Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы ақпараттық жүйесін құру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 5 желтоқсандағы N 1142 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы ақпараттық жүйесін құру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы ақпараттық жүйесін құру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің        
2008 жылғы 5 желтоқсандағы
N 1142 қаулысымен    
мақұлданған       

жоба

Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы ақпараттық жүйесін құру туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің үкіметтері,
      2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты негізге ала отырып,
      техникалық реттеу, санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында келісілген саясат жүргізудің орындығын тани отырып,
      Дүниежүзілік сауда ұйымының Көпжақты сауда келіссөздерінің Уругвай раундында Марракеш қаласында 1994 жылғы 15 сәуірде қабылданған Саудадағы техникалық кедергілер жөніндегі келісім мен Санитарлық және фитосанитарлық шараларды қолдану жөніндегі келісімнің ережелері мен қағидаттарын назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
      "ақпараттық ресурстар" - кітапханалардың, мұрағаттардың, базалар мен банктер деректерінің ашық қорларында жиналатын қағаз және электрондық тасымалдағыштарда сақталатын техникалық реттеу, санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы мәліметтер мен құжаттар, сондай-ақ мәліметтер мен құжаттардың жиынтығы;
      "ақпараттық жүйе" - техникалық реттеу, санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы ақпараттық ресурстардың және оларды өңдеуді қамтамасыз ететін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті Хатшылығының ақпараттық технологиялары мен техникалық қүралдарының, оның ішінде Интернет желісіндегі оның ресми сайтының, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде пайдаланылатын техникалық реттеу, санитарлық, ветеринарлық-санитарлық  және фитосанитарлық шаралар саласындағы ақпараттық ресурстардың және оларды өңдеуді қамтамасыз ететін ақпараттық технологиялар мен техникалық құралдардың жиынтығы.
      2. Осы Келісімде арнайы айқындалмаған терминдер Тараптар мемлекеттерінің басқа да халықаралық шарттарында белгіленген мәндерде пайдаланылады.

2-бап

      Осы Келісім ақпараттық жүйені жасау мақсаттары мен қағидаттарын, сондай-ақ оның ақпараттық ресурстарының құрамын айқындайды.

3-бап

      1. Ақпараттық жүйені жасаудың мақсаттары мыналар болып табылады:
      а) Тараптар мемлекеттері арасындағы техникалық реттеу, санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында (бұдан әрі - санитарлық және фитосанитарлық шаралар) ақпарат алмасу және ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету;
      б) Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың қабылданған құжаттарының мәтіндеріне және әзірленетін құжаттары жобаларының мәтіндеріне, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің ақпараттық ресурстарына қол жетімділікті қамтамасыз ету;
      в) Тараптар мемлекеттерінің техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы құжаттары туралы, оның ішінде Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын осы саладағы халықаралық шарттар туралы ақпаратпен қамтамасыз ету және алмасу;
      г) Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың техникалық регламенттерін (бұдан әрі - техникалық регламенттер) әзірлеу үдерісін ақпараттық қолдауды қамтамасыз ету;
      д) техникалық регламенттер талаптарын бұзу, осындай бұзылу салдарынан адам өмірі мен денсаулығына, мүлкіне, қоршаған ортаға, жануарлар мен өсімдіктердің тіршілігі мен саулығына зиян келтіру жағдайлары туралы, сондай-ақ адам өмірі мен денсаулығына, мүлкіне, қоршаған ортаға, жануарлар мен өсімдіктердің тіршілігі мен саулығына қауіп төндіретін өнімдер туралы ақпаратпен қамтамасыз ету.
      2. Ақпараттық жүйенің жұмыс істеуі мына қағидаттарға негізделеді:
      а) ақпараттың қол жетімділігі, сенімділігі және толықтығы;
      б) ақпараттың уақтылы берілуі;
      в) қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар деңгейіне сәйкестігі;
      г) техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында әрбір Тарап мемлекетінің ақпараттық жүйесімен ықпалдасуы.
      3. Ақпараттық жүйе барлық пайдаланушылар үшін ашық.

4-бап

      Ақпараттық жүйені әрбір Тараптардың мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес құрылатын және жұмыс істейтін Тараптар мемлекеттерінің техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы ақпараттық орталықтарымен (бұдан әрі - ақпараттық орталықтар) бірлесіп, Интернет желісіндегі оның ресми сайты негізінде Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінің Хатшылығы құрады және жүргізеді.

5-бап

      Ақпараттық жүйе Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік және заңмен қорғалатын өзге де құпиясын (құпиялығын) құрайтын мәліметтерді қоспағанда, мынадай ақпараттық ресурстарды қамтиды:
      а) мыналарға:
      техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар бойынша жұмыстарды үйлестіретін ұлттық органдарға;
      ақпараттық орталықтарға;
      аккредиттеу жөніндегі органдарға;
      сертификаттау жөніндегі аккредиттелген және (немесе) тағайындалған органдарға және әрбір Тараптардың мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес аккредиттелген сынақ зертханаларына (орталықтарына);
      техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдарына;
      сәйкестік сертификаттарына және сәйкестік туралы декларацияларға;
      халықаралық ұйымдар мен үшінші мемлекеттерден алынған адам өмірі мен денсаулығына, мүлкіне, қоршаған ортаны қорғауға, жануарлар мен өсімдіктердің тіршілігі мен саулығына қауіп төндіретін өнімдерге;
      техникалық регламенттер талаптарын, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында, оның ішінде мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру нәтижесінде анықталған санитарлық және фитосанитарлық талаптарды бұзу фактілеріне;
      міндетті талаптарды, оның ішінде техникалық регламенттер талаптарын бұзу салдарынан адам өмірі мен денсаулығына, мүлкіне, қоршаған ортаға, жануарлар мен өсімдіктердің тіршілігімен саулығына зиян келтіру және залал жасау (осы зиянның ауырлығын есепке ала отырып) фактілеріне;
      техникалық регламенттер талаптарын, сондай-ақ санитарлық және фитосанитарлық талаптарды бұзушылықтарды жою үшін қабылданған шараларға қатысты мәліметтер мен құжаттар;
      б) техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласына жататын өзге де мәліметтер мен құжаттар;
      в) мыналардың:
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде қабылданған техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы халықаралық құқықтық құжаттардың;
      техникалық регламенттерді әзірлеу бағдарламаларының;
      техникалық регламенттер жобаларының;
      техникалық регламенттердің;
      техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шараларды әзірлеу, қабылдау (бекіту) және қолданысқа енгізу үдерісіне байланысты хабарламалардың мәтіндері;
      г) мыналардың:
      Тараптар мемлекеттерінің нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінде қолданылатын санитарлық және фитосанитарлық шаралар туралы қабылданған шешімдердің;
      егер мұндай стандарттар әрбір Тараптардың мемлекеттерінің заңнамасында көзделген болса, Тараптар мемлекеттерінің оларды қабылдағаны туралы ақпараты бар өңірлік (мемлекетаралық) стандарттардың;
      ұлттық техникалық регламенттер және оларды әзірлеудің ұлттық бағдарламаларының (жоспарларының);
      ұлттық (мемлекеттік) стандарттарды әзірлеу бағдарламаларының (жоспарларының);
      өңірлік (мемлекетаралық) стандарттар, сондай-ақ өнімнің техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігін растау үшін ерікті түрде қолданылатын ұлттық (мемлекеттік) стандарттардың;
      Тараптар мемлекеттерінің сәйкестікті бағалау (растау) саласындағы құжаттарының;
      Тараптар мемлекеттерінде сәйкестікті міндетті растауға жататын өнім туралы құжаттардың тізбелері (тиісті құжаттардың мәтіндері орналасқан Интернет желісіндегі ақпараттық орталықтардың ресми сайттарына сілтемелерді келтіріп).

6-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге қатысты даулар мүдделі Тараптар арасында консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда мұндай дауларды мүдделі Тараптардың кез келгені Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотының қарауына береді.

7-бап

      Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін езгерістер енгізілуі мүмкін.

8-бап

      Осы Келісім депозитарий оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы жазбаша бесінші хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
      2008 жылғы "__"_________ _________ қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетінде сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі болып табыла отырып, әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

       Беларусь               Қазақстан                Қырғыз
      Республикасының        Республикасының          Республикасының
      Үкіметі                Үкіметі                  Үкіметі
      үшін                   үшін                     үшін

      Ресей                  Тәжікстан                Өзбекстан
      Федерациясының         Республикасының          Республикасының
      Үкіметі                Үкіметі                  Үкіметі
      үшін                   үшін                     үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады