"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 31 қазандағы N 992 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мынадай заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1. "Нормативтік құқықтық актілер туралы" 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., N 2-3, 25-құжат; 2001 ж., N 20, 258-құжат; 2002 ж., N 5, 50-құжат; 2004 ж., N 5, 29-құжат; N 13, 74-құжат; 2005 ж., N 17-18, 73-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 24, 148-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат; N 12, 86-құжат; N 13, 100-құжат; N 19, 147-құжат; 2008 ж., N 13-14, 55-құжат):
      14-1-бапта:
      1-тармақта:
      "атқарушы" деген сөзден кейін "әрі өкілді" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сараптамалық қорытынды ұсыну үшін мемлекеттік органдар белгілейтін мерзімдер олар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне түскен кезден бастап он жұмыс күнінен аз болмайды.";
      3-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері сараптамалық қорытындыларды мемлекеттік және орыс тілдерінде ұсынады.";
      4-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Егер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің жартысынан астамы нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертулері бар сараптамалық қорытынды ұсынса, сараптама кеңесінің отырысын өткізу міндетті болып табылады.".
      2. "Жеке кәсіпкерлік туралы" 2006 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2006 ж., N 3, 21-құжат; N 16, 99-құжат; N 23, 141-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат; N 3, 20-құжат, N 17, 136-құжат; 2008 ж., N 13-14, 57,58-құжат; 2008 жылғы 15 шілдедегі "Егемен Қазақстан" және 2008 жылғы 15 шілдедегі "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2008 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы ):
      1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "1-бап. Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қоғамды әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салаларда дамытуға ерікті салымы;
      2) бизнес-инкубатор - шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қалыптасуы кезеңінде өндірістік үй-жайлар, жабдық беру, ұйымдық, құқықтық, қаржылық, консалтингілік және ақпараттық қызметтер көрсету жолымен оларды қолдау үшін құрылатын заңды тұлға;
      3) дара кәсіпкерлік - жеке тұлғалардың кіріс алуға бағытталған, жеке тұлғалардың өздерінің меншігіне негізделген және жеке тұлғалардың атынан олардың тәуекелімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылатын бастамашылық қызметі;
      4) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау - Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін жеке кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру, қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасау жөніндегі мемлекеттік шаралар кешені;
      5) жеке кәсіпкерлік субъектілері - кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалар;
      6) жеке кәсіпкерлік - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кіріс алуға бағытталған, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өздерінің меншігіне негізделген және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің атынан олардың тәуекелімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылатын бастамашылық қызметі;
      7) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін аккредиттеу - кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сарапшылық кеңестерде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін білдіруге белгіленген өлшемдерге жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің сәйкестігін тиісті мемлекеттік органдардың тануы;
      8) жеке кәсіпкерліктің инфрақұрылымы - өз ісін ұйымдастыруға жәрдемдесуді, құқық, маркетинг, инжиниринг және менеджмент саласындағы ақпаратпен қамтамасыз етуді, коммерциялық негізде материалдық-техникалық, қаржылық және басқа да ресурстармен қамтамасыз етуде қолдауды қоса алғанда, жеке кәсіпкерліктің жұмыс істеуі мен дамуының жалпы шарттарын қамтамасыз ететін, құрылатын немесе жұмыс істеп тұрған ұйымдар кешені;
      9) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестігі - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін құрылатын коммерциялық емес ұйымның дербес ұйымдық-құқықтық нысаны;
      10) индустриялық аймақ - коммуникациялармен қамтамасыз етілген, мемлекет жеке кәсіпкерлік субъектілеріне өнеркәсіп объектілерін орналастыру және пайдалану үшін Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен беретін ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жер;
      11) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган - жеке кәсіпкерлікті дамыту саласында басшылық етуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      12) кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сарапшылық кеңес (бұдан әрі - сарапшылық кеңес) - жеке кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілер жобаларына жеке кәсіпкерлік субъектілерінің ұйымдардан сараптамалық қорытындылар алу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылатын консультативтік-кеңесші орган;
      13) келушілер мен тексерулерді есепке алу кітабы - мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының тексеру (бақылау) жүргізу фактісі туралы лауазымын, тегін және тексеру нысанасын көрсете отырып, міндетті түрде белгі қою үшін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган белгілеген үлгідегі журнал;
      14) коммерциялық құпия - жеке кәсіпкерлік субъектісі айқындайтын және қорғайтын, заңды негізде еркін қол жеткізуге адамдардың шектеулі тобы ие болатын, жариялануы, алынуы, пайдаланылуы оның мүдделеріне залал келтіруі мүмкін ақпарат;
      15) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау - жеке кәсіпкерлік саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақтауын мемлекеттік органдардың өз құзыреті шегінде бақылауы жөніндегі қызметі;
      16) шағын кәсіпкерлікті қолдау орталықтары - оқытуды, ақпараттық қамтамасыз етуді, консультациялық және маркетингтік қызметтер көрсетуді, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларына экономикалық және технологиялық сараптама жасауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар.";
      2) 5-бапта:
      "атқарушы" деген сөзден кейін "және өкілді" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
      "3-1. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сараптамалық қорытындылар беру үшін мемлекеттік органдар белгілеген мерзімдер оларды аккредиттелген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктеріне бағыттаған сәттен бастап он жұмыс күннен кем болмауы тиіс.";
      4-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері сараптамалық қорытындыларды мемлекеттік және орыс тілдерінде ұсынады.";
      5-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Егер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің жартысынан астамы нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертулері бар сараптамалық қорытынды ұсынса, сарапшылық кеңестің отырысын өткізу міндетті болып табылады.";
      3) 8-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 12) тармақшамен толықтырылсын:
      "12) әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салалардағы жобаларды іске асыру немесе оған қатысу жолымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шараларын өз қызметінде қолдану.";
      4) 14-бапта:
      5) тармақшадағы "мемлекеттік мұқтаждар үшін" деген сөздер "Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес" деген сөздермен ауыстырылсын;
      7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "7) кейіннен меншікке өтеусіз бере отырып, өнеркәсіп өндірісін ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшін жалдауға (жалға) немесе сенімгерлік басқаруға берілген пайдаланылмайтын мемлекеттік меншік объектілерін шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне беру тәртібін айқындайды;";
      5) 18-баптың 3-тармағының сегізінші абзацындағы "мемлекеттік мұқтаждар үшін" деген сөздер "Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес" деген сөздермен ауыстырылсын;
      6) 19-бапта:
      2-тармақта:
      5) тармақшадағы "өнеркәсіп өндірісін" деген сөздер "өндірістік қызметті" деген сөздермен ауыстырылсын;
      3-тармақтың 1)тармақшасында:
      "мемлекеттік мұқтаждар үшін" деген сөздер алып тасталсын;
      екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      "Шағын кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) номенклатурасын және олардың көлемін Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды;";
      6-тармақтың үшінші бөлігі алып тасталсын;
      7-тармақтың бірінші бөлігі "өнеркәсіп өндірісін" деген сөздер "өндірістік қызметті" деген сөздермен ауыстырылсын;
      7) 24-баптың 1-тармағының төртінші абзацындағы "шағын кәсіпкерлік жөніндегі қалалық, аудандық бірлестіктер" деген сөздер "шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қалалық, аудандық бірлестіктері" деген сөздермен ауыстырылсын;
      8) 25-баптың 2-тармағының төртінші абзацындағы "шағын кәсіпкерлік жөніндегі қалалық, аудандық бірлестіктер" деген сөздер "шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қалалық, аудандық бірлестіктері" деген сөздермен ауыстырылсын;
      9) 26-бап мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
      "3-1. Сарапшылық кеңес нормативтік құқықтық акт жобасын қарауды осы Заңның 5-бабының 5-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, сарапшылық кеңес мүшелеріне оны тарату жолымен отырыс өткізбей-ақ жүзеге асыра алады".
      2-бап . Осы Заң алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады