"Байқоңыр" кешенінің аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарының өзара іс қимылдары туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы келісімді және 1997 жылғы 4 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенінің аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Хаттаманы ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 5 ақпандағы N 98 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Байқоңыр" кешенінің аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарының өзара іс қимылдары туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы келісімді және 1997 жылғы 4 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенінің аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Хаттаманы ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

"Байқоңыр" кешенінің аумағында құқық тәртібін
қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарының
өзара іс қимылдары туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметі
мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы
КЕЛIСIМ

      Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі бұдан әрі Тараптар деп аталына отырып, 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы "Байқоңыр" космодромын пайдаланудың негізгі принциптері мен шарттары туралы Келісімін, 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенін жалға алу Шартын, 1995 жылғы 25 желтоқсандағы Байқоңыр қаласының мәртебесі туралы, оның атқарушы өкімет органдарының мәртебесі мен қалыптастыру тәртібі туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Келісімін басшылыққа ала отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қатысушылары болып табылатын, құқық қорғау саласындағы халықаралық шарттар мен келісімдерді ескере отырып,
      "Байқоңыр" кешенінің аумағында құқық тәртібі мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ортақ мүдделерін білдіре келіп,
      екі Тараптың құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылдарының құқықтық негізін жетілдіруді тілей отырып,
      төмендегідей келісімге келді:

1 бап

      Осы Келісімдегі түсініктер мынадай мағына береді:
      "Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары" - Байқоңыр қаласының аумағында орналасқан сот, прокуратура, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік тергеу комитетінің өкілдіктері;
      "Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары" - соттар, прокуратура, ішкі істер органдары және осы Келісіммен реттелетін мәселелер бойынша құзыретті Ресей Федерациясының басқа да органдары.

2 бап

      Тараптардың құқық қорғау органдары өз құзырларының шегінде ресейлік, сондай-ақ қазақстандық жеке және заңды тұлғалар мен олардың меншігіне, "Байқоңыр" кешені аумағындағы басқа да жеке және заңды тұлғалар мен олардың меншігіне байланысты кез-келген құқыққа қарсы іс-әрекеттердің алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу бойынша өзара іс-қимылдар жасап, бір-біріне көмек көрсетеді.

3 бап

      Өзара іс-қимылдарды ұйымдастыруда және осы Келісімнің 2 бабына сәйкес құқық тәртібін сақтауда өзара көмек көрсетуге байланысты мәселелерді шешуде прокурордың рұқсаты немесе сот шешімі талап етілетін, азаматтардың құқықтарына байланысты қайтарып беру, қылмыстық қудалау мен тергеу тапсырмалар және де басқа іс-әрекеттер, сондай-ақ 1993 жылдың 22 қаңтарындағы азаматтық, жанұялық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен арақатынастар жөніндегі Конвенциясы белгілеген тәртіп бойынша іске асырылатын жағдайлардан басқа кезде екі Тараптардың құқық қорғау органдары өзара тікелей қатынас жасайды.

4 бап

      1. "Байқоңыр" кешенінің аумағындағы құқық тәртібін, қауіпсіздікті, тұрудың ерекше тәртібін, сондай-ақ оны қорғауды Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары қамтамасыз етеді.
      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің органдары мен Ресей Федерациясының сәйкес органдарының өзара іс-қимылдарын қамтамасыз ету үшін, осы Келісімге қол қойылғаннан соң, үш ай мерзім ішінде, Байқоңыр қаласында, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тергеу комитеті бекіткен, Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігі мен Байқоңыр қаласының Әкімімен оның құзырлық шегінде келісілген ережелерге сәйкес қызмет атқаратын, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тергеу комитетінің Өкілдіктері құрылады.

5 бап

      1. "Байқоңыр" кешенінің аумағында жасалынған құқық бұзушылықтар жөніндегі істер мен материалдарды Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары қарайды. Егер "Байқоңыр" кешенінің аумағында Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасына, оның жеке және заңды тұлғаларына қарсы қылмыс жасаған болса, жасалынған құқық бұзушылықтар жөніндегі істер мен материалдарды Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары қарайды. Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары шұғыл іс-қимылдар жасаған соң, материалдар мен құқық бұзған адамдарды Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына тапсырады.
      2. Осы баптың 1 тарауында көрсетілген құқық бұзушылықтар жөніндегі істер мен материалдарды, егер басқасы осы Келісімде белгіленбеген болса Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары Ресей Федерациясының заңдарына сәйкес қарастырады.

6 бап

      1. "Байқоңыр" кешенінің аумағындағы жедел-іздестіру шараларын Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тергеу комитетімен Ішкі істер министрлігінің Өкілдіктері қылмыстық істерді және тергеу істерін жүргізгенде атқаратын жедел-іздестіру шараларының көлемі осы Өкілдіктер туралы Ережемен анықталынады.
      2. Ресей Федерациясының заң қарауына жататын істер бойынша "Байқоңыр" кешенінің аумағынан тыс атқарылатын жедел-іздестіру шаралары, процессуалдық істер және де басқа іс-қимылдарды Ресей Федерациясы құқық қорғау органдарының сұрауы бойынша Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары жүргізеді, немесе Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарымен келісе отырып, Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары атқарады.
      3. Жәрдем беру жөніндегі сұраныстың мазмұны мен ресімделінуіне қойылатын талаптар, олардың орындалу реті тиісті мекемеаралық келісімдермен тәртіптелінеді.

7 бап

      1. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары "Байқоңыр" кешенінің аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын Ресей Федерациясының азаматтары, шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдарға қарсы қылмыстық іс қозғағанда, сондай-ақ оларды "Байқоңыр" кешені аумағынан тыс жерде ұстап немесе тұтқынға алған жағдайда, ол жөнінде Ресей Федерациясының тиісті құқық қорғау органдарына дереу хабарлайды.
      2. Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасының азаматтарына байланысты қылмыстық іс қозғағанда, оларды тұтқынға алып және ұстаса ол жөнінде Қазақстан Республикасының тиісті құқық қорғау органдарына дереу хабарлайды.

8 бап

      Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары мен Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары өзара келісім бойынша жекелеген қылмыстарды тергеу үшін біріккен жедел-тергеу тобын (бригадасын) құра алады. Бұл жағдайда өндіріс құқық қорғау органында нақты қылмыстық іс жүргізіліп жатқан мемлекеттің қылмыстық-іс жүргізу заңдары қолданылады.

9 бап

      Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары мен Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасына немесе Ресей Федерациясына байланысты барлық белгілі болған құқық бұзушылықтарды дереу бір-біріне хабарлайды, сондай-ақ келесі Тараптың құқық қорғау органдарының өкілдері келгенше кідіріссіз тиісті тергеу жүргізу мен басқа да іс-әрекеттер жасайды және оларға іске қатысты барлық материалдар мен айғақтық дәлелдерді тапсырады.

10 бап

      1. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары мен Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасының аумағында ұсталғандарды, тергеудегілерді, сотқа тартылғандар мен сотталғандарды арнайы күзетпен айдап апаруда бір-біріне көмек көрсетеді.
      2. Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары тұтқындаған (соттаған) адамдарды арнайы күзетпен айдап алып жүру Ресей Федерациясының Заңдарында белгіленген ережелер мен тәртіпке сәйкес іске асырылады.

11 бап

      1. Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жазаны орындау Ресей Федерациясының заңдарына сәйкес іске асырылады.
      2. "Байқоңыр" кешенінің аумағында Ресей Федерациясының сотымен сотталып, бас бостандығынан айырылған Ресей Федерациясының азаматтары, шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ адамдар жазасын Ресей Федерациясының аумағында өтейді.

12 бап

      1. "Байқоңыр" кешенінің аумағында паспорт-виза жұмыстарын, қарулар, оқ-дәрілер, жарылғыш және күшті әсер ететін улы заттар айналымы саласындағы рұқсат беру жүйесін, баспа техникалары мен түрлі-түсті көшірме құралдарын және жеке күзету мен тыңшылық қызметтерін сондай-ақ мемлекеттік автомобиль инспекциясының міндеттерін, "Байқоңыр" кешенінің аумағындағы мүлікті ведомстводан тыс күзетуді ұйымдастыру және қамтамасыз етуді Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары Ресей Федерациясының Заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасы осы Келісімге қол қойылған күннен бастап үш ай мерзім ішінде, жоғарыда көрсетілген салалардағы бұрын берілген барлық рұқсаттар жөнінде Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарына хабарлайды.
      2. Байқоңыр қаласының аумағындағы Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларын паспорт-виза жұмыстарымен қамтамасыз ету, авто-мотокөлік құралдарын тіркеу және аңшы мылтығына рұқсат беруді ұйымдастыруды, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Өкілдігі іске асырады.
      3. "Байқоңыр" кешенінің аумағында жеке және заңды тұлғалардың иелігіндегі немесе пайдалануындағы барлық автокөлік құралдары Ресей Федерациясының тиісті құқық қорғау органдарының есебінде болады.

13 бап

      "Байқоңыр" кешенінің қызметін қамтамасыз етуге арналған Ресей Федерациясының арнаулы жүктерін тасымалдаған кезде, тергеудегілерді, сотқа тартылғандар мен сотталғандарды арнайы күзетпен айдап алып жүргенде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында басқа да қызметтік міндеттерін атқару кезінде "Байқоңыр" кешенінде жолсапармен келген немесе ол жерде қызметін өтеп жүрген Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарының қызметкерлері қолданылуы мен пайдаланылу тәртібі Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес белгіленетін табелдік атыс қаруы мен арнайы құралдар ұстауға құқылы.

14 бап

      Осы Келісімге түсінік беру мен қолдануға байланысты пайда болуы мүмкін даулар мүдделі Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары мен Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарының арасындағы немесе олардың Орталық мекемелерінің арасындағы кеңесулер және келіссөздер арқылы шешіледі. Даулар келіссөздер арқылы реттелмеген жағдайда, Тараптар, шешімі екі жаққа бірдей міндетті сипаттағы келісім комиссиясын құрады.

15 бап

      Осы Келісім қол қойылған күннен бастап күшіне енеді. Тараптардың қажетті іс процедураларын орындағандығы туралы соңғы хабарламасының күніне дейін уақытша қолданылады және егер Тараптардың біреуі осы Келісімнің қызметін тоқтату туралы оның аяқталу мерзімінен алты ай бұрын, өз тілегін жазба түрде мәлімдемесе, Ресей Федерациясының "Байқоңыр" кешенін жалға алған барлық мерзімі бойынша күшінде болады.
      1997 жылы 4 қазанда әр қайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі түпнұсқалық данада жасалынды және екі мәтіннің де күші бірдей.

       Қазақстан Республикасының      Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін                   Үкіметі үшін

1997 жылғы 4 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр"
кешенінің аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етуде құқық
қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы келісімге
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан
Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі
арасындағы Хаттама

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі
      2004 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы "Байқоңыр" кешенінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы меморандумның ережелерін басшылыққа ала отырып,
      1997 жылғы 4 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенінің аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы келісімге (бұдан әрі - Келісім) өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қалай отырып,
      мына төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Келісімге мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1) Кіріспе сөздің бесінші абзацында "Екі тараптың құқық қорғау органдарының" деген сөздер "Екі тараптың мемлекеттерінің құқық қорғау органдарының" деген сөзбен ауыстырылсын;
      2) 1-баптың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары" - Байқоңыр қаласының аумағында орналасқан сот, прокуратура, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі өкілдігі;
      3) 2-бапта "Тараптардың құқық қорғау органдары" деген сөздер "Тараптардың мемлекеттерінің құқық қорғау органдары" деген сөздермен ауыстырылсын;
      4) 3-бап мынадай редакцияда жазылсын:

"3-бап

      Осы Келісімнің 2-бабына сәйкес құқық тәртібін қолдауда өзара көмек көрсетуге байланысты мәселелерді шешкен кезде Тараптардың құқық қорғау органдары берумен байланысты мәселелерді қоспағанда, өзара қарым-қатынастарды тікелей орнатады";
      5) 4-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары мен Ресей Федерациясының тиісті Ішкі істер министрлігінің органдарының өзара іс-қимылдарын қамтамасыз ету үшін, осы Келісімге қол қойылғаннан соң, үш ай мерзім ішінде, Байқоңыр қаласында, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі бекіткен, Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігі мен Байқоңыр қаласы Әкімшілігі Басшысы оның құзыреті шегінде келісілген ережеге сәйкес әрекет ететін, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің өкілдігі құрылады.";
      6) 5-бап мынадай редакцияда жазылсын:

"5-бап

      1. "Байқоңыр" кешенінің аумағында жасалған құқық бұзушылықтар туралы істер мен материалдарды, егер осы Келісімде өзгеше көзделмесе, Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары қарайды.
      2. "Байқоңыр" кешенінің аумағында қылмыстарды Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ үшінші мемлекеттердің азаматтары және Қазақстан Республикасының аумағында ("Байқоңыр" кешенінің аумағын қоспағанда) тіркелген азаматтығы жоқ адамдар жасаған жағдайда Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары алдын ала тергеу не анықтау шеңберінде қажетті іс жүргізу әрекеттерін жүргізгеннен кейін істер мен материалдарды, сондай-ақ тиісті адамдарды Тараптар мемлекеттерінің "Байқоңыр" кешенінің аумағындағы прокуратура органдары арқылы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына береді.
      3. Тараптар мемлекеттерінің құқық қорғау органдары бірін-бірі осы Келісім шеңберінде тапсырылған істер мен материалдар бойынша талқылау нәтижелері туралы хабардар етеді.
      4. "Байқоңыр" кешенінің аумағында бір Тарап мемлекетінің азаматтары, сондай-ақ үшінші мемлекеттердің азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар екінші Тарап мемлекетінің конституциялық құрылыс негіздері мен қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар жасағанда осы екінші Тарап мемлекетінің заңнамасы бойынша жауапкершілікке тартылады және бұл ретте екінші Тарап мемлекетінің құзыретті құқық қорғау органдары әрекет етеді.";
      7) 6-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. "Байқоңыр" кешенінің аумағындағы жедел-іздестіру шараларын Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілдігі өткізетін жедел-іздестіру шараларының көлемі тергеуге жататын қылмыстық істерді жедел алып жүрген кезде осы өкілдік туралы ережемен айқындалады.
      Қазақстан Республикасының заң құзырына жататын істер бойынша жедел-іздестіру шараларын, іс жүргізу және өзге де әрекеттерді "Байқоңыр" кешенінің аумағында Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының сұрауы бойынша Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарымен келіскеннен кейін Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары не Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары жүргізеді.";
      8) 7-бап мынадай редакцияда жазылсын:

"7-бап

      1. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары Ресей Федерациясының азаматтарына, сондай-ақ үшінші мемлекеттердің азаматтарына және Ресей Федерациясының және (немесе) "Байқоңыр" кешенінің аумағында тіркелген азаматтығы жоқ адамдарға, "Байқоңыр" кешенінің аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғалған кезде "Байқоңыр" кешенінің аумағынан тыс жерде ұсталғанда немесе қамауға алынғанда бұл туралы Ресей Федерациясының тиісті құқық қорғау органдарына тез арада хабарлайды.
      2. Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ үшінші мемлекеттердің азаматтарына және Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген азаматтығы жоқ адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғалған кезде "Байқоңыр" кешенінің аумағында жасаған қылмысы үшін ұсталғанда немесе қамауға алынғанда Қазақстан Республикасының тиісті құқық қорғау органдарына бұл туралы хабарлайды.";
      9) 9-бапта "келесі Тараптың құқық қорғау органдарының" деген сөздер "келесі Тараптың құқық мемлекеттерінің қорғау органдарының" деген сөздермен ауыстырылсын;
      10) 10 бап мынадай редакцияда жазылсын:

"10-бап

      1. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары және Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасының аумағында ұсталғандарды, тергеудегілерді, сотталушыларды және сотталғандарды айдап апаруда және этаппен жүргізуде бір-біріне жәрдемдеседі.
      2. Қазақстан Республикасының немесе Ресей Федерациясының аумағында іс жүргізу әрекеттерін жүргізу үшін жіберілетін күдікті, айыпталушы немесе сотталушы болып табылатын Ресей Федерациясының азаматтары, сондай-ақ үшінші мемлекеттердің азаматтары және Ресей Федерациясының аумағында және (немесе) "Байқоңыр" кешенінің аумағында тіркелген азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ "Байқоңыр" кешенінің аумағында Ресей Федерациясының сотымен бас бостандығынан айырылып сотталғандар және Ресей Федерациясында бұдан әрі жазасын өтеуге жіберілгендер Қазақстан Республикасының аумағына немесе сол арқылы осы санаттағы адамдарды беру мен табыстаудың белгіленген ережелерін сақтамай этаппен жүргізіледі.
      3. Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары қамауға алған (соттаған) адамдарды айдауылдау және этаппен жүргізу Ресей Федерациясының заңнамасында белгіленген тәртіпке және ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген әрекеттердің орындалуы туралы құжаттарды "Байқоңыр" кешенінің аумағында орналасқан Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасының Бас прокуроры уәкілеттік берген Байқоңыр қаласы прокурорының келісімі бойынша тікелей Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің тиісті бөлімшесіне жібереді.".
      11) 11 бап мынадай редакцияда жазылсын:

"11-бап

      1. Әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жазаларды орындау осы Келісімнің 12-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі өкілдігінің құзыретіне жататын салалардағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды қоспағанда, Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Ресей Федерациясының азаматтары, сондай-ақ үшінші мемлекеттердің азаматтары және Ресей Федерациясының аумағында және (немесе) "Байқоңыр" кешенінің аумағында тіркелген азаматтығы жоқ адамдар "Байқоңыр" кешенінің аумағында жасаған қылмыстары үшін қылмыстық жазаны, егер ол "Байқоңыр" кешені аумағында орындалмайтын болса, Ресей Федерациясының аумағында өтейді.
      Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ үшінші мемлекеттердің азаматтары және Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген азаматтығы жоқ адамдар "Байқоңыр" кешенінің аумағында жасаған қылмыстары үшін қылмыстық жазаны Қазақстан Республикасының аумағында өтейді.";
      12) 12-бапта:
      1-тармақтың екінші бөлігі алынып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
      "4. Тараптар мемлекеттерінің құқық қорғау органдары қажет болған жағдайда, "Байқоңыр" кешенінің аумағында тіркелген автомотокөлік құралдары сондай-ақ Байқоңыр кешенінің аумағында берілген аңшылық атыс қаруына лицензиялар мен рұқсаттар туралы мәліметтермен алмасуды жүзеге асырады.".

2-бап

      Осы Хаттама Келісімнің 15-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді және Келісім қолданысы тоқтағанға дейін әрекет етеді.
      2006 жылғы 3 қазанда Орал қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдеріндегі екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

       Қазақстан Республикасының      Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін                   Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады