Қазақстан Республикасының Үкіметі
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2007 жылғы 8 тамызда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ МЕН ИОРДАН ХАШИМИТ КОРОЛЬДІГІНІҢ ҮКІМЕТІ АРАСЫНДАҒЫ ТУРИЗМ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі, туризм ынтымақтастығын кеңейту және оны дамыту мақсатында өзара түсіністік негізінде екі мемлекет арасындағы өзара достық қарым-қатынастарды күшейтуге ұмтыла отырып, төмендегілер туралы келісті:
Тараптар мемлекеттерінің туристік салаларына Тараптар инвестициялар тартуда және туризмнің барлық түрлерін дамытуда бір-біріне жәрдемдеседі.
1. Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар бір Тарап мемлекеті азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің аумағына туристік сапарларына байланысты шекаралық, кедендік және өзге де рәсімдерді оңайлатуға ұмтылады.
2. Тараптар мемлекеттеріндегі туристік ресурстарды аралауды Тараптар көтермелейді.
Тараптар туристік сала үшін кадрларды кәсіптік оқыту саласындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндігін зерттейді.
Тараптар өз мемлекеттерінің туристік әлеуетіне қатысты деректермен өзара алмасуды көтермелейді, осы мақсатта туризм саласына журналистер мен мамандар тартады.
Тараптар туристердің өзара қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін халықаралық стандарттарға сәйкес қажетті шаралар қабылдайды.
Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды, егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және қолдану кезінде пікір алшақтығы туындаған жағдайда, Тараптар оларды келіссөздер немесе консультациялар арқылы шешеді.
Осы Келісімнің ережелерін орындау үшін жауапты уәкілетті органдар:
Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі;
Иордан тарапынан - Иордан Хашимит Корольдігінің Туризм және тарихи ескерткіштер министрлігі болып табылады.
Осы Келісімнің ережелерін орындау үшін жауапты уәкілетті органдар өзгерген кезде Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
Осы Келісім олар қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптар мемлекеттерінің құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
Осы Келісімге өзгерістер Тараптардың өзара келісімі бойынша енгізіледі, хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді және Тараптардың бірі екінші Тараптың оның қолданылуын тоқтау ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап алты ай өткенге дейін қолданылады.
2007 жылғы 8 тамыз күні екі түпнұсқа данада, әрқайсысы қазақ, араб, ағылшын және орыс тілдерінде Астана жасалды, әрі барлық мәтіндердің заңды күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде немесе қолдануда пікір алшақтығы туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ИОРДАН ХАШИМИТ КОРОЛЬДІГІНІҢ
ҮКІМЕТІ ҮШІН ҮКІМЕТІ ҮШІН
ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ САУДА МИНИСТРІ
РҚАО-ның ескертуі. Бұдан әрі ағылшын тіліндегі мәтін берілген