Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымырандарды жіберу кезінде авариялар болған жағдайдағы өзара іс-қимыл тәртібі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Владимир Карпович Божкоға Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, 1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымырандарды жіберу кезінде авариялар болған жағдайдағы өзара іс-қимыл тәртібі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 20 мамырдағы
N 477 қаулысымен
мақұлданған
жоба
1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымырандарды жіберу кезінде авариялар болған жағдайдағы өзара іс-қимыл тәртібі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
"Байқоңыр" ғарыш айлағының қауіпсіз жұмыс істеуіне өзара мүдделіліктерін растай отырып,
"Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымыран жіберу кезінде Қазақстан Республикасының аумағында авария болған кезде және оның салдарларын жою барысында Тараптардың уәкілетті және басқа да мемлекеттік органдары мен ұйымдарының іс-қимылдарын нақтылау мақсатында,
1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымырандарды жіберу кезінде авариялар болған жағдайдағы өзара іс-қимыл тәртібі туралы келісімге (бұдан әрі - Келісім) қол қойылғаннан кейін зымырандарды жіберу кезінде болған авариялардың салдарын жою кезіндегі өзара іс-қимыл тәжірибесіне сүйене отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Келісімге мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) 7-баптың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"Авария болған жағдайда Ресей Тарапының уәкілетті органдары Қазақстан Тарапының уәкілетті органдарына зымыран авариясының фактісі, авария болған уақыт пен оның биіктігі және зымыран бөлшектерінің түсуі мүмкін аудан туралы дереу хабарлайды.";
2) 8-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"Авария болған жағдайда Ресей Тарапының уәкілетті органдары дереу Ресей мамандарының жедел тобын құрады және авария болған сәттен бастап 12 сағаттан кешіктірмей жағдайды бағалау, оның ішінде Қазақстан Тарапының уәкілетті органдарымен және Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдарымен оқшаулауға жататын аумақтарды айқындау жөніндегі өзара іс-қимылды ұйымдастыру және аварияның салдарын жою жөніндегі бірінші кезектегі іс-шараларды орындау үшін авария ауданына жібереді.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің авариялық жағдайлардағы іс-қимылдарға дайындыққа келтірілген күштері мен құралдары Федералды ғарыш агенттігінің уәкілетті ұйымымен шарт бойынша Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдарымен келісілген көлемде және мерзімде жағдайды бағалау мен аварияның салдарын жою жөніндегі шұғыл іс-шараларды орындауға кіріседі.
Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары аварияға ұшыраған зымыранның бөлшектері құлаған ауданда авария ауданында тұратын тұрғындарды хабардар етуді жүзеге асырады және бірлескен штабтың шешімі бойынша Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдарымен келісілген көлемде аварияның салдарын жоюға жәрдем көрсетеді.
Авария фактісі бойынша Тараптар қысқа мерзімде аварияның себептерін зерттеу, салдарын жою және бағалау жөніндегі одан әрі бірлескен іс-қимыл тәртібін келісетін үкіметтік комиссияларды құрады.
Үкіметтік комиссиялар құрылғанға дейін аварияға ұшыраған зымыранның бөлшектері құлаған жерлерді іздеу, аварияны бағалау және жою жөніндегі жұмыстарға басшылықты:
Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің уәкілетті өкілі;
Ресей Тарапынан - ғарыш жүйелері мен кешендерін сынақтан өткізу (ғарыш аппаратын ұшыру) жөніндегі мемлекеттік (ведомствоаралық) комиссияның тиісті төрағасы (тең төрағасы) жүзеге асырады.
Тәртіпті келісу және одан әрі бірлескен іс-қимылды орындау үшін Тараптардың уәкілетті органдары басшыларының шешімдерімен авария болған сәттен бастап бір тәулік ішінде аварияның себептерін зерделеу және салдарын жою жөніндегі бірлескен штаб құрылады, ол үкіметтік комиссия құрылған сәттен бастап оның қарамағына өтеді.
Бірлескен штаб орындалатын жұмыстардың көлемі мен мерзімін, тартылатын күш пен құралдардың құрамы мен міндеттерін, олардың өзара іс-қимыл тәртібін, сондай-ақ аварияның медициналық, ветеринарлық, экологиялық тексеру және салдарын жою әдістемелерін таңдауды, жұмыстар жүргізілетін техникалық тапсырмалар әзірлеуді айқындайды және жұмыстың жүргізілу барысын бақылауды жүзеге асырады.
Қазақстан және Ресей Тараптарынан штаб бастықтарының шешімдерімен бір тәулік ішінде қызметтің тиісті бағыттары бойынша (іздестіру, аварияның салдарын жою, медициналық-санитарлық, ветеринарлық экономикалық шығынды бағалау, экологиялық шығын мен аварияның салдарын бағалау, тексеру нәтижелерін жинақтау және үкіметтік комиссиялардың есеп және қажеттілігіне қарай басқа да бөлімдерін дайындау бойынша) Тараптардың жұмыс топтары құрылады.
Үкіметтік комиссиялардың шешімі бойынша авария салдарын бағалау және жою жөніндегі жұмыстарға мүдделі мемлекеттік органдардан, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің ұйымдарынан мамандар тартылуы мүмкін.
Жұмыс топтарының жұмыс нәтижелері бойынша қызметтің бағыттары бойынша орындалған жұмыстар туралы бірлескен актілерге (хаттамаларға) қол қойылады. Аварияның салдарын бағалау актілеріне тиісті есептемелер және жүргізілген шығыстар мен келтірілген материалдық залалды растайтын басқа да құжаттар қоса беріледі. Барлық актілерді бірлескен штаб бекітеді. Есептемелер Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында Қазақстан Республикасының қолданыстағы бағалары мен тарифтері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
Бірлескен жұмыстың нәтижелері бойынша үкіметтік комиссиялардың төрағалары орындалған жұмыстардың көлемі мен нәтижелері және қорытынды шешімдер көрсетілетін бірлескен хаттамаға қол қояды.";
3) 9-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"Тараптардың іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару бөлімшелерінің жағдайды бағалау жөніндегі іс-қимылдарды, атап айтқанда, зымыран бөлшектерін жинау, халықты медициналық тексеруден өткізу, аумақты экологиялық және ветеринарлық тексеру, қоршаған орта объектілері сынамаларын іріктеу және талдау жөніндегі іс-қимылдарды қоса алғанда, үкіметтік комиссиялармен келісілген тәртіппен, көлемде және әдістемелер бойынша бірлесіп жүзеге асырылады.";
4) 10-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"Аварияның себептерін анықтау, салдарын бағалау және жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға байланысты шығыстарды авария салдарын бағалаудың екі жақты актісімен (хаттамасымен) белгіленген мөлшерде Ресей Тарапы өтейді.
Ресей Тарапының Қазақстан Тарапына авария нәтижесінде келтірілген шығындардың қаржы қаражатын төлеу мөлшері, мерзімдері мен тәртібі үкіметтік комиссиялардың бірлескен жұмысының нәтижелері бойынша хаттамамен айқындалады.
Ресей Тарапы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында дипломатиялық арналар арқылы Қазақстан Тарапы көрсеткен шотқа келісілген мерзімде төлемдерді жүзеге асырады.";
5) 13-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"Осы Келісім бойынша жұмыстарды үйлестіруді мынадай уәкілетті органдар:
Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі және Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі;
Ресей Тарапынан - Ресей Федерациясы Федералды ғарыш агенттігі мен Қорғаныс министрлігі жүзеге асырады.
Уәкілетті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бір-біріне хабарлайды.
2-бап
Осы Хаттама оның күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындауы туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді және Келісімнің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қолданыста болады.
2008 жылғы "___"__________ ________________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің де бірдей күші бар.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін