"Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 31 наурыздағы N 310 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Жоба  

Қазақстан Республикасының Заңы

  "Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы" Қазақстан
Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар
енгізу туралы

      1-бап.  "Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 19 қаңтардағы  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., N 2, 15-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1) 1, 2, 4-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
      "1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) әскери мақсаттағы тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер - қару-жарақ, әскери-техника мен олардың оқ-дәрілері, әскери өнімнің өзге де түрлері, жұмыстар (оның ішінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық), құжаттама, зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелері және әскери-техникалық мақсаттағы ақпарат;
      2) қорғаныстық тапсырысқа тапсырыс беруші (бұдан әрі - тапсырыс беруші) - мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сатып алынатын әскери және екіұдай мақсаттағы тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді жасауға, зерттеуге, өндіруге, жеткізуге арналған тапсырыстарды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы;
      3) қорғаныстық тапсырысты орындаушы (бұдан әрі - орындаушы) - тапсырыс берушімен (басқа орындаушымен) жасалған шарт негізінде қорғаныстық тапсырысты орындауға қатысатын заңды тұлғалар;
      4) екіұдай мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер - азаматтық мақсаттарда пайдаланылатын, бірақ сонымен бірге қорғаныстық тапсырысқа тапсырыс берушілер әскери мақсаттағы тауарлар, жұмыстар, қызметтер ретінде пайдалануы не кейіннен бейімдеуі және пайдалануы мүмкін өнімдер мен технологиялар;
      5) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс (бұдан әрі - қорғаныстық тапсырыс) - мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сатып алынатын әскери және екіұдай мақсаттағы тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің тізбесі мен көлемі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау бойынша халықаралық міндеттемелерді Қазақстан Республикасының орындауы;
      6) уәкілетті орган - мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      7) уәкілетті ұйым - мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған әскери және екіұдай мақсаттағы тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтердің импортын жүзеге асыру үшін айқындалған ұйым.
      2-бап. Қорғаныстық тапсырыстың құрамы
      1. Қорғаныстық тапсырыстың құрамына:
      1) қару-жарақты, әскери және арнайы техниканы, техникалық құралдарды, оқ-дәрілер мен оларды жинақтаушыларды өндіру және жеткізу;
      2) Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды жарақтандырудағы қару-жарақтың, әскери техниканың және оқ-дәрілердің тәжірибелік үлгілерін әзірлеу, жаңғырту жөніндегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар;
      3) қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеу және жаңғырту, Қарулы Күштер, басқа да әскерлер және әскери құрылымдарды жарақтандырудан алынып тасталған қару-жарақты, әскери техниканы және оқ-дәрілерді кәдеге жарату, дезактивациялау және жою;
      4) әскери объектілерді салу, қайта жаңарту және техникалық қайта жарақтандыру;
      5) Қарулы Күштер, басқа да әскерлер және әскери құрылымдардың әскери қызметкерлері үшін әскери киім нысанын, айырым белгілерін және жеке қорғану құралдарын шығару кіреді.
      2. Қорғаныстық тапсырыс:
      1) жеткізілуі тиіс өнімнің тізбесі (номенклатурасы) мен мөлшерін және осы жеткізілімдердің мерзімдерін;
      2) қорғаныстық тапсырыстың тұтастай, сондай-ақ оның бөліктері мен оны өткізудің жекелеген кезеңдері бойынша болжамды құнын (бағасын);
      3) тапсырыс берушілердің тізбесін;
      4) болжамды орындаушылардың тізбесін қамтуы тиіс.
      4-бап. Қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру және орналастыру
      1. Қорғаныстық тапсырыстың жобасын уәкілетті орган тапсырыс берушілердің Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бағытталған өтінімдері бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен міндеттемелерін ескере отырып, тиісті жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде осы мақсатқа белгіленген шығыстар шегінде бір мезгілде әзірлейді және қалыптастырады.
      2. Қорғаныстық тапсырысты орындаушыларды таңдау тапсырыс берушілердің қорғаныстық тапсырысты қалыптастыруы кезінде уәкілетті органмен келісім бойынша отандық өндірушілер мен уәкілетті ұйымдар қатарынан жүргізіледі.
      3. Қорғаныстық тапсырысты орындаушыны отандық өндірушілер мен уәкілетті ұйымдар қатарынан анықтау мүмкін болмаған жағдайда орындаушыны тапсырыс беруші шетелдік компаниялардың ішінен анықтайды.";
      4) 5-баптың 1-тармағында:
      "мемлекеттік" деген сөз алып тасталсын;
      "жөндеудің" деген сөзден кейін ", жаңғыртудың" деген сөзбен толықтырылсын;
      5) 7-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және
              уәкілетті органның құзыреті
      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) Қазақстан Республикасының республикалық бюджет туралы заңнамалық актісі қабылданғаннан екі ай мерзімде осы мақсаттарға белгіленген шығыстар шегінде толық көлемде қорғаныстық тапсырысты бекітеді;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныстық тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау ережесін бекітеді;
      3) уәкілетті ұйымды анықтайды.
      2. Уәкілетті орган:
      1) қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы басшылықты жүзеге асырады;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныстық тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау ережесін әзірлейді;
      3) Қазақстан Республикасының қорғаныстық тапсырысын қалыптастырады, оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсынады және бекітілген тапсырмаларды тапсырыс берушілер мен орындаушыларға хабарлайды;
      4) салааралық үйлестіруді және қорғаныстық тапсырыс тапсырмаларының орындалуын ұйымдастыру жөніндегі бақылауды жүзеге асырады.";
      6) 8-бапта:
      тақырыбындағы "Мемлекеттік" деген сөз алып тасталсын;
      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      "Тапсырыс берушілер:";
      1) тармақша алып тасталсын;
      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары құпияландыруға жататын мәліметтер тізбесінің жиынтығына сәйкес қорғаныстық тапсырыс мәліметтерінің құпиялылық деңгейін анықтайды;";
      3) тармақша алып тасталсын;
      4) тармақшадағы "шарттар жасасады" деген сөздерден кейін ", қаржыландыруды қамтамасыз етеді" деген сөздермен толықтырылсын;
      8) тармақша алып тасталсын;
      7) 9-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "9-бап. Орындаушылардың қорғаныстық тапсырысты
              орындау кезіндегі функциялары
      Орындаушылар:
      1) тапсырыс берушілер мен уәкілетті органның сұрау салуы бойынша өз қызметі туралы ақпаратты ұсынады;
      2) қорғаныстық тапсырысты орналастыру процесіне қатысады, қорғаныстық тапсырысты орындауға арналған шарттардың жасалуын қамтамасыз етеді;
      3) орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің, тауарлар жеткізудің шарт талаптары бойынша сәйкестігін қамтамасыз етеді және жүзеге асырады;
      4) тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің бағасын негіздейді;
      5) отандық өндірушілерді қоспағанда, әскери және екіұдай мақсаттағы тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің импортын жүзеге асырады.";
      8) 11-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "11-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныстық
               тапсырыс туралы заңнамасын бұзу
      Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.".
       2-бап.  Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады