Қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын кемелердің, салдардың және өзге де жүзу объектілерінің ішкі су жолдарымен қатынау ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 20 ақпандағы N 177 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 21 шілдедегі № 839 Қаулысымен

       Ескерту. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 21 шілдедегі № 839 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      "Ішкі су көлігі туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі Заңының 8-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қоса беріліп отырған Қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын кемелердің, салдардың және өзге де жүзу объектілерінің ішкі су жолдарымен қатынау ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2008 жылғы 20 ақпандағы
N 177 қаулысымен
бекітілген   

Қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын кемелердің,
салдардың және өзге де жүзу объектілерінің ішкі су жолдарымен
қатынау ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын кемелердің, салдардың және өзге де жүзу объектілерінің ішкі су жолдарымен қатынау ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Ішкі су көлігі туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және қауіпті жүктерді тасымалдау үшін ішкі су жолдарында кемелерді, салдарды және өзге де жүзу объектілерін (бұдан әрі - кемелерді) пайдалануға байланысты қызметті ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Ереженің әрекеті кемелердің ішкі су жолдарымен қауіпті жүктерді тасымалдауы жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғаларға қолданылады.

      3. Қауіпті жүктер деп өздеріне тән қасиеттер мен ерекшеліктерге орай тасымалдау, тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізу және сақтау кезінде жарылыстың болуына, өрттің шығуына немесе техникалық құралдардың, құрылғылардың, ғимараттардың, құрылымдар мен құрылыстардың зақымдануына, сондай-ақ адамдардың, жануарлардың өліміне, жарақаттануына немесе ауруға шалдығуына себеп болуы, қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін жүктер танылады.

2. Кемелердің, салдардың және өзге де жүзу объектілерінің
ішкі су жолдарымен қауіпті жүктерді тасымалдауын ұйымдастыру

      4. Кемелердің ішкі су жолдарымен қауіпті жүктерді тасымалдауы Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес берілген қауіпті жүктерді тасымалдауға арналған лицензиясы және есеп құжаты болған жағдайда жүзеге асырылады.

      5. Ішкі су жолдарымен тасымалдауға Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбеге сәйкес кемелермен тасымалдауға арналған қауіпті жүктерге рұқсат беріледі.

      6. Қауіпті жүктерді тасымалдау жүк жөнелтуші және/немесе жүк алушы мен тасымалдаушы арасында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған шарттың негізінде жүзеге асырылады.

      7. Қауіпті жүкті порт аумағына әкелуге жүк жөнелтуші жүк әкелінуге тиіс күнді және орынды көрсете отырып, жүкті әкелуге порт капитанынан рұқсат алған кезде ғана рұқсат етіледі.

      8. Қауіпті жүктерді тиеу (түсіру) немесе тасымалдау кезінде авария немесе апат болған жағдайда шаралар қабылдау үшін жүк жөнелтуші мыналар көрсетілген жазбаша нұсқаулықтарды кеме жүргізушіге ұсынуы қажет:
      1) тасымалданатын жүктердің қауіптілік сипаты, сондай-ақ оны болдырмау үшін қабылдануы қажет қауіпсіздік шаралары;
      2) адамдарға олардың тасымалданатын жүктермен немесе кез келген олардан бөлініп шыққан заттармен жанасу жағдайында қабылдануы қажет шаралар және көрсетілуге қажет медициналық көмек;
      3) өрт болған жағдайда қабылдануы қажет шаралар және өртті сөндіруге қажетті өрт сөндіру құралдары немесе құралдар кешені;
      4) ыдыс немесе тасымалданатын жүктер бұзылған немесе өзге де зақымданған жағдайда, атап айтқанда олар төгілген немесе шашылған жағдайда қабылдануы қажет шаралар.

      9. Нұсқаулық кеме тасымалдайтын әрбір қауіпті жүкке қатысты беріледі.

      10. Кеме жүргізуші кемедегі адамдарды нұсқаулықтармен таныстыруы қажет. Нұсқаулықтар рульдік рубкада экипаждың әрбір мүшесі үшін қолжетімді жерде сақталады.

3. Қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын кемелердің,
салдардың және өзге де жүзу объектілерінің ішкі су жолдарымен
қозғалысы

      11. Қауіпті жүктерді тасымалдайтын кемелердің ішкі су жолдарымен қозғалысы Үкімет бекітетін кеме қатынасы үшін ашық ішкі су жолдарының тізбесіне сәйкес, сондай-ақ ішкі су көлігі саласындағы уәкілетті орган бекітетін Қазақстан Республикасының ішкі су жолдары бойынша жүзу тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.

      12. Кеме қозғалысының қауіпсіз жылдамдығын таңдау кезінде басқа факторлар ішінде мыналарды ескеру қажет:
      1) жол мен кеме өлшемдерінің ара қатынасы;
      2) осы ауданда кемелер қозғалысының бар болуы мен қарқындылығы;
      3) кеменің маневрлік мүмкіндіктері, әсіресе кеменің толығымен тоқтауы үшін қажетті қашықтығы және осы жағдайлардағы бұрылу қабілеті;
      4) ағынның, желдің және толқудың бағыты мен күші;
      5) көру мүмкіндігінің жай-күйі және жағалаулық жарықтардан да және өзінің жарықтарынан да түсетін жарық фонының бар болуы, навигациялық белгілердің бар болуы.

      13. Қауіпті жүгі бар кеме ультрақысқа толқынды (бұдан әрі - УҚТ) радиобайланыс бойынша басқа кемелермен өзара іс-қимылдарын келіскен кезде оларды осындай жүктің бар екендігі туралы хабардар етуге тиіс.

      14. Егер кеме қозғалысы сыртқы факторларға (нашар ауа-райы, су жолындағы қолайсыз жағдайлар және т.б.) орай немесе кеменің өзіне қатысы бар себептер бойынша (авария немесе апат) қауіпті болса, онда кеме тұрғын үй аудандарынан, порттан, азаматтық инженерлік құрылыстардан, газ қоймаларынан немесе газ немесе тез тұтанатын сұйықтықтарды сақтауға арналған сыйымдылықтардан мүмкіндігінше қашық болатын тұрақтау үшін ыңғайлы жерде тоқтауы және осы туралы Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитетінің аумақтық органына хабар беруі тиіс.

      15. 1,0 км-ден кем шектеулі көру мүмкіндігі кезінде, сондай-ақ түнгі уақытта тұтану температурасы 60 о С төмен мұнай жүктері, олардың қалдықтары, жарылғыш немесе улы заттар бар кемелерді қоспағанда, жарамды жұмыс істейтін радиолокатормен, компаспен және УҚТ радиостанциямен жабдықталған кемелерге ғана қозғалуға рұқсат етіледі.

      16. Тасымалдау кезінде арнайы қадағалауды талап ететін қауіпті жүктер жүк жөнелтушінің немесе жүк алушының жолсерігімен бірге тасымалданады. Жолсеріктер бірге алып жүретін жүктердің қасиеттері туралы хабардар болуы, оларды тасымалдау шарттарының сақталуын бақылауы және мұндай жүктерді тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жәрдем көрсетуі тиіс.
      Жүк жөнелтуші (жүк алушы) жолсерікті қажетті жеке қорғану құралдарымен, аспаптармен және материалдармен жабдықтауы қажет.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады