"Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтерінің арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 1 тамыздағы N 732 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтерінің арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтерінің арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімді ратификациялау туралы

      Ташкентте 2007 жылғы 2 қарашада қол қойылған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтерінің арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісім ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтерінің арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтері,
      тату көршілік қарым-қатынастарды дамытуға, соның ішінде кеден ісі саласындағы ынтымақтастық арқылы дамытуға ниет білдіре отырып,
      кеден қызметтерінің ынтымақтастығы жолымен Тараптар мемлекеттері арасындағы жолаушы және жүк қатынастардың дамуына ықпал етуге ұмтыла отырып,
      кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтар Тараптар мемлекеттерінің экономикалық мүдделеріне залал келтіретінін назарға ала отырып,
      кеден заңнамасын сақтау және кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы күрес Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің ынтымақтастығы кезінде сәтті жүзеге асырылуы мүмкін екендігіне сене отырып,
      түрлі нысандарда өңірлік экономикалық ынтымақтастықты қолдау мен көтермелеуге, Тараптардың мемлекеттерінде тауарлардың, капиталдың, қызметтердің және технологиялардың еркін жүруін біртіндеп жүзеге асыру мақсатында сауда мен инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасауға жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін пайдаланылатын терминдер мынаны білдіреді:
      "кеден заңнамасы" - олардың орындалуын қамтамасыз ету тікелей Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметіне жүктелген тауарларды әкелу, әкету, өткізу тәртібін реттейтін Тараптар мемлекеттерінің нормативтік құқықтық актілерінің жиынтығы;
      "кеден қызметтері" - Тараптар мемлекеттерінің орталық кеден органдары;
      "кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтар" - Тараптар мемлекеттерінің кеден заңнамасын кез келген бұзушылық;
      "тұлға" - кез келген жеке немесе заңды тұлға;
      "есірткі құралдары" - 1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияға түзетулер туралы 1972 жылғы Хаттамаға сәйкес енгізілген түзетулерімен қоса 1961 жылғы Есірткі құралдары туралы  бірыңғай конвенцияның  I және II тізіміне қосылған кез келген синтетикалық немесе табиғи заттар;
      "психотроптық заттар" - 1971 жылғы Психотроптық заттар туралы   конвенциясының  I, II, IIІ және IV тізімдеріне қосылған кез келген табиғи немесе синтетикалық заттар;
      "есірткі құралдары мен психотроптық заттардың прекурсорлары (прекурсорлар)" - Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына, оның ішінде 1988 жылғы Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы  конвенцияға  сәйкес бақылауға жататын Есірткі құралдардың, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының тізбесіне енгізілген есірткі құралдар мен психотроптық заттарды өндіру, дайындау, қайта өңдеу кезінде жиі пайдаланылатын заттар;
      "сұрау салушы қызмет" - кеден мәселелері бойынша жәрдем көрсету туралы сұрау салуды жіберетін кеден қызметі;
      "сұрау салынушы қызмет" - кеден мәселелері бойынша жәрдем көрсету туралы сұрау салуды алған кеден қызметі;
      "кедендік төлемдер" - Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары алатын барлық кедендік баждар, салықтар, кедендік алымдар және басқа да төлемдер;
      "бақылаудағы жеткізу" - есірткі құралдарының, психотроптық заттарды және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды жасауға қатысатын тұлғаларды анықтау мақсатында заңсыз немесе есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының немесе оларды ауыстыратын заттардың күдік туғызатын партиясын Тараптар мемлекеттерінің біреуінің немесе бірнешеуінің аумағынан олардың құзыретті органдарының бақылауымен және білуімен әкетуге, алып жүруге, әкелуге жол берілетін әдіс.

2-бап

      1.   Осы Келісімнің негізінде кеден қызметтері өз құзыреті шеңберінде және өз мемлекеттерінің заңнамаларын сақтай отырып:
      а) кедендік төлемдерді дұрыс есептеу, төлеу және алу, сондай-ақ кедендік жеңілдіктерді қолданудың заңдылығын қамтамасыз ету;
      б) кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау, жолын кесу және тергеу мақсатында ынтымақтасады.
      2. Осы Келісім оның мемлекеті олар қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын әр Тараптардың міндеттемелерін қозғамайды.

3-бап

      Кеден қызметтері өз құзыреті шеңберінде:
      а) кедендік ресімдеуді оңайлату жөнінде қажетті шараларды қабылдайды;
      б) кедендік сәйкестендіру құралдарын (пломбылар, мөр бедерлері, мөртабандар) және қолданылатын кедендік құжаттардың бланкілерін таниды, құжаттама, мөртаңбалар мен мөрлер үлгілерінің өзгертілгені туралы бір-біріне хабарлайды, ал қажет болған кезде өздерінің кедендік сәйкестендіру құралдарын өткізілетін тауарларға салады;
      в) Тараптар мемлекеттерінің аумағы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын транзиттік өткізу тәртібі мен шарттарын өзара оңайлату шараларын қабылдайды.

4-бап

      1. Кеден қызметтері есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымының жолын кесу жөніндегі әрекеттерді жандандыру мақсатында алдын ала сұрау салусыз және мүмкіндігінше қысқа мерзімде бір-біріне мынадай мәліметтерді хабарлайды:
      а) есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымымен айналысатыны немесе сол жөнінде күдікті тұлғалар туралы;
      б) контейнерлерді қоса алғанда, көлік құралдары мен есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымымен айналысатын немесе осындай пайдалануға күдікті почта жөнелтімдері туралы.
      2. Кеден қызметтері алдын ала сұрау салусыз есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымының қолданылатын әдістері туралы мәліметтерді, сондай-ақ оларды бақылаудың жаңа әдістері туралы бір-біріне хабарлайды.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес қандай да бір Тараптан алынған мәліметтер мен құжаттар, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың аналогтары мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күреспен айналысатын құқық қорғау органдарына оларды тапсыра алады.
      4. Өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес және Тараптардың өзара келісімі бойынша кеден қызметтері қажет болған кезде есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың прекурсорларын бақылаудағы жеткізу әдісін пайдаланады.

5-бап

      1. Кеден қызметтері мүмкіндігінше қысқа мерзімде, оның ішінде алдын ала сұрау салусыз кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша сұрау салушы қызмет үшін басымды болып табылатын мәліметтерді бір-біріне хабарлайды.
      2. Кеден қызметтері мүмкіндігінше қысқа мерзімде өз бастамасы немесе сұрау салу бойынша мыналарды өткізу кезінде Тараптардың бір мемлекетінде кеден заңнамасын дайындалып жатқан немесе жасалған бұзушылықтар туралы барлық қажетті ақпаратты хабарлайды:
      а) қоршаған табиғи ортаға немесе халықтың денсаулығы үшін қауіп төндіруі мүмкін тауарларды;
      б) қаруларды, оқ-дәрілерді, жарылғыш қондырғылар мен ядролық материалдарды;
      в) лаңкестік және/немесе экстремисттік бағыттағы немесе ұлтаралық және/немесе конфессияаралық негізде өшпенділік пен алаусыздықты қоздыру белгілері бар әдебиеттерді, аудио және бейне материалдарды;
      г) маңызды тарихи, көркем, мәдени немесе археологиялық құндылықтарды білдіретін өнер заттарын;
      д) Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жоғары кедендік баждар немесе салық салынуға жататын тауарларды;
      е) аса маңызды мәні бар және Тараптар арасында келісілген тауарлардың тізбелеріне енгізілген, оларға тарифтік емес шектеулер қолданылатын тауарларды;
      ж) олардың контрафактілік болып табылатынына негіз бар тауарларды;
      з) есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың прекурсорлары, сондай-ақ қоршаған табиғи ортаға немесе халықтың денсаулығы үшін қауіп төндіретін құралдарды;
      и) жойылу қаупінде тұрған жануарлар мен өсімдіктердің түрлері, олардың бөліктері мен дериваттары.

6-бап

      1. Кеден қызметтері осы Келісім күшіне енгеннен кейін үш ай ішінде кеден мәселелері бойынша өз мемлекеттерінің қолданыстағы заңнамалардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің көшірмелерін бір-біріне жібереді және одан әрі өз мемлекеттерінің барлық кеден заңнамаларының өзгерістері туралы бір-бірін уақтылы хабардар етеді.

7-бап

      1.   Кеден қызметтері:
      а) өз қызметінің тәжірибесімен, кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтарды жасаудың жаңа құралдары мен әдістері туралы және өзара мүддені білдіретін басқа да мәселелер бойынша ақпаратпен алмасады;
      б) кеден қызметтері техникалық қосалқы құралдарын қолданатыны туралы бір-біріне хабарлайды.
      2. Кеден қызметі кеден ісі саласында бір-біріне:
      а) кеден қызметтері пайдаланатын техникалық құралдарды таныстыру мақсатында өзара мүддені білдіретін жағдайларда өз қызметкерлерімен алмасуды;
      б) өз қызметкерлерінің арнайы дағдыларын жетілдіруде оқыту және көмек көрсетуді, сондай-ақ кеден мәселелері бойынша сарапшылармен алмасуды;
      в) кеден мәселелеріне қатысты кәсіптік, ғылыми және техникалық мәліметтермен алмасуды қоса алғанда көмек көрсетеді.

8-бап

      1. Кеден қызметтері өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес және өз құзыреті шеңберінде сұрау салуларды орындауға бір-біріне мүмкіндігінше көмек көрсетеді.
      2. Егер сұрау салатын Тарап мемлекетінің егемендігіне, ұлттық қауіпсіздігіне, экономикалық мүдделеріне залал келтіруі не заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келуі мүмкін болса, сұрау салуды орындалудан бас тартылуы мүмкін.
      Сұрау салуды орындау мүмкін емес немесе бас тартылған жағдайда немесе мүмкіншілік жоқ кезінде сұрау салынушы қызмет сұрау салушы қызметіне жазбаша түрде бұл туралы тез арада хабардар етеді және сұрау салуды орындауға жол бермейтін себептер туралы хабарлайды.
      3. Егер бір Тараптың кеден қызметі өзі көмек көрсете алмайтын көмек көрсету туралы сұрау салумен басқа Тараптың кеден қызметіне ұқсас сұрау салған жағдайда өз сұрау салуында осыған назар аударады. Мұндай жағдайда сұрау салынушы қызмет сұрау салуды орындаудан бас тартуға құқылы, бұл туралы сұрау салатын қызметке хабардар етеді.

9-бап

      Бір Тарап мемлекетінің кеден қызметінің сұрау салуы бойынша басқа Тарап мемлекетінің кеден қызметі осы Келісімнің 11-бабында көзделген тәртіпке сәйкес:
      а) кеден мақсаттары үшін ұсынылған және кеден декларациясына қоса берілген мәліметтердің, ресми құжаттардың дұрыстығын, сондай-ақ осы құжаттардағы мәліметтердің дұрыстығын растайтын ақпаратты жазбаша нысанда;
      б) Тараптар мемлекеттерінің кеден шекарасы арқылы тасымалданатын тауарлар мен көлік құралдар Тараптар мемлекеттерінің кеден заңнамаларының талаптарына Тараптар мемлекеттерінің аумағына сәйкес әкелінетіндігін және осы аумақтан әкетілетіндігін растайтын мәліметтерді береді.

10-бап

      1. Осы Келісімге сәйкес қандай да бір нысанда берілген кез келген ақпарат құпия сипатта болады.
      2. Осы Келісімге сәйкес кеден қызметтері алған ақпарат, құжаттар және басқа да мәліметтер осы Келісімде көрсетілген мақсаттар үшін ғана пайдаланылады және оларды жіберген кеден қызметінің жазбаша келісімімен ғана өзге мақсаттар үшін берілуі немесе пайдаланылуы мүмкін.
      Осы Келісімнің ережелеріне сәйкес алынған ақпараттарға, құжаттарға және басқа мәліметтерге алушы Тарап осы мемлекеттің аумағында алынған сипаттағы ақпараттарды, құжаттарды және басқа мәліметтерді жариялаудан қорғаудың дәрежесін ұсынады.

11-бап

      1. Сұрау салушы қызмет сұрау салуды тікелей сұрау салынушы қызметке жібереді.
      Сұрау салу жазбаша нысанда жіберіледі. Сұрау салуды орындау үшін қажетті құжаттар түпнұсқамен немесе ресми куәландырылған көшірмелермен қоса берілуі тиіс.
      Ерекше жағдайларда ауызша сұрау салу қабылдануы мүмкін, бұл ретте ол тез арада жазбаша нысанда расталуы тиіс.
      2. Сұрау салуда мынадай деректер болуы тиіс:
      а) сұрау салушы қызметтің атауы;
      б) оларға қатысты сұрау салу жүзеге асырылатын адамдардың тектері, мекен-жайлары және басқа деректер;
      в) сұрау салудың пәні және себебі;
      г) істің мән-жайының қысқаша сипаттамасы және оның заңды біліктілігі.
      3. Сұрау салулар Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2007 жылғы 7 маусымдағы хартиясына сәйкес Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмыс істеу тілдері болып табылатын тілдерде жіберіледі.

12-бап

      Әрбір Тарап, егер Тараптар бұл туралы келіспесе, осы Келісімнің шеңберіндегі міндеттемелерді орындауға байланысты шығыстарды дербес көтереді.

13-бап

      Кеден қызметінің өкілдері қажеттілігі деңгейіне қарай осы Келісімді орындауға байланысты мәселелерді талқылау үшін консультациялар өткізеді.

14-бап

      Осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

15-бап

      Осы Келісімді қолдану немесе түсіндіру кезінде даулар мен келіспеушіліктер туындайтын жағдайда Тараптар оларды консультациялар мен келіссөздер жолымен шешеді.

16-бап

      1. Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және депозитарий оған қол қойған әр Тарап оның күшіне енуі үшін қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
      2. Әр Тарап депозитарийге шығу күніне дейін 6 айдан кешіктірмей жазбаша хабарламаны жіберіп осы Келісімнен шыға алады. Депозитарий басқа Тараптарға осындай хабарламаны алған күнінен бастап 30 күн ішінде Тараптарға оның расталған көшірмелерін жіберетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы осы Келісімнің депозитариі болып табылады.
      3. Осы Келісімге қол қойған күнінен бастап 30 күннің ішінде Тараптарға оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы осы Келісімнің депозитарийі болып табылады.
      2007 жылғы 2 қарашада Ташкент қаласында бір түпнұсқа данада орыс және қытай тілдерінде жасалды, бұл ретте екі тілдегі мәтіннің күші бірдей.

       Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
      Қытай Халық Республикасының Үкіметі үшін
      Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін
      Ресей Федерациясының Үкіметі үшін
      Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін
      Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады