Қазақстан Республикасының Үкіметі
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
"Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап
. "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының
Заңына
(Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы 2006 ж. N 24, 147-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) 1-бап мынадай мазмұндағы 2-1), 2-2), 16-1), 16-2), 16-3), 16-4) және 16-5) тармақшалармен толықтырылсын:
"2-1) киношежіре - уақыттың, орынның, жағдайдың өзіндік ерекшеліктерін (көбінесе өткен шақтағы) сипаттайтын және келешекте фильм өндіруге арналған деректі сюжеттердің түсірілімдері;
2-2) кинематографиялық ұйым - қызметінің негізгі түрлері фильм шығару, киношежіре шығару, фильмді прокаттау, фильмді көрсету, фильмді қалпына келтіру, кинозалға техникалық қызмет керсету, киноматериалдарды дайындау, кино жабдықтарын дайындау, фильм шығару жөніндегі жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету (кино жабдықтарын прокаттау, павильондарды, кинокешендерді жалға алу, костюмдер тігу, декорацияларды құру, грим, постижерлік бұйымдар, реквизиттер, ойын техникаларын, арнайы эффектілер дайындау, таспаны өңдеу, фильмді дыбыспен безендіру), кинематография саласындағы білім беру, ғылыми, зерттеу, баспа, жарнамалық-насихаттау қызметі, фильмді сақтау, фильмнің бастапқы материалдарын сақтау, киношежіренің бастапқы материалдарын сақтау болып табылатын заңды тұлға;
16-1) фильм - шығармашылық түпкі ойдың негізінде түрлі жанрлар мен кез келген нысанда жасалып, кино таспада, магниттік таспада немесе жеткізгіштердің өзге де түрлерінде жазылған бейнеден, дыбыс сүйемелінен және біртұтас тақырыптық ретпен өзара байланысқан кадрлардан түратын және тиісті техникалық құралдардың көмегімен қабылдауға арналған дыбыстау-бейнелеу туындысы;
16-2) фильмдердің мемлекеттік тізілімі - прокатталуы және көпшілікке керсетілуі (демонстрациялануы) Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын фильмдердің тізбесі;
16-3) фильмді прокаттау - көпшілікке көрсету (демонстрациялау) мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған кез келген нысанда және кез келген тәсілмен фильмді тарату;
16-4) фильмді тираждау - прокаттау мақсатында жеткізгіштердің кез келген түрінде және түпнұсқа форматында фильмнің бір немесе бірнеше көшірмелерін (тиражын) дайындау;
16-5) фильм шығару - нәтижесінде көркем құндылық - дыбыстау-бейнелеу туындысы жасалатын автордың шығармашылық түпкі ойын іске асыру үдерісі;";
2) 3-бапта:
1) және 2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
"1) мәдениетті мемлекеттік қолдау және Қазақстан Республикасының мәдени кеңістігін дамыту;
2) Қазақстан Республикасы азаматтарының мәдениет саласындағы
құқықтары мен еркіндіктерін қамтамасыз ету;";
3) және 7) тармақшалар алып тасталсын;
9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"9) мәдениет субъектілері арасында бәсекелі ортаны қалыптастыру;";
мынадай мазмұндағы 10) тармақшамен толықтырылсын:
"10) қазақстандық мәдениеттің әлемдік мәдени кеңістікке кірігуі.";
3) 7-бап мынадай мазмұндағы 31) және 32) тармақшалармен
толықтырылсын:
"31) фильмдердің мемлекеттік тізілімін жүргізеді;
32) фильмдерге прокаттау куәліктерін береді.";
4) 8-бапта:
3) тармақша "қолдайды" деген сөзден кейін "және үйлестіреді" деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 14), 15) және 16) тармақшалармен толықтырылсын:
"14) ұлттық фильмдерді насихаттау мен ілгері жылжыту жөніндегі іс-шараларды өткізу кезінде қолдау көрсетеді;
15) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мемлекеттік кітапханаларының біріне "Орталық" мәртебесін береді;
16) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ұлттық фильмдерді өндірудің тақырыптық жоспарын бекітеді.";
5) 9-бап мынадай мазмұндағы 9) тармақшамен толықтырылсын:
"9) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік кітапханаларының біріне "Орталық" мәртебесін береді.";
6) 16-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Қазақстан Республикасы облыстарының жартысынан астамының аумағында құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар шығармашылық одақ республикалық деп танылады.";
7) 21-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
"2-1. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік облыстық, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) қалалық және аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) кітапханаларға құжаттардың әмбебап жинақтарын қалыптастыру, сақтау және кітапхана пайдаланушыларына беру, кітапхана ресурстарын өзара пайдалануды ұйымдастыру және басқа мемлекеттік кітапханаларға әдістемелік көмек көрсету мақсатында уәкілетті орган белгілеген тәртіппен "Орталық" мәртебесін бере алады.";
8) 24-бапта:
2-тармақта:
"мекеме" деген сөз "заңды тұлға немесе заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
"Қоры тек электрондық жеткізгіштердегі құжаттардан тұратын кітапхана (электронды кітапхана) пайдаланушылармен жанама түрдегі (қашықтықта) немесе толық емес жанама түрдегі өзара іс-қимыл кезінде ақпараттық және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып қызмет көрсетуді жүзеге асырады.";
мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
"2-1. Кітапхана қорын қалыптастыру, сатып алу және кітап алмасу жолымен жүзеге асырылады.
Мемлекеттік кітапханалар сатып алуды Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
Жеке және заңды тұлғалар ұлттық мәдени мұраның бөлігі ретінде кітапхана қорын қалыптастыру мақсатында кітапханаларға баспа және қолжазбалық құжаттарды, графикалық, дыбыстау-көрініс материалдары мен электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды өтеусіз бере алады.";
3-тармақ "әмбебап," деген сөзден кейін "салалық, салааралық," деген сөздермен толықтырылсын;
4-тармақта:
бірінші бөлікте "мемлекеттік кітапхананың иелігінде қалуы мүмкін" деген сөздер "бюджет заңнамасына сәйкес пайдаланылады" деген сөздермен ауыстырылсын;
үшінші бөлік алып тасталсын;
9) 25-бапта:
1-тармақтағы "мәдениет ұйымдары" деген сөздер "заңды тұлға немесе заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі" деген сөздермен ауыстырылсын;
4-тармақта:
бірінші бөлікте "мемлекеттік мұражайлардың және мұражай-қорықтардың иелігінде қалуы мүмкін" деген сөздер "бюджет заңнамасына сәйкес пайдаланылады" деген сөздермен ауыстырылсын;
үшінші бөлік алып тасталсын;
10) 28-бапта:
1-тармақта "кез келген нысанда және әр түрлі жанрда дыбыс-бейне туындыларын жасауға және олардың прокатына бағытталған" деген сөздер "фильмді жасауға, сақтауға, прокаттауға және көрсетуге бағытталған" деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақта:
бірінші бөлік және 1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Мемлекеттік саясаттың кинематографиядағы басымдықтары болып:
1) киношежірелер және ұлттық, соның ішінде балаларға, жасөспірімдерге арналған фильмдер жасауға;";
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Қазақстан Республикасындағы кино өндірісінің негізін кинематографиялық ұйымдар құрайды.";
11) мынадай мазмұндағы 28-1, 28-2, 28-3, 28-4 және 28-5-баптармен толықтырылсын:
"28-1-бап. Ұлттық фильм
1. Фильм мынадай негіздер бойынша ұлттық болып табылады:
1) фильмді өндіру, тарату және көпшілікке көрсету (демонстрациялау) кезінде смета бойынша жұмыстардың жалпы көлемінің кемінде 70 пайызын Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген кинематографиялық ұйымдар жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының азаматы және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген тәртіппен тіркелген заңды тұлға фильмнің продюсері болып табылады;
3) фильм түсіретін топтың құрамына (режиссерлер, операторлар, дыбыс операторлары, киім суретшілері, монтажшылар, басты рольдерді орындайтын актерлер) 30 пайыздан аспайтын Қазақстан Республикасының азаматы емес тұлғалар кіреді;
4) фильм өндірудегі шетелдік инвестициялар фильмнің сметалық
құнының 30 пайызынан аспайды.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған тиісті халықаралық шарттарда айқындалған талаптарды сақтай отырып, шетел кинематографиялық ұйымдарымен бірлесіп түсірілген фильм де ұлттық болып табылады.
28-2-бап. Прокаттау куәліктерін беру
1. Фестивальдарда, семинарларда, ретроспективада және басқа да іс-шараларда көрсетілетін фильмдерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген, сондай-ақ Қазақстан Республикасына прокаттау және көпшілікке көрсету (демонстрациялау) үшін әкелінген фильмдер прокаттау куәлігін алу мақсатында фильмдердің мемлекеттік тізілімінде тіркеледі.
Прокаттау куәлігі - фильм туралы техникалық мәліметтер, фильмді жасаушы, оның индексі және түрі туралы ақпарат көрсетілген фильмді пайдалану (прокаттау, көпшілікке көрсету, (демонстрациялау) тираждау) құқығын растайтын құжат.
2. Фильмге бекітілген нысан бойынша прокаттау куәлігін беруді уәкілетті орган жүзеге асырады.
3. Фильмдерге прокаттау куәлігін алу үшін өтініш беруші:
1) уәкілетті орган басшысының атына өтініш;
2) өтініш берушінің фильмге немесе оны пайдалану құқығын растайтын құжаттар; шет тіліндегі құжаттарға мемлекеттік және/немесе орыс тілдерінде нотариалдық куәландырылған көшірмесі қоса беріледі; шетелдік фильмдерге қатысты - шетелдік фильмді Қазақстан Республикасының аумағына әкелудің заңдылығын растайтын жүк кеден декларациясының көшірмесін;
3) фильмнің техникалық талаптарға сәйкес келетін көшірмесі немесе туынды және жарнамалық кинобейнеролик жазылған кассетаны;
4) отандық немесе бірлесіп өндірілген фильмдерде пайдаланылатын туындылар туралы мәліметтерді;
5) фильмнің қысқаша аннотациясы қоса берілген монтаж (диалог) парағын ұсынуы қажет.
4. Прокаттау куәлігін алуға өтініш түскен күнінен бастап он күнтізбелік күн ішінде қарауға жатады. Өтінішті қарау қорытындылары бойынша уәкілетті орган өтініш берушіге прокаттау куәлігін береді не мынадай негіздер бойынша жазбаша бас тартады:
1) өтініш берушінің күмәнді немесе бұрмаланған ақпарат беруі;
2) өтініш берілген фильмге прокаттау куәлігі көрсетудің айрықша
құқығына ие басқа тұлғаға беріліп қойған жағдайда.
28-3-бап. Фильмдердің индекстері
1. Қазақстан Республикасында өндірілген барлық фильмдер және Қазақстан Республикасының аумағына прокаттау және көпшілікке демонстрациялау мақсатымен әкелінген фильмдер көрермендердің жасына қарай индекстеледі.
Фильмдердің мынадай индекстері белгіленеді:.
1) "К" — әр түрлі жастағы көрермендерге арналған фильмдер;
2) "Б-16" - 16 жасқа дейінгі балаларға арналған фильмдер;
3) "БА" - 16 жасқа дейінгі балаларға ата-аналарымен бірге көруге ұсынылатын фильмдер;
4) "Ж" - 16 жастан асқан балаларға арналған фильмдер;
5) "Е" - 18 жастан асқан көрермендерге арналған фильмдер.
28-4-бап. Фильмдердің түрлері
1. Фильмдер түрлері бойынша мыналарға бөлінеді:
1) анимациялық фильм - графикалық әдістерді және бейнелеу өнері тәсілдерін, сондай-ақ компьютерлік графика мүмкіндіктерін пайдалану
жолымен қимылдарды және көріністерді жандандыра отырып жасалған фильм;
2) деректі фильм - режиссер операторлық өнердің, монтаждық қатардың құралдарымен және басқа да құралдармен түсіндіретін өзекті оқиғалар, шындық деректері жинақталып көрсетілген сценарий желісінің негізінде жасалатын фильм;
3) ойын фильмі - сценарийдің негізінде жасалатын және актердің ойыны, режиссура, операторлық өнер, қоюшы-суретші шығармашылығы, композитор және кинематография саласындағы басқа да қатынастар субъектілері құралдарымен іске асырылатын фильмдер;
4) хроникалы фильм - өзекті оқиғалар және шындық фактілері
көрсетілген фильм.
2. Бейнелеуді көрсету әдістері бойынша фильмдер кинофильмдерге,
теледидарлық фильмдерге және бейнефильмдерге бөлінеді.
3. Ұзақтығы 60 минуттан кем емес фильм толықметражды фильм болып табылады, ұзақтығы 60 минуттан кем фильм қысқаметражды фильм болып табылады.
28-5-бап. Фильмдердің және киношежіренің бастапқы материалдарын
сақтау
1. Мемлекет ұлттық фильмдер, киношежіре қорын, оның ішінде ұлттық мәдени игіліктің ажырамас бөлігі ретінде ұлттық фильмдердің бастапқы материалдарын сақтауға бағытталған іс-шаралар кешенін жүзеге асырады.
2. Ұлттық фильмдердің бастапқы материалдары Мемлекеттік фильмдер қорына тұрақты сақтауға беріледі.
3. Мемлекеттік фильмдер қорына Қазақстан Республикасының аумағына көшіру, тираждау, прокаттау және көрсету үшін әкелінген бірлесіп шығарылған фильмдердің бастапқы материалдары тұрақты сақтауға беріледі.
4. Мемлекеттік фильмдер қоры ұлттық фильмдердің, Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген бірлесіп шығарылған фильмдердің бастапқы материалдарын сақтау кезінде фильмдердің бастапқы материалдарына олардың құқық иелерінің еркін және өтеусіз қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
5. Киношежіренің бастапқы материалдары киношежіренің бастапқы материалдарына олардың құқық иелерінің еркін және өтеусіз қол жеткізуін қамтамасыз ететін Кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбаларының орталық мемлекеттік мұрағатына тұрақты сақтауға беріледі.
6. Негатив, контратип, бейнелеу негативі, фонограмма негативі, эталонды көшірме, қондыру роликтері, паспорттар мен олардың жазбалары, фильмнің бақылау көшірмесі, қайта жазбалардың, музыканың, шулардың магнитті фонограммаларының түпнұсқасы, бейнефонограмма-мастер, компакт-диск және фильмді кез келген материалдық нысанда тираждау үшін қажетті өзге де материалдар фильмнің бастапқы материалдары болып табылады.";
12) 31-баптың 2-тармағында "Мемлекеттік емес мәдениет үйымдарын қаржыландыру" деген сөздер "Мемлекеттік мәдениет мекемелерін қоспағанда, мәдениет ұйымдарын қаржыландыру" деген сөздермен ауыстырылсын;
13) 32-баптың 5) тармақшасы "коллекциялардағы" деген сөздерден кейін "50 немесе одан көп жыл бұрын шығарылған" деген сөздермен толықтырылсын.
2-бап
. Осы Заң 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы Заңның 1-бабы 3) тармақшасының екінші және үшінші абзацтарын, 11) тармақшасының тоғызыншы, оныншы, он бірінші, он екінші, он үшінші, он төртінші, он бесінші, он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы, жиырмасыншы және жиырма бірінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті