"Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы N 47 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясына үміткерлерді іріктеу және оны тағайындау жөніндегі жұмысты одан әрі жетілдіру мақсатында  ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қазақстан Республикасы Президентінің мынадай актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) "Шетелде кадрлар даярлау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендияларын белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 5 қарашадағы N 1394 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1993 ж., N 43, 515-құжат; 1997 ж., N 10, 68-құжат; 2000 ж., N 43, 503-құжат; 2005 ж., N 19, 227-құжат):
      актінің нысаны мен тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      "Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясын белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы";
      кіріспенің бірінші абзацындағы "даярлығы неғұрлым жоғары жастарды шет елдердің маңдайалды оқу орындарына оқуға" деген сөздер "Қазақстан Республикасының азаматтарын әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтары мен зертханаларында оқуға және ғылыми тағлымдамадан өтуге" деген сөздермен ауыстырылсын;
      1-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелдік жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысанында оқыту және мемлекеттік ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлерінің әлемнің жетекші оқу орындарында, ғылыми орталықтары мен зертханаларында ғылыми тағлымдамадан өтуі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы белгіленсін.";
      3-тармақ алынып тасталсын;
      2) "Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы N 470  Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., N 43, 503-құжат; 2004 ж., N 22, 276-құжат; 2005 ж., N 19, 227-құжат; 2006 ж., N 1, 2-құжат):
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы ережеде:
      1-тармақта:
      "стипендиясын тағайындау үшін кандидатуралар іріктеу" деген сөздер "стипендиясы бойынша іс-шараларды іске асыру" деген сөздермен ауыстырылсын;
      "Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясын" деген сөздерден кейін (бұдан әрі - "Болашақ" халықаралық стипендиясы)" деген сөздермен толықтырылсын;
      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Республикалық комиссияның негізгі міндеттері:
      1) шетелде кадрлар даярлау жөніндегі жалпы стратегияны айқындау жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      2) "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу ережесіне сәйкес "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешімді, сондай-ақ "Болашақ" халықаралық стипендиясынан айыру және одан бас тартуды қабылдау туралы шешімді қабылдау;
      3) "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін басым мамандықтардың жыл сайынғы тізбесін (бұдан әрі - басым мамандықтар тізбесі) бекіту;
      4) әрбір күнтізбелік жылға "Болашақ" халықаралық стипендиясының бос санынан мамандықтар мен белгілі санаттағы тұлғаларға берілетін квоталарды ескере отырып, Қазақстан Республикасы азаматтарының "Болашақ" халықаралық стипендиясына конкурсқа қатысуы бойынша тағайындалатын "Болашақ" халықаралық стипендиясының шекті санын бекіту;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, негізгі қызмет үшін қажетті өзге де функцияларды жүзеге асыру болып табылады.";
      6-тармақта "және шетелдік сарапшы комиссиялар" деген сөздер алынып тасталсын;
      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "10. Республикалық комиссияның жұмыс органы:
      1) "Болашақ" халықаралық стипендиясына үміткерлердің жеке істерінің мазмұнына қойылатын жалпы талаптарды белгілейді;
      2) Республикалық комиссияның қарауына және бекітуіне басым мамандықтар тізбесін енгізеді;
      3) "Болашақ" халықаралық стипендиясы шеңберінде шетелде оқыту үшін мәндес мамандықтар тізбесін, "Болашақ" халықаралық стипендиясы иегерлерін оқыту және олардың ғылыми тағлымдамадан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтарының және зертханаларының тізімін, "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін бағалар баламалылығы кестесін бекітеді;
      4) "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша іс-шараларды іске асыруға республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде шет елдердің уәкілетті органдары және/немесе шетелдік жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтары, зертханалары және/немесе шет мемлекеттердің уәкілетті органдары айқындайтын оқытуды ұйымдастыру жөнінде қызмет көрсететін шетелдік ұйымдар ұсынған құжаттардың негізінде "Болашақ" халықаралық стипендиясы иегерлерінің оқуы мен ғылыми тағылымдамасын ұйымдастыруға байланысты шығыстар нормаларын әзірлейді;
      5) "Болашақ" халықаралық стипендиясына құжаттарды қабылдау және конкурс өткізу мерзімдерін бекітеді;
      6) тәуелсіз сараптама комиссиясының дербес құрамын, жұмыс тәртібін және оны ұйымдастыруды бекітеді;
      7) үміткерлер үшін мемлекеттік тілді білудің қажетті ең төменгі деңгейін, сондай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтарының, зертханаларының талаптарын ескере отырып, шет тілдерін білудің қажетті ең төменгі деңгейін белгілейді;
      8) үміткерлердің материалдарын Республикалық комиссияның қарауына енгізеді;
      9) "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша іс-шараларды қамтамасыз ету және іске асыру үшін қажетті, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де функцияларды жүзеге асырады.";
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның құрамына (лауазымдар бойынша):
      "Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы түлектерінің қауымдастығы" қоғамдық бірлестігінің президенті енгізілсін;
      "Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі" деген жол жаңа редакцияда жазылсын:
      "Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Әлеуметтік-экономикалық бөлімінің меңгерушісі".
      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады