Генетикалық түрлендірілген объектілердің қауіпсіздігін ғылыми негізде растау жөніндегі жұмыстар жүргізу ережесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 16 сәуірдегі N 346 Қаулысы.

      "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңы 5-бабының 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қоса беріліп отырған Генетикалық түрлендірілген объектілердің қауіпсіздігін ғылыми негізде растау жөніндегі жұмыстар жүргізу ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К.Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 16 сәуірдегі
N 346 қаулысымен
бекітілген

Генетикалық түрлендірілген объектілердің қауіпсіздігін ғылыми негізде растау жөніндегі жұмыстар жүргізу ережесі

      1. Осы ереже (бұдан әрі - Ереже) "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленген және генетикалық түрлендірілген объектілердің қауіпсіздігін ғылыми негізде растау жөніндегі жұмыстар жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Ережеде мынадай терминдер мен ұғымдар пайдаланылады:

      субъект - генетикалық түрлендірілген объектілердің (бұдан әрі - ГТО) өндірісі (дайындау) және айналымы саласындағы шаруашылық қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер;

      қатерді бағалау - зиянкестің немесе аурудың енуі, тамыр жаюы немесе таралуы ықтималдылығын және осымен байланысты ықпалды әсері бар биологиялық және экономикалық салдарын сапалық және (немесе) мөлшерлік бағалау немесе тамақ өнімдерінде қоспалардың, ластағыш заттардың, уыттардың немесе ауру тудыратын организмдердің болуынан туындайтын адамның өмірі мен денсаулығына немесе жануарларға қолайсыз әсер ету мүмкіндігін бағалау;

      уәкілетті орган - халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган.

      3. Қауіпсіздікті ғылыми негізде растауды қатерді бағалауды пайдалана отырып субъект жүргізеді.

      4. ГТО-дағы қатерді бағалау зертханалық зерттеулер барысында қатерді кешенді бағалау ретінде жүзеге асырылады және мыналарды қамтиды:

      айқын заттарға (нуклеинді емес қышқыл заттар), негізгі құрамдастарды композициялық талдауға, метаболиттерді анықтауға, тамақ өнімдерін өндіру технологиясы нәтижелеріне, тағамдық өзгерістерге қатысты ГТО-ны бағалау;

      ГТО-ның құрамына кіретін белоктың физикалық-химиялық қасиетін (рН, ерігіштігі, су дисперсияларының реологиялық қасиеттері, суды ұстау және майды ұстау қабілеті, гель түзілуінің сыни концентрациясы, эмульсиялық тұрақтылығы) бағалау және қажет болған жағдайда анықтау;

      ГТО-ның физикалық-химиялық қасиеттерін, оның тағамдық және биологиялық құндылығын, сондай-ақ тағам өнімі қауіпсіздігінің гигиеналық көрсеткіштерін, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен санитарлық ережелер мен нормалар талаптарына сәйкестігін бағалау және қажет болған жағдайда анықтау;

      ГТО-ның макроорганизмге медициналық-биологиялық әсерін бағалау және қажет болған жағдайда анықтау. ГТО-ның медициналық-биологиялық әсерін анықтау жануарларға жүргізілген тәжірибелер нәтижелерінің негізінде жүзеге асырылады, олар уыттылықты, эмбритоксигендік, гонадотроптық, тератогендік, мутагендік әсерін, иммуномодульдеушілерді, аллергендік касиеттерін, макроорганизмнің түрлі биотоптарының микробиоценозға ықпалын бағалауды, гематологиялық және биохимиялық зерттеулер жүргізуді көздейді.

      5. Микроорганизмдердің (бактерия, ашытқы немесе талшықты саңырауқұлақтар) рекомбинантты дезоксирибонуклеинді қышқылынан алынған тағамдық мақсатқа арналған ГТО үшін ықтимал уыттылық және айқын заттардың патогенетикасына байланысты басқа ерекшеліктер, иммунологиялық әсерлердің, микроорганизмдердің тіршілік ету қабілеті және адамның асқазан-ішек жолында болуының, антибиотикке резистенттіктің және гендерді ауыстырып қондырудың қауіпсіздігін бағалау жүргізілуі тиіс.

      6. Қазақстан Республикасында генетикалық түрлендірілген организмдерді жасап шығару мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындылары болған кезде жүзеге асырылады. Мұндай қорытындылар болмаған кезде көрсетілген организмдер мен заттарды пайдалануға тыйым салынады.

      Генетикалық түрлендірілген өнімдер мен организмдерді өндіру мен пайдалану кезінде Қазақстан Республикасы Экологиялық Кодексінің талаптары сақталуы тиіс.

      7. ГТО-ның Қазақстан Республикасында адам денсаулығына және қоршаған ортаға қатерін бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген немесе аттестатталған зертханаларда және клиникалық базаларда халықаралық стандарттар мен ұсынымдарға, басқа да әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.

      8. ГТО-ның қауіпсіздігін ғылыми негізде растау нәтижелерін субъект ГТО-ны тіркеу үшін тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы заңнамада көзделген тәртіппен уәкілетті органға береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады