Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының кеден органдары арасында тауарлардың кедендік құнын айқындау мен бақылау үшін қажетті ақпарат алмасу туралы хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 5 желтоқсандағы N 1155 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының кеден органдары арасында тауарлардың кедендік құнын айқындау мен бақылау үшін қажетті ақпарат алмасу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
      2. Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының кеден органдары арасында тауарлардың кедендік құнын айқындау мен бақылау үшін қажетті ақпарат алмасу туралы хаттамаға қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің        
2008 жылғы 5 желтоқсандағы
N 1155 қаулысымен    
мақұлданған       

жоба

Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының кеден органдары арасында тауарлардың кедендік құнын айқындау мен бақылау үшін қажетті ақпарат алмасу туралы хаттама

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
      2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімнің ережелеріне сүйене отырып,
      кедендік төлемдерді төлеуден жалтаруға қарсы әрекет ету мақсатында кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын тиімді бақылауды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
      тауарлардың кедендік құнын бақылауды жетілдіруге ықпал ететін ақпаратпен және мәліметтермен уақтылы алмасудың қажеттілігін тани отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау мен бақылау үшін қажетті ақпарат алмасады.

2-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары, осы Хаттаманың ережелерін іске асыруды қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшелерді айқындайды.
      Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары, жылына бір реттен сирек емес ұдайы негізде осы Хаттаманың ережелерін іске асыруға байланысты ағымдағы мәселелерді шешу мақсатында сарапшылардың жұмыс кездесуін өткізеді.

3-бап

      Тараптар мемлекеттері кеден органдарының кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау мен бақылау мәселелері жөніндегі өзара іс-қимылдары сұрау салуларды жіберу арқылы жүзеге асырылады.

4-бап

      Сұрау салу жазбаша нысанда жолданады және мыналарды қамтуы тиіс:
      осы Хаттамаға сілтеме;
      сұрау салуға бастамашы кеден органының атауы;
      сұрау салудың мәні мен себебі.
      Құжаттар, сұрау салудағы сілтемелер Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары куәландырған көшірмелерге қоса берілуге тиіс.

5-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары тиісті Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес және өз құзыретінің шегінде сұрау салуларды орындауда бір-біріне көмек көрсетеді.
      Сұрау салуды орындау сұрау салу түскен күнінен бастап 30 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде жүзеге асырылады.
      Сұрау салуды орындаудан мынадай жағдайларда бас тартылады:
      осы Хаттаманың 4-бабының талаптарын сақтамау;
      егер оны орындау сұрау салынушы Тарап мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне залал келтіруі мүмкін, мемлекет заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келетін.
      Сұрау салуды орындаудан бас тарту туралы, сондай-ақ бас тарту себептері туралы сұрау салушы кеден органы жазбаша нысанда кешіктірмей хабардар етіледі.

6-бап

      Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құны туралы мәлімделген мәліметтерді тексеру мақсатында Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары сұрау салу бойынша немесе өз бастамасы бойынша тиісті түрде Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары куәландырған кедендік декларациялардың және өзге құжаттардың көшірмелерін бір-біріне ұсынады.

7-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары осы Хаттамаға сәйкес алынған ақпаратты тек кедендік мақсатта ғана пайдалануға міндеттенеді.
      Ақпарат оны берген кеден органының жазбаша келісімімен ғана берілуі немесе басқа мақсаттар үшін пайдаланылуы мүмкін.

8-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары тауарлардың кедендік құны мәселелері бойынша өз мемлекетінің нормативтік құқықтық актілерімен тұрақты алмасуды жүзеге асырады.

9-бап

      Тараптар одан әрі Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес берілетін ақпараттарды техникалық қорғауды қамтамасыз ете отырып, нақты уақыт режимінде кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау мен бақылау мәселелері бойынша ақпарат алмасуды ұйымдастыруға ұмтылатын болады.

10-бап

      Осы Хаттаманың ережелерін іске асыру мәселелері бойынша хат алмасу орыс тілінде жүргізіледі.

11-бап

      Осы Хаттаманың ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда, мүдделі Тараптардың кез келгені Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының Сотына қарауға береді.

12-бап

      Осы Хаттамаға Тараптардың уағдаластығы бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

13-бап

      Осы Хаттаманың күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
      2008 жылғы "__"_________ __________ қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясы депозитарийдің функцияларын бергенге дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының Интеграциялық комитеті болып табылатын депозитарийде сақталады.
      Депозитарий әрбір Тарапқа осы Хаттаманың куәландырылған көшірмесін жібереді.

       Беларусь             Қазақстан             Ресей
      Республикасының      Республикасының       Федерациясының
      Үкіметі              Үкіметі               Үкіметі
      үшін                 үшін                  үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады