Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың ережесін біркелкі қолдануды қамтамасыз ету туралы хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 5 желтоқсандағы N 1153 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың ережесін біркелкі қолдануды қамтамасыз ету туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
      2. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың ережесін біркелкі қолдануды қамтамасыз ету туралы хаттамаға қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің        
2008 жылғы 5 желтоқсандағы
N 1153 қаулысымен    
мақұлданған       

жоба

Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың ережесін біркелкі қолдануды қамтамасыз ету туралы
хаттама

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
      2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісіммен (бұдан әрі - Келісім) белгіленген ережені кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында біркелкі қолдануды қамтамасыз етуге ұмтылатынын білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Келісіммен белгіленген ережені біркелкі қолдануды қамтамасыз ету мақсатында, Тараптар:
      Тараптар мемлекеттері кеден органдарының практикалық қызметінде туындайтын және Келісімді қолдануға байланысты нақты проблемалық мәселелерді қарайды;
      халықаралық құқық нормаларын, оның ішінде, Дүниежүзілік кеден ұйымы Кедендік бағалау жөніндегі техникалық комитетінің құжаттар мен материалдарда қамтылған нормаларды ескере отырып, Келісімнің ережелерін түсіндіруге бірыңғай тәсілді жасайды;
      кеден одағына қатысушы мемлекеттерде қалыптасқан тауарлардың кедендік құнын айқындау мәселелері бойынша құқық қолдану тәжірибесі туралы ақпаратпен алмасуды жүзеге асырады;
      Келісіммен белгіленген ережені біркелкі қолдану жөніндегі ұсынымдарды дайындайды.

2-бап

      Осы Хаттаманың 1-бабында көрсетілген жұмыстардың сипаты мен көлемін назарға ала отырып, Тараптар:
      кеден одағы органдарының құрылымында Келісіммен белгіленген ережені біркелкі қолдануды қамтамасыз ету үшін жауапты тиісті бөлімше құруға;
      Тараптар мемлекеттерінің тауарлардың кедендік құны саласында нормативтік құқықтық реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын атқарушы билік органдарына уәкілеттік беруге, Келісіммен белгіленген ережені біркелкі қолдануды қамтамасыз ету үшін жауапты тиісті бөлімшені анықтауға келісті.

3-бап

      Осы Хаттаманың ережелерін іске асыру мәселелері бойынша хат алмасу орыс тілінде жүргізіледі.

4-бап

      Осы Хаттаманың ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізбеген жағдайда мұндай дауларды мүдделі Тараптардың кез келгені Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға береді.

5-бап

      Осы Хаттамаға Тараптардың уағдаластығы бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

6-бап

      Осы Хаттаманың күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
      2008 жылғы "__"_______ ___________ қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясы депозитарийінің функцияларын бергенге дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының Интеграциялық Комитеті болып табылатын депозитарийде сақталады.
      Депозитарий әрбір Тарапқа осы Хаттаманың куәландырылған көшірмесін жібереді.

       Беларусь             Қазақстан             Ресей
      Республикасының      Республикасының       Федерациясының
      Үкіметі              Үкіметі               Үкіметі
      үшін                 үшін                  үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады