Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "ГЛОНАСС" ғаламдық навигациялық спутниктік жүйесін пайдалану және дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 20 мамырдағы N 474 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "ГЛОНАСС" ғаламдық навигациялық спутниктік жүйесін пайдалану және дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "ГЛОНАСС" ғаламдық навигациялық спутниктік жүйесін пайдалану және дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
      Үкіметінің        
2008 жылғы 20 мамырдағы 
N 474 қаулысымен   
       мақұлданған  

жоба

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "ГЛОНАСС" ғаламдық навигациялық спутниктік жүйесін пайдалану және дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы халықтарының игілігіне ресейлік ГЛОНАСС ғаламдық навигациялық спутниктік жүйесін (бұдан әрі - ГЛОНАСС жүйесі) пайдалана отырып, спутниктік навигацияны пайдалану және дамыту әрі спутниктік навигациялық технологияларды практикалық қолдану саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге өзара ұмтылысты ескере отырып,
      төмендегі туралы келісті:

  1-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
      ГЛОНАСС жүйесінің стандарттық дәлдік дабылы - тиісті дабылдарға арналған интерфейстік бақылау құжаттарында белгіленгендей, L-диапазонының (L1, L2 және L3) 3 ішкі диапазондарында және ГЛОНАСС жүйесінің навигациялық дабылдарының барлық тұтынушыларына қолжетімді кез келген басқа болашақ кіші диапазондарда тұтынушының орналасқан жерінің 3 координатын, жылдамдық векторының 3 құрастырушысы мен уақыттық шәкілдің орнын ГЛОНАСС жүйелік уақытына және Ресей Федерациясының UTС (SU) ұлттық уақыт шәкіліне қатысты анықтау үшін ГЛОНАСС жүйесінің навигациялық спутниктері беретін дабыл;
      ГЛОНАСС жүйесінің жоғары дәлдікті дабылы - ГЛОНАСС жүйесінің навигациялық спутниктері шектеулі қолжетімділік кодын пайдалана отырып, орналасқан жердің 3 координатын, жылдамдық векторының 3 құрастырушысын және уақытты жоғары дәлдікпен анықтау мақсатында беретін дабыл;
      тұтынушылардың навигациялық аппаратурасы - тұтынушы орналасқан жердің 3 координатын, жылдамдық пен уақыттық 3 құраушы векторын анықтау мақсатында ГЛОНАСС жүйесінің, басқа ғаламдық навигациялық спутниктік жүйелер мен олардың функционалдық қосымшаларының стандарттық дәлдікті нанигациялық дабылдарын қабылдау және өңдеуге арналған аппаратура;
      функционалдық қосымшалар - тұтынушыларға қосымша (ғаламдық навигациялық спутниктік жүйелер стандартты көрсететін қызметтерге қатысты) қызметтер көрсету үшін жерүсті және ғарыштық тіректену жүйелері;
      ГЛОНАСС жүйесінің функционалдық қосымшасының спутниктік жүйесі қызметтер көрсету аймақтарын, оның ішінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының аумақтарын қамтитын геостационарлық спутниктер кіретін функционалдық қосымша;
      ГЛОНАСС жүйесінің функционалдық қосымшасының спутниктік жүйесінің пайдалы жүктемесі - жиілік иеленулері Халықаралық электр байланысы одағында тіркелген, геостационарлық спутниктерде орналасқан, ГЛОНАСС жүйесінің функционалдық қосымшасының спутниктік жүйесі үшін пайдаланылатын пайдалы жүктеме;
      ГЛОНАСС жүйесінің навигациялық дабылдарына үздіксіз, ғаламдық және шектеусіз негіздегі қолжетімділік - берілген сипаттамалармен ГЛООНАСС жүйесінің стандартты дәлдікті навигациялық дабылдарын тұтынушылардың навигациялық аппаратурасын пайдалана отырып, Жерүстінің және жер маңындағы кеңістіктің (2000 км-ге дейінгі жоғарылықта) кез келген нүктесінде дабылдарды қатқылдандырмай немесе сөндірмей үздіксіз уақытта қабылдау мүмкіндігі;
      ГЛОНАСС жүйесінің жерүсті инфрақұрылымы мен жерүсті функционалдық қосымшалары - ГЛОНАСС жүйесін пайдалануға мүмкіндік беретін тұтынушылардың навигациялық аппаратурасының негізінде құрылған желілер   мен жүйелер.

  2-бап
Мақсаттар

      Осы Келісімнің мақсаты ГЛОНАСС жүйесін және тиісті спутниктік навигациялық технологияларды пайдаланумен және дамытумен байланысты бірлескен қызметтің нақты салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастық үшін тиісті   ұйымдық және құқықтық негіз құру болып табылады, атап айтқанда, мыналар арқылы:
      1) қазақстандық жерүсті инфрақұрылымын, ГЛОНАСС жүйесінің функционалдық қосымшаларын және тұтынушылардың навигациялық аппаратурасын құру бойынша жұмыстар жүргізу саласында ынтымақтастықты регламенттеу;
      2) спутниктік навигацияны пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулердегі ынтымақтастық үшін жағдайлар жасау;
      3) спутниктік навигация саласындағы материалдармен, жабдықпен және тиісті технологиялармен алмасу кезінде өзара жәрдем көрсету;
      4) осы Келісім шеңберіндегі қызметті іске асыру жөнінде келісім-шарттар жасасу үшін жағдайлар жасау.

  3-бап
Құқықтық негіз

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын сақтаған кезде және Тараптар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындау үшін зиянсыз жүзеге асырылады.

  4-бап
Уәкілетті органдар және тағайындалған ұйымдар

       1. Осы Келісімде көзделген ынтымақтастықты жүзеге асыруға жауапты уәкілетті органдар (бұдан әрі - уәкілетті органдар):
      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі, Ресей Тарапынан - Ресей Федерациясының Федералдық ғарыш агенттігі мен Қорғаныс министрлігі.
      Тараптар дипломатиялық арналар бойынша уәкілетті органдарды ауыстыру және (немесе) қосымша тағайындау туралы бірін-бірі жазбаша түрде дереу хабардар етеді.

      2. Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес уәкілетті органдар осы Келісім шеңберіндегі қызметтердің мамандандырылған түрлерін жүзеге асыру үшін өз мемлекеттерінің ұйымдарын (бұдан әрі - тағайындалған ұйымдар) тартады.

  5-бап
Ынтымақтастық салалары

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мынадай салаларда жүзеге асырылады:
      1) Қазақстан Республикасының аумағындағы навигациялық дабылдар тұтынушыларына ГЛОНАСС жүйесін пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қазақстандық жерүсті инфрақұрылымын және ГЛОНАСС жүйесінің жерүсті функционалдық қосымшаларын құру;
      2) ГЛОНАСС жүйесінің функционалдық қосымшасының қазақстандық спутниктік жүйесін құру мақсатында пайдалы жүктеме құру және оны геостационарлық спутниктерге орналастыру;
      3) ГЛОНАСС жүйесінің, басқа да навигациялық спутниктік жүйелер мен олардың функционалдық қосымшаларының стандарттық дәлдігі дабылдары бойынша жұмыс істейтін, тұтынушылардың навигациялық аппаратурасын құру.
      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастықтың басқа салалары Тараптардың өзара келісімі бойынша қажет болған жағдайда белгіленетін болады.

  6-бап
Ынтымақтастық нысандары

      1. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
      1) ғылыми және техникалық ақпаратпен, эксперименттік деректермен, тәжірибелік-конструкторлық жұмыс нәтижелерімен, материалдармен, жабдықтармен және бағдарламалық қамтамасыз етумен өзара алмасу;
      2) кадрларды даярлау және оқыту, ғалымдармен, техникалық және өзге де мамандармен алмасу жөніндегі бағдарламаларды жүзеге асыруға жәрдемдесу;
      3) симпозиумдар, конференциялар және көрмелер өткізу;
      4) навигациялық спутниктік жүйелерді пайдалану саласындағы коммерциялық жобаларға қатысты қызметті қоса алғанда, навигациялық жабдық пен қызметтер көрсетудің халықаралық нарығындағы ынтымақтастықтың және бірлескен қызметтің әр алуан нысандарын дамыту;
      5) мамандандырылған техникалық жәрдем ұсыну.

      2. Ынтымақтастықтың нақты бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асырудың ұйымдық, қаржылық, құқықтық және техникалық жағдайлары уәкілетті органдар және (немесе) тағайындалған ұйымдар арасындағы жекелеген келісімдердің (келісім-шарттар) мәнін құрайды.

      3. Уәкілетті органдар және (немесе) тағайындалған ұйымдар осы Келісім шеңберіндегі бағдарламалар мен қызметтің нақты түрлерін жүзеге асыру үшін жұмыс топтарын өзара уағдаластық бойынша қажеттілігіне қарай құра алады.

      4. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастықтың басқа нысандары Тараптардың өзара келісімі бойынша қажет болған жағдайда белгілене алады.

  7-бап
Қаржыландыру

      1. Осы Келісім шеңберінде жүргізілетін қызметті қаржыландыруды Тараптар өз мемлекеттерінің бюджеттік реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес және осы мақсаттарға бөлінген қаражаттың болуына байланысты жүзеге асырады.

      2. Бюджеттік қаржыландырудан артық не мемлекеттік бағдарламалардан тыс осы Келісім шеңберінде жүргізілетін қызметті қаржыландыруды тағайындалған ұйымдар жүзеге асырады және осы Келісімнің 6-бабының 2-тармағында көзделген тиісті келісімдермен (келісім-шарттармен) белгіленеді.

      3. Осы бапта еш нәрсе, осы Келісімге сәйкес жүзеге асырылатын ынтымақтастықты бюджеттік қаржыландыру жөніндегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы үшін қосымша міндеттемелер туғызатын ретінде түсіндірілмейді.

      4. Тараптар осы Келісім шеңберінде жасалған келісім-шарттардан туындайтын қаржылық міндеттемелерге жауапты емес.

  8-бап
Мүлікті сақтау және технологияларды қорғау жөніндегі шаралар

      1. Әр Тарап осы Келісім шеңберіндегі қызметті жүзеге асыру мақсатында өз мемлекетінің аумағындағы басқа Тараптың, уәкілетті органдары мен тағайындалған ұйымдарының мүлкін құқықтық және жеке қорғауға байланысты мүдделерін сақтауды қамтамасыз етеді.

      2. Осы Келісім шеңберіндегі бірлескен қызметтің нақты түрлерін жүзеге асыру кезінде мүлікті құқықтық және жеке қорғау және технологияларға, ақпараттарға және жабдықтарға қол жеткізуді бақылау жөніндегі шараларды Тараптар ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеудегі және пайдаланудағы ынтымақтастық туралы жекелеген келісімде (бұдан әрі - ынтымақтастық туралы келісім) белгілейді.

  9-бап
Заңды құзыры және бақылау

      1. ГЛОНАСС жүйесі Ресей Федерациясының заңды құзырында және басқаруында болады.

      2. Ресей Тарапы ГЛОНАСС жүйесінің қызметін қамтамасыз ету үшін бөлінген радиожиілік спектріне арналған барлық құқықтарын сақтап қалады.

      3. ГЛОНАСС жүйесінің функционалдық қосымшасының қазақстандық спутниктік жүйесі, ГЛОНАСС жүйесінің жерүсті инфрақұрылымы мен жерүсті функционалдық қосымшасы Қазақстан Республикасының заңды құзырында және басқаруында болады.

  10-бап
Ерекше уағдаластықтар

      1. Осы Келісімнің қолданылу мерзімінде Ресей тарапы ГЛОНАСС жүйесінің ағымдағы мүмкіндіктеріне сәйкес үзіліссіз, ғаламдық және шектеусіз негізде ГЛОНАСС жүйесінің стандарттық дәлдігінің навигациялық дабылдарына Қазақстан тарапының қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

      2. Ресей тарапы осы Келісімнің қолданылу мерзімінде ГЛОНАСС жүйесінің стандарттық дәлдік дабылдарын қамтамасыз ететін орналасқан жерін анықтау дәлдігін төмендетпейді.

      3. ГЛОНАСС жүйесінің жоғары дәлдікті дабылын пайдалану мәселелері Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының әскери-техникалық ынтымақтастығы саласына жатады және Тараптар арасындағы жекелеген келісімнің мәні болып табылады.

  11-бап
Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар бойынша алынған күннен бастап, бірақ ынтымақтастық туралы келісімнің күшіне ену күнінен кейін күшіне енеді.

      2. Осы Келісім он жыл ішінде, көрсетілген кезеңде ынтымақтастық туралы келісім қолданылғанда ғана қолданылады. Бұл ретте осы Келісім, егер Тараптардың бірде бірі бастапқы мерзім немесе кез келген келесі бес жылдық мерзім аяқталардан кем дегенде бір жыл бұрын оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламаны екінші Тарапқа жолдамаса, келесі бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.

      3. Осы Келісімнің қолданылуы ынтымақтастық туралы келісімнің қолданылуы тоқтатылған күннен бастап тоқтатылады.

      4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген тәртіппен осы Келісімнің қолданылуын тоқтату осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатын аяқталмаған бағдарламалар мен жобалардың орындалуына әсер етпейді. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату осы Келісім шеңберінде оның қолданылуы тоқтатылғанға дейін туындаған шарттық міндеттемелерді бір жақты тәртіппен қайта қарау немесе сақтамау үшін құқықтық негіз болып табылмайды.

      2008 жылғы»"____"_______ _______________ « қаласында қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, екі мәтіннің де күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде пікір алшақтықтары туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

       Қазақстан Республикасының        Ресей Федерациясының
            Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады