"Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 желтоқсандағы N 1292 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      "Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

Жоба 

Қазақстан Республикасының Заңы

Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы

      Осы Заң жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру, беру және тұтыну үшін қолайлы жағдайлар жасаудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін белгілейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) жаңартылатын энергия көздері - өздігінен ағатын табиғи процестер есебінен үздіксіз жаңартылатын энергия көздері: күннің сәулелену энергиясы, жел энергиясы, өзендердің гидрогиологиялық режимін өзгертусіз ағыс (деринациялық) режимінде жұмыс істейтін қуаты отыз бес мегаватқа дейінгі қондырғылар үшін судың гидродинамикалық энергиясы, геотермальдық энергия: топырақтың, жерасты суларының, өзендердің, су айдындарының жылуы, сондай-ақ бастапқы энергия ресурстарының антропогендік көздері: биомасса, биогаз және электр жене (немесе) жылу энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын органикалық қалдықтардан алынатын өзгеде отын;
      2) білікті энергия өндіруші ұйым - жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын ұйым;
      3) электр энергиясының нормативтік ысырабы - электр желілері бойынша электр энергиясының электр энергиясын беруге және таратуға жұмсалатын технологиялық шығыны;
      4) уәкілетті орган - жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      5) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі - жаңартылатын энергия көздерін және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін пайдалану үшін қажетті техникалық қажетті тиісті инфрақұрылымды (желіге энергия беруге арналған құрылыстарды, желілік объектілерді) пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруге арналған дербес техникалық қондырғы.

      2-бап. Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия
             көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасы
      1. Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Биоотын өндіру және айналымы саласында туындайтын қоғамдық қатынастар Қазақстан Республикасының биоотын өндіруді және айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасымен реттеледі.
      3. Осы Заңмен реттелмеген электр және (немесе) жылу энергияларын өндіру, беру және тұтыну процесінде туындайтын қоғамдық қатынастар электр энергетикасы туралы заңнамамен реттеледі.
      4. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартпен осы Заңда бар ережелерден өзге ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

2-тарау. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік реттеу

      3-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау
             саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаттары мен
             нысандары
      1. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу экономиканың энергия сыйымдылығы мен электр және жылу энергияларын өндіру секторының қоршаған ортаға әсерін азайту және Қазақстан Республикасындағы электр және (немесе) жылу энергиясы өндірісінде жаңартылатын энергия көздерін ұлғайту үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясы өндірісіне қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылады.
      2. Электр және (немесе) жылу энергияларын өндіру үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік реттеу мыналарды қамтиды:
      1) жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілерді орналастыру жоспарын (бағдарламасын) бекіту;
      2) лицензиялау;
      3) электр энергиясын дамыту бағдарламаларында Қазақстан Республикасында электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін белгілеу;
      4) қазақстандық кадрларды даярлау мен оқыту және жаңартылатын энергия көздері саласында ғылыми зерттеулер өткізу бойынша жағдайлар жасау;
      5) техникалық реттеу;
      6) жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды дамыту саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдау.

      4-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау
             саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі
             бағыттары
      Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік реттеу мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін салу және пайдалану үшін қолайлы жағдайлар жасау;
      2) жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруді ынталандыру;
      3) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін салу және пайдалану үшін инвестициялық преференцияларды ұсыну;
      4) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы, жылу жүйесіне және электр және жылу энергиясының нарығына тиімді біріктіру үшін қолайлы жағдайлар жасау;
      5) парниктік газ шығарындыларын төмендету жөніндегі Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін орындауға ықпал ету.

      5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жаңартылатын
             энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы
             құзыреті
      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
      2) жаңартылатын энергия көздерін дамыту және пайдалану бағдарламаларын бекітеді;
      3) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану мониторингін жүзеге асыру тәртібін бекітеді;
      4) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді.

      6-бап. Уәкілетті органның жаңартылатын энергия көздерін
             пайдалануды қолдау саласындағы құзыреті
      Уәкілетті орган:
      1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      2) жаңартылатын энергия көздерін дамыту мен пайдалану бағдарламаларын әзірлейді;
      3) техникалық регламенттерді әзірлейді және электр және (немесе) жылу энергияларын өндіру үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін жобалау, салу, техникалық пайдалану саласындағы мемлекеттік стандарттарды жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді;
      4) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
      5) жаңартылатын энергия көздерінің объектілерін орналастыру жоспарын (бағдарламасын) бекітеді;
      6) қуаты жиырма бес және одан да жоғары мегаваттық жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін салу жобаларын келіседі;
      7) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіпті жаңартылатын энергия көздерінің:
      энергетикалық әлеуетін, оларды игеру деңгейін және Қазақстан Республикасында электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінде электр энергиясын өндіру үлесін есепке алу;
      жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, электр энергиясы өндіру көлемінің нысаналы көрсеткіштерге сәйкестігін анықтау;
      жаңартылатын жылу энергиясы әлеуетін игеру деңгейін талдау жолымен жаңартылатын энергия көздерін пайдалану мониторингін жүзеге асырады;
      8) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілердің энергия беруші ұйымдардың электр және (немесе) жылу желілеріне қосылуын бақылауды жүзеге асырады;
      9) мемлекеттік органдардың, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің және ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің жаңартылатын энергия көздерін дамыту мен пайдалану саласындағы қолдауды жүзеге асыру жөніндегі өзара іс-қимылын үйлестіреді және жүзеге асырады;
      10) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.

      7-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
             астананың) жергілікті атқарушы органдарының
             жаңартылатын энергия көздерін пайдалану
             саласындағы құзыреті
      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары:
      1) жаңартылатын энергия көздерін дамыту және пайдалану бағдарламаларын іске асыруға қатысады;
      2) орталықтандырылған электрмен жабдықтау экономикалық жағынан тиімсіз, электрлендірілмеген шалғай елді мекендерде жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілерді орналастыруды ескере отырып жаңартылатын энергия көздерін дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлейді;
       3) өңірде қуаты жиырма бес мегаваттқа дейінгі жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілерді салу жобаларына келісу жүргізеді.

3-тарау. Жаңартылатын энергия көздерін
пайдалануды қолдау

      8-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану
             объектілерін жобалау және салу кезіндегі қолдау
      1. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларын әзірлеген кезде жаңартылатын энергия көздерін дамыту және пайдалану бағдарламаларын ескереді.
      2. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары неғұрлым тиімді аумақтарға жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілерді орналастыру жоспарына (бағдарламасына) сәйкес жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілерді салуға Қазақстан Республикасының жер заңнасына сәйкес су қорғау аймақтары мен жолақтарын қоса алғанда жер учаскелерін резервте сақтайды және береді.
      3. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілерді жобалау мен салуды жүзеге асыратын тұлғалар Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық артықшылықтар алуға құқылы.

      9-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып
             өндірілген электр және (немесе) жылу энергиясын
             сату кезінде қолдау көрсету
      1. Электр желілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілер тікелей қосылған өңірлік электр желілік компаниялар тиісті білікті энергия өндіруші ұйымдар өндірген электр энергиясын толық көлемде өздерінің желілерінде электр энергиясының нормативтік ысырабын өтеуге, осы ысырап мөлшерінің елу пайызынан артық емес көлемде сатып алуға міндетті.
      Білікті энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіру көлемі тиісті өңірлік электр желілік компанияның шығын мөлшерінен елу пайыз артқан жағдайда осы электр энергиясының қалған көлемін жүйелік оператор ұлттық электр желісіндегі электр энергиясының нормативтік ысырабын өтеуге сатып алады.
      2. Білікті энергия өндіруші ұйымдар өндірген және қаланы немесе елді мекенді жылумен жабдықтаудың жалпы жүйесіне берген жылу энергиясын жылумен жабдықтаушы ұйым жалпы жүйедегі жылу тасымалдағыштың параметрлерімен сәйкесетін параметрлермен бірге сатып алады.
      Білікті энергия өндіруші ұйым өндірген жылу энергиясының шығындары Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен энергиямен жабдықтаушы ұйымның тарифіне енгізіледі.
      Білікті энергия өндіруші ұйым жылумен жабдықтаудың маусымдық сипатына байланысты жалпы желіге жылу энергиясын беру кезеңін энергиямен жабдықтаушы ұйыммен келіседі.
      3. Білікті энергия өндіруші ұйым электр энергиясын босату бағасын жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесінде белгіленген деңгейден аспайтын мөлшерде дербес белгілейді.
      4. Электр энергиясын жеткізу кезінде білікті энергия өндіруші ұйымдар энергия беруші ұйымдардың қызметіне тарифтерді төлеуден босатылады.
      5. Білікті энергия өндіруші ұйым өндірген электр энергиясын беру шығындары Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен осы өңірлік электр желілік компаниялар мен жүйелік оператордың электр энергиясын беру жөніндегі қызметтің тарифіне енгізіледі.
      6. Білікті энергия өндіруші ұйымдар тұтынушылармен электр энергиясын жеткізуге шарт жасасуға құқылы.

      10-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану
              объектілерін энергия беруші ұйымның электр және
              (немесе) жылу желілеріне қосу және электр және
              (немесе) жылу желілерін беру кезінде қолдау
              көрсету
      1. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын жаңа, сондай-ақ пайдалануға беру мерзіміне қарамастан, жаңартылған энергия көздерін пайдаланатын қолданыстағы объектінің баланстық құнының елу пайызын ауыстырып қайта жаңғыртылған объектілер кернеу класына немесе жылумен жабдықтаудың жалпы желісіндегі жылу тасымалдағыштың параметрлеріне сәйкес келетін энергия беруші ұйымдардың электр және (немесе) жылу желілерінің жақын нүктесіне қосылады.
      2. Энергия беруші ұйым кернеу класына немесе жылумен жабдықтаудың жалпы желісіндегі жылу тасымалдағыштың параметрлеріне сәйкес келетін электр және (немесе) жылу желілерінің жақын нүктесінің кедергісіз және кемсітусіз анықталуын және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілердің қосылуын қамтамасыз етеді.
      3. Энергия беруші ұйымдардың электр желілерінің өткізу қабілеті шектелген жағдайда білікті энергия беруші ұйым өндірген электр энергиясын беруге басымдық беріледі.
      4. Электр қуатын диспетчерлеуде жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын электр беруші объектілер басымдықпен пайдаланылады.
      5. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілерді қосу үшін энергия беруші ұйымдардың жұмыс істеп тұрған электр және жылу желілерін кеңейту мен қайта құруды осы шығындарды міндетті түрде энергия беруші ұйымның-желінің меншік иесінің тарифіне енгізе отырып, электр және жылу желілерінің меншік иесі Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
      6. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерінің инфрақұрылымдық бөлігін қосу нүктесіне дейін салуды жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектінің меншік иесі шығындарды жоба құнына қоса отырып жүзеге асырады.

4-тарау. Қорытынды ережелер

      11-бап. Осы Заңның бұзылуына жауаптылық
      Осы Заңның бұзылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      12-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
      Осы Заң алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады