіметтің заң күші бар уақытша қаулылары "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында, сондай-ақ Республика Үкіметінің актілерінде айқындалатын тәртіппен әзірленеді және қабылданады.

      6. Үкiмет қаулыларының күшiн Республика Үкiметi жоя алады.

      7. Премьер-Министр өкiмдерiнiң күшiн Республика Үкiметi және Премьер-Министрi жоя алады.

      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.05.06. № 379, 2007.06.19. № 267; 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 156-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

11-бап. Республика Үкiметiнiң есептiлiгi мен жауапкершiлiгi

      1. Үкiмет өзiнiң қызметiнде Конституцияда және осы Конституциялық заңда белгiленген нысандарда Республика Президентiнiң және Парламенттің алдында жауапты.

      2. Үкiмет мүшелерi өз құзыретiнің шегiнде өз бетiнше шешiм қабылдайды, Республика Премьер-Министрiнiң алдында өздерiне бағынысты мемлекеттiк органдардың жұмысы немесе өздерiне тапсырылған жұмыс аясы үшiн дербес жауап бередi.

      3. Алып тасталды - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      4. Республика Конституциясының 57-бабының 6)-тармақшасында көзделген ретте Үкiмет мүшелерi Парламент Палаталарына есеп бередi.

      Ескерту. 11-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.05.06. № 379, 2007.06.19. № 267; 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

III ТАРАУ. РЕСПУБЛИКА ҮКIМЕТIНIҢ МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАНДАРМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

12-бап. Республика Президентiмен қарым-қатынасы

      1. Республика Үкiметi:

      1) Президент тапсырмаларының орындалуы және өз қызметiнiң басқа да бағыттары туралы Президентке тұрақты түрде ақпарат беріп отырады;

      2) Республика Президентi актiлерiнiң орындалуын ұйымдастырады және оларды министрлiктер мен жергiлiктi атқарушы органдардың орындауын бақылауды жүзеге асырады.

      2. Алып тасталды – ҚР 05.07.2024 № 109-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.
      3. Алып тасталды – ҚР 19.04.2023 № 222-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.
      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 19.04.2023 № 222-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.07.2024 № 109-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

13-бап. Республика Парламентiмен қарым-қатынасы

      1. Республика Үкiметiнiң заң шығару бастамашылығы құқығы болады, ол тек қана Парламент Мәжiлiсiнде жүзеге асырылады. Заң актiсiнiң жобасын енгiзу туралы шешiм Үкiметтiң тиiстi қаулысын шығару жолымен қабылданады.

      2. Республика Үкiметi:

      1) Республика заңдарының орындалуын қамтамасыз етедi, оларды министрлiктердiң және жергiлiктi атқарушы органдардың орындауын бақылайды;

      2) Парламентке республикалық бюджеттi және оның атқарылуы туралы есептi табыс етедi;

      3) мемлекеттiк кiрiстi қысқартуды немесе мемлекеттiк шығысты ұлғайтуды көздейтiн Республика заңдарының жобалары жөнiнде қорытындылар бередi;

      4) Парламент депутаттарының сұрауларына жауап бередi.

      Ескерту. 13-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.05.06. № 379 Конституциялық Заңымен; 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

14-бап. Министрліктермен қарым-қатынасы

      Республика Үкiметi:

      1) министрліктердің қызметiне басшылықты жүзеге асырады, олардың Республика заңдарын, Президентiнің және Үкiметiнің актiлерiн орындауын қамтамасыз етеді;

      2) министрлердiң ұсынуы бойынша министрлiктер туралы ережелердi, олардың аумақтық органдарындағы және өздеріне ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердегі адам санын ескере отырып, солардың штат санының лимиттерiн бекiтедi;

      3) министрліктер актiлерiнiң толық немесе бір бөлiгiнде күшiн жояды немесе қолданылуын тоқтата тұрады;

      4) сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерінің орынбасарларын қоспағанда, министрлердің ұсынуы бойынша олардың орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      5) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Президентiнiң актiлерiмен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

15-бап.

      Ескерту. 15-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2007.06.19. № 267 Конституциялық Заңымен.

16-бап. Жергiлiктi атқарушы органдармен қарым-қатынасы

      1. Республика Үкiметi:

      1) мемлекеттiк басқару мәселелерi жөнiндегi Республика атқарушы органдарының қызметiне басшылықты жүзеге асырады, олардың Республика заңдарын, Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiн орындауын бақылайды;

      2) жергiлiктi атқарушы органдар актiлерiнiң күшiн толығымен немесе бiр бөлiгiнде жояды не тоқтата тұрады, оларды жою не тоқтата тұру туралы Республика Президентiнiң қарауына ұсыныстар енгiзедi;

      2. Тиiстi жергiлiктi атқарушы органдарды басқаратын әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң әкiмдерi Республика Президентi мен Үкiметiнiң өкiлдерi болып табылады және Республика Үкiметiне мемлекеттiк басқару мәселелерi жөнiнде ұсыныстар енгiзедi.

17-бап. Республика Үкiметiнiң республикалық бюджеттен қаржыландырылатын өзге де мемлекеттiк органдармен қарым-қатынасы

      Республика Үкiметi заңдарда белгiленген тәртiппен өзге де, соның iшiнде республикалық бюджеттен қаржыландырылатын, арнаулы мемлекеттiк органдардың қызметiн қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерiн шешедi.

IV ТАРАУ. РЕСПУБЛИКА ҮКIМЕТIНIҢ ҚЫЗМЕТIН ҰЙЫМДАСТЫРУ

18-бап. Республика Үкiметiнiң отырыстары

      1. Үкiметтiң отырыстары айына кемiнде бiр рет өткiзiлiп отырады.

      2. Үкiметтiң отырыстарын Премьер-Министр не Республика Президентi шақырады.

      3. Үкiметтiң отырыстарында Премьер-Министр төрағалық етедi, ол болмаған кезде мiндеттердiң бөлiнуiне сәйкес Премьер-Министрдiң мiндетiн атқаратын Премьер-Министрдiң орынбасары төрағалық етедi. Үкiмет ерекше маңызды мәселелердi қараған кезде қажеттігіне қарай оның отырыстарында Республика Президентi төрағалық етедi.

      4. Үкiмет мүшелерiнiң кемiнде үштен екiсi Үкiмет отырысына қатысса, отырыс құқылы болып саналады. Үкiмет мүшелерi оның отырыстарына алмастыру құқығынсыз қатысады.

      5. Үкiмет отырыстары ашық болады. Президенттiң не Премьер-Министрдiң бастамасымен Үкiметтiң жабық отырыстары өткiзiлуi мүмкiн.

      6. Үкiмет отырыстарын әзiрлеу мен өткiзу тәртiбi Үкiмет Регламентiмен белгiленедi.

      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

19-бап. Республика Премьер-Министрi

      1. Республика Премьер-Министрі:

      1) Үкіметтің жұмысын ұйымдастырады және Үкімет мүшелерінің арасында функционалдық міндеттерді бөледі;

      2) Республика Президентімен, Парламентпен, Конституциялық Сотпен, Жоғарғы Сотпен, Бас прокуратурамен және басқа да мемлекеттік органдармен қарым-қатынастарда Үкімет атынан өкілдік етеді немесе Үкімет атынан өкілдік етуді тапсырады;

      3) халықаралық қатынастарда Үкімет атынан өкілдік етеді немесе Үкімет атынан өкілдік етуді тапсырады және үкіметаралық шарттар мен келісімдерге қол қояды;

      4) Республика Президентіне: Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін қоспағанда, Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Үкімет мүшелерін қызметке тағайындау үшін кандидатуралар жөнінде; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін қоспағанда, Үкімет мүшесін, оның ішінде Үкіметтің жүргізіп отырған саясатымен келіспейтін немесе оны жүргізбейтін Үкімет мүшесін қызметтен босату туралы ұсынулар енгізеді;

      5) Республика Президентімен мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдар үшін қаржыландырудың және қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін келіседі;

      6) Үкімет қызметінің негізгі бағыттары жөнінде және оның аса маңызды барлық шешімдері жөнінде Президентке және Парламентке баяндап отырады;

      7) Үкімет мүшелерінің және жергілікті атқарушы органдар басшыларының есептерін тыңдайды;

      8) Үкімет жанындағы консультациялық-кеңесші органдарды құрады және таратады;

      9) Үкіметтің қызметін ұйымдастыруға және оған басшылық жасауға байланысты басқа да функцияларды орындайды.

      2. Премьер-Министр болмаған жағдайда оның мiндеттерiн Премьер-Министр белгiлеген тәртiппен Премьер-Министрдiң орынбасарларының бiрi атқарады.

      Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.05.06 № 379 Конституциялық Заңымен, 2004.11.24 № 604 (01.01. 2005 бастап күшіне енеді) Заңымен, 2007.06.19 № 267; 29.09.2014 № 238-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 156-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

20-бап. Премьер-Министрдiң орынбасарлары және Республика Үкiметiнiң өзге де мүшелерi

      1. Премьер-Министрдiң орынбасарлары өз қызметiн Республиканың Премьер-Министрi белгiлейтiн мiндеттердiң бөлiнуiне сәйкес жүзеге асырады.

      2. Үкімет мүшелері:

      1) тиісті мемлекеттік органдарға басшылықты жүзеге асырады;

      2) өздеріне қатысты басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың тиісті салаларда мемлекеттік саясатты қалыптастыруын қамтамасыз етеді;

      3) заңнамада көзделген шекте салааралық үйлестіруді қамтамасыз етеді;

      4) өз құзыреті шегінде шешімдер қабылдауда дербес болады;

      5) Республика Премьер-Министрінің алдында өздеріне бағынышты мемлекеттік органдардың жұмысы үшін дербес жауап береді;

      6) тиісті мемлекеттік органдардың қарауындағы мемлекеттік басқару саласындағы (аясындағы) істің жайына және заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі актілерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін жауапты.

      3. Министрліктердің басшылары болып табылмайтын Үкімет мүшелері өз қызметін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін олар туралы ережелерге сәйкес жүзеге асырады.

      Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 1999.05.06. № 379 Конституциялық заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.06.19. № 267; 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 05.07.2024 № 109-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

21-бап.

      Ескерту. 21-бап алып тасталды – ҚР 1999.05.06. № 379 Конституциялық Заңымен.

21-1-бап. Министрліктің жауапты хатшысы

      Ескерту. 21-1-бап алып тасталды – ҚР Конституциялық заңымен 30.12.2020 № 392-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

22-бап. Республика министрлiгi

      1. Министрлік Республиканың тиісті мемлекеттік басқару саласына (аясына) – басшылықты, сондай-ақ заңнамада көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы органы болып табылады.

      Министрлік өз құзыреті шегінде стратегиялық, реттеу, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асырады.

      Министрлік Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары және Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің негізгі бағыттары негізінде және оларды орындау үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті салаларда мемлекеттік саясатты қалыптастырады.

      2. Министрлiктi Республика Премьер-Министрiнiң ұсынысы бойынша Республика Президентi құрады, қайта ұйымдастырады және таратады.

      2-1. Министрлiк Республика Yкiметiнiң құзыретiне жатқызылмаған мәселелер бойынша өз құзыретi шегiнде шешiмдердi өз бетiнше қабылдауға өкiлеттi.

      2-2. Ведомстволар, департаменттер және басқармалар министрліктің құрылымдық бөлімшелері болып табылады.

      Үкімет құрамына кіретін құқық қорғау органдары үшін, мемлекеттік қызметтің ерекше түрі ескеріле отырып, қызметтер құруға жол беріледі.

      Министрліктің құрылымын және оның құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді министр бекітеді.

      Министрлік қызметтерінің, департаменттері мен басқармаларының жиынтығы оның аппараты болып табылады.

      3. Министрлiктiң алқасы министрдiң жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады. Алқаның сандық және адам құрамын министрлiктiң, мемлекеттiк комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының қатарынан министр бекiтедi.

      4. Министрлiк, қабылдаған шешiмдер министрдiң бұйрықтарымен ресiмделедi.

      Ескерту. 22-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.05.06 № 379 Заңымен; 2007.06.19 № 267; 29.09.2014 № 238-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2020 № 392-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 156-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 222-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.07.2024 № 109-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

23-бап. Үкiметтің құрамына кірмейтiн орталық атқарушы орган

      Ескерту. 23-бап алып тасталды - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

24-бап. Орталық атқарушы органның ведомствосы

      1. Республиканың орталық атқарушы органының комитеті ведомство болып табылады.

      Ведомствоның аумақтық бөлімшелері болуы мүмкін.

      2. Ведомствоны тиісті орталық атқарушы орган басшысының ұсынуымен Республика Үкіметі құрады, қайта ұйымдастырады және таратады.

      3. Ведомство басшысын тиісті орталық атқарушы органның басшысы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      4. Ведомство Республиканың орталық атқарушы органының құзыреті шегінде реттеу, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыра алады, сондай-ақ орталық атқарушы органның стратегиялық функцияларын орындауға ведомствоның құзыреті шегінде қатыса алады.

      5. Ведомство шығаратын актінің нысаны ведомство басшысының бұйрығы болып табылады.

      Ведомствоның актілерін толығымен не бір бөлігінде күшін жоюды не тоқтата тұруды құрылымына ведомство кіретін орталық атқарушы органның басшысы жүзеге асырады.

      6. Ведомство құрылымын тиісті орталық атқарушы органның басшысы бекітеді. Ведомствоның құзыретін және өзге мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау тәртібін құрылымына осы ведомство кіретін орталық атқарушы органның басшысы айқындайды.

      Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.06.19 № 267 Конституциялық Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 № 238-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2020 № 392-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

25-бап. Республика Премьер-Министрi мен Үкiметiнiң қызметiн ақпараттық-талдау және ұйымдық-құқықтық жағынан қамтамасыз ету

      1. Республика Премьер-Министрi мен Yкiметiнiң қызметiн ақпараттық-талдамалық және ұйымдық-құқықтық жағынан қамтамасыз етудi Республика Үкіметі Аппараты жүзеге асырады.

      2. Республика Үкіметі Аппаратын құру, қайта ұйымдастыру және тарату тәртібі, Республика Үкіметі Аппараты басшысының және оның өзге де мемлекеттік қызметшілерінің құқықтық жағдайы, оларды лауазымдарға тағайындау мен лауазымдарынан босатудың тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

      Ескерту. 25-бап жаңа редакцияда – ҚР 06.05.1999 № 379; өзгеріс енгізілді – ҚР 19.04.2023 № 222-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

26-бап. Республика Үкiметi жанындағы консультативтiк-кеңесшi органдар

      1. Республика Үкiметi жанындағы комиссиялар, кеңестер мен консультативтiк-кеңесшi органдар үкiмет құзыретiне жататын мәселелер бойынша ұсыныстарды талдап жасау үшiн құрылады.

      2. Консультативтiк-кеңесшi органдарды Премьер-Министр, оның орынбасарлары, Үкiмет мүшелерi басқарады.

      3. Үкiмет жанындағы консультативтiк-кеңесшi органдардың шешiмдерi ұсынымдық сипатта болады.

27-бап. Осы Конституциялық заңның күшiне енгiзiлу тәртiбi

      Осы Конституциялық заң жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады