"Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне экологиялық қауіпті технологияларды, техника мен жабдықты әкелуді реттеу мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 17 қазандағы N 960 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне экологиялық қауіпті технологияларды, техника мен жабдықты әкелуді реттеу мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К.Мәсімов

                                                          Жоба 

Қазақстан Республикасының Заңы

Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне экологиялық қауіпті технологияларды, техника мен жабдықты әкелуді реттеу мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы

       1-бап . 2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының  Экологиялық кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., N 1, 1-құжат; 2007 ж., N 20, 152-құжат) мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:
      1) 1-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 2-1), 24-1), 58-1) тармақшалармен толықтырылсын:
      "2-1) экологиялық қауіпті технологияларды, техника мен жабдықты әкелу - Қазақстан Республикасының аумағында экологиялық қауіпті технологияларды, техника мен жабдықты қолданып (пайдаланып) немесе өзге де пайдаланып, шаруашылық және өзге де қызметтің жобаларын қаржыландыру және іске асыру жөніндегі іс-қимылдарды жүзеге асыру;";
      "24-1) қоршаған ортаға келтірілетін елеулі залал - табиғи ресурстардың жұтаңдауы мен сарқылуын немесе тірі организмдердің қырылуын туындатқан және туындататын, қоршаған ортаны, экологиялық жүйелерді белгіленген нормативтерден (лимиттерден) жүз есе асырып, ластау немесе табиғи ресурстарды алу;";
      "58-1) экологиялық қауіпті технологиялар, техника мен жабдық - қоршаған орта үшін қауіп төндіретін өндіріс процесінде жүзеге асырылатын шикізатты, материалды немесе жартылай фабрикатты өңдеу, жасау, жай-күйін, қасиеттерін, нысанын өзгерту әдістерінің, механизмдердің, машиналардың, қондырғылардың, құралдардың жиынтығы;";
      2) 41-баптың 1-тармағының 5) тармақшасы "сәйкестігі" деген сөзден кейін ", сондай-ақ технологияларға, техника мен жабдыққа қойылатын экологиялық талаптарға сәйкестігі" деген сөздермен толықтырылсын;
      3) 47-баптың 1-тармағының 11) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "11) технологияларға, техника мен жабдыққа, материалдар мен заттарға, оның ішінде Қазақстан Республикасына өткізілетіндерге (әкелінетіндерге) экологиялық талаптарды негіздейтін құжаттама;";
      4) 114-баптың 36) тармақшасындағы "сақталуына" деген сөзден кейін ";" белгісі қойылып, мынадай мазмұндағы 37) тармақшамен толықтырылсын:
      "37) технологияларға, техника мен жабдыққа қойылатын экологиялық талаптардың сақталуына";
      5) мынадай мазмұндағы 199-1-баппен толықтырылсын:
      "199-1-бап. Технологияларға, техника мен жабдыққа қойылатын экологиялық талаптар
      1. Қазақстан Республикасында технологияларды, техника мен жабдықты қолдану (пайдалану) қоршаған ортаға әсерін бағалау материалдарымен осындай технологияларды, техника мен жабдықты қолдануға (пайдалануға) қойылатын экологиялық талаптарды негіздейтін құжаттамаға мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасында әзірленген немесе Қазақстан Республикасына өткізілген (әкелінген), мемлекеттік экологиялық сараптаманың нәтижелері бойынша экологиялық қауіпті болып танылған технологиялар шаруашылық және өзге де қызметте қолдануға (пайдалануға) жатпайды.
      Қазақстан Республикасында өндірілетін немесе Қазақстан Республикасына өткізілген (әкелінген), мемлекеттік экологиялық сараптаманың нәтижелері бойынша экологиялық қауіпті болып танылған техника мен жабдық шаруашылық және өзге де қызметте қолдануға (пайдалануға) жатпайды, заңнамада белгіленген тәртіппен жойылуы, кәдеге жаратылуы немесе қайта өңделуі тиіс, ал өткізілгендер (әкелінгендер) - Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге әкетуге жатады.
      3. Мынадай:
      1) пайдалану мерзімі аяқталған;
      2) мұндай технологиялар, техника мен жабдық өздерінің не халықаралық экологиялық стандарттарға сәйкес келмейтін болып белгіленген елден өткізілген (әкелінген);
      3) оның нәтижесінде Қазақстан Республикасында оларды залалсыздандыру немесе кәдеге жарату жөніндегі технологиялары жоқ, не оларды кәдеге жарату жоғары экологиялық тәуекелмен байланысты немесе экономикалық жағынан мақсатқа лайық емес қалдықтар түзілетін;
      4) қоршаған ортаға елеулі залал келтіруі мүмкін жағдайда қоршаған ортаға қауіп төндіретін технологиялар, техника мен жабдық болып танылады.
      4. Технологияларға, техника мен жабдыққа қойылатын экологиялық талаптарды негіздейтін құжаттамаға қойылатын талаптар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізу тәртібімен белгіленеді.
      5. Техника мен жабдықтың параметрлеріне қойылатын жекелеген экологиялық талаптар Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес техникалық регламенттерде белгіленеді.
      6. Технологиялар, техника мен жабдық мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелері бойынша бірнеше рет экологиялық қауіпті деп танылған жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) адамдардың өмірі мен денсаулығын, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін және тұтастай қоршаған ортаны қорғау;
      2) орны толмас табиғи ресурстардың сарқылуын болдырмау;
      3) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
      4) халықаралық міндеттемелерді орындау қажеттілігін негізге ала отырып мұндай технологияларды, техника мен жабдықты әкелуге тыйым салуды енгізе алады.
      7. Технологияларды, техника мен жабдықты әкелуге бақылау мемлекеттік экологиялық сараптама және мемлекеттік экологиялық бақылау жүргізу арқылы жүзеге асырылады.".
       2-бап . Осы заң алғашқы ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады