Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Румыния Үкіметі арасындағы Экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 8 қарашадағы N 1029 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Румыния Үкіметі арасындағы Экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Румыния Үкіметі арасындағы Экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.11.18 N 1872 Қаулысымен.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің     
2008 жылғы 8 қарашадағы
N 1029 қаулысымен  
мақұлданған   

      жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Румыния Үкіметі
арасындағы Экономикалық ынтымақтастық туралы келісім

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Румыния Үкіметі (бұдан әрі Тараптар деп аталады),
      теңдік және өзара пайда негізінде өзара мүдделілікті білдіретін салалардағы экономикалық ынтымақтастықтың дамуына жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,
      экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі тереңдеуіне, нығаюына және кеңеюіне өзара мүдделілікті ескере отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Тараптар ұлттық заңнамаларының шеңберінде, өз мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелерін назарға ала отырып, оларға өзара мүдделілік пен пайда әкелуі мүмкін барлық салалардағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту және нығайту үшін барлық мүмкін болатын шараларды жүзеге асырады.
      2. Ынтымақтастық:
      а) Тараптар мемлекеттерінің арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға және әртараптандыруға;
      б) бірлескен жобаларды дамыту мақсатында Тараптар мемлекеттерінің сыртқы экономикалық қызметінің субъектілері арасында жаңа іскерлік байланыстарды көтермелеуге және барларын кеңейтуге;
      в) экономикалық ынтымақтастықтың әртүрлі нысандарын жолға қою және қарқынды ету мақсатында Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасында өзара іс-қимыл жасасуды көтермелеуге бағытталған.

2-бап

      1. Осы Келісімнің 1-бабында көзделген ынтымақтастық Тараптар арасында мынадай салаларда жүзеге асырылады:
      а) өнеркәсіп
      б) энергетика
      в) инвестициялық қызмет
      г) технологиялар және коммуникация
      д) көлік
      е) ауыл шаруашылығы
      ж) қоршаған ортаны қорғау
      з) туризм.
      2. Тараптар ынтымақтастықтың басым салаларын айқындау мақсатында консультациялар жүргізеді.

3-бап

      1. Осы Келісімде көзделген экономикалық ынтымақтастық Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес қазақ және румын сыртқы экономикалық қызмет субъектілерінің арасындағы шарттар мен келісім-шарттар негізінде артықшылықты жүзеге асырады.
      2. Тараптар экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында қолайлы жағдай жасау бойынша барлық мүмкін болатын күш-жігерін, атап айтқанда мынадай:
      а) қолайлы инвестициялық ахуал жасау;
      б) экономикалық ақпарат алмасуға жәрдемдесу;
      в) олардың сыртқы экономикалық қызмет субъектілері арасында байланыстар орнатуға жәрдемдесу;
      г) Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында жүргізілетін көрмелерді, жәрмеңкелерді және симпозиумдарды ұйымдастыруға жәрдемдесу жолымен қолданады.

4-бап

      Экономикалық ынтымақтастықты дамытуды жетілдіру мақсатында Тараптардың тиісті органдары мыналарға:
      а) экономикалық, оның ішінде инвестициялар, мемлекеттік тапсырыстар мен тендерлер, стандарттау және сертификаттау, лицензиялау, өнеркәсіптік меншік құқықтарын, авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау саласында, сондай-ақ өзара мүдделілікті білдіретін өзге салалардағы қызметті реттейтін заңнамаға;
      б) халықаралық экономикалық ұйымдарға және интеграциялық білім беруге, сондай-ақ осы ұйымдарға және білім берулерге кіруге байланысты процестерге қатысуға;
      в) әлеуетті серіктестерді жақындастыруға бағытталған тауарлар мен қызметтерді жылжыту жөніндегі шараларға, оның ішінде көрмелерді, жәрмеңкелерді және экономикалық миссияларды ұйымдастыруға қатысты қолданыстағы жеңілдіктер туралы, сондай-ақ экономикалық ақпарат жүйелері туралы мәліметтерге қатысты ақпаратпен алмасуды қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерді қолданады.

5-бап

      Осы Келісімнің ережелерін жүзеге асыру мақсатында Қазақстан-румын экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) жұмыс істейді. Комиссия Келісім шеңберінде ынтымақтастық нәтижелерін қарастырады және Келісім мақсаттарын орындау үшін ұсынымдар береді.

6-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдану Тараптардың халықаралық міндеттемелерін қозғамайды. Оны қолдану кезінде сондай-ақ Румынияның Еуропалық Одаққа мүшелігінен туындайтын міндеттемелер қозғалмайды.
      Осы Келісім Еуропалық Одақпен немесе бір тараптан Еуропалық Одақ және оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Қазақстан Республикасы арасында жасалған келісімдерден туындайтын міндеттемелерді жою немесе оған өзге теріс әсер ету мақсатында түсіндірілмейді және қолданылмайды.

7-бап

      Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде, сондай-ақ осы Келісімде көзделген міндеттемелерді Тараптардың бірінің бұзуынан Тараптар арасында туындайтын даулар Тараптар арасындағы келіссөздер мен консультациялар жолымен шешіледі.

8-бап

      Осы Келісім Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгертілуі немесе толықтырылуы мүмкін. Мұндай өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің 9-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделеді және оның ажырамас бөлігі болып табылады.

9-бап

      1. Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және Келісімнің күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісімнің әрекеті Тараптардың біреуінің бұл туралы жазбаша хабарламасын алу жолымен тоқтатылуы мүмкін. Келісім өз әрекетін мұндай хабарламаны екінші Тарап алған күннен бастап алты ай өткеннен кейін тоқтатады.
      3. Осы Келісімнің әрекетін тоқтату Тараптар өзгеше уағдаласқан жағдайларды қоспағанда, оның қолданылуы кезеңінде жасалған бағдарламалар мен келісім-шарттарды орындауға әсер етпейді.
      4. Осы Келісім күшіне енген күннен бастап 1996 жылы 17 маусымда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Румыния Үкіметі арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің күші жойылды деп есептелсін.
      2008 жылғы "___" ______ _______ қаласында әрқайсысы қазақ, румын және орыс тілдеріндегі екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіннің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде алшақтықтар туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

       Қазақстан Республикасының           Румыния Үкіметі
            Үкіметі үшін                         үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады