Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жатпайтын нормативтік құқықтық актілердің тізбесін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 26 маусымдағы № 408 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 26 маусымда № 32893 болып тіркелді.

      "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 35-1 - бабы 3-тармағының 5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жатпайтын нормативтік құқықтық актілердің тізбесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің нормативтік құқықтық актілерді тіркеу департаменті осы бұйрықты заңнамада бекітілген тәртіппен мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
А. Ескараев

  Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
2023 жылғы 26 маусымдағы
№ 408 бұйрығымен
бекітілген

Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жатпайтын нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      1. "Қызмет бабында пайдалану үшін", "Баспасөзде жарияланбайды", "Баспасөзге арналмаған" деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілер.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 08.10.2024 № 837 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын бекіту жөніндегі нормативтік құқықтық акт.

      3. Бюджет түсімдерін бюджет деңгейлері, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қолма-қол ақшаны бақылау шоты, жәбірленушілерге өтемақы қорының, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының және Еуразиялық экономикалық одаққамүше мемлекеттердің бюджеттері арасында бөлу кестесін бекіту жөніндегі нормативтік құқықтық акт.

      4. Республикалық немесе жергілікті бюджеттер есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелердің оларды өткізуден түсетін ақшасы өзінің иелігінде қалатын тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) тізбесінің сыныптауышын бекіту жөніндегі нормативтік құқықтық акт.

      5. Желі, штаттар, контингенттер туралы мәліметтерді жасау жөніндегі нұсқаулықты бекіту жөніндегі нормативтік құқықтық акт.

      6. Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін көтерме жәрдемақы және әлеуметтік қолдау көрсету туралы нормативтік құқықтық актілер.

      7. Жайылым айналымы схемаларын бекіту жөніндегі, сондай-ақ жайылымдарды басқару және оларды пайдалану бойынша жоспарды бекіту жөніндегі нормативтік құқықтық актілер.

      8. Қауымдық сервитуттарды белгілеу жөніндегі нормативтік құқықтық актілер.

      9. Уәкілетті орталық мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актісі негізінде әзірленген және қосымша құқық нормасын қамтымайтын, сыртқы (көрнекі) жарнаманы елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде, елді мекендерден тыс жердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте және жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінен тыс жерде орналастыру тәртібі мен шарттары туралы қағидаларды бекіту жөніндегі нормативтік құқықтық актілер.

      10. Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін бекіту жөніндегі нормативтік құқықтық актілер.

      11. Үшінші тұлғалардың мүдделерін қозғамайтын мемлекеттік органдардың, олардың қарауындағы ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұлттық операторлардың қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілер.

      12. Әкімшілік-аумақтық бірлікке, құрамдас бөліктерге атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту туралы нормативтік құқықтық актілер.

      13. Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін және (немесе) жеңілдікті шарттармен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша беру туралы жергілікті өкілді органдардың нормативтік құқықтық актілері.

      14. Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы пилоттық жобаларды іске асыру туралы нормативтік құқықтық актілер.

      15. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тізілімін бекіту жөніндегі нормативтік құқықтық акт.

      16. Тиісті қағидалар, әдістемелер не басқа нормативтік құқықтық актілер негізінде айқындалатын квоталарды, лимиттерді, бағаларды, тарифтерді, тарифтік мөлшерлемелерді, нормаларды, нормативтерді, өлшемдерді, оның ішінде олардың шекті не ең төменгі мәндерін бекіту (айқындау, белгілеу) туралы нормативтік құқықтық актілер.

      17. Нормативтік техникалық құжаттарды бекіту туралы нормативтік құқықтық актілер.

      18. Мемлекеттік білім беру тапсырысын, студенттерді, магистранттар және докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысын бекіту, бөлу және орналастыру бойынша нормативтік құқықтық актілер.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 08.10.2024 № 837 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Кәсіптік стандарттарын және бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамаларын және жұмысшылардың кәсіптерін, басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығын бекіту туралы нормативтік құқықтық актілер.

      Ескерту. Тізбе 19-тармақпен толықтырылды - ҚР Әділет министрінің 06.11.2023 № 787 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 08.10.2024 № 837 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады